«Аңшы бала» немесе қазақ қашанғы қасқырмен алыспақ?
«Балалар көретін кино жоқ», «Қазақфильм балаларды ұмытты» деп жүргенімізге біраз болып еді, баяғы «Қожа» мен «Алпамысты» аңсап... Тама берсе, тамшының да тасты тесетіні секілді, көптің тілегі ақыры киногерлердің құлағына шалынып, қимылға көшті. Рақышевтың «Менің де атым Қожасын» «пародия» немесе «плагиат» дегеннің өзінде, әйтеуір, оның да кино әлеміне қозғау салғаны рас. Данияр Саламат «Бәйтеректі» түсірді. Таяуда тағы тың туынды – «Аңшы бала» атты жаңа киноның тұсауы кесілді. Әзірге тек БАҚ өкілдері ғана көріп үлгерген фильм жайлы біз мынадай ой түйдік.
Таза қазақы көзқарас тұрғысынан қарағанда, «асфальтта туып», тіпті бүгінде автобуспен жүріп, елмен араласудан қалған қала баласы енді бір ауық экран мен монитор алдынан ұзайтын шығар. Себебі жаңа туынды кейіпкері Қамбар солай еткенде ғана ерлікке қол жеткізді. Егер анасы жазғы каникулында құмдағы ата-әжесіне апарып тастамағанда, ол да ойын автоматтарын жағалап, қаланың көңіл көтеру орталықтарынан алысқа ұзап шыға алмай жүрер ме еді... Солайша өмір бойы иттен басқа хайуанат көрмей, түйенің өзі түгіл, көлеңкесінен қорқып жүрері анық-ты. Ал қасқырмен бетпе-бет ұшырасып, тіпті оны өлтіру деген Қамбар баланың ойы түгіл, үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмеп еді... 12 жасында ауылға қыдырып барған бала ата-әжесінің бағып отырған қой-ешкісі мен түйесіне қасқыр жаудай шауып, ақыр аяғында қарындасының күндіз жанынан қалдырмай, тіпті түнде құшақтап жататын ақ лағын қасқырдың жеп кеткенін көріп ашынады. Содан белін бекем буған бала бір түнде-ақ елдің түнгі ұйқысын талай қашырған көкжалды ажал құштырады. Солайша өзі тағдыр жазуымен қалада туып-өссе де, дала заңымен жүрген қазақы қанын дәлелдеп шығады. Фильм сценарийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елубай бұл оқиғаны бала кезінде өз басынан кешірген екен.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бастамасымен түсірілген бұл туындының қоюшы режиссерлері: Ерлан Нұрмұхаммедов пен Бекарыс Елубай. Басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жәнел Әлікова сынды балалар сомдаса, елді елең еткізгені – Шоқан қарттың рөлінде белгілі ақын Жүрсін Ерманның көрінуі.
Жүрсін ЕРМАН, ақын;
– Қарт рөліне кастинг жариялады. Асанәлі Әшімов, Саят Мерекенов сынды мүйізі қарағайдай әртістер тұрғанда режиссердің мені таңдауы, әрине, алғашында таңғалдырды. Сосын, сірә, елге кино арқылы танылмаған тұлға керек болған-ау деп ойладым. Шыны керек, рөл ойнап «қырып» тастағаным шамалы. Өзім де кезінде құмда, тура осындай шалдың қолында өсіп едім. Әкем аңшы, зергер, ұста еді. Енді, міне, бүгінде мен өмірде болмаса да, кинода бір мезет сол марқұм әкемнің кейпінде болып көрдім. Бәріміз де ауылда өстік, сондықтан көкірегімізде ауылға деген мәңгі сағыныш жүрері хақ. Ендеше, аз да болса елдің ауасын жұтып, балалықтың тәтті шақтарын еске түсіріп, мауқымызды басып қайттық. Содан соң айтарлығы, әлемдегі ең сүйкімді нәрсе – баланың жүзі, ең жағымды үн – баланың күлкісі. Соны табиғи көрсеткен жерлері бар, фильмдегі кішкентай қалқанқұлақ Абылай қандай сүйкімді! Ол ойнап жүрген жоқ, өзі сондай.
Фильм философиясы
Бір баланың төңірегінде өрби отырып, жалпы қазақ тілінің мәселесін, қала мен ауыл тұрмысының айырмашылығын көрсетеді. Баласын ауылға әкеліп тастаған шешесі мен әкесінің арасында бір кикілжің байқалады. Әрине, ол жағдай баланың жатса-тұрса ойынан кетпей, сәби көңіліне кірбің ұялатқанын көрмеу мүмкін емес. Міне, сондай мәселелермен қаладан қажып келген Қамбарды ауыл құшақ жая қарсы алып, аз уақытта ол қидың иісін сезініп, өзінің тегін таниды. Табиғатпен, малмен етене араласып, ең бастысы, қасқырды ғана емес, өз бойындағы үрейді жеңеді. Міне, фильмнің философиясы да – осында. Бұл бір десеңіз, сондай-ақ ең үлкен қуаныш Қамбар мен Самал қасқырды өлтірмек болып кетіп, ауыл «жоғалтып» алғанда, сол уайым оның әкесін де ойландырса керек. Соңында баласын іздеп әкесінің өзі келеді. Ал енді кіп-кішкентай баланың қасқырды өлтіруі қаншалықты сенімді? Бұл – екінші мәселе. Бұл жөнінде Жүрсін Ерман: «Өзім де жетінші сыныпта оқып жүргенде тура осы секілді қасқыр атып алғанмын. Үйде көкем жоқ еді. Содан мені ауыл боп іздеп, тура осы кинодағы жағдайды мен де бастан кешірген болатынмын. Мүмкін, аздап жасандылық бар да шығар», – десе, «Қасқыр шын қасқыр ма, онда неге баланың көзінде үрей жоқ?» деген сұраққа режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов: «Киноға үш түрлі қасқырды түсірдік, бірі – тірі қасқыр, екінші – тұлып, үшінші – компьютерлі графика. Ал баланы шын қасқырмен беттестіргенде оның жүзіндегі қорқыныш күлкі үйіретін болды, сондықтан ол кезде компьютердің көмегіне жүгіндік», – деп жауап берді.
«Аңшы бала» – Голливудта 23 елден 92 фильм қатысқан International Family Film Festival кинофестивалінде «Шетелдік ең үздік драма» номинациясы бойынша бас бәйгені жеңіп алған туынды. Ал енді оның өз елінде өз көрерменінің қандай баға берерін фильм кинотеатрларда жаппай көрсетілімге түскен соң көрерміз.
Ал бірақ...
Бұл тек осы киноға ғана қатысты туған ой емес. Жалпы, қазақ киносының тарихына үңілсек, сонау «Көксеректе» болсын, «Гауһартас», «Адамдар арасындағы бөлтірік», одан берідегі «Біржан сал», «Жерұйық», күні кеше түсірілген Ермек Тұрсыновтың «Шалы», міне, бүгінгі «Аңшы балада» да қасқырмен алысу, қасқырды өлтіріп, тыныш табу – сол тақырып. Бірінде қойына қырғидай тигені үшін алысса, енді бірінде («Адамдар арасындағы бөлтірік»), керісінше, адамдар бөлтірікті сыйдырмай өлтіріп тынады. Сонда қандай да бір қиындықты, өз бойындағы үрейді өлтіру үшін режиссерлер қазақты міндетті түрде қасқырмен алыстыруы керек пе? Ашинадан тарайтын Көк бөрі рухты ел екеніміз, әрине, әрдайым есте ұстарлық жайт. Бірақ ендігіде біздің киногерлерімізге басқа да жағынан іздену керек секілді.