Өткен жылы қазақстандық ән орындаушылар мен фонограмма өндірушілерге 15 млн теңгеден астам қаржы сыйақы жиналды. Бұл туралы «Орындаушылар құқығын басқару жөніндегі қазақстандық қоғам» бірлестігінің өкілдері арнайы баспасөз мәслихаты кезінде жария етті.
Бірлестіктің бас директоры Әсет Білиевтің айтуынша, авторлық құқықты қорғауды көздейтін қоғам былтыр құрылып, жыл аяғына дейін өзінің мәртебесін толық ақтады. Қоғам өкілдері жұртшылыққа ән орындаушылар мен фонограмма жасаушылар еңбегін лицензиялық келісіммен немесе ақылы түрде пайдалану қажеттігін насихаттаумен айналысты. Бұл жұмысқа Әділет министрлігі мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдары да тартылды. Тиянақты жұмыстың нәтижесінде отандық өнер иелерінің еңбегіне 15 млн теңгеден астам қаражат аударылып отыр. Зияткерлік меншік құқығын қорғау бағытында қызмет атқаруға жаңадан кіріскен бірлестік үшін бұл зор табыс екені ақиқат.