Өзекті жанға өлім бар. Алайда ажал оғының қай сағатта, қандай жағдайда кімнің ғұмырын қыршынынан қиятынын еш пенде біле алмайтыны өкінішті!.. Қазақ эстрадасы кенеттен келген қайғыға тап болды. Алғаш жұртшылыққа «Гүлімсің», «Мектептегі махаббат» әндерімен танылған жас әнші Нәби Аймұратов небәрі 23 жасында көлік апатынан қаза тапты.
Гастрольдік сапармен Қызылордаға қарай жолға шыққан «Мерседес» автокөлігі маусымның 15-і күні таңғы сағат 07.30 шамасында Шиелі ауданына кіре берген жерде жолдан шығып кетіп, аударылған. Көлікте Нәбидің өзінен басқа бөлесі Д.Тұрсынбеков пен әнші Еркін Нұржанов та болыпты. Рульде отырған Нәби сол жерде жан тапсырса, Еркін мен марқұмның туысы 20 жастағы жас жігіт жергілікті ауруханаға жеткізілген. Бес қабырғасы сынып, бірнеше жерден жарақат алған Еркіннің беті бері қарапты. Ал Нәбидің бөлесі ауыр халде жатыр...
Жас әншінің эстрада көгіне жарқ етіп шыққаны сол еді, әттеген-ай, жарқырап үлгерместен ағып түсті. Ата-ана, бауырдың қайғысын айтпағанда, жар құшағын жаңа ғана көрген Нәбидің ең құрығанда сәби де сүймей кеткені өкінішті... «Асқақ армандарын» «Аңсаған» күйі «Ақ шағалаға» айналған жаны қалықтай көкке көтерілді... Иманы жолдас болсын!
Нәби Аймұратов
1986 жылы туылған.
Отбасылы.
«Асқақ арман», «Аңсағаным», «Гүлімсің», «Мектептегі махаббат» және Ақбота Керімбековамен дуэт болып орындайтын «Ақ шағала» секілді жұрт сүйіп тыңдайтын әндері бар.