Әнші Бағдат Сәмединоваға Түркияда операция жасалады
Әншіге түрік елінде операция жасалатын болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бағдат Сәмединованың денсаулығы нашарлап кеткен. Ол осымен екінші ай Түркияда емделіп жатыр.
Facebook желісінде жыршы Күнсұлу Түрікпен Бағдат Сәмединованың операциясына көп ақша қажет екенін айтып, халықтан көмек сұрады.
Қазіргі уақытта екінші ай түрік елінде ауруханада ем алып жатқан Бағдат апайға операция жасалады деп күтілуде. "Көп түкірсе көл" дейді қазақ! Шама-шарқымызша міндетті түрде көмек қолын созады деген сенімдеміз! — деп жазды Күнсұлу.
Ол Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ильясова, Мейрамбек Беспаев, Ерғали Әбдірайымов секілді әншілердің Бағдат Сәмединоваға қолдау көрсетіп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Бағдат Сәмиденова — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, "Құрмет" орденінің иегері. Оның орындауындағы "Отырардағы той", "Сарыарқа" сияқты әндері халыққа кеңінен танымал.