2Rar лақап атымен көпшілікке танымал әнші Тұрар Ыдырыс бала күнінде өзіне қол салуға оқталғанын мәлімдеді. Айтуынша, оны бұл қадамға әкесінің қаталдығы итермелеген. Алайда райынан қайтарған да әкесінің тәрбиесі. Өнер иесі марқұм әкесі жайлы естелігімен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аман Тасығанның TalkLikeжобасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Әкем мені қатты тәрбиеледі. Кішкентайымнан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өзінің ұратын кезінде ұрды.
Маған өте үлкен сабақ болған бір оқиға болды", – деген Тұрар ауылда өскенін айтты. Онда өсетін түрлі шөптердің дәмін көргенін жасырмады.
"Ауылда өсетін қоға, гаванна сынды шөптерді шегетін едік. Түтін шыққанына мәз боп жүретінбіз. 5-сыныпты бітірген кезде 25 мамыр күні балалармен бірге суға түскенбіз. Жанымда қаладан келген інім бар еді. Оны үйге қуып жібердім. Ол жылап келіп әкеме: "Ол ар жақта "наша" шегіп жүр" деген. Балалармен риза болып келе жаттым, әкем алдымнан күтіп алып, діңкілдетіп ұрып тастады.
Түсіндіре алмағаныма ызаланып, үйдегілер шай ішіп отырған кезде қораға қарай барып, асылып өлемін дедім. Қораға келіп, жіпті ілдім. Ондайды қайдан көріп алғанымды білмеймін. Қарап отырмын, асылып қалуға рухым жетпейді. Сондағы бар ойым – әкем келіп көрсе, мені аяса дедім.
Әкем кіріп, жіпті шешіп, мойныма байлап, қорадан ит сияқты сүйреп шықты. "Мен сені өзім өлтіремін" деп тағы ұрды. Содан кейін ешқашан "өлемін" деп айтпағанмын", – деп еске алды Тұрар.
Әншінің айтуынша, ұлының өмірін қауіпке тіккен әкенің бұл тәрбиесі оған өмірлік сабақ болып қалған.
"Ол да қауіпке барды. Бірақ осылай тәрбиелегенім дұрыс деп ойлады. Және мен сияқты адамға оның "подходы" дұрыс болды", – деді ол.
Әнші 25 жаста болған кезде әкесі өмірден өткен. Тұрар сол уақыт аралығында асқар тауынан өзіне қажетті барлық тағылымды алғанына шүкіршілік етеді. Тек отбасын құрып, немере көрсетіп үлгермегеніне өкінеді.
"Әкем үш жыл ауырды. Оның бір жылында төсектен тұрмады. Моралдық тұрғыдан дайын болдым. Бірақ сол сәт келген кезде қабылдай алмай қаласың, қиындау. Одан да сол бөлмеде жата бергені дұрыс еді", – деді Тұрар.