7 тамыз күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында «қария-бала» Нұржан Өркешбаевтың үйлену тойы өтті, деп хабарлайды «Ақ Жайық» ақпарат құралы.
Той Нұржанның марқұм әжесін бір минут үнсіздікпен еске алумен басталған. Бұл - Нұржанның өтініші еді. Өйткені Нұржан сол кісінің қолында өскен. Нұржан әжесін ерекше жақсы көретін.
Тойдың бір ерекшелігі - төрт асабаның кезектесіп басқаруы болды. Және олар тойға тегін қызмет жасаған. Үш асаба Атыраудан болса, біреуі Ақтөбеден арнайы келіпті. Сондай-ақ тойға келген жұлдыздар да да тегін өнер көрсеткен.Оған қоса сый-сиапатын да ала келіпті.
Тойға жиналған жұртшылықтың ұзын саны 300-ге жуықтапты. Осы тойға арнай шақырылған ресейлік «Пусть говорят» ток-шоуының жүргізушісі Андрей Малахов шетелде демалыста жүруіне байланысты келе алмаған. Дегенмен Андрей Малахов өзінің продюсері арқылы сәлемін жолдап, сыйлығын салып жіберуге уәде етіпті.
Тойға келгендердің назары босаға аттаған келін-Әсемгүлде болды. Нұржан мен Әсемгүл құрдас. Екеуі де 24 жаста. Әсемгүл Құлсарыдан, мамандығы есепші. Ал Нұржан музыкант, тойларда ән айтады.
Тойдан кейін Нұржан Әсемгүлмен қалай танысқандарын қысқаша айтып берді. Күйеу жігіттің айтуынша, ол болашақ жарымен Атырауда танысыпты. Тағдырдың жазуы болса керек, кең көшеде екеуі түйісіп қалған. Түйіскен сәтте жүректеріне шоқ түсіп, махаббат оты тұтанса керек. Сол сәттен бастап екеуі достасып кетеді. Бір жыл маздаған махаббат сезімі ақыры от болып жанады. Міне, осылайша екеуі шаңырақ көтереді.
Естеріңізге сала кетсек, Нұржан Өркешбаев бала кезден, өте сирек кездесетін прогерия (терінің ерте қартаюы) сырқатына шалдыққан. Дәрігерлер 2011 жыл оған косметологиялық ота жасаған. Отадан кейін Нұржанның бет-әлпеті біршама жасарған. Сондай-ақ дәрігер Нұржанның ішкі ағзасында ешқандай қайтымсыз процесс жүріп жатпағандығын айтқан еді.
Алаш айнасы