Ана деп айтуды армандағандар туралы фильм

«Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді»... Ақ пен қара айқасқан бұл өмірде әлдебір ана әлди үніне зар болса, кері­сінше, біреу өз құр­сағынан шыққан періш­тесінен безеді. Жа­рат­қан шебер, тап сон­дай екі тағдырды бір перзент­ханада жолық­ты­рып, сәбиі шетіне­ген ана безбүйрек ананың баласын құшады.
«Осымен іс бітті, қу кетті» деп ойлаған келіншек жердің дөңгелек екенін ұмытып кеткен еді...
Сот залы. Кімнен, қайдан келетінін біл­мейді, бірақ, әйтеуір, бір қайырым күткен тұп-тұнық жанар иесі –  жас жігіт қолын­дағы кісеннен құтқарар көмек іздеп әуре. Жал­ған-ай, кеше ғана аз күнде арманыма же­тем деп алып ұшып жүрген жігіт аяқ­асты­нан айыпталушы болып шыға кел­ді. Сон­дағысы бір-ақ сәт... Бір ғұмыр қыр­шын­нан қиылды, ал бұл – «сол ғұмырды қа­са­қана қиған қанішер»... Қалайша? Олар өздері тиісті, бұлар қорғанды, дәлі­рек айтқанда, жігіт болып бұл қалыңдығын қорғады, ал «жәбірленушіге» тіпті сауса­ғы­ның ұшын да тигізген жоқ. Осы шындық­ты айтатын бір жан қалайша табылмайды, қа­лайша біреу араша түс­пей­ді? Қырсық қыл­ғанда, қай­тыс болған жігіттің шешесі дөкей біреу екен, «бар кү­шімді салсам да, сендей қані­шер­ді түрмеде шірітем» дегені қан­дай ауыр еді?!. Одан да ауыр соққаны – оның «детдомовский» деп көзге шұқы­ғаны. «Балалар үйінде өскендерден басқа не күтуге болар дейсің?» деп кемсіткені ғой.
Басты кейіпкер – Арманның жетімдер үй­ін­де өскені аздай, енді кісі өлтіргіш ата­нып, темір тордың ар жағына кеткелі жа­тыр... Жазықсыз! Шынымен де, өмірде әділ­дік жоқ па? Бәрін ақша, бәрін сыбай­ластық шеше ме? Өмір деген тек әлдінің әлжуазға тізе батыруы ма? Жарай­ды делік, жігіт жас ғұмырын түрмеде өткіз­сін, ал мү­гедек анасы ше, тура өзі секілді жетімдік кешіп, екеуі қол ұстасып бірге же­тілген, әне-­міне отбасын құрамыз деген Құра­лайы ше? Оның күні не болмақ? Ос­ын­дай мың сан ойдың құрсауында, бір аяғымен темір тордың ар жағында қалған жігіттің тағдырына қатысты соттың кенет жұрт күт­пеген шешім шығарғаны, одан әрі адам сен­гісіз ақиқаттардың ашылғаны отырған жұрт­ты аң-таң қалдырды.
Шыны керек, жалпы, қоғамның тас­тан­ды балаларға деген көзқарасы көбіне жа­ғымсыз, яғни олар не мүсіркеуге, не жек көруге ғана лайықты. Олардан жаны таза, өмірге құштар, адал адам шы­ғып, жарқын болашақ құрып кетуі екіталай деп бөлектеп қарайтындар басым, өкі­нішке қарай. Алайда тумай жатып анасы­ның өзі­нен безгеніне, өз тағдырын ойлап, сәбиі­нің болашағына бір минут та бас қа­тыр­мастан тағдыр тәлкегіне тастап кете бар­ғанына сәбидің не жазығы бар? «Біз балалар үйіненбіз» деп аталатын жаңа туын­дының айтар ойы, міне, осы тұрғы­сын­да. Біз оны басқа емес, балалар үйіне барып тама­шаладық. Сол үйдің тұрғында­ры­мен бірге. Режиссер Уәлихан Исабай, продюсер Қ.Муталиев, фильмде сот рө­лін сомдаушы актер Байғали Есенәлиев­тер­дің әу баста туындыны түсірудегі бір мақ­сатына осы да кірсе керек, яғни кіш­кен­тайынан жетімдік тақсіретін тартып өс­кен балаларға үміт сыйлау, олардың өз өмірлерін өздеріне көрсете отырып, қан­дай да болсын қиындыққа төзе біл­геннің алдынан ақ таңның қарсы аларын айтпақ болыпты.
Көрермен көзімен
Ерлан, көрермен, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
– Иә, бұл – біздің өміріміз. Қанша дегенмен толыққанды отбасында өскен балалар мен біздің арамызда жер мен көктей айырмашылық бар. Әсіресе фильмдегі бас кейіпкерге «балалар үйінен» деп қарап, яғни ол сотталса да, ешкімнің ештеңесі кетпейді деп қарағаны жанымызға батты. Әйтсе де ол – шындық. Сондай-ақ қыз бен жігіттің арасына темір тор түсіп, екеуін екіге айырғаны көзге жас үйірді, себебі олар – қос ғашық қана емес, жетімдіктің тауқыметін бірге тартып, кішкентайынан бір-біріне пана болып келе жатқан бауырлар. Бізге тікелей қатысы бар осындай фильм түсірген ағаларға ризамыз.

Анар, көрермен:
– Мен бұл фильмнен дәл өзімді таптым. Құралайдың «мен өмірімде ана деп айтып көрмеппін» дейтін тұсы жүрегімді езіп кетті. Себебі мен де өмірімде анамды көрмеген едім, ана деген бірауыз сөзді айту арман күйінде қалды. Ендігі үмітім – балам «ана» десе, мен үшін содан артық бақыт жоқ.

Киногерлер көзімен
Байғали Есенәлиев, актер:
– Кино түсіретіндер әдетте «бәлен қаржы кетті» деп мазмұ­нынан, жұртқа берерінен бұрын оның бюджетін айғайлай айтып жатады. Солайша мемлекеттен миллиондаған ақша алып, қанша адам байып қалушы еді, ал, шындығында, соншалық қаржысыз, сонша дабыра қыл­май-ақ фильм түсіруге болады екен.Уәлихан режис­сер ретін­де өзі­нің идеясын ортаға салды, Қайрат екеуміз оны қолдап, іске кірістік. Бұл шын өмірде болып жатқан жағдай ғой. «Өзімнің бір бөлшегім ғой» демей, баласын қоқыс жәшігіне тастап кетіп жатқандар қаншама. Қарап тұрсақ, өзіміздің қарагөздердің тағдыры, неге оларға бір сәт алаңдаушылық танытып, тым құрыса сана-сезімге бір сәт қозғау салмасқа дедік. Актер ретінде үнемі тағайындалған рөлдерді ойнаймыз, бір сәт өз таңдауыммен ойнап көрейінші дедім. Жас актерлер басты рөлді жап-жақсы алып шықты, әсіресе Құралайды сомдаушы Балжанның көп сөйлемей, шынайы жылай білгені... Фильмнің ең түйінді ойларын сол бір тамшы көз жасы шешіп кеткен.

Жалпы, тақырыпқа келсек, бұл – тек қана бетпердесін ауыс­тырып отыратын әлемдік проблема. Балалар үйі деген – бергі қабаты ғана, ал шын мәнінде фильм тек ол жайлы емес, адамшылық, адамның адамға деген жанашырлығы деген ұлы тақырып жатыр ар жағында. Егер қып-қысқа ғана ғұмырда өмірге кішкентай да болса жақсы нәрсе қалдырып кетсем деген ой әркімде болса, өмір әлдеқайда басқа болар еді.
Уәлихан Исабай, фильм режиссері:
– Біз фильмді өткен жылдың маусымында бастап, бір жарым айда түсіру жұмысын толық бітірдік. Бірақ біздің қолы­мызда қаржы болмағаны жолымызға көп бөгет болды, яғни монтаж жұмыстары, дыбыстауы дегенге келгенде алдымен ақшасы барлардың жұмысы бітсін деп күтіп жүрдік. Біз де осы тұрғы­да «жетімдер үйінің бала­ла­рындай» болдық, яғни екінші кезекте. Бүгін адамдар безбүйректеніп барамыз, шыны керек, ақша бол­маса, қол қимылдатпаймыз, ал ақшасы бардың құлы болуға дайынбыз. Өмір тек байлардан тұрмайды және байлық барлық жағдайды шеше бермейді. Әлгінде кинода да көрдіңіздер, кезін­де байлық үшін баласынан безген ана соңында сол байлығы өзі­не еш көмегі тимейтінін, текке өмір сүр­генін бір кездері ұмыт бол­ды деген қателігі – күнәсі қайтып алды­на келгенде бір-ақ біліп, сан соғып қалды. Бізде «балалар үйінен» десе, тәрбиесі нашар деген көзқарас басым, ал мен кейіпкер­лерімді қандай тағ­дыр кешсе де, тазалығын сақтаған, өмірге құштар жан­дар етіп көрсеткім келді. Өз бақытын өздері құруға талпынып жүр­генде, бақытсыз­дыққа тап болып, бірақ сол арқылы басты кейіпкер өз өмірінің сол уақытқа дейін білмеген ақиқатымен бетпе-бет ұшы­ра­сады. Сценарий жазу барысында біз осы Алматыдағы біршама балалар үйіне бардық. Оның бәрі шындықтан алыс кетпеу үшін. Фильмнің қалай шыққанына көрермен төрелік ете жатар, ал біздің мақса­тымыз – ақша емес, даңқ та емес, осындай бір фильмнің дүниеге келгенін халыққа жеткізу ғана. Алайда осы тұрғыда көмек сұрағанда БАҚ-тың екісөзділігі дейміз бе, әлде бейжайлығы ма, әйтеуір, шақырғанда «келеміз» деп келмегені қынжылтып тұр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста