Ана деп айтуды армандағандар туралы фильм
«Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді»... Ақ пен қара айқасқан бұл өмірде әлдебір ана әлди үніне зар болса, керісінше, біреу өз құрсағынан шыққан періштесінен безеді. Жаратқан шебер, тап сондай екі тағдырды бір перзентханада жолықтырып, сәбиі шетінеген ана безбүйрек ананың баласын құшады.
«Осымен іс бітті, қу кетті» деп ойлаған келіншек жердің дөңгелек екенін ұмытып кеткен еді...
Сот залы. Кімнен, қайдан келетінін білмейді, бірақ, әйтеуір, бір қайырым күткен тұп-тұнық жанар иесі – жас жігіт қолындағы кісеннен құтқарар көмек іздеп әуре. Жалған-ай, кеше ғана аз күнде арманыма жетем деп алып ұшып жүрген жігіт аяқастынан айыпталушы болып шыға келді. Сондағысы бір-ақ сәт... Бір ғұмыр қыршыннан қиылды, ал бұл – «сол ғұмырды қасақана қиған қанішер»... Қалайша? Олар өздері тиісті, бұлар қорғанды, дәлірек айтқанда, жігіт болып бұл қалыңдығын қорғады, ал «жәбірленушіге» тіпті саусағының ұшын да тигізген жоқ. Осы шындықты айтатын бір жан қалайша табылмайды, қалайша біреу араша түспейді? Қырсық қылғанда, қайтыс болған жігіттің шешесі дөкей біреу екен, «бар күшімді салсам да, сендей қанішерді түрмеде шірітем» дегені қандай ауыр еді?!. Одан да ауыр соққаны – оның «детдомовский» деп көзге шұқығаны. «Балалар үйінде өскендерден басқа не күтуге болар дейсің?» деп кемсіткені ғой.
Басты кейіпкер – Арманның жетімдер үйінде өскені аздай, енді кісі өлтіргіш атанып, темір тордың ар жағына кеткелі жатыр... Жазықсыз! Шынымен де, өмірде әділдік жоқ па? Бәрін ақша, бәрін сыбайластық шеше ме? Өмір деген тек әлдінің әлжуазға тізе батыруы ма? Жарайды делік, жігіт жас ғұмырын түрмеде өткізсін, ал мүгедек анасы ше, тура өзі секілді жетімдік кешіп, екеуі қол ұстасып бірге жетілген, әне-міне отбасын құрамыз деген Құралайы ше? Оның күні не болмақ? Осындай мың сан ойдың құрсауында, бір аяғымен темір тордың ар жағында қалған жігіттің тағдырына қатысты соттың кенет жұрт күтпеген шешім шығарғаны, одан әрі адам сенгісіз ақиқаттардың ашылғаны отырған жұртты аң-таң қалдырды.
Шыны керек, жалпы, қоғамның тастанды балаларға деген көзқарасы көбіне жағымсыз, яғни олар не мүсіркеуге, не жек көруге ғана лайықты. Олардан жаны таза, өмірге құштар, адал адам шығып, жарқын болашақ құрып кетуі екіталай деп бөлектеп қарайтындар басым, өкінішке қарай. Алайда тумай жатып анасының өзінен безгеніне, өз тағдырын ойлап, сәбиінің болашағына бір минут та бас қатырмастан тағдыр тәлкегіне тастап кете барғанына сәбидің не жазығы бар? «Біз балалар үйіненбіз» деп аталатын жаңа туындының айтар ойы, міне, осы тұрғысында. Біз оны басқа емес, балалар үйіне барып тамашаладық. Сол үйдің тұрғындарымен бірге. Режиссер Уәлихан Исабай, продюсер Қ.Муталиев, фильмде сот рөлін сомдаушы актер Байғали Есенәлиевтердің әу баста туындыны түсірудегі бір мақсатына осы да кірсе керек, яғни кішкентайынан жетімдік тақсіретін тартып өскен балаларға үміт сыйлау, олардың өз өмірлерін өздеріне көрсете отырып, қандай да болсын қиындыққа төзе білгеннің алдынан ақ таңның қарсы аларын айтпақ болыпты.
Көрермен көзімен
Ерлан, көрермен, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
– Иә, бұл – біздің өміріміз. Қанша дегенмен толыққанды отбасында өскен балалар мен біздің арамызда жер мен көктей айырмашылық бар. Әсіресе фильмдегі бас кейіпкерге «балалар үйінен» деп қарап, яғни ол сотталса да, ешкімнің ештеңесі кетпейді деп қарағаны жанымызға батты. Әйтсе де ол – шындық. Сондай-ақ қыз бен жігіттің арасына темір тор түсіп, екеуін екіге айырғаны көзге жас үйірді, себебі олар – қос ғашық қана емес, жетімдіктің тауқыметін бірге тартып, кішкентайынан бір-біріне пана болып келе жатқан бауырлар. Бізге тікелей қатысы бар осындай фильм түсірген ағаларға ризамыз.
Анар, көрермен:
– Мен бұл фильмнен дәл өзімді таптым. Құралайдың «мен өмірімде ана деп айтып көрмеппін» дейтін тұсы жүрегімді езіп кетті. Себебі мен де өмірімде анамды көрмеген едім, ана деген бірауыз сөзді айту арман күйінде қалды. Ендігі үмітім – балам «ана» десе, мен үшін содан артық бақыт жоқ.
Киногерлер көзімен
Байғали Есенәлиев, актер:
– Кино түсіретіндер әдетте «бәлен қаржы кетті» деп мазмұнынан, жұртқа берерінен бұрын оның бюджетін айғайлай айтып жатады. Солайша мемлекеттен миллиондаған ақша алып, қанша адам байып қалушы еді, ал, шындығында, соншалық қаржысыз, сонша дабыра қылмай-ақ фильм түсіруге болады екен.Уәлихан режиссер ретінде өзінің идеясын ортаға салды, Қайрат екеуміз оны қолдап, іске кірістік. Бұл шын өмірде болып жатқан жағдай ғой. «Өзімнің бір бөлшегім ғой» демей, баласын қоқыс жәшігіне тастап кетіп жатқандар қаншама. Қарап тұрсақ, өзіміздің қарагөздердің тағдыры, неге оларға бір сәт алаңдаушылық танытып, тым құрыса сана-сезімге бір сәт қозғау салмасқа дедік. Актер ретінде үнемі тағайындалған рөлдерді ойнаймыз, бір сәт өз таңдауыммен ойнап көрейінші дедім. Жас актерлер басты рөлді жап-жақсы алып шықты, әсіресе Құралайды сомдаушы Балжанның көп сөйлемей, шынайы жылай білгені... Фильмнің ең түйінді ойларын сол бір тамшы көз жасы шешіп кеткен.
Жалпы, тақырыпқа келсек, бұл – тек қана бетпердесін ауыстырып отыратын әлемдік проблема. Балалар үйі деген – бергі қабаты ғана, ал шын мәнінде фильм тек ол жайлы емес, адамшылық, адамның адамға деген жанашырлығы деген ұлы тақырып жатыр ар жағында. Егер қып-қысқа ғана ғұмырда өмірге кішкентай да болса жақсы нәрсе қалдырып кетсем деген ой әркімде болса, өмір әлдеқайда басқа болар еді.
Уәлихан Исабай, фильм режиссері:
– Біз фильмді өткен жылдың маусымында бастап, бір жарым айда түсіру жұмысын толық бітірдік. Бірақ біздің қолымызда қаржы болмағаны жолымызға көп бөгет болды, яғни монтаж жұмыстары, дыбыстауы дегенге келгенде алдымен ақшасы барлардың жұмысы бітсін деп күтіп жүрдік. Біз де осы тұрғыда «жетімдер үйінің балаларындай» болдық, яғни екінші кезекте. Бүгін адамдар безбүйректеніп барамыз, шыны керек, ақша болмаса, қол қимылдатпаймыз, ал ақшасы бардың құлы болуға дайынбыз. Өмір тек байлардан тұрмайды және байлық барлық жағдайды шеше бермейді. Әлгінде кинода да көрдіңіздер, кезінде байлық үшін баласынан безген ана соңында сол байлығы өзіне еш көмегі тимейтінін, текке өмір сүргенін бір кездері ұмыт болды деген қателігі – күнәсі қайтып алдына келгенде бір-ақ біліп, сан соғып қалды. Бізде «балалар үйінен» десе, тәрбиесі нашар деген көзқарас басым, ал мен кейіпкерлерімді қандай тағдыр кешсе де, тазалығын сақтаған, өмірге құштар жандар етіп көрсеткім келді. Өз бақытын өздері құруға талпынып жүргенде, бақытсыздыққа тап болып, бірақ сол арқылы басты кейіпкер өз өмірінің сол уақытқа дейін білмеген ақиқатымен бетпе-бет ұшырасады. Сценарий жазу барысында біз осы Алматыдағы біршама балалар үйіне бардық. Оның бәрі шындықтан алыс кетпеу үшін. Фильмнің қалай шыққанына көрермен төрелік ете жатар, ал біздің мақсатымыз – ақша емес, даңқ та емес, осындай бір фильмнің дүниеге келгенін халыққа жеткізу ғана. Алайда осы тұрғыда көмек сұрағанда БАҚ-тың екісөзділігі дейміз бе, әлде бейжайлығы ма, әйтеуір, шақырғанда «келеміз» деп келмегені қынжылтып тұр.