Ән додасында жас әншілер
Осы үміткерлердің 17-сі өзге облыстардан бағын сынауға келсе, қалғаны – жергілікті жас әншілер. Бір Оңтүстік Қазақстанның өзінен байқауға жолдама алуға талаптанғандар саны 50-ден асып түскені жарыс талаптарының қаншалықты қатаң болғандығын көрсете алса керек.
16 мен 29 жас аралығындағы жас әншілердің ғана қатысуға мүмкіндігі болған республикалық байқау талаптары бойынша, үміттерін үкілеп келген үміткерлердің орындауындағы екі әннің бірі міндетті түрде патриоттық тақырыпқа арналуы тиіс болды. Екіншісі – үміткердің өз қалауындағы ән. Басты қойылған талап – әнді жанды дауыста айту. Фонограммаға жол жоқ. Сондай-ақ қазылар алқасы байқауға қатысушы үміткерлердің киім үлгілері мен орындаушылық мәнеріне де көп көңіл аударды. Басқаша айтқанда, жүлделі орын жан-жақты жақсы дайындалған нағыз талант иелеріне бұйырды.
Республикаға танымал жерлес әнші Гүлнар Сиқымбаева төрайымдық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша, бас жүлде шымкенттік «STARS» триосына бұйырды. Ал бірінші орынды түркістандық Б.Сапарбеков пен павлодарлық Г.Алдажарова бөліссе, екінші орын екі үміткер батысқазақстандық И.Жантуллин мен атыраулық Х.Сүйекбаевтың қанжығаларына байланды. Шымкенттік Қ.Тәңірбергенов, Е.Зауытбек, «Өркен» тобы мен ақтөбелік Ж.Бекбосынов жүлделі үшінші орынды місе тұтты. Бұдан бөлек 17 үміткер «Арай-2011» байқауының арнайы дипломанты атанды.