Әміре Қашаубаев «алаңсыз баланың байқаусызда жіберген қатесіне» айналмауы тиіс!
Газетіміздің 16 мамыр күнгі №75 санында «Казахская певица Амре Кашобаева имела большой успех в Париже» атты мақала жарық көргені оқырмандарымыздың есінде болар. Арада екі аптадай уақыт өткенде, осынау өрескел қателікке жол берген №105 гимназиядан жауап хат келді. Ондағы жазылған жайдан аңғарғанымыз – аталған гимназияның жеке сайты жоқ, тек www.edualmaty.kz деген білім беру порталында бір бетке ғана ие екен. Ал біз сынаған, яғни Әміре Қашаубаевты әйел әншіге айналдырған gimn105.nursat.kz адресі жайында хат иелері «2003 жылы мектеп бітіріп кеткен белгісіз біреу жасаған деген болжам бар» деп жауап береді.
Құрметті хат иелері! Мен, яғни мақала авторы, сіздер айтқандай, «бала шығармашылығын әуес көретін журналист» емеспін. Және «Амре Кашобаева имела большой успех в Париже» дегенді де ойдан алып, жоқ жерден жік шығарып отырғаным жоқ. Тағы айтарым, сіздер мені кешіретіндей, өрескел қатені жіберіп отырған мен емес! Сіздердің «байқаусызда қате жіберген алаңсыз балаларыңыз»! Айтпақшы, бала дейсіздер, «2003 жылы мектеп бітіріп кеткен белгісіз біреу» қалай бала болады? Осы жерде өз сөздеріңізге өздеріңіз қайшы келіп тұрған жоқсыздар ма? Бұл жерде мәселе баланы білмегені үшін жазалауда емес, айтайын деген түпкі ойымыз қазақтан шыққан осындай тұлғаны танымаған күйі мектепті бітіріп кеткен түлектің артында соны кезінде таныта алмаған оқу орнының кінәсі жатқандығы. Бәлкім, сіздер «баланың қателігі» деп қорғаштап отырғандарыңыз «бір қарын майды бүлдірген бір құмалақтың кері» шығар? Гимназияларыңыз мейлі орысша оқытсын, бірақ қазақтың тарихын, сол тарихта ізі қалған тұлғалар жайлы дұрыс оқытуы шарт қой?! Әйтпесе Әмірені Амре деп, оның атасы Қашаубайды Кашобай дегені былай тұрсын, оны «певица» деп білетін «адрес ашушы түлектің» ізін басарлар көбеймесіне кім кепіл? Мұны біз тек сіздерге ғана емес, қазақтың барша білім ошақтарына арнап отырмыз.
Ал қымбатты оқушылар, сіздер болашақ бір-бір саланың маманы ретінде, ең алдымен қазақ деген халықтың ұрпағы ретінде ұлтымыздың тіліне, тарихына, тұлғаларына абай болыңыздаршы.
Р.S.
Біздің бір қуанғанымыз – жазылған мақаланы жай қалдырмай, жоғары сынып оқушыларына «Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығы» атты баяндама жаздырғандарыңыз. Демек, қоғамдық ой тудыра алғанымыз. Біздің мақсатымыз да осындай бір нәтижеге қол жеткізу, қатені түзеу болатын.