Қазақстан халқы ассамблеясының, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР»
Аталған кітапта ХХ ғасырдағы жаппай қуғын-сүргінде азап шеккен ұлттардың тағдыры, жекелеген белгілі тұлғалардың өмір дерегі, қуғын-сүргіннің тарихи сипаттамасы, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен қуғын көрген жандардың өздері қалдырған естеліктері қамтылған. Кітапта сондай-ақ зұлмат жылдардың белгісіндей болған «АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) абақтысы мен сол жерде тұтқында болған әртүрлі ұлт өкілдерінің қасірет-қайғысы, ардақты да қайраткер аналардың арман-тілектері шынайы бейнеленген. Жинаққа тек қана еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандары ғана емес, шетелдік азаматтар мен еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің бастан кешкен азапты оқиғалары да арқау болған.
Қасіретті кезеңнен сыр шертетін жинақтың алғысөзінде: «ХХ ғасыр қазақ тарихында ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы атанған республикалар тарихында өзінің зауалы мен зұлматы, азабы мен қайғысын қатар жүргізген сталиндік қатыгез саясатпен есте қалды. 20-жылдардың басында басталған «қызыл қырғын» кезеңі 30-40 жылдарға, бұдан кейін 50-жылдардың соңына дейін жалғасты. Ресми деректерде саяси қуғын-сүргін көргендердің бас-аяғы 60 миллионға жеткені айтылса, тек ату жазасына кесілгені 24 млн адамды құрайды екен. Қазақстан сол бір азапты жылдары жүзден аса ұлт адамдары үшін қоныс алаңына, үлкен қуғындау лагеріне де айналды», – делінген.
Әсіресе, қазақ тарихы үшін ең ауыр кезеңнің бірі саналатын қуғын-сүргін, аштық жылдарына қатысты деректерді топтастырған «АЛЖИР» мемориалды кешені қызметкерлерінің айтуынша, бұл жинақты алдағы уақытта да толықтырып шығару жоспарда бар.