Сенесіз бе, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да азаматтарымыздың 55 пайызы әлі күнге ресейлік ақпарат кеңістігінде өмір сүреді екен. Бұлай болуына жол ашып отырған факторлар өте көп. Қарапайым ғана мысал – дүңгіршектеріміздің терезесі толған ресейлік газет-журналдар, кітап дүкендерінің бір-екі сөресінен басқасы түгел тұнған орыс, шетел кітаптары. Қазақ елінде қазақ кітабы қайыршының кебін киіп, бір бұрышта ғана мұңайып тұратыны жасырын емес. Оған себеп – біріншіден, ақпараттық кеңістігімізді жалпыға ашып, қауіпсіздік жағын қадағаламай отырғандығымыз болса, екіншіден, отандық баспа өнімдеріміз, яғни қазақ кітабының сол шетелдік басылымдармен бәсекелесіп, оларды ығыстырып шығаруға қауқары жетпейтіндігінде. Әрі-беріден алғанда олардың үлес салмағы небары 10 пайыз ғана.
Бұл мәселе елімізде ешкімді де елеңдетіп, жанын сыздатпайтындай көрінетін. Бірақ олай емес екен. Күні кеше еліміздің әртүрлі салаларында қызмет етіп жүрген, өз саласы бойынша елге танымал азаматтар, атап айтқанда Досым Сәтпаев, Қуат Домбай, Расул Жұмалы, Ербол Жұмағұловтар елді елең еткізерлік бір жобаны дүниеге алып келіпті. Солайша бұл азаматтар елімізде тұңғыш рет ешқандай құзырлы орынның ықпалынсыз, тәуелсіз түрде «Алтын қалам» әдеби сыйлығына байқау жариялады.
Расул ЖҰМАЛЫ, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
– Біздің осындай байқау өткізіп, жүлде ұсынып отырғанымыздың басты себебі – қазақ әдебиетінің бүгінгі таңда өте кенжелеп қалғандығы. Өздеріңіз білесіздер, біздің әдеби классикалық шығармаларымыздың барлығы дерлік кеңес заманында шыққан болатын. Әдебиеттанушыларымыз қазақ әдебиетінің алтын заманы деп дәл сол кезді айтады. Себебі Тәуелсіздік алғанымызбен, осы 20 жылда жарық көрген әдебиеттердің ішінде ауыз толтырып айтарлықтайы көп емес. Бұл жерде мәселе шығарма жазушылардың аздығында емес, мұның көптеген әлеуметтік-экономикалық себептері бар. Әсіресе, жас дарындарға демеу жасау, жазған туындыларын баспадан кітап етіп шығаруда қамқорлықтың аз екендігі ақиқат. Егер ел боламыз, рухымызды көтеріп, еңсемізді тіктейміз десек, әдебиетіміздің бүгінгі жағдайын көтеруіміз керек. Осы орайда тек мемлекет тарапынан ғана көмек күтпей, жекелеген азаматтар, қазақ әдебиетінің жанкүйерлері де бұл мәселені шешуге атсалысуымыз қажет.
Қуат ДОМБАЙ, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
– Қазақ әдебиеті, қазақ кітабының мәселесі – баршамызға ортақ, сондай-ақ әрқайсымызға қатысты жеке мәселе де. Олай дейтінім, таяуда 12 жасар ұлымды ертіп, кітап дүкеніне кірдім. Ондағы ойым ұлымды өз ұлтының мәдени, әдеби мұрасымен сусындату болатын. Бірақ сондағы ұялғанымды, қынжылғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ат шаптырымдай дүкен ішінде иін тірескен кітаптар арасында небары екі-ақ сөресінде өз кітаптарымыз тұр екен. Онда да оның ішінде қазақ тіліндегілері тіпті аз, ал Тәуелсіздіктен кейін туған әдебиет жоқ деуге болады. Отандық детектив қайда, өз авторларымыз жазған іскерлік әдебиеттер қайда, жалпы, рухани азық болатын әдебиеттер қайда? Ештеңе жоқ! Егер ешқандай әдебиет туғыза алмасақ, бізде қандай мәдениет болсын? Өзекті өртейтін осындай үлкен қасіретке қарап отырып жеңілгенше, бар мүмкіндігіміз жеткенше күресейік деген оймен осы байқауды қолға алдық.
Жүлдені тағайындау механизмі батыстық премиялардың үлгісінде жасалып отыр, яғни қатысушылар өз шығармаларын www.arzu.kz сайтына тіркеп, енгізеді. Осы орайда айта кетелік, бұл сайт қазақ әдебиеті мен мәдениеті, жалпы, руханиятын ақпарат кеңістігінде дамыту үшін арнайы құрылған. Оны құрушы да – осы байқауды ұйымдастырып отырған азаматтар. Міне, сол www.arzu.kz-те ең көп оқылғандығына қарай туындының рейтингі анықталады да, ол іріктеуден өтіп, тәуелсіз комиссияның қолына өтеді. Ал тәуелсіз комиссия үздік автор мен үздік туындыларды ашық конкурс арқылы үстіміздегі жылдың шілде және қыркүйек айларында жылдың ең үздік деген проза, поэзия, ғылыми басылымы, іскер басылымы, балалар басылымы, блогомания, үздік әдеби аудармасын анықтап, жүлде тағайындайды. Атап айтарлығы, биыл байқаудың алғашқы жылы болғандықтан, оған Тәуелсіздік алғалы бері жазылған барлық шығармалар қатыса алады, ал келесі жылы тек осы бір жылда ғана жазылған шығармалар бәйгеге түсетін болады. Бұл – бір, екіншіден, бұра тарту деген болмас үшін шығармалар сайтқа автор есімімен емес, шифр арқылы енеді. Үшіншіден, еліміздің жас қаламгерлерімен қатар, шекара сыртындағы қазақ тілінде жазатын талантты жастар да қатыса алады. Ал жүлде көлемі әлі талқылану үстінде. Алайда ұйымдастырушылар алқасының сөзінен аңғарғанымыз, ақшаның қомақты болатын түрі бар. Ең бастысы, жеңімпаз болған жас дарынның еңбегі кітап болып құрастырылып, жарыққа шығады. Ендеше, еліміздің жас қаламгерлерінің шабыт тұлпарына мінер шағы алыс емес.