Қостанайда өткен Халықаралық «Алтын микрофон» байқауы өз мәресіне жетті. Былтыр Беларуське бұйырған бас жүлдені биыл қостанайлық қара домалақ қанжығасына байлады.
ІХ Халықаралық «Алтын микрофон» вокалдық байқауының финалдық кезеңі мен гала-концерті Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филормониясының сән-салтанат залында өтті. Ресей, Литва, Беларусь және Болгариядан келген кәсіби әншілер мен продюсерлерден құрылған қазылар алқасының құрамында Қазақстанның атынан атақты композитор Кеңес Дүйсекеев болды.
Үш күнге ұласқан дода қорытындысы бойынша, қатысушылар жас шамасына қарай үш топқа бөлініп, әр топтың жүлдегерлері анықталды. Нәтижесінде, бүлдіршіндер тобынан бірінші орынды алматылық Әлішер Жақсыбай иеленсе, орта буыннан Қызылорданың әншісі Азамат Алтаев жеңімпаз болды. Ал ересектер тобында бірінші жүлдені Литвадан келген Сигита Падваришките мен Болгарияның өнерпазы Йордан Марков өзара бөлісіп алды.
Ал бас жүлде «Алтын микрофон» қостанайлық бозбала Ернар Садырбаевқа бұйырды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Александр Калугиннің шәкірті, Қостанай педагогикалық колледжінің студенті Ернардың дауыс диапазонының кеңдігіне тәнті болған қазылар алқасы оны бірауыздан байқаудың ең үздік әншісі деп таныды.
Ернар САДЫРБАЕВ, ІХ Халықаралық «Алтын микрофон» байқауының жеңімпазы:
– Біз бұл байқауға ақпан айынан бастап мақсатты түрде дайындала бастадық. Қазақша және итальянша ән дайындадық. Андреа Бочеллидің репертуарынан алынған ән менің даусымның мүмкіндігін көрсетті деп ойлаймын. Ең бастысы, «Алтын микрофонның» Қазақ елінде қалғаны мен үшін басты бақыт боп тұр. Марапаттау рәсімінде менің атымнан бұрын «Қазақстан» деген сөз алғаш айтылды, сондықтан мен емес, менің елім – жеңімпаз!
Алтын микрофон Ернарда қалды
Последние статьи автора