Алматы облысында «Алтын аймақ – Жетісу» атты жаңа туристік бағыт ашылды. Бір аптаға жоспарланған туристік маршрутта саяхатшыларға өңіріміздегі «Алтын емел», «Шарын», «Көлсай көлдері» және «Іле Алатауы» ұлттық табиғи парктеріндегі тарихи орындар көрсетіледі.
Бұл бағыт бойынша демалушыларға бизнес және эконом санатында қызмет көрсетіледі. Оның ішіне жатын орны, төрт мезгіл тамағы, тасымалы кіреді. Мәселен, эконом класындағы туристер бір аптаға 62 мың теңге төлесе, бизнес кластағылар 102 мың теңге төлеуі керек. Бағытты ұйымдастырушылардың айтуынша, бұдан өзге де нұсқалар бар. Мәселен, демалушы өз көлігімен жүремін, өзім тамақтанамын десе ақысы арзандай түседі.
«Алтын аймақ – Жетісу» туристік бағыты «Алтын емел» мемлекеттік табиғи паркінен басталады. Саяхатшылар мұндағы қонақүй мен этноауылға тұрақтап, Күреңбел өлкесінің ғажайыптарын тамашалайды. Оның ішінде көзтартары – Айқақұм. Биіктігі – 150 метр, ені – 240 метр, ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Қалқан тауларының ортасында орналасқан құмды жотаның ерекшелігі жүрген сайын жердің дірілі сезіліп, ұшақтың гуілі естіледі. Табиғат құпиясын ғалымдар талай рет зерттеуге тырысқанымен, нақты бір шешім айта алмаған. Белгілісі – сусып аққан құмның бір-бірімен үйкелісінен осындай дыбыс шығады. Дегенмен құмның жайылып кетпей, қайта төбе қалпына келуі әлі де адамзат баласы үшін жұмбақ болып отыр. Бұл паркте сондай-ақ құлан мен қарақұйрықтарды да кездестіруге болады. Бесшатыр қорғаны мен Қатутау және Ақтау жоталарын да туристер басып өте алады. Содан соң Шарын шатқалын, Көлсай көлдерін және де «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін аралап қайтатын болады.
Серік ТҰРДАЛИЕВ, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
– Облыс көлемінде туристерге арналған 10-нан астам бағыт бар. Қазір соларды жаңғыртып, барынша тиімді етуге тырысып жатырмыз. «Алтын аймақ – Жетісу» өте сәтті бағыт. Құны да қымбат емес. Болашақта Балқаш және Алакөл көлдері жүйесін аралайтын жаңа бағытты іске қосамыз.
Алтын аймақ – Жетісу
Последние статьи автора