Алты алаштың ардағы неден жаза басты?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Биылғы қаңтарда туғанына 145 жыл болған, көрнекті Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың тағдыр-тәлейіне жеңіс пен жеңіліске, үмітке толы күрделі ғұмыр бұйырды. Абылай мен Кенесары аталарының даңқты жолын лайықты жалғастырған ол, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясы мен оны жүзеге асырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін негіздей отырып, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасынан табылды.
Шығу тегі жөнінен әйгілі Шыңғыс  ханнан таралатын дала аристократиясына жататын Әлихан бастауыш білімді медреседен және үш сыныптық орыс-қазақ мектебінен ала­ды. Одан кейін Қарқаралыдағы, кейіннен Омбыдағы техникалық училищеде оқиды. Әрі қарайғы білімін Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтында жал­ғастырады. Негізгі пәндерді үздік меңгеру­мен қатар, Әлихан құқықтануды, Батыс философиясы мен орыс әдебиетін де мұқият оқып-үйренеді. Мұның сыртында студенттердің саяси үйірмелеріне қатысып, сол кездің өзінде-ақ «саяси сенімсіз» адам ретінде полиция назарын өзіне аударады.
Оқуын тамамдап, Омбыға орманшы-ғалым ретінде оралған Әлихан әуелде со-­ ц­иал-демократиялық бағыттағы «Степ­ной край» газетіне қызметке тұрады. Одан кейін орыстың бюджеттік статистикасының негізін қалаушы Федор Щербининнің жетекшілігіндегі экспедицияларда сегіз жыл жұмыс істейді. Экспедицияға Далалық өлкенің ұлан-ғайыр аймағын және ең бас­тысы, қазақтардың мал шаруашылы­ғының жай-күйін зерттеу міндеті жүктеледі. Кейі­ні­рек Әлиханның экспедиция жұмысы ба­рысында жинаған білім-тәжірибесі Омбы көші-қон басқармасының санақ маманы қызметімен толыға түседі. Әлихан Бөкейха­нов өмірін жете зерттеген тарихшы Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, осы екі қызметі оның жер және көші-қон мәселелерінің керемет білгірі ретінде қалыптасуына, сондай-ақ саяси дүниетанымының негізделуіне көп ықпал етті. Кәсіби экономист ретінде ол патша өкіметінің көші-қон саясатын мұқият зерттейді. Қазақ облыстары мен уездерінде құрылған көші-қон басқармалары қазақ халқын отырық­шыландыру саясатын ұда­йы және табанды түрде жүргізе бастайды. Мұндай ауқымды мәселені шешуге қажетті экономи­калық, психологиялық және басқа да алғы­шарт­тардың жоқтығы қаперге алын­байды. Патша өкіметінің аграрлық саясаты, бұқара халықтың азып-тоза бас­тауының артуы Әлихан Бөкейханов тәрізді оқыған, білімді ұлт азаматтарын саяси қайраткерлік жолға түсіп, ұлт-азаттық қозғалысымен айналысуға, саяси партияға бірігуге мәжбүрлейді. 1905 жылғы саяси манифестер, митингілер, құрылтайлар мен съездер толқыны қазақ даласын да шар­пиды. Қазақ халқының патшалық отарлау жылдарында қордаланған мұң-мұқтажы, талап-тілегі тоғысқан Қарқаралы петициясы сияқты тұңғыш тарихи құжаттар пайда бола бастайды.
Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір үрдісін күрт өзгертуге үзілді-кесілді қарсы болды. Қазақ­тардың жартылай көшпенді болуы объективті шарттарға, яғни табиғи орта жағдайларына байланысты екендігін баса айтты. Сондықтан да «отырықшылық өмір­ге көшу кешенді түрдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық шаралардың көмегімен біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргі­зілуі тиіс» деген ұстанымда болды. Әлихан сондай-ақ көші-қон басқармасының «жерді үлестіру» сая­сатын сынға алды.
Ең бастысы, Әлихан Бөкейханов Ресей империясына қарасты халықтардың өмірін бірегейлендіруге қарсы шықты. Ұлттарға автономия беру идеясын қолдап, қуаттады.      I Мемлекеттік думаға мүше болған кезінде де, Кадет партиясының съездерінде сөйле­ген сөзінде де, басылым беттерінде жария­ланған мақалаларында да осы бағытты ұстанды.
Әрине, Әлихан Бөкейхановтай көрнекті тұлғаның қайраткерлік болмысын, ұлт Тәуел­сіздігі жолындағы жанқиярлық еңбе­гін бір мақала аясында жан-жақты ашып көрсету қиын. Алаш арысының күрескерлік жолы, өзіндік ұстанымы, жеңісі мен жеңілісі тұрғы­сынан алғанда бірқатар сауалдар туындайды. Соларды алға тарта отырып, біз тарихшылар мен алаштанушы азамат­тардың пікірін білгенді жөн көрдік. Мәсе­лен...

1. Біз әдетте М.Шоқайдың «Түбі түркі, түгел бол!» деген сөзін ұлағатты ұран есебінде қабылдаймыз. Осы орайда «Кезінде Әлихан Бөкейханов түркішілдік әңгімелерге утопиялық тұрғыда қарайтындарды ұнатпаған» деген әңгіме бар. Бұл ретте Әлихан ағамыз неден қауіптенді, неден сақтанды? Және онысы қаншалықты негізді еді?
2. Алаш қайраткерлерінің бірқатары Ресей Федерациясына кірмейтін ұлттық автономияны жақтағанда Әлихан Бөкейхановтың бұл идеяны қолдамауы неліктен?
3. Әлихан Бөкейханов Түркістан құрамына кіретін, онда да діни фанатизм жайлаған халықтармен мемлекет құрудың мүмкін еместігін айтқан көрінеді. Бұлай дегенде ол нені меңзеді, нені қаперге алды?
4. Жалпы, Әлихан Бөкейханов мемлекет құрылымы жөнінде қандай көзқарасты ұстанды?
5. Қайраткер ретінде ол неден қателесті, қай тұрғыда жаза басты?

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Әлихан Бөкейханов орыс демократиясына сенді
1. Әлихан Бөкейханов түркішілдікке сақтанып қараған емес. Бөкейханов қазақ халқының Тәуелсіздігі мен азаттығына қызмет ететін идеяның бәрін қолдады, соның жағында болды. Бұл – бір. Екін­шіден, айта кететін бір нәрсе, XX ғасырдың басында қазақ халқы ұлт ретінде қалып­тасу кезеңінде тұрды, ұлт болып ұю проце­сін басынан кешірді. Соған байланысты Бөкейханов ұлттық мемлекетті қалыптас­тыру ұстанымында тұрды. Бұл өте маңызды нәрсе еді. Өйткені қазақтың жерін, жерас­ты және жерүсті байлығын сақтау үшін мемлекеттілік қажет болатын. Соған байла­нысты, ол кісі басқа түркі мемлекет­терімен бірігу мәселесіне де осы тұрғыдан келді. Ал Мұстафа Шоқай бүкіл түркі халықтарының тұтастығы идеясын ұстан­ды. Шоқайдың ойынша, бүкіл түркі ха­лық­тары өз мүддесін, мемлекет Тәуелсіз­дігін өзара күш біріктіру арқылы ғана қорғай алады. Жалпы, Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың идеясы – бір-бірін толықты­ратын идея. Сондықтан оны қарсы қоюдың қажеті жоқ.
2. Қазақстан 1917 жылы Ресейден бөлі­ніп, Тәуелсіз мемлекет ретінде қалып­тасып, дамуға даяр емес болатын. Бірден мемлекет құрып кетуге қазақ елі де дайын болмады. Сол себепті де, Бөкейханов: «Белгілі бір даярлық кезеңінен өткенге дейін Ресей Федерациясының құрамында бола тұрайық. Ал кейіннен сол даярлық мерзімінен өткеннен кейін жеке мемлекет ретінде бөлініп кете аламыз», – деді.
3. Әлекең дінге қарсы болған емес. «Қоғамдық дамуда кейін қалған елдермен бірігу қиын» деген. Бұл жерде ол кісі экономи­калық дамуды айтып отыр.
4. Әлекең, біріншіден, қазақ жерінде мемлекеттілікті жаңғырту ісінің басында тұрды және мемлекеттілік идеясын жан-жақты сериялық тұрғыда негіздеді. Была­йынша, Әлихан Бөкейханов қазақ топыра­ғындағы мемлекеттілік идеясының тео­ре­тигі еді. Ол кісінің түсінігінше, мем­лекет ұлттық идеяны қорғай алатын әрі демократия­лық ұстанымдағы мемлекет болуы тиіс.
5. Бөкейханов пен оның серіктерінің бір кемшілігі мынаған байланысты. Ол кісілер орыс демократиясының соңына ерді, соған сенді. «Орыс демократиясын қолдау арқылы қазақтар өз мемлекеттік дербестігіне, Тәуелсіздігіне қол жеткізе алады» деп ойлады. Шын мәнісінде, орыс демократиясы қазақ халқының мемлекет­тік Тәуелсіз­дігін мойындауға даяр емес болатын. Бірақ мұны Бөкейхановтардың кемшілігі деп айтуға бола ма? Мәселе сонда. Ал енді ол кісінің қателесуі неге бай­ланысты дегенге келсек, мен мұны қа­зақ халқы ұлттық санасының әлі де бол­са  төмендігінен дер едім. Егер де қазақтың азаттық қозғалысы тегеурінді, қуатты, күшті болғанда, оның экономикалық база­сы болғанда, әрине, Бөкейхановтар басқаша әрекет жасаған болар еді. Олар­дың сол кездегі әрекеті, қызме­ті қазақ азаттық қозғалысының даярлығына, те­геурініне тәуел­ді болды деп айтуға бола­ды.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,  жазушы, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
«Түркістан өзінің діндарлығымен көшті кері тартады» деген сенімде болды
1. Әлекең батысшыл болған. Орыс демократиясына сенген. Сондықтан да  Балқан соғысы кезінде империя астанасын­да оқитын жастардың түрікшіл патриоттық сезімге елітіп, Түркия намысын жырту шараларына қатысуын қаламаған. Ресейдің саяси өмірін бес саусағындай білгендіктен, пантүркизм таңбасын жапсыруға желеу беретін әрекеттерге революция жылдары да ұдайы сақтықпен қарады.
2. «Алаш қайраткерлерінің бірқатары Ресей Федерациясына кірмейтін ұлттық автономияны жақтаған» деген әңгіме ма­ған беймәлім. Ол тұста, меніңше, алаштық­тардың мұндай ұстанымда болуы мүмкін емес. Ал Әлихан Бөкейхановтың көзқара­сына келсек, монархия тарих сахнасынан кеткен алғашқы айларда ол өзі мүшесі бо­лып табылатын кадет партиясының билікке жеткен сәттегі ұстаным-бағдарына сай, патша өкіметінің орнына демократия­лық унитарлық республика орнату жағында болды. Саяси оқиғалардың өрістеп дамуы барысында оның бұл мәселеге көзқарасы да ұлт мүддесіне қарай өзгерді. Күзде қазақ елін Сібір автономиясына қосуды көздеп, бірер облыс делегаттарын Том съезіне бастап барды. Оның ойынша, сол шақта қазақтың өз алдына автономия алуы мүм­кін емес еді. Сібірліктермен бірігу арқылы болашақ автономияның қажет тетіктерін реттеп алған соң ғана олардан бөлініп шығуға болады деп санады. Ұлттық кадр­лар­дың саны да, деңгейі де автономия құруға жеткіліксіз, әрі оған сол кезгі ахуал да қолайсыз деп білді. Сондықтан күн тәртібіндегі күрделі мәселені тек қазақпен аралас отырған өзге халықтармен бірге, өзара келісіп шешуге болады деген пайым­нан ажыраған жоқ. Тарихи желтоқсан съе­зін­де көтерілген шұғыл дербес автономия жариялау идеясына сол себепті қиғаш қа­ра­ды. Делегаттардың көпшілігі оның жа­ғына шықты.
3. Бұған оның, жоғарыда айтқанымдай, батысшылдығы себеп болды. Ол «Шығыста қазақ үйренерліктей мәдениет жоқ, Түр­кістан өзінің діндарлығымен ілгері беттеген көшті кері тартады» деген сенімде еді.
4. Оның мемлекеттік құрылым жайын­дағы ұстанымы өзінің жетекшілігімен дайын­далып, 1917 жылғы күзде «Қазақ» га­зетінде жарияланған Алаш саяси партия­сының бағдарламасында тұжырымдалған болатын. Ресей халықтарының Құрылтайшы жиналысы қазақтың жер-су және елдік мәселесін шешіп береді деген сенімі зор еді. Сондықтан да Әлихан Бөкейханов сол Құрылтайшы жиналысқа (Учредительное собраниеге) Алаш партиясы тізімімен делегаттар сайлануына үлкен мән берді. Алайда Қазан төңкерісіне байланысты, Құрылтайшы жиналысты күту жоспарына өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. Екінші жалпықазақ съезі парламенттік Ресей федерациясына кіретін Алаш автономиясын құрып, үкіметін – Алаштың Ордасын сай­лады. Кеңес өкіметі жеңген соң, автоно­мияның жаңа билік ауқымында өмір сүруі жөнінде большевизм басшыларымен келіссөз жүргізуге Жанша Досмұхамедов бастаған делегацияның Мәскеуге баруын қолдады.
5. Экономист, жер-су мәселелерінің ірі маманы болғандықтан, Әлекеңнің білім-білігімен патша әкімдері де, кеңес билігі де белгілі дәрежеде санасқан еді. «Қайраткер ретінде ол неден қателесті, қай тұрғыда жаза басты» дегенде, бұл ұлы тұлғаның өз қолында шешуші билік тұтқасы болмағанын ескерген жөн. Ал баспасөзде жарияланған пікірлеріне орай ой түйсек, ол ХІХ ғасыр­дың аяғында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен шұғылдануға бел буған қазақ кәсіпкерлерінің пайда болуын құптамады. Бұл фактінің жаңа құбылыс ретіндегі мәніне бармай, алғашқы талпыныс иелерін газет бе­тін­де қатты сынап, бастаманы тұншық­тырды. ХХ ғасырдың басында қазақ қайраткерлерінің Мемлекеттік думаға жер-су жайында заң жобасын ұсынбақ әрекетіне немқұрайды қарады. Көшпенді жұртты патша өкіметінің қолда­ныс­тағы заңдары аясында отырықшылан­дыруға қарсы болды. Патшалық тұсында эволюциялық жолмен атқарылмаған істі большевиктер билікке келген соң революциялық тәсілмен жүзеге асырып, елді алапат ашаршылыққа, ұлттық апатқа ұшыратқаны мәлім. Және бұл орайда олар өз қылмыстарын ақтау үшін мәселенің тонын айналдырып, ірі ұлт қайраткері Әлекеңнің атын қаралаумен шұғылданды. «Бөкейханов қазақ халқының болашағына сенімсіздік білдіріп, Сталинге «қазақтар отырықшы бола алмайды» деген еді,  социализм жетістіктері оның қателескенін көрсетті», – деп мәлімдеген-ді 1935 жылы республика басшысы Левон Мирзоян...

Болат МҮРСӘЛІМ, журналист, «Алашорда» деректі фильмі сценарийінің авторы:
Жалаң ұлтшыл, шаласауат демократтарды аса ұнатпаған
1. Біз бұл шетін мәселені айту үшін тари­хи жағдаяттарды бір-бірімен шатастырмай, дифференциация жасап қарауға тиіспіз. Әлихан Бөкейханов 1912 жылғы Балқан соғы­сы кезінде Түркия елшілігіне елден жиналған қап-қап, дорба-дорба ақшаны арқалап апарып жүрген Петербургтің мұсылман студенттерінің ісіне «утопия» деп қараған. Студенттерге «өздеріңді сағыммен алдамаңдар» депті. «Түрікшіл болсаңдар, ұлтшыл болсаңдар, Ресейдің отарлаушылық саясатының астарына үңіліңдер, сол отарлық езгіден құтылу жолында еңбек етіңдер» деп, М.Шоқай, З.Уәлиди сынды жастарға жөн сілтепті. Бұл – бір. Екіншіден, 1917 жылдың күзінде Ә.Бөкейханов Г.Потанин басқарған Сібір үкіметімен одақ болуға уағдаласты. Оның басты себебін Әлихан: «Сібірмен одақ болсақ, қазақтың автономия алуы жеңілірек шешіледі», – деп түсіндірді. Ал Түркістандағы халықтармен бірлесе авто­но­мия құруға ашық қарсы шықты. С.Торай­ғыровтың, М.Дулатовтың жазуынша, Әлихан Түркістан халықтарының әсіредін­шіл­дігін, ғылым-білімге ұмтылмайтындығын мысалға келтіріп, «Әлсізбен одақ болу арқылы жас қазақ автономиясын құртып аламыз» деп қауіптенген. ІІ жалпықазақ съезінде бұл мәселеде Ә.Бөкейхановқа ондаған қазақ зиялысы ашық қарсылық білдірсе де, соңғы шешім бойынша, Әлихан Түркістандағы тек қазақ қоныстанған жер­лерді Алаш автономиясына қосу туралы мәмілеге қол жеткізеді.
Әлихан жалаң ұлтшыл, шалағай түрік­шіл, шаласауат демократтарды аса ұнатпа­ған. Ол – саясаткер. 
2. 1917 жылы Ресейдің мемлекеттік құры­­лы­мы туралы екі-ақ идея болды. Бірін­шісі – «Ресей унитарлық мемлекет болуға тиіс» деді. Екіншісі – «Ресей автономиялар­дың федерациясы болсын» деді. Тәуелсіздік тұрмақ, «автономия» сөзін ауызға алғандар­дың өзін «сеператистер» деп қабылдады. М.Шоқай шетелде жазған естеліктерінде Тәуелсіздік ол кездің өңі түгіл, түсіне кірме­генін ашық жазады. Ал І жалпықазақ съезін­де «Қазақ автономиясы мәселесін талқы­лауда М.Дулатов, А.Байтұрсынов және т.б. федерацияға кірмейтін «тәуелсіз ұлттық автономияны» жақтады. Алайда бұл идеяны Ә.Бөкейханов қолдамағаны белгілі болды» дегенді алаштанушы К.Ілиясова өз моногра­фиясында С.Зиманов еңбегіне сілтеме жа­сап жазған екен. 
Ал Әлиханның «Автономиядан соң  Тәуелсіз ел боламыз» деген үміті болғаны анық. 1917 жылы «Қазақ» газетіндегі мақа­ла­сында: «Осы жолы болмаса да, келесі жолы қазақ баласы өз алдына тәуелсіз ел болар» деп жазған еді. Біздіңше, Әлихан «осы жолы» деп, Бүкілресейлік Құрылтайды айтып отыр. Бұл Құрылтайда Ресей Феде­рация түрінде құрылса, Алаш автономиясы өз мәртебесін заңдастырмақ еді. Ал Әлихан айтқан «келесі жолы» деген уақыт тек 1991 жылы бір-ақ жетті. Соған қарағанда,       Ә.Бөкейханов саясаткер ретінде «тәуелсіз ұлттық автономияны» орындалмас дүние болған соң, қолдамаған сияқты.
3. С.Торайғыров «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында Әлиханның: «Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Ташкент городской упра­ва­сында  сарттың гласныйлары, «обаға қарсы ем қылу Құдайдың құдіретіне қар­сылық күнә болады, ем керегі жоқ» деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп, оңбайтындықты көр­се­теді» деп баяндама жасағанын жазады. Жаңа айтқандай, М.Дулатовтың тергеу жауапта­рын­да да Ә.Бөкейхановтың Түркіс­тан халықтарының қараңғылығы туралы осы пікірде болғаны айтылады.  
4. Ә.Бөкейхан Бірінші француз револю­циясынан бері Еуропада қалыптасқан мемлекеттілік дәстүрлерге сүйене отырып, халық билігіндегі демократиялық, парла­мент­тік басқарудағы, Президенті мен минис­тр­лері Парламент алдында жауапты болатын, зайырлы, тең құқықты мемлекетті ыңғай көрді. Оның бұл тұрғыда арнайы жазған еңбегі кезікпейді, мұны «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасына, Әли­ханның мақалалары мен сөздеріне қа­рай аңдауға болады.
5. «Әлихан қателесті, жаза басты» деген ой бізде болған емес...

• Қорыта айтқанда...
Қазақ халқының терезесін өзгелермен тең етуді көксеп, ұлы мұрат жолында жан аямай тер төккен ұлт зиялыларының үлесіне тиген тағдырдың ащы сабағы Әлихан Бөкейханов өмірінен де көрініс тапты. Тап күресін мейлінше ушықтырып жіберген сталиндік қызыл қырғын ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмірін тозаққа айналдырды. Саяси қайраткерлігі үшін патшалық билік жүйесі басынан сипай қоймаған Бөкейханов кеңестік дәуірде де талай қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылдан бастап қашан ату жазасына кесілгенге дейін атамекеніне келу құқығынан біржола айырылды. Ал КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасында үкім шығарылып, өзіне соңғы рет сөз берілгенде, 72 жастағы Әлихан Бөкейханов: «Мен Кеңестік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым», – деп қысқа да нұсқа, жалғыз ауыз сөз айтқан көрінеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста