Қазақстанды күллі әлемге танытып жатқан Димаш Құдайбергенмен бірнеше жыл бойы етене жұмыс істеген Алпамыс Шәрімов айырылмас досымен жолдары не себепті екіге бөлініп кеткенін айтты. Әншінің енді таныла бастаған шағында бас-қасында болған маман онымен жұмысын тоқтатуына не түрткі болғанын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ Youtube желісіндегі Nursultan Qurman арнасына сілтеме жасап.
Алпамыс Шәрімов жақын досы болған Димашпен не себепті ары қарай бірге жұмыс істесе алмағанын ашып айтты. Ол бар жұмысты әншінің әкесі Қанат Айтбаев өз қолына ала бастаған соң, артқа шегінуге шешім қабылдағанын түсіндірді. Оған қоса, Димаш пен Алпамыстың достығы да айтарлықтай мінсіз болмаған. Шәрімовтың айтуынша, олар өзара көп ренжісіп, тіпті кейде сөйлеспей қалатындай кездері де болған.
"Менде Димашқа деген қызғаныш болған жоқ. Мен оның тіпті әлі де өз деігейіне жеткен жоқ деп есептеймін. Ол Майкл Джексон секілді ұлы әншілер қатарында болуға әбден лайық. Бүгінде мен Димаштың досы емеспін, жанкүйерімін. Уақыт өте келе адамдардың жолы екіге бөлінеді екен. Әркімнің өз жолы болады. Алланың қалауы сол болған шығар. Сол уақытта менде жеке басыма, үйіме байланысты проблемаларым болды. Денсаулығыма қатысты мәселелер туындады. Бірақ, оның біреуін де Димаш білмейтін. Димаштың концерттермен басы қатып жүргенде, мен барып айтпаймын ғой. Сосын, Димашты түрлі жерлерге шақыра бастағанда мен жаймен тасада қала бастадым. Себебі, сол кезде Қанат аға барлық тізгінді өз қолына алып, өзі басқара бастады. Бір жағынан ол кісінің өзі айналысқан дұрыс та шығар. Әкесі, өмір көрген, оның үстіне маған қарағанда бұл салада тәжірибесі анағұрлым көп.
Қанат аға тізгінді өзіне ала бастағаннан кейін, мен артқа шегіне бастадым. Біздің арамызда ұрыс-керіс, қақтығыс болған емес. Төбелескен де емеспіз. Мүмкін шаршадық та бір-бірімізден. Солай араласуымыз сол уақытта тоқтады. Димаштың маған деген бір реніштері бар да шығар. Негізі біз өзара көп ренжісетінбіз. Тіпті, кейде келіспей, мүлдем араласпай, сөйлеспей қалған кезіміз болды. Бірақ, тағдыр өзі айналдырып алып келіп, бізді татуластыратын" , - деп ағынан жарылды Шәрімов.