Алматыда 31-қаңтар мен 1-ақпан аралығында «Бала - өмірдің гүлі» атты оқушылар фестивалі болады. Оның мақсаты - еліміздің бейбіт аспаны мен тәуелсіздігі аясында балалар мен жасөспірімдерге байқаулар, мәдени-танымдық экскурсиялар мен кездесулер арқылы рухани байлығының жоғары болуына, жан-жақты өнерлі, заманауи білімді азамат болып қалыптасуына үлес қосу. Балалардың өнерін, көркем туындыларын еліміздің тарихының жаңа беттеріне жаза отырып, оқушыларға Отанымыздың басқа өңірлерінен жаңа достар табуына, тәжірибе алмасуына ықпал ету. Балғын балалық шағы мен мектеп, колледж кезеңі жайлы ұмытылмас естелік қалдыру.
Фестивальдің ұйымдастырушысы: «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі мен Таланттар академиясы. Онда оқушылар: ән (эстрада, дәстүрлі ән мен терме және опера); Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі; би (классикалық, ұлттық, шығыс, африкалық және заманауи); көркем сөз (өлең, әңгіме, авторлық шығармалар оқу, «қырық өтірік», ертегі айту); театрлық қойылымдар, әзіл-сықақ өнері, КВН, фокусниктер мен иллюзионистер өнері; көрме - қолөнер бұйымдары, көркемсурет, фотосурет, сән, дизайн, жобалар көрмесі жанрлары бойынша өз өнерін паш ете алады. Оларға мәдениет және білім-тәрбие саласындағы танымал қайраткерлер, ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары қазылық жасайды. Жеңімпаздар жас ерекшелігі бойынша төменгі (4-6 жас), кіші (7-9 жас), орта (10-13 жас), жоғарғы (14-17 жас) топтар бойынша марапатталады. Онда 5 жанр бойынша 5 Гран-При иегері лауреат атағымен және жанрлар бойынша жас деңгейіне қарай 1-3 орындарға ие болғандар дипломдармен марапатталады. Ал ерекше дарындыларға «Бейбітшілік әлемі» лауреаты, «Бала – өмірдің гүлі» фестивалінің лауреаты, «Жұлдызы», «Мақтанышы» Құрмет дипломдары беріледі.
Фестиваль аясында сондай-ақ, оқушылардың «Ғылым және өмір» атты ғылыми-танымдық, ал ұстаздардың ғылыми-тәжірибелік конференциялары өтеді. Оқушылар конферециясының мақсаты: интеллектуалды шығармашылығының дамуына үлес қосу, жасөспірімдерді ғылыми зерттеу және жобалау жұмыстарына баулу, оқушылардың ғылыми жетістіктерін қоғамға таныстыру, ғылыми қызметкерлерді талантты оқушылармен бірлескен жобаларға шақыру, мектептердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың үздік тәжірибелерін қоғамға таныту. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтетін бұл шарада жеңімпаздарға «Үздік баяндамасы үшін», «Ғылым шырағы», «Ғылымға қадам» және 1-3 дәрежелі дипломдар беріледі. Ал ұстаздардың тәжірибе алмасуына және біліктілігін арттыруға ықпал етуді көздейтін конферецияда өздерінің ғылыми жұмыстарын баяндап немесе шеберлік-сыныбын көрсетіп, тәжірибесімен бөліскендерге арнай диплом мен сертификат беріледі. Оларды марапаттау рәсімі 1-ақпанда өтеді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
Алматыда «Бала - өмірдің гүлі» атты фестиваль өтеді
Последние статьи автора