Әлидің әндері әуеледі
Мамырдың 27-сі күні Алматыдағы Қазақконцерт залында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан сазгер, дирижер Әли Алпысбаев Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен бірге шығармашылық концертін берді.
Еліміздің ән-күй әлемі, кино, спектакль, жалпы, өнер саласында Әли Алпысбаев есімі кеңінен танымал. 1956 жылы Талдықорған облысы, Ескелді ауданының қазіргі Балпық би кенті, Елтай ауылында дүниеге келген ол өнер жолын сонау мектеп бітірген тұсында бастады. Әуелі Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтын бітірген жас дарын осы оқу орнын бітірісімен музыкалық білімін Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда жалғастырады. Дирижерлік білім алып шыққан ол ә дегеннен үлкен сахнаға шықпай, ұстаздықтан бастап, Талдықорған қаласында музыка училищелерінде дәріс беруден бастайды. Содан күні бүгінге дейін Әли Алпысбаев еліміздегі Құрманғазы атындағы академиялық, Н.Тілендиев атындағы, одан «Отырар сазы» оркестрі, Астана қаласының халық аспаптар оркестрімен дирижер-композитор ретінде ірі концерттік залдарда өзінің өнерімен жарқырай көрініп, жүздеген әннің, жиырма шақты ірі күй-поэмалардың және домбыраға арнап жазылған бірнеше концерттің авторы да болады. Әр жылдардағы әндері мен шығармаларын «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнаймын», «Ақ құсым» атты кітаптарға арқау етіп, сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы шығармаларға музыка жазуға да атсалысқан оның «Шырақ», «Зәйтүн қарлығаш пен құйыршық» мультфильмдерінде қолтаңбасы бар. Сондай-ақ О.Самойловтың «Наркескен», Т.Әлімқұловтың «Қараой», Л.Егембердиеваның «Ғашықтар» спектаклінің муызкалары да Әли Алпысбаевтың шығармашылығынан туған.
Осы жолғы концертте сазгердің «Әке, жан әке», «Кең өлке», «Ана», «Туған жер», «Ауылдағы той» сынды әндері Аян, Оралбай Мұхамедиевтердің орындауында, шырқалса, «Көңіл шеру», «Әке арманы» сынды көптеген күйлері Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды.