Алғашқы Нобель сыйлығын алған жапон жазушысын АҚШ-тық ғалым күні бүгінге дейін пір тұтады

Кавабата құпиясы

Ұлттық әдебиеттің ұлы тұлғасы ретінде танылған Ясунари Кавабатаны жапон елі Нобель сыйлығын иеленгені үшін емес, туған халқының маңдайына жазылған жаһандық мәселелерді жазғаны үшін құрметтейді. Иә, Шығыс халықтары жаһандануға алдымен еуропалану процестерін басынан өткеріп барып ілесті. Ал еуропаланудың басты белгісі — ұлттық құндылықтарынан алыстап, елдік келбетінен ажырап, батыстық болмысқа ену. 

Кавабатаның 1961 жылы жазылған «Ескі астана» романы дәл осы ұлтсыздану қасіретіне арналған. Храмдары сақталған Киото — көне Нихонның күмбірі тәрізді. Енді ол жаңа Жапонияның, капиталистік Күншығыс елінің ескі шежіресі ғана боп қалмақ. Шығарма лирикалық суреттеулерден құралған. Еңселі елдің кешегісіне деген сағынышты оятады. Ежелгі әдет-ғұрып, салт-сана тарих қойнауына сіңіп барады, бәрін коммерция билеп төстеуде. Жазушының оқиға мекені етіп Киотоны таңдауы тегін емес. Өйткені, бұл қала Жапонияның көне астанасы, руханият ордасы. Талай ұлы шығармалар ертеде нақ осы шаһарда жазылған, бабалар тұрғызған қасиетті храмдардың көпшілігі осы қалада сақталған. Ел астанасы Токио болған соң бұл қала әдебиет пен мәдениеттің көне ордасы, руханият шаһары боп қалды.
«Ескі астанада» екі әйел кездеседі. Олар — Тиэко, Наэко деген егіздер, бір-бірін көп жылдан соң көреді. Тиэко дәулетті отбасының асырауына берілген соң, ата-анасы бірінен соң бірі дүниеден озады. Бай үйінде тәрбиеленген Тиэко тау қойнауында сыңары Ниэкомен кездеседі. Бұл кездесу алғашқы және соңғы еді. Қаламгер Тиэконы нақты дүние кейіпкері, ал Наэконы елес бейне түрінде суреттеген. Егіздердің айырылысуы — романның шарықтау шегі, әрі соңғы түйіні. «Жапон халқы ұлттығынан осылай айырылып барады, елдік бейне ертегідей елес боп қалды» деген идеяны образға сыйдырған Кавабатаға 1968 жылы Нобель сыйлығының берілуі тегін емес. Батыс сыншылары «Кавабата батысшыл жазушы ма, әлде ұлтшыл қаламгер ме?» деген сұрақтың шешімін таба алмауда. Көбісі оны неосенсуалистік ағымның өкілі ретінде таниды. «Идзу бишісі», «Кристалл тор», «Элегия» тәрізді әңгімелері неосенсуалистік «сана ағымы» әдісімен жазылған.
Кавабата ұлттық тақырыптағы роман, повестермен қатар «Алақандай әңгімелер» деген цикл аясында шағын новеллаларды көп жазған. Оның әңгімелерінің ерекшелігі реалистік оқиғаны баяндай келіп, философиялық ой, қоғамдық, жалпыұлттық мәселені қозғауында болса керек. Кавабата лирикалық кейіпкер ретінде көбінесе әйел образын шебер бейнелеген. 1949 жылы жазылған «Мың қанатты тырна» романында жапон әйелінің ұлттық образы көне мәдениетпен астасқан. Жазушы ұлт тағдырын жазғанда екінші жақтан ұлт зиялысы мәселесін көтереді. Интеллигенция — ұлттың тірегі. Ал қазіргі зиялылардың күйі қандай? 1937 жылдан бастап 10 жыл бойы жазылған «Қар елі» романы зиялылық тақырыбына арналған. Шығармадан модернизмнің әсерін көруге болады. Экзестенциалдық тәсілдер де шет қалмаған. Жалпы, Кавабатаның қай туындысын алсаңыз да одан поэтикалық сипат аңғарылады.
Кезінде Батыс сыншылары «Қар елі» романын «қара сөз түріндегі өлең» деп бағалаған. Шығарманың «Қар елі» деп аталу себебі Жапонияның Солтүстік өңірі, Хонсю аймағына қар мол түседі, қыста Сібірден суық жел соғып тұрады. Романның оқиға мекені ретінде солтүстік аймақ алынғандықтан, туынды осылай аталған. Симамура есімді сыншының қалың қар басқан тыныш өлкеде өз қамымен ғана тіршілік кешуі суреттелген. Симамура үшін бұл дүниеде Комако, Еко деген екі әйелі мен өзі ғана. (Ертеде жапон елінде көп әйел алушылық болған).
Симамура — ел мүддесі, қоғам мәселесін ысырып қойып, қара басын күйттеп кеткен, адасқан зиялы. Кавабатаның бұл кейіпкері ХХ ғасырдың орта тұсындағы интеллигенция өкілдерінің құлдырауын бейнелейді. Зиялылық мәселесін жазушы «Мың қанатты тырна» романында өрбіте түскен. Бірақ Кавабатаны дүниежүзіне танымал еткен «Ескі астана» романы Батыс сыншыларын әлі күнге тамсандырумен келеді. Өйткені, Кавабатаның қаламгер ретіндегі даралығы оның туған елінің рухани тазалығын сақтауға үндеген туындылар жазуында болса керек. Кавабата ұлтының жаһандануға ілесіп бара жатқанын сол кезде сезініп, ұлтты сақтаудың қамын ойлауды кейінгілерге туындылары арқылы өсиет еткен.
Кавабатаны өмір бойы пір тұтып келе жатқан Эдофт Сайденстеккер деген америка ғалымы (тегі — неміс) қазір Токиода тұрады. Тоқсандағы Эдофт кезінде Жапонияға соғыс уақытында әскер құрамында келіп, тұрақтап қалған. Ол жас кезінде жапон әдебиетін зерттеуді армандаған. Оның Күншығыс елінің әдебиетіне қызығушылығы «Гэндзи моногатари» туындысынан басталған. Мың жыл бұрын жазылған бұл повестпен ағылшын тілінде танысқан Эдофт жапон жазушыларының шығармаларын аударуды қолға алады. Кавабатаның «Қар елімен» америка оқырмандарын таныстырған да осы ғалым. «Мен Кавабатаның шығармаларын оқып отырып, «Гэндзи моногатаримен» қайта табысқандай әсер аламын» деген еді бір сұхбатында ол. Эдофт 1968 жылы Кореяның тау қойнауындағы ауылында Кавабатаның «Қар елін» ағылшын тіліне аударып жатқанда Сеулден журналистер сұхбат алуға келген екен. Эдофт жапон жазушысының Нобель сыйлығын иеленгенін солардан естіпті. Ғалым Кавабатаның романын ағылшын тілінде АҚШ-та бастырған соң жапон әдебиет үлгілерін бірінен кейін бірін аудара бастайды. Ол Кавабатаның Нобель сыйлығын алуына байланысты өткен банкетте болған. Кавабатаны «Сэнсэй» деп ерекше құрметтеуі тегін болмаса керек. Қазір Эдофт Токионың көркем бөлігінде тұрады. Жасы сексен алтыдан асса да, жазуын тастаған емес, қазірде бір зерттеу еңбек жазып жатқан көрінеді.
Кавабата Нобель сыйлығын алған соң төрт жылдан кейін, 1972 жылы Камакурадағы саяжайында газдан уланып дүние салды. Жапон жазушысының еңбектерімен Америка мен Еуропа оқырмандары Эдофт Сайденстеккер арқылы танысты. Кавабатаның даралығы өз ұлтының тағдырына алаңдап, ұлттық мүддені жоғары қойғандығында, жапондық дүниетанымды шығармаларында баса көрсеткендігінде. Ұлтының ұлылығын ғана мойындаған Кавабата әлемге осындай болмысымен танылған еді.

Шарафат Жылқыбаева

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста