Танымал жас актер Рамазан Амантай мен оның жары Гүлфару Төлен "Жетінші арнадағы" "Жұлдыздың жары" жобасының қонағы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Рамазан Жұлдыз Абдукаримоваға берген сұхбатында студент кезіндегі қызық оқиғалары, гонорары туралы әңгімеледі, Гүлфару жарының қай қасиеті ұнағанын айтып берді.
Белгілі актер қандай мамандықта оқығанын және неліктен оқудан шығып кеткенін әңгімелеп берді.
"Оқуды өзімнің жалқаулығымнан аяқтамадым. Қазақ ұлттық университеті үшін оқуға түстім. Жүргенов қабылдамағаннан кейін ҚазҰУ-ға барып, "кітапханашы" деген мамандыққа бағымды сынап көрдім. "Кітапханашы" деген мамандыққа грантқа түспесең де, болмайды ғой. Грантқа түстім. Жастық шағымды керемет өткіздім. Апайларым да киноға түсуіме, жан-жақты болуыма жол ашты. Жылына сабаққа екі рет барған кездерім болды. 4-курста, қыста оқудан шығып кеттім. Өкпем жоқ, қызыққан мамандығым болмады", - деді ол.
Гүлфару Рамазанның бойындағы қай қасиеттері ұнағанын айтты.
"Рамазан менің күйеуім болады-ау деген ой болмады. Көріп жүрген кезде де, кинотеатрда көргенде де ондай ой тумады. Мен басында ол үйленген, екі баласы бар деп ойладым. Жасы 22-де екенін білгенде де таңғалдым. Маған киносына қарағанда ақындығы қызық. Жазған барлық әнін жатқа білем", - деді ол.
Рамазан алғашқы және қазіргі гонорары қанша екенін айтты.
"Бизнес по-казахски" фильмінің алғашқы бөліміне 150 мың теңгеге түстім. Бастысы мүмкіндік болды. Қазір Нұрлан ағаның компаниясындағы ең қымбат актермін", - деді Рамазан.
Айта кетейік, бағдарлама қонақтарының арасында әнші Төреғали Төреәлінің және тағы басқа жұлдыздардың жұбайлары болады.
Tengrinews.kz