Әлемдік цирк жұлдыздары Алматыны тәнті етті
Өткен сенбі, жексенбіде Алматы жұртшылығы таңғажайып деуге тұрарлық цирк өнерін тамашалады. Әдеттегі цирк қойылымдарынан басты ерекшелігі – мұнда еліміздің маңдайалды шеберлерімен қатар, шет мемлекеттердің көрнекті манеж өкілдері де өнер көрсетті.
Жалпы, цирк өнерінің халықаралық I фестивалі Алматыда тұңғыш рет өтіп отырғанын айта кеткен абзал. Ал әлемде мүлде басқаша. Мысалы, цирк өнерінің ең танымал және беделді фестивалі Монте-Карлода – 37, Будапештте – 20, Мәскеуде 10 рет өткені аян. Сол себепті де оңтүстік астанадағы цирк мерекесіне жұрт назары ерекше ауды. Көпшілікті цирк ғимаратына магниттей тартқан жайттың бірі – әлемге аты әйгілі цирк жұлдыздарының бір аренада өнер көрсетуі болды. Ал олардыңқатарында Еуропаның ең атақты комиктерінің бірі Питер Шаб, америкалық эквилибрист Владимир Малашихин, цирк өнерінің айтулы тұлғасы, француз Андреа Буглион, оның отандасы жонглер-виртуоз Джеймс Микелетти, Игорь Цайдың жетекшілігіндегі «Кун-До» сахналық ұрыс каскадерлері мектебінің өкілдері, Хошимин циркінің гимнасшылары, берлиндік Виктория Лапидус, ресейлік алып күш иесі, Гиннесстің рекордтар кітабына кірген Фахриддин Ахназаров, белорус Дмитрий Чистолинов, қазақстандық Nomad тобы сияқты басқа да бірқатар озық өнер иелері бар. Қысқасы, фестивальдің негізгі ұйымдастырушысы, белгілі клоун, сонымен бірге Алматы циркі директорының орынбасары қызметін атқарушы Мұрат Мұтырғанов өзінің «Қазақ циркі аренасына АҚШ, Италия, Германия, Франция, Вьетнам, Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан әртістері шығады» деген уәдесінде тұрды. Осыған дейін «Мутурганчик» деген атпен танылған Мұраттың цирк аренасында жастайынан өнер көрсетіп жүргені көпшілікке белгілі. Цирк өнері бойынша 1990 жылы Веронада өткен халықаралық балалар фестивалінде Мұрат «Әлемнің ең жас клоуны» деп танылған. Ал 22 жасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алған ол енді ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін де көрсетіп отыр. Өйткені гастрольдік кестесі бірнеше жылдарға алдын ала түзіліп қойылатын аты әлемге әйгілі жұлдыздардың бәрін бір аренаға жинау оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті.
Цирк аренасында көрсетілген нөмірлердің барлығы да көрерменді бейжай қалдырған жоқ. Мәселен, Майами циркінің әртістері өте сирек кездесетін акробатикалық жанрдағы «икарий ойындары» немесе «аяқпен жонглерлік ету» бойынша шоу көрсетті. Ал «Кун-До» мектебінің каскадерлері фестивальдегі ең экстремалды нөмір авторлары ретінде танылды. Танымал режиссер Тимур Бекмамбетовтің «Елки» және «Президент Линкольн – охотник на вампиров» фильмдеріндегі экшн-сценалардың барлығына осы «Кун-До» артистері түскен екен. Сонымен бірге ресейлік Фахриддин Ахназаров та көпшілікті таң-тамаша қалдырды. Цирк қойылымдары өткен екі күнде де Фахриддиннің үстінен ішінде бес жолаушысы бар машина жүріп өтті, ол сонымен қатар 500 келіні тісімен көтеріп, жұртты ерекше тәнті етті. Бір кереметі, ол мұның бәрін жеңіл және ешқандай қиындықсыз, ойнап жүріп-ақ атқарды.
Мүсінші Эдуард Казарян фестиваль жүлделері үшін арнайы жылқы статуэткаларын (3 алтын, 4 күміс, 5 қола) жасаған екен. Мұрат Мұтырғанов мұны жылқы түлігінің ежелден-ақ Қазақстанның символы болып келе жатқандығымен түсіндірді. Фестивальді цирк өнері тұрғысындағы өзіндік бір чемпионат ретінде қабылдаған хошиминдік гимнасшылар осынау халықаралық шараны өз нөмірлерімен ашып қана қоймай, көрерменді де, әділқазылар алқасын да ерекше баурады және Алматыдан алтын жүлдемен аттанды. Ал фестивальдің Гран-при сыйлығын қазақстандық каскадерлердің Nomad тобы иеленді.