Кеше Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы әрі қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың туғанына 80 жыл толуына арнап шығарылған «Біздің Әнуар – Наш Ануар» деп аталатын жинақтың таныстырылымы өтті.
Кітаптың құрастырушысы және жауапты редакторы – Әнуар Әлімжановтың жақын досы, замандас әрі қаламдас досы, көп жылдар бірге қызметтес болған белгілі публицист, сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы.
Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов 1930 жыл 12 мамырда Талдықорған өңірінің Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Көсемсөздің ұстасы, көркем әдебиеттің абызы болған Әнекең елін, халқын әлемге таныту үшін туған десек те болады. Кейініректе қаламдас дос-жолдастары: «Әнуардың дүниежүзінде неше елде болғанын санап беруден гөрі неше елде болмағанын санап беру оңай» деп әзілдеп отыратын болған. Бұл әзіл де болса ақиқат еді.
Әнекең алты құрлықтың алпыстан астам елінде болып, олардың тарихымен, әдебиетімен, өнерімен танысып, оларға қазақ туралы жан-жақты әңгімелеп, елді танытуға айтарлықтай үлес қосты. Бұл игілікті істерін ол Мемлекеттік университеттің журналистика факультетін тамамдағаннан кейін «Ленинская смена», «Огни Алатау» газеттерінің редакцияларында қатардағы қызметкерден бастап, «Литературная газета» мен «Правда» газеттерінің Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі болып бекітіліп, Қазақстан Жазушылар одағында бірінші хатшы болып қызмет істеп жүргенде де жандандыра білді. Осылайша ол Қазақстанда ғана емес, кезіндегі Кеңестер одағы көлемінде мойындалған қайраткер қаламгерге айналды.