Әлем мойындаған қазақ ғалымы аудио-кітап шығарды
Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі әдебиеттанушы ғалым, көрнекті қаламгер Немат Келімбетовтің шығармашылығына арналған дөңгелек үстел болып өтті. «Н.Келімбетов – жазушы, түрколог ғалым» деген тақырыпта өткізілген бұл жиынға еліміздің зиялы қауым өкілдері мен алыс-шақын шетелдерден қонақтар қатысты.
Ғылыми-танымдық сипатта ұйымдастырылған осы жиын барысында Немат Келімбетовтің қазақ әдебиетіне сіңіріп келе жатқан еңбегі мен ежелгі түркі әдеби мұрасын зерттеудегі елеулі үлесі жайында жан-жақты ой-пікірлер айтылды. Аталған дөңгелек үстел жұмысын белгілі жазушы Смағұл Елубай жүргізіп отырды. Кітапханада ұйымдастырылған жиын барысында қаламгер Немат Келімбетовтің түрік, қытай, неміс тілдеріне аударылған еңбектері мен аудио-кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Соңғы жылдары қазақ қаламгерлерінің кітаптары бірқатар шет тілдеріне аударыла бастады. Бұл өз кезегінде қазақ әдебиеті мен ұлтымыздың жалпы руханиятын әлемге танытуға қосымша мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Осы орайда қаламгер Немат Келімбетов еңбектерінің де әлемдік рухани кеңістікке шыға бастағанын оң құбылыс деп бағалаған жөн. Тағы бір айта кетер жайт – жуырда Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты романының неміс тіліне аударылған нұсқасына ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасы берілді. Аталмыш беделді марапат бұған дейін әйгілі кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форманға және жапонның атақты жазушысы Харуки Муракамиге берілген болатын. Бұдан соң қаламгер ғалымның осы «Үміт үзгім келмейді» кітабы қытай, түрік тілдеріне аударылып, тұсаукесер рәсімдері Ыстамбұл мен Бейжің қалаларында өткен. Алматыда өткен бұл жолғы басқосуда жазушының түрік тілінде жарық көрген үш бірдей кітабының тұсаукесері өткізілді.
Немат Келімбетовтің қалың оқырман қолдан-қолға өткізіп оқитын кітаптың біріне айналған «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологі мен «Ұлыма хат» эсселерінде өмірге деген құштарлық, ұлттық рух, биік адамгершілік мақсат-мұраттар тереңнен талданған. Ұлт әдебиетіне бар болмыс-бітімімен, талант-жігерімен қалтқысыз қызмет етіп жүрген Немат ағамыздың есімі көпшілікке шетел классиктерінің үздік шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған білікті аудармашы ретінде де жақсы таныс. Ол армян жазушысы Леонид Грунцтың, украин жазушысы Василь Казаченконың, өзбек жазушылары Сайд Ахмад пен Пірімқұл Қадыровтың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Қаламгердің тағы бір ерекше қыры – ол әдебиеттану саласына қосып келе жатқан өлшеусіз еңбегі. Негізінен, түркі әлемінің әдебиетіне зейін қойған зерделі ғалым «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Бұған қоса, ғалымның «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті» және басқа да күрделі тақырыптарға жасаған терең талдаулары бірнеше сүбелі кітаптардың жарық көруіне негіз болған. Қалың оқырман біле жүрсін деген ниетпен қаламгер-ғалымның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуына да қосқан үлесі бар екенін айта кеткеніміз жөн. Осыдан біраз бұрын аталған бағдарлама бойынша «Қазақ әдебиетінің тарихының» 10 томдығы шыққан болатын. Осы жинақтың «Ежелгі дәуір және орта ғасыр әдебиеті» деп аталатын екінші томы мен «Алтын Орда дәуірі мен қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» деп аталатын үшінші томының жалпы редакциясына Немат ағамыз тікелей өзі жетекшілік жасаған. Сонымен қатар қайраткер ғалым Немат Келімбетов – «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орны студенттеріне арнап жазылған бірқатар оқулықтар мен арнайы оқу құралдарының авторы. Осы уақытқа дейін қаламгердің әдеби кітаптары мен ғылыми еңбектері орыс, украин, түрік, қытай, неміс тілдерінде жарық көрген.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Немат Келімбетов ағамыз бүгінде әлем мойындаған түрколог ғалым ретінде кеңінен танылып отыр. Ол кісінің ғылыми жетекшісі – атақты ғалым Бейсенбай Кенжебаев. Ал Бейсекең – қазақ әдебиетінің қара нары Мұхтар Әуезовтің шәкірті болған. Бейсенбай Кенжебаев сынды ұстаздан тәлім алған, қазірде есімдерін ел білетін Алма Қыраубаева, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин сынды ғалымдармен қатар Немат ағамыз да көне дәуір әдебиетіне, оның ішінде түркі дүниесіне кеңес үкіметі тұсында-ақ ден қоя бастаған. Сол кездегі қызыл саясаттың сойылын соқпай, партияның ықпалына қарамастан түп-тамырымызға үңіліп, ежелгі түркі әдебиетіне зерттеу жүргізу – Немат ағамыздың қиын кезде де ұлт үшін аянып қалмағанын айқын аңғартады. Бұл кісінің әдебиеттанудағы зор еңбектері мен көркем әдебиеттегі шығармалары жеке-жеке талдап-тануды қажет етеді.
Ал Немат ағамыздың ғылыми еңбектері мен әдеби кітаптарының әлем тілдері саналатын түрік, қытай, неміс тілдеріне аударылуы – бұл, ең алдымен, қазақ руханиятының жемісті жеңісі деп білемін. Демек, көрнекті жазушы-драматург, түрколог ғалым Немат Келімбетовті – қазақ оқырманы ғана емес, әлем мойындаған қаламгер деп бағалағанымыз жөн.
Өмірдерек
Немат Келімбетов – көрнекті қаламгер, түрколог ғалым, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО аясындағы Еуропаның Франц Кафка қоғамы наградасының иегері.
Кезінде Ташкент Қаржы-экономика институтында, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-де жоғары білім алған. Бірқатар республикалық басылымдар мен жоғары оқу орындарында жауапты қызметтер атқарған. Қазіргі уақытта ұстаздық жолын жалғастырып, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысуда.