Бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері кім?
«Тек кітап пен білім ғана бізді адамды шынайы сүюге, еңбегін құрметтеуге және оның үздіксіз еңбегінің тамаша жемісіне сүйсіне білуге қабілетті, рухы мықты, адал, ақылды адам ете алады» деген екен М.Горький. Мұның сыртында кітаптың, әдебиеттің айтулы бір міндеті оның тәрбиелік мәнімен астасып жататындығы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, кезіндегі кеңестік жүйе әдебиеттің осы қырын өзінің идеологиялық жұмысына шебер пайдаланды.
Сөйтіп, үлгілі октябряттан бастап, мінсіз пионер, алдыңғы қатарлы комсомол, адал коммунист, жалпы, социалистік қоғамның идеал азаматы бейнесінің үздік үлгілерін нақты әдеби образдар арқылы қалыптастырып берді. Бүкіл халыққа күн көсем Владимир Ильич Лениннің бейнесі үлгі етіп ұсынылды. Осы насихатқа күмәнсіз сенгендігіміз соншалық – бәріміз бала күнімізде кішкентай Володяның М.Шагинян шығармалары арқылы санамызға әбден сіңісті болған іс-әрекетін мүлтіксіз қайталауға тырыстық. Тура сол сияқты қыстыгүні биік төбеден тікемізден тік тұрып, қорықпай, құламай сырғанауға жаттықтық, жаздыгүні жап-жасыл бақтың оңашалау тұсына шағын ғана жазу үстелін жасатып алып, кітап оқуға, жазу-сызумен айналысуға әуестендік. Кейінірек колхоздың күзгі жиын-терін уақтысында ерте жауған қардың астында қалған ұшы-қиырсыз егіс алқабындағы жүгеріні қолмен үзуге тура келгенде бригадирдің бәрімізге «Құрыш қалай шынықтыдағы» Павел Корчагинді үлгі еткені де есімізде. Бізден бөлек, жер-жердегі, ел-елдегі қаншама жасөспірім пионерлер отрядының жетекшісі Тимур мен оның командасының іс-қимылын қайталады! Былайша айтқанда, орыс әдебиетіндегі Павел Корчагин, доктор Айболит, Буратино, Остап Бендер, Глеб Жеглов, Штирлиц сияқты басқа да көптеген кейіпкерлердің әр алуан кезеңдер мен түрлі буындардың культтік тұлғасына айналғаны анық. Мәселен, өткен ғасырдағы орыс зиялысының бейнесі, әдетте, доктор Живагомен байланыстырылады. Ал замандастарын соңынан ерте білген Тимур бейнесіне балалар армиясының көшбасшысы тұлғасы топтастырылғаны даусыз.
Кешегі және бүгінгі әдебиетте белгілі бір дәрежеде символға айналған кейіпкерлердің қай-қайсысы да – қаламгер қауымның қиялынан туындаған әдеби образ. Шындығында, бүкіл қоғам сол образдарға қарап бой түзеді, жаманынан жиренді, жақсысынан үйренді. Ұлт ұрпағына үлгі болатын мұндай кейіпкерлер қазақ әдебиетінде де бар, бірақ некен-саяқ. Балалар әдебиетіне қатысты айтқанда ойымызға оралатыны – Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы мен Сансызбай Сарғасқаевтың, Машқар Гумеровтің жекелеген шығармалары ғана. Қожаның әр балаға таныс кейіпкерге айналуының бірден-бір сыры – «Менің атым Қожа» бойынша кино түсірілгендігінде. Ал С.Сарғасқаевтың «Қайсар қыз», «Сәуленің жаңа достары», «Сұлутөр», М.Гумеровтің «Тоғыз тосқауыл» тәрізді қызықты оқиғаларға толы, жас жеткіншектердің ой-арманы, қоғамға пайдалы істері, өнер-білімге деген құштарлығы, бір-біріне адалдығы, достық қарым-қатынастары суреттелген шынайы шығармаларын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың басқа да көптеген қаламгерлерінің балалар үшін аса пайдалы осындай туындылары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, насихатының жоқтығынан көпшілікке жетпей жатады.
Негізі, таспаға түсіріліп, кино тілінде сөйлеген жағдайда кез келген көркем шындықтың өміршең де, өтімді де болары анық. Бұл ретте, бұқараға әсерінің күштілігінен де «өнердің ішіндегі ең маңыздысы» саналған кино саласының құдіретін мойындамау әсте мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда әдебиет пен кино жанрларының бір-бірімен салаласа, сабақтаса әрекет еткені, тығыз бірлікте дамығаны өнер үшін де, жалпы, қоғам үшін де әлдеқайда тиімді болар еді. Әсіресе ұлтымыздың жас ұрпағы өзгенің емес, өзіміздің әдеби кейіпкерлерімізге қарап ой түзесін, бой түзесін десек, осы жағын ескергеніміз абзал.
Алмас НҮСІП, әдебиетші:
– Бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері дегенде, жазушы кімдер туралы жазса, жас ұрпақ әдебиетті көп оқиды деген мәселе ғой. Қай заманның болсын бүкіл талаптарына жауап беретін жан-жақты адамы сол өз заманының әдебиетіне кейіпкер бола алатын шығар деп ойлаймын. Одан өзге тап басып, «дәл мынау – бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық образ болуға тиіс» деп даралап көрсетудің жөні жоқ сияқты. Себебі әдебиеттің, өнердің басты мақсаты адамды тәрбиелеу екенін ескерсек, қай кезде де адамдық өресі биік тұлғалар негізгі планнан түсіп көрген емес. Тарихи әдебиет болсын, бүгінгі күннің суретіне құрылған шығармалар болсын, барлығында адамдық мәселесі маңызды. Оған қосымша айтсақ, бізге, қазаққа, қазақтың жас ұрпағына ұлттық тақырыпта сомдалған ірі-ірі қайраткерлер бейнесі өте қажет. Ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге тәрбиелеудің басты жолы осы.
Ауыт МҰҚИБЕК, ақын:
– Әр қоғамның өз заманына лайық кейіпкерлері болады. Солар арқылы бүкіл ұрпақ тәрбиеленеді. Тәуелсіз еліміздің азат ұрпағының санасына ұлттық рухтың дәнегін егу үшін әуелі әдебиетімізде балаларға арналған мазмұнды шығармалар мол болуы тиіс. Осы орайда бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері ең алдымен қазақ болуы керек. Қазақ болғанда қандай? Ең алдымен өз ана тілін білетін, кеудесінде иманы мен намыс жалындаған, Отанын анасындай сүйетін, мемлекетінің тәуелсіздігі жолында жанын аямайтын ҚАЗАҚ болуы керек!
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Шығармашыл жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту қажет
Жуырда Шымкент қаласында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі ХV отырысы ұйымдастырылған болатын. Келелі мәселелер көтерілген кеңеске оңтүстік аймақтағы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан секілді төрт облыстың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған бұл кеңестің негізгі мақсаты республикамыздағы жастардың әлеуметтік, рухани мәселелерін ретке келтіру және олар өздерін толыққанды Тәуелсіз елдің перзенттері ретінде сезінуіне жол ашу болып табылады. Үш күнге созылған басқосуда әр облыстан келген мамандар түрлі тренингтер өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Үш күнге созылған шараның қорытынды жиыны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінде өтті. Басқосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашқан соң Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, кеңес төрағасы Ғабидулла Абдрахымовқа жиын тізгінін ұстатты. Қорытынды кеңес барысында аталмыш облыс әкімдерінің орынбасарлары өз аймақтарында қолға алынып, іске асырылып жатқан жастар мәселесін ортаға салды. Кеңес барысында бүгінгі жастардың әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларынан бастап, оларға патриоттық-рухани тәрбие беру ісін жандандыру ісі төңірегінде тұшымды ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Осы орайда біз Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, қазақтың талантты ақыны Маралтай Ыбыраевтан жиында ортаға салған ойлары мен нақты ұсыныстарымен бөлісуді сұраған едік.
Маралтай Ыбыраев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:
– Ұлт руханияты мен шығармашыл жастарды қолдауға байланысты ұсынысымыз жоғарыдан қолдау табады деген үміттеміз. Жазушылар одағы қазіргі кезде бұл бағытта біршама іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Алайда кейбір ауқымды мәселелер Жазушылар одағының ауқымына сыя бермейді, бұл ретте мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс бірқатар мәселелерді айрықша атап өткім келеді:
Біріншіден, біздің елімізде Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағали, Оралхан т.б. ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған оқулар өткізіліп тұрады. Кез келген мемлекет өз болашағының тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа қамқорлық жасауға міндетті. Сондықтан осы оқуларда жеңімпаз атанып, озып шыққан бес дарынды жастың әрқайсысына арнайы гранттар тағайындалуы керек деп ойлаймыз. Бұл – оқушылардың ынтасын арттырып, өз-өзіне сенімін нығайтады, білімге құштарлығын күшейтеді.
Екіншіден, жас ақын-жазушылардың шығармаларын шетел тілдеріне аудару – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Біз осы уақытқа дейін еліміздегі ынтымақ пен бірліктің арқасында әлемді толық мойындаттық десек болады. Ендігі кезекте рухани әлеміміздегі соны жаңалықтарды зайырлы қоғамның мүшесі ретінде әлем алдына алып шығуға тиіспіз. Осы орайда Тәуелсіз еліміздің жан дүниесінің барометрі саналатын жастар шығармашылығы назардан тыс қалмауға тиісті.
Үшіншіден, елімізде шығармашыл жастарға арналған тек қана халықаралық «Шабыт» фестивалі бар. Бұл өнерлі жастардың мүмкіншілігін кеңінен тануға және тәуелсіз еліміздің жас таланттарының бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуына жеткіліксіз. Осы орайда мемлекет тарапынан халықаралық және республикалық деңгейде жастардың өз мүмкіншілігін көрсетуіне негізделген түрлі іс-шаралар қолға алынуын қалар едік.
Төртіншіден, бізде шығармашыл жастардың баспана мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Түрлі саладағы талантты жастар мемлекет руханиятының өркендеуіне үлес қосатын аяулы уақыттарын көшеде өткізуге мәжбүр. Осы орайда әрбір облыс орталығы жылына кемінде бес шығармашыл жасты баспанамен қамтамасыз етіп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Оған олардың мүмкіндігі толық жетеді деп ойлаймыз. Осы аталған мәселелер кеңес төрағасы Ғабидулла Абдрахымов мырзаның қаперіне ілініп, Елбасы тарапынан қолдау табатынына сеніміміз мол.
Бек МЕРГЕН
Қазақ баласына рухани қалқан керек
Жаздың алғашқы күні, 1 Маусым – балалар мерекесі. Балдырғандарымыздың сүйікті мейрамы. Бұл күні бәріміз шама-шарқымыз жеткенше кішкентай бүлдіршіндерді қуантып жатамыз. Әйтеуір, балалардың мерекесі екенін білеміз. Бірақ осы күннің атауына көңіл бөліп көрдік пе? Неге жай ғана «Балалар күні» деп қоя салмай, «Балаларды қорғау күні» деп атадық?
Демек, бұл күні біз ұл-қызымызды саябаққа апарып, балмұздақ әперумен шектелмеуіміз керек. Күн сайын ойлайтын болашағына бұл күні айрықша көңіл бөлуге тиіспіз. Иә, біз балаларды қорғауымыз керек. Бейбіт заманда жаудан қорғамасымыз анық. Оттан, судан, кез келген апаттан сәт сайын қорғап жүрміз. Сонда неден қорғаймыз? Біз балаларымызды білімсіздіктен, имансыздықтан, таяздықтан, надандықтан, тасжүректіктен, немқұрайдылықтан, тағы-тағылардан қорғауға міндеттіміз. Қалай қорғаймыз дегенде, мұның бірден-бір жолы әдебиет екен. Иә, біз балаларымызды әдебиетпен қорғауымыз керек. Баламыздың елжанды, мемлекетшіл, отансүйгіш, бауырмал, мейірімді болып қалыптасуы жолында әдебиеттің атқарар рөлінің ерекше екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ол үшін жас ұрпаққа рухани қалқан керек.
Дәл қазіргі уақытта әр баланың қолында бір-бір ұялы телефон бар. Сол алақандай дүние балаңызды әлеммен байланыстырып тұр және қандай әлем? Ол сол арқылы ғаламторға кіреді. Ғаламторыңызда жақсы да, жаман да бар. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» жатса жақсы. Ал керісінше болса қайтесіз? Бұл – бір. Екіншіден, сол ұялы телефонда баланың психикасына кері әсер ететін небір ойындарды жүздеп санауға болады. Адамды қатыгездікке тәрбиелейтін мұндай ойындардың зияны айтпаса да түсінікті. Үшіншіден, «агент» дегеніңіз тағы бар. Балаңыз басын бір тықса, қайта шығару қиын. Ой-санасының бәрі сонда болады. Одан кейін бәріне немқұрайды қарайтын болады. Ешкіммен араласпай, өзімен-өзі отыра беретін әдет те жақсылыққа апармайды. Бұл жолға да балаңыз ұялы телефон арқылы түседі. Енді қайтпек керек?
Кез келген мектеп оқушысы үшін мамыр айынан сүйкімді ай жоқ. Әсіресе 25 мамырдың жөні бөлек. Көк, қара түспен боялып тұрса да, бұл күннің қадірі күнтізбедегі кез келген қызыл түсті мереке күндерінен кем емес. Өйткені бұл – олардың «басына бостандық» сыйлайтын күн. Оқушы үшін жазғы демалыстың орны қашанда бөлек. Бірақ сол оқушыларымыз үш айлық демалысты қалай өткізіп жүр? Бұл да бір үлкен мәселе. Жас өскін сабақтағы тоғыз айда емес, демалыстағы үш айда өсіп, өзгеріп келуші еді ғой. Демалысқа кетіп бара жатқанда сыныптастар жиналып алып, есіктің жақтауына, керегенің кейбір тұстарына, әркім өзінің бойы жеткен жерін сызып қойып, кейін күзде келгенде ескі сызықпен салыстырып жататыны да есіңізде болар.
Сол кездерде бойы өсіп келетін баланың ойын өсіру дәстүрі де бар еді. Мектеп бағдарламасынан босаған балаға сынып жетекшілері, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаздары жазғы демалыс кезінде өз қалауларымен 10 әдеби кітап оқуды тапсыратын еді. Кейде тіпті нақты тізімдерді де ұстататын. Кейін күзде келгенде берілген тапсырманы тексеретін. Осы тапсырмаға орай, бір сыныпта оқитын отыз бала тұтастай 10 кітаптан оқитын еді деп өтірік айтпай-ақ қояйық. Бұл тапсырманы орындай алмайтындар, орындағысы келмейтіндер де табылатын. Дегенмен оқушылардың дені көштен қалмауға тырысатын. Сол арқылы әдеби кітапқа деген ынтызарлықтарын оятатын.
Бір мысал айта кеткен дұрыс шығар. Тоғызыншы сыныптан оныншы сыныпқа көшкен жылы осы тапсырманы талқылау барысында Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі», «Әйел махаббаты» сынды әңгімелері оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Соны оқыған бір ғана оқушының әсерлі әңгімесінен кейін, ол әңгімелерді бір адам дауыстап оқып, басқалары ұйып тыңдаған. Содан кейін қызығушылығы оянған оқушылар Мағауиннің басқа да шығармаларына ауыз сала бастады. Кітапқа кезекке тұрды. Мұхтар Шахановтың «Ғасырларды безбендеу» атты сұр кітабы да осылай насихатталған еді. Міне, бұдан артық қандай дәлел керек? Осы тиімді дәстүрді неге министрлік тарапынан қолға алып, барлық мектептерге тапсырма беріп, іске асырмасқа? Бұл әрқайсымыз үшін тиімді болар еді. Қазір қит етсе кітап оқылмайды дейтін болдық. Оқылмайды емес, оқыта алмай жүрміз.
«Жазды күн шілде болғанда» мамырдан кейінгі мамыражай күндерді әркім әрқалай өткізеді. Бала біткеннің бәріне демалысты лагерьде өткізу бұйыра бермейді. Бұйырған күннің өзінде алажаздай сонда болмайтыны тағы анық. Ал басқа күндерді ненің еншісіне бермек? Қайда, қалай өткізбек? Ауыл баласына қала таңсық болса, қала баласы ауылға асығар. Бәрі дұрыс. Әр қиырға шауып, әр нәрсемен айналысып жүргенде сүмбіле туып, су суып үлгереді. Қыркүйек келеді. Бітпестей көрінгенімен, өте шыққан демалыста бала мектебіне қалай оралады? Екі аралықта кітап бетін ашпаған, қағаз қарамаған баладан үлкен нәрсе күту де қиын. Мектеп партасында отырып, бағдарлама бойынша ғана білім алған баланы да толыққанды дей алмаймыз.
Адамның мектеп бітіргенге дейінгі кезеңін мамыр айы деп қарастырсақ, осы айда түйін салмаған баладан кейін күз келгенде жеміс күту қиын. Демек біз мамырдан кейінгі жағдайды мамыр айында ойлауға тиіспіз.
Сондықтан Балаларды қорғау күнінде балдырғандарымызды кімнен, неден, қалай қорғауымыз керектігін ойласқанымыз жөн. Тығырықтан шығар жол жоқ емес, бар екен. Онда неге сол соқпаққа түспеске?
Еділ Анықбай, Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі:
–Біздің бала кезімізде кітап оқуды міндеттеу деген болған. Менің кітапқа қызығушылығым 3-сыныптан басталды. Сол жылы үздіктерге апайымыз ертегі кітап сыйлады. 8-9 жастағы балаға ертегі оқу қызық қой. Ертегіден басталған оқу жалғаса берді. Біздің арамызда кітап оқудан өзара бәсекелестік болғандай. Жазғы демалыстарда үлкендер балаларды қатар-қатар отырғызып, жылдамдыққа жарыстыратын. Кейінірек оқыған кітаптарымызды айтып, бір-бірімізге мақтанғандай болатынбыз. Өз басым кітапқа жақын болдым және көшедегі құрдастарым да кітап оқуға ықыласты болды. Бұл білікті мұғалімдердің ықпалы деп ойлаймын. Ондай мұғалімдер бүгінде некен-саяқ. Жалпы, қалай болғанда да, кітап оқыту жүйесін қалыптастыру керек. Кітап оқымай, толық адам бола алмайды. «Кітап – білім бұлағы» деп жаттанды түрде айтпау керек. Соны сезініп, кейінгі ұрпаққа дәлелдеу керек деп ойлаймын.
Рысбек Үркімбай, «Жұлдыздар отбасы» журналының жауапты хатшысы:
– Мен ешкім міндеттемей-ақ кішкентайымнан кітап оқуға құмар болдым. Оған себепкер болған – екі адам: үлкен ағам Рысбай өмір бойы мал бақса да, кітапты көп оқитын. Ол кісінің кітапханасында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтен бастап, Тәкен Әлімқұлов, Дулат Исабеков, Сайын Мұратбековтердің барлығының кітаптары болатын. Ал әпкем Нұрлытай студент кезінде әр келген сайын бір кітап әкеліп беретін. Ең бірінші әкеліп берген үлкен кітабы – Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» деген кітабы. Өзім осы күнге дейін Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» қайталап оқудан жалықпаймын. Бауыржан Момышұлының шығармаларын да сүйіп оқимын. Өзімнің екі балам – студент. Кітап әперіп, мәжбүрлесең ғана оқиды. Өздері аса құлшынып тұрған жоқ.
Бейбіт САРЫБАЙ
Балаларға азарлық
Қуырмаш
Бiрлiк жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Бiрiншiсi – Бас бармақ,
Билiк айтып басқармақ.
Балаң Үйрек кекiлдi,
Бойшаң бала секiлдi.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр iстi.
Шылдыр шүмек ақылды,
Шай iшуге шақырды.
Ең кiшкене бөбектi,
Еркелету керек-тi.
Бас бармаққа күн-түнi,
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие болып,
Бетпақтағы түйеге.
Ортан Терек отарды,
Ойжайлауға апарды.
Шүлдiр Шүмек сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.
Тек кiшкене Бөбектiң,
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бiзге дәмдеп ас пiсiр!
...Қара көже бүгiнгi ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Алақанды жұмып, аш!Қалмаханбет Мұқанбетқали
Жалқау
Көтеріліп Күн белден,
Нұрын төкті далаға.
Қызыл-сары гүлдерден,
Бал жинап жүр ара да.
Ерте тұру қиын ба?!
Біле ме әркім өз ісін?!
Мөңіреген сиыр да
Кетті іздеп өрісін.
Бәрі ұйқыдан оянған,
Жұмысына асығып.
Орындалмас ой-арман,
Жүрсек ұйықтап, басылып.
Ісі жоқтай бір кісі,
Жатыр әлі төсекте.
Қимайды ол ұйқысын,
Оян енді десек те.Ернұр Сейдахмет
Анам екеуміз
Қолға қалам аламыз,
Бірге жазу жазамыз.
Сұрақтарға берілген,
Бірге жауап табамыз.
Бірге сурет саламыз,
Соған мәз боп қаламыз.
Бірге ойланып есепке,
Қосып, бөліп, аламыз.
Бірге өсіп, толамыз,
Биіктерге қонамыз.
Мектепке де күн сайын,
Қол ұстасып барамыз.
Оқитұғын баланың,
Қадағалап сабағын.
Ойынын да ойнатып,
Дайындайтын тамағын.
Менің анам – жаны ізгі,
Әрбір сөзі маңызды.
Меніменен оқитын,
Сыныптасым тәрізді.
Алақаның аялы,
Бесігімді тербеткен.
Дәл осындай ананы,
Таба алмаспын жер-көктен.Алмат Исәділ
қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары» қосымшасы өздеріңнен хат-хабар күтеді. Бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі тосын пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз, шағын шығармашылық дүниелеріңіз болса бізге жолдаңыздар.
«Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz), «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.
Байланыс үшін: almat-76@mail.ru
Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі