Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Драматургия саласында жас қаламгерлердің үлесі неге аз?
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері театрға  қатысты мамандар ұлттық драматургиямызды қалай жандандырамыз деген сауалға жауап іздеумен келеді. Оның үстіне қазақ қоғамын­да театр – кенже дамыған өнер саласы.
Дегенмен қазақ драматургтері мен режиссерлерінің соңғы уа­қыт­та ұлттық мазмұндағы қойы­лымдарға айрықша назар ауда­рып келе жатқандығын айта кету керек. Бұған қоса бүгінде театр саласына серпін беру мақсатында мемлекет арнайы қаржы да бөліп келеді. Бірақ мақтаудан гөрі, сын-ескертпелерді көп еститін қазақ театрлары бүгінгі көрер­меннің сұранысын толық қанағат­тандыра алып отыр дей аламыз ба? Қазіргі кезде еліміздегі театр­ларда ше­телдік авторлардың туындыларын сахналауға деген әуестікті кәсі­билікке ұмтылыс жасау деп баға­лай аламыз ба?
Қазіргі кезде драматургия са­ласында қалам тербеп жүр­гендер мен шығармалары сахналанып жүргендердің көбі – орта жастан асқан немесе мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар. Осы орайда жастар драматургияға неге аз барады  деген сұрақ туындайды.
Сұлтанәлі Балғабаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының про­фессоры, жазушы-драматург, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты:
– Кейінгі жас қаламгерлер дра­­матургияға батыл бара бер­мей­ді. Бұрынғы кезде пьесалар ар­найы репертуарлық коллегия­ның сараптамасы мен сүзгісінен өтіп барып қана театрларға бері­летін. Сонымен қатар қазір бізде жаңа жазылған драмалық шығар­маларды қабылдау жүйесі де ала-құла. Бұл ретте шынайы та­лант­тың еңбегін ескеруден гөрі, таныс-тамырлықпен мәселе ше­шу белең алып барады. Жал­пы, театрға қатысты осы және өзге де мәселелерді бүгінгі таңда Мә­дениет министрлігінің жанынан болмаса да, облыстық мәдениет басқар­ма­ларының жанынан тәуелсіз сарапшылар алқасын құру арқы­лы шешуге болады.  Егер де осын­дай сараптамалық комиссия жұмыс істейтін болса, оның құ­­ра­мына негізінен театр сыншылары енгізілуі керек.
Назым Дүтбаева, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі:
– Жастардың драматургияға бармайтын бірінші себебі – ме­нің­ше, жанрдың күрделілігінде. Дра­матургтердің әр кездегі бас­қосу­ла­рында бұл мәселе жиі ай­ты­лады. Оның себептері де осы жиын­дардын тыс қалған емес. Ма­­мандар Қазақ ұлттық өнер ака­­демиясында драматур­гия курсы­на мектепті жаңа бітіріп кел­­ген балалардың қабылдана­ты­нын айтады. Мектепте драма­тур­гия туралы мәлімет аз беріле­тіндіктен, бұл балалардың ЖОО бітіре сала сахнаға шығаруға жарайтын пьеса жаза алмайтыны белгілі. Ал гуманитарлық салада білім алған, 25-тен асып, ес тоқ­тат­­қан қыз-жі­гіт­терді драматургия кур­сына грант­қа қабылдамай­ды. Бұл ба­ла­лар өздігінен пьеса жазуға батпайды, өйт­кені драматургия­ның теориясын жетік білмей­ді, ал тео­риясын оқып шық­қан ба­ла­лар­дың шы­ғар­ма­шы­­лық әлеуеті кемшін. Сон­­­­­дық­тан Ре­сей­­де­гідей дра­ма­тур­гия кур­сына гума­нитар­лық са­ла­да білім алған адамдарды қабыл­даған жөн. Бол­маса дра­ма­тур­гияның теория­сын оқыта­тын бір жылдық курстар ашылса... Бұл пікірлер, жоғарыда айтып кетке­нім­дей, драматургтер­дің бас­қосуларында жиі айтылып жүр. Менің бұған қосарым, әр театр өзіне драма та­бу­ды өзі қол­ға алып, соны жүйелі түрде ұйым­дастыра білсе, жақсы сахналық шығармалар дүниеге келер еді. Ол әр театрдың өзінің ұйымдас­тырушылық қабі­летіне бай­ланыс­ты: мейлі, бәйге ұйым­дас­тырсын, мейлі, қаламақыға үсте­ме қос­сын, әйтеуір, жолын табу керек.      

Дүрәлі Дүйсебай, журналист:
– Қазақтың жазармандары­ның бәрі алдымен өлеңнен бас­тайды. Сосын өз жолын әдебиет­тің әр саласынан іздейді. Алайда қа­зір­гі жас буын поэзияға құ­мар­­лау. Про­за­да да та­быс­ты жа­­­зып жүр­ген­дері бар. Ал дра­­ма­тургия – өте күрделі жанр. Ол үшін ақын, жазу­шы болу­дың өзі аз­дық етеді. Дра­ма жа­зу­дың техникасын мең­геру керек. Адам психологиясын, қоғамды, айнала тіршілікті терең білу қажет. Міне, өмірлік тәжіри­бенің азды­ғы, адам бойындағы қасиеттерді, қоғамның болмыс-бітімін зерде­леу, зерттеу жастары­мыз­дың оң жамбасына дәл кел­мейді-ау. Сол үшін жүрексінетін де болуы мүмкін. Әйтпесе бәріміз бірден неге пьеса жазып кетпей­міз? Жас­тар драматургияға бару үшін осы қасиеттерді сіңіріп, жү­рек­сінуді тоқтатқаны жөн. Өйткені дра­матур­гия да – өнер.

Гүлнұр Көлбай, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық драма театры­ның БАҚ-пен жұмыс және жарнама бөлімінің менеджері:
– Алдымен бізде драматур­гиялық мектептің қалыптаспаға­нынан деп білер едім. Қазіргі заманға сай шығармалардың жа­зыл­мауының себебі де жас қаламгерлерге жөн сілтеп, жол көрсететін аға буынның бол­мауы секілді. Дулат Исабеков секілді ағалар арнайы мектеп ашып, сахна тілін түсінетін, қала­мының қарымы бар жастарға сабақ өткізсе, бізге бұл түйткілден шығу қиынға соқпас деген ойым бар. Арнайы жобалар ұйымдас­ты­­­рылып жатады, бірақ содан жүлде алған шығармалар­дың сахнала­нып жатқанын көрмеппін. Бізге басынан бастау керек. Дра­матург­терді дайындап шығару керек, со­сын барып нәтижені сұрау ке­рек, дұрысы. Ұйымдасты­рылатын шаралардың көбі арнайы бір тақырыптың айнала­сын­да ғана өрбиді. Оған қатыса­тын туынды­ның да шама-шарқы сол аумақтан аса алмай жатады. Арнайы тақы­рыпқа жазылатын шығармадан көркем сахна дүниесі туатынына күмәнім бар. Қайта шектеу бол­ма­ған кезде ғана еркіндік, кеңдік, таза­лық бо­ла­ды. Біздің қазіргі дра­матур­гияға жетіспейтіні де – осы.


«Ердің жеңісі – елдің жеңісі» атты мүшәйраның да қорытындыланар күні таяу


Төрткіл дүниені жасампаз рух пен жігерге бөлеген жазғы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Тұманды Альбионның төрінде қазақтың байрағы желбіреген жеңісті сәт ақындары­мыздың шабытына шабыт қосты. Бүгінге дейін порталға 25 ақынның өлеңі келіп түсті.
Интернеттік мүшәйра болғандықтан, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының шешімінен бөлек, сайт оқырмандарының да пікірі ескерілетін болады. Сондықтан да, құрметті портал оқырмандары, поэзия бөліміндегі ұсынылған өлеңдердің ішінен өздеріңізге ұнағандарына дауыс беру арқылы сіздер де жыр дүлдүлдерін анықтауға үлес қоса аласыздар. Massagan.com порталында төмендегі тізімдегі ақындарға дауыс беру жалғасуда:
• Камал Әлпейісова, «Олимпиадашыларға тілек» , «Олимпиада чемпионы Зүлфияға»
• Руслан Нұрбай, «Мәртебелі үміт», «Қанатты қазақ»
• Әскерхан Ақтай, «Елік-арман», «Алтын тұмарлы сұнқар»
• Мейірхан Нағашбекұлы, «Елдің даңқын асырған», «Әр күн сайын – бір алтын»
• Бақытбек Бәмішұлы, «Қазақ елінің олимпиадашыларына», «Ата жолын қуғандар»
• Зеберкүл Кеңесқызы, «Қазақстан қырандары», «Лондонда алған асулар»
• Ақылбек Шаяхмет, «Олимпиада алауы», «Жарайсыңдар, қыздар!»
• Жұман Бөрібайұлы, «Елбасының батасы жолын ашсын», «Рекордтар жаңарады, түрсең білек»
• Жангелді (Жан сері) Немеребаев, «Ер ұлан», «Алтын алған саңлақтар»
• Әлібек Шегебай, «Алтын», «Толағай»
• Бақыт Жағыпарұлы, «Жеңімпаздарға»
• Жұлдыз Қазиханқызы, «Тағзым немесе Бекзат рухымен сырласу»
• Темірхан Қыстаубайұлы, «Темзамен тілдесу», «Сыр саңлағы»
• Әлішер Әлімжан, «Қазақи жұдырық», «Толағайлар»
• Бертай Төкеев, «Олимпиада чемпионы Зүлфияға»
• Айжан Табаракқызы, «Олимпиадаға қатысушыларға», «Қайрау»,
• Тайыржан Оразхан, «Ауыр атлеттерге арнау», «Ильяға арнау»
• Зікіра Қожаев, «Қазақстан түлегі»
• Жеңісбек Сабрайым, «Оу, көзіңді аш, қара, жұртым: Қазақ анық, қара!»
• Махмұтбай Әміреұлы, «Көк туды желбіретіңдер», «Зүлфия», «Илья»
• Ахметұлы Бейсен, «Қазақпен күллі әлем санасуда!», «Желбіре мәңгі, Көк туым!»
• Ләззат Мақаш, «Жігерлендіру», «Ананың монологы»

Massagan.com ұлттық порталы мен «Алтын қазына», «Жігер» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырған «Ердің жеңісі – елдің жеңісі» атты мүшәйраның қорытындысы 16 тамыз күні сайтта жарияланатын болады.
Ұйымдастыру алқасы


Микроблогтағы жыр
Қазақ ай­тыс өнері­нің ала­манында та­лай мәрте топ жарған Дәулеткерей Кәпұлы –  жазба поэ­­зия­да да өзіндік қолтаңбасын қалып­тас­тырған талантты ақын.
Моңғолияның Баян Өлгий аймағында туған қандасымыз 1992 жылы Атамекенге қоныс аударғалы бері еліміздің әдебиет пен өнер саласында шығармашылық жемісін беріп келеді. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, бірнеше жыр жинағының авторы Дәулеткерей ақынның қазақы иірімдерге толы өрнекті өлеңдерін ғаламтордағы бірқатар сайттан да тауып оқуға болады.

                                                                                                                      sahar.0@mail.ru

Жота кездім, жүдедім,
 Қыр басына түнедім.
 Балбал тасқа бас сүйеп,
 Қалғып кетсем – тілегім.

 Таң нұрына боялсам,
 Күнге құшақ жая алсам.
 Балбалтастың жүрегі
 Бүлк еткенде оянсам.

 Балбал тасым – бал бөбек,
 Саған да әлди ән керек.
 Құсасы ма бабамның:
 Құлағымда зар бөлек.

 Балбалым-ай, мұңлығым,
 Көк Тәңірге құлдығым.
 Туған жерге сен ғана
 Байлап қойған кіндігін.

 Құлағымда – мұңлы үнің,
 Іңір кештім, ілбідім.
 ...шекесін кеп қасып тұр
 Жұртта адасқан бір құлын.


SMS Айтыс
Студенттер айтысы
Қазіргі электронды ақпараттық технологиялар дамыған кезеңде  ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып, sms-айтыс жүргізу дәстүрге ене бастады. Осы үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің,  Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың,  Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің ой жарыстырған  өзара sms-айтысы мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысхан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Sms-айтыс» айдарында бүгін жас ақындар, қазірде студент атанып жүрген Әуезхан Сырым мен Жәнібек Бейбітов екеуінің ой жарыстырған жазбаларын ұсынып отырмыз.
Жүрсіннің жас жүйріктерінің бірі Әуезхан – қалалық, республикалық  айтыстардың жүлдегері. Бүгінде  Астана қаласында тұрады.
«Жастар жырлайды» тележобасы арқылы көпке танылған  ақтөбелік Жәнібек те – бірқатар жыр додасында  жүлдеге іліккен ақын.

Жәнібек:
Кенде емес ауызға да, мұрынға да,
Түрiң дара болғанда, тiлiң дана.
Айтыста талайларды
                                      шаң қаптырған,
Ассалаумағалайкүм, Сырым бала.

Сырым:
Жалтақ көз, жарғақ құлақ,
                                            жарық ерін,
Өзіңнен басқа жанның бәрі керім.
Ап-арық суға салған шүберектей,
Уағалейкумассалам, Жәнібегім.


Жәнібек:
Екеуміз қара өлеңмен
                                қаулайық қардай,
Жаман сөзді айтпайық
                                 жауға айтқандай. 
ҰБТ тапсырдың ба аман-есен,
Ұлы Отан соғысынан
                                 сау қайтқандай.


Сырым:
Мен өттім, себебі ұлмын,
                                     пайымым нық,
Бірақ суға батырды қайығын жұрт.
50 балдан өте алмай опат болған
43 мың «сарбаздан» айырылдық.


Жәнібек:
Iнiм ең танытпаған жаман қылық,
Мектептi де бiтiрдiң санап жүрiп.
Ендi сен де студент боласың ғой,
«Роллтонды» ұлттық тағам қылып.


Сырым:
Жүрермін университет төрінде мен,
Айтармын студент боп
                                                 көңілді өлең.
«Роллтон» жесем, жеймін ғой,
                                              айтшы, бірақ,
Қалай екен студенттік өмір деген?


Жәнібек:
Тыным таппай жүрсе де жаным
                                                       бiр күн,
Студенттiк өмiрдiң заңын
                                                       бiлдiм.
Бiр балаққа екi қыр салып алып,
Бiр күнде екi қызға барып жүрмiн.


Сырым:
Екі қыр бір балаққа салып жүрсің,
Бір күнде екі қызға барып жүрсің.
Қыз да «екі», балақ та
                             «екі» болғаннан соң,
Сессиядан да «екілік»
                                            алып жүрсің.


Жәнібек:
Артық сөз жараспайды асыл ерге,
Тоқтайық сондықтан да осы жерде.
Өмiрде табаныңыз тасқа тимей,
Өнерде домаласын тасың өрге.


Сырым:
Өзіңе шашу шашсам жырдан бүгін,
Інілік ілтипатты қылғандығым.
Алыстарды көруге шамам жетсе,
Ағалар иығында тұрғандығым.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақсы дүниелеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады.


  құлаққағыс                                                                                                                                 
Қазақстан Жазушылар одағының биыл­ғы күзде өтетін кезекті ХІV құрылтайы қар­­са­ңын­да жазушылардың теле­фон анық­та­малығы қайтадан жаңаланып шыға­рыл­мақ.
Осыған байланысты Жазушылар ода­ғы­на мүше қаламгерлер биыл   25 шілдеге дейін өздерінің тұрақты мек­ен­жай­лары мен телефон нөмірлерін, қаже­тінше ұялы телефон нөмір­лерін де қоса одақ­қа хатпен немесе факс арқылы жібе­рулері тиіс.
Қаламгерлердің өздеріне қатысты мәлі­мет­терді 8 (727) 272-62-93 нөмірлі телефонға хабар­лап айтуына да болады.


Қаперге!

Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суретімен және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.
Бетті дайындаған: Алмат Исәділ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста