Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ
Ұлттық музыка эстраданы ысырып барады
ЮЛИАНА, фолк-орындаушы, әнші, «Қомусшы – әлем шебері» атағының иегері:
Қазіргі уақытта елімізде түркі халықтарының қазіргі заманғы этникалық музыкасын насихаттап, әлемге танытуды мақсат еткен The Spirit Of Tengri фестивалі өткізіліп жатыр. Жоба аясында аталған фестивальға қатысуға ниет білдірген жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарының бейнебаяндары СТВ телеарнасы арқылы ұсынылуда. Сондай-ақ www.alashainasy.kz, www. tengrinews.kz, www. tengrifm.kz сайттарында байқаудың барысы баяндалып келеді.
Жақында осы өнер фестивалін ұйымдастырушылардың шақыруымен байқауға қатысушы, қазақпен тамырлас Саха Республикасының (Якутия) өкілі, әйгілі фолк-орындаушы, әнші, шебер шаңқобызшы Юлиана Кривошапкина Алматыға арнайы келген болатын. «Алаш айнасы» бұған дейін бұл орындаушы туралы: «Саханың қомус аспабында асқан шеберлікпен ойнайтын Юлиана Spirit of Tengri фестивалінде олонхоны туғызған өңірдің тамаша үнін, атмосферасы мен рухын жеткіземін деп отыр. Юлиананың әндерінде көк бөрінің ұлуы, қыран қанатының қағысы, бұлбұлдың сайрауы, сәйгүліктің шабысы, балықтың шоршуы, дауылдың екпіні, қарлы шыңның самалы бар», – деп жазған болатын. Бұлай деп тамсануымыздың да себебі жоқ емес. Бұған ғаламторға кіріп, Юлиананың «Ояну» атты жаңа бейнеклипін көріп, тыңдаған адам, сөзсіз, көз жеткізеді. Бір ғана шаңқобыздың үнін мың сан түрлендіріп, табиғат үнін әсерлі әуезге үйлестіре білетін талантты орындаушы Алматыға арнайы келген сапарында «Алаш айнасы» газеті редакциясына да бас сұғып, өнер, мәдениет төңірегіндегі ойларымен бөліскен еді:
Қомустың үні – дертке дауа
– Қазақтың шаңқобыз аспабын Якутия сахалары қомус деп атайды. Алақанға сыйып кететін бұл шағын ғана аспаппен адамның кеудесіне сыймайтын, ойына келмейтін таңғажайып әуендер мен табиғаттың тылсым үндерін ойнауға болады. Қомус – якут халқының ең басты музыкалық аспабы. Біздің бабаларымыз дертке шалдыққан адамдарды осы аспаптың қасиетті үнімен емдеген. Ел жиналған ортада да қомусшы бақсылар ортаға шығып, өнер көрсетіп, айналаны қара ниетті күштерден тазартатын болған. Якуттар табиғатқа жақын, қомустың көмегімен олар табиғаттың бар әсемдігін көркем бейнелей алады. Бұл қарапайым фольклорлық аспап қана болғанымен, ол өзге музыкалық құралдардан анағұрлым артық. Қомус аспап болса да, қазіргі заманғы ырғақтардың алуан түрін туғыза алады. Қомуспен кез келген жанрда ойнауға болады. Ол – ата-бабаларымыздың әрі келешектің де аспабы. Тағы бір атап өтетін нәрсе: бізде, Якутияда, дүниежүзінде теңдесі жоқ Қомус мұражайы жұмыс істейді. Осы мұражайды көру үшін әлемнің төрт бұрышынан адамдар арнайы келіп жатады. Қазір күндіз-түні шеберлігімді шыңдаумен айналысып, ізденіс үстінде жүрмін. Бұл ерекше мұражайда қомустың 2 мыңнан астам түрі сақтаулы. Жеке шығармашылығыма негізінен көне түркілік сарындар мен өзімнің туған халқым – якут фольклорының барлық дыбысын арқау етіп келемін. Таяуда ғана «Ояну» деп аталатын бейнеклипімді қалың тыңдарманға ұсындым. Көрген адамдар жоғары бағасын беріп жатыр.
Кішкентай аспаптың үлкен мүмкіндіктері бар
– Менің қомус аспабына қызығушылығым сонау бала күннен басталған. Әжем бұл аспапта өте керемет ойнаған. Үйде де, түзде де осы бір киелі де қасиетті аспаптың дыбысы естіліп тұратын. Кейін анам әжеміз ойнаған қомусты маған сыйға тартты. Өз өмірімдегі алғашқы саналатын бұл қомус қазір үйімнің ең төрінде тұр. Ал сахнаға алып шығатын қомустарды шеберлерге арнайы тапсырыс беріп жасатамын. Мектепте оқып жүрген кезімде ұлттық әндер жазылған табақшаларды тыңдаудан жалықпайтынмын. Сол кездегі ерекше әуендер, саха елінің тамаша табиғатының тылсым әуендері менің құлағыма әбден сіңіп, жүрегімді әлдеқашан бойлап кеткен.
Уақыт өте келе өнер жолын таңдап, «Айархаан» тобының мүшесі ретінде ән салып, қомус тартып жүрдім. Осы топпен бірге жер-жерді аралап жүріп, көптеген жетістікке жеттік. Рухани жағынан да өсіп, қомусшы ретінде де кәсіби тұрғыда жетіле түсуіме осы топта өнер көрсетуім айтарлықтай әсер етті. Дегенмен қомусшы атансам деген бала күннен бойды билеген асыл арманның жетегімен топтан бөлінуіме тура келді. Мұндағы басты ұмтылыс – жеке шығармашылығымды дамыту. Себебі өзімнің ойға алған жоспарларым, жүзеге асырсам деген мақсаттарым бар еді. Болашақта якут жастарын ұлттық өнерге баулып, қомусқа үйрететін мектеп ашсам деген ниетім бар. Әзірше жеке бағытта шығармашылық жұмыстармен айналысу үстіндемін. Енді осы бір кішкентай ғана аспаптың үлкен мүмкіндіктерін әлемге әйгілесем деп, талант пен еңбекті ұштастырып жүрген жайым бар.
Этникалық музыка сәнге айналып келеді
– Өткен жылы Якутияда VII Қомусшылардың әлемдік конгресі өткен болатын. Онда Үндістан, Қытай, Жапония, Корея, АҚШ пен бірқатар Батыс елінің шеберлері қатысты. Сонда қатаң іріктеуден өткен әлемнің ең үздік тоғыз қомус шеберінің қатарына іліктім. Бұл мен үшін, менің халқым үшін зор қуаныш болды.
Қазіргідей жаһандану дәуірінде әрбір халық өзінің бет-бейнесін сақтап қалу үшін тамырлы тарихын таразылап, өнері мен мәдениетін жаңа белестерге көтеруге ұмтылуда. Даңғаза музыкаға бейім келетін бүгінгі ұрпақ ескі әуендерді жаңаша ырғақтармен көмкеріп, барынша түрлендіріп ұсынсаң ғана тыңдайды. Шынында да, кейінгі кезде мазмұнды да мағыналы этникалық-фольклорлық музыка жеңілтек эстрадамен айтарлықтай бәсекеге түсе бастағанын айту керек. Бұл ретте якут жерінде де халықтық музыкамыз бен ұлттық ән өнерімізді тың бағытта дамытып жүрген бірқатар танымал топ пен жекелеген орындаушылардың бар екендігін және олардың өнерін көпке паш ететін бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқандығын атап өткеніміз жөн. Ал қазақстандық Spirit of Tengri фестивалі – дер кезінде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ірі жоба. Себебі бүгінгі тыңдарман жанға рақат сыйлайтын, өткеніне үңілдіретін әуенге бет бұра бастады. Осы жоба арқылы көптеген қазақстандық өнерпазбен табыстым. Бұған дейін де көне мақамды жаңғыртып жүрген атақты қазақстандық музыкант, этникалық-фольклорлық әуендерді орындаушы Еділ Құсайыновтың өнеріне тәнті болғаным бар. Ұлттық музыканы түлетіп жүрген осындай шеберлері бар түркі әлемі өнерінің болашағы зор деп есептеймін. Қалай десек те, табиғатпен үндес, тамыры бар дүние ешқашан мәнін жоймайды дегендей, қазір әлемде этникалық-фольклорлық музыка сәнге айналып келе жатқанын байқауға болады. Саха елімен туыс қазақ халқына баянды бақыт тілеймін. Түбі бір түркі жұртының рухы мәңгі жасасын!
Қаперге!
Түркі халықтарының шебер орындаушыларының басын қосатын Spirit of Tengri фестивалі үш кезеңді қамтиды:
– жоба аясында СТВ телеарнасында көрсетіліп жатқан бейнеклиптерге дауыс беріледі;
– дауыс санына қарай іріктелген өнерпаздардың хит-шеруі өтеді;
– үшінші кезең қорытындысы бойынша ең таңдаулы орындаушылар қатысатын этникалық музыканың гала-концерті өтеді.
Қорытынды концерт өтетін күн қосымша хабарланады.
Микроблогтағы жыр
Өлеңдері «Талантқа тағзым», «Қос қарлығаш» жыр жинақтарына енген талантты жас ақын Бауыржан Әліқожа Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Қазіргі қазақ поэзиясында өзінің лирикалық үнімен ерекшеленіп келе жатқан ақынның шығармашылығы бірқатар әнге де арқау болған. Студент кезінде-ақ жинақ шығарып, шығармашылық кездесуін өткізген дарын иесінің өлеңдері ара-тұра ғаламтор арқылы да көрініс тауып келеді.
Бақ жұлдыз
Айым менің!
Жарасады өзіңе мойыл меңің.
Сүттей аппақ жүзіңнен айналайын,
Аққу қанат, ақ балтыр қайың ба едің?!
Жаным менің!
Сенен сездім жайдарлы мамыр лебін.
Мына жалған дүниені нұрландырып,
Қан таратқан сезімге тамыр ма едің?!
Тұнық көлім!
Шыбық белім, не деген қылықты едің?!
Жігіттердің шоқ салар жүрегіне,
Тұрған тұрқың нұр шашып, күліп керім.
Үр қызы ма ең?!
Әсемдіктің не екенін білгізіп ең.
Болмысыңа қызғана көз тастайды,
Мына ғалам сан миллион жұлдызымен.
Бұрымдым-ай!
Саған арнап жазармын жырымды ұдай.
Тіршілік те, сен де – бір іңкәр әлем,
Сезінбеп ем өмірді бұрын бұлай.
Мүшәйрада бақ сына
Қазақстан Жазушылар одағының және «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының, ақын шығармашылығын бағалайтын азаматтардың қолдауымен, дүниеден ерте озса да, отты, рухты жырларымен ел есінде мәңгі қалған адуын ақын Төлеужан Ысмайыловтың туғанына 80 жыл толу мерейтойына орай жазба ақындардың «Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім!..» атты республикалық жыр мүшәйрасы жарияланады.
Мүшәйраға еліміздің барлық аймағынан ақындар үш өлеңімен қатыса алады. Оның біреуі ақын Төлеужан Ысмайыловтың рухына арналса, екіншісі – туған жер, өскен өлкені жырлауға, үшіншісі еркін тақырыпта болуы міндетті.
Шығармалар көлемі (үш өлеңді қоса есептегенде) бес-жеті беттен аспауы шарт (14 кегель, 1,5 интервал). Бұрын жарық көрген немесе көрсетілген мерзімнен кешіккен шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Шығармалар 2012 жылдың 5 қыркүйегіне дейін қабылданады. Сараптау нәтижесінде жүлдеге лайықты деп танылған ақындар осы жылдың 14 қыркүйегінде Семей қаласында өтетін ақтық мүшәйраның мәресіне арнайы шақырылады.
Бәйге мөлшері:
Бірінші бәйге – (біреу) 300 000 теңге.
Екінші бәйге – (екеу) 150 000 теңгеден.
Үшінші бәйге – (үшеу) 50 000 теңгеден.
Ынталандыру бәйгесі – (бесеу) 35 000 теңгеден.
Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды. Мүшәйра жүлдегерлері арнайы дипломмен марапатталады.
Ескерту: Жабық бәйге болғандықтан, өлеңдерді бүркеншік атпен жіберу керек. Автордың аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, оның бетіне тек бүркеншік аты ғана жазылады. Үлкен конверттің сыртындағы жіберушінің аты-жөні деген жерге бүркеншік атты жазуға болады.
Мекенжайы:
Алматы қаласы, Қазақстан Жазушылар одағы, Абылай хан даңғылы, 105-үй, 25-кабинет. Индекс – 050000. Байланыс телефоны: 8 (727) 272-62-93
Абайға жүгіну
10 тамыз күні сағат 17.00-де Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Халықаралық «Абай» қорымен бірлесіп, Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған дәстүрлі «Абай оқуларын» өткізеді.
Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің ресми өкілдері, зиялы қауым, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен БАҚ тілшілері, әдебиетсүйер студенттер мен оқушылар шақырылады.
«Абай оқулары» шарасына қатысушылар Абайдың әдеби-шығармашылық мұрасы туралы әңгімелейді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясаты туралы өз ойларын ортаға салады. Іс-шара барысында ақындар, мектеп оқушылары мен студент жастар Абай шығармаларын оқиды. Қатысушылар назарына арнайы әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылады. Өткізуге атсалысып, белсенділік танытқандарға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар беріледі.
Іс-шараға қатысқысы келетіндердің Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасына хабарласуына болады.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Республика алаңы, 15, 556-бөлме. Телефоны: 267-22-28
Тарастың елі Жамбылға ескерткіш қоймақ
Алдағы 2013-2014 жылдары Украинада – Қазақстанның, Қазақстанда Украинаның мәдени күндері өтеді деп жоспарланған.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметтерге сенсек, Украина астанасы Киев қаласында биыл жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың ескерткіші бой көтеретін болды. Бұл қалада Жамбыл атындағы көше бұрыннан бар. Ал жеті жыл бұрын Днепропетровск облысының Синельниково қаласында украин даласын жаудан азат етуде қаза болған Алғадай Жамбылұлына ескерткіш қойылған еді.
Биыл – Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл. Қазақтың Жамбылы украиннің Тарасының шығармасын жақсы көргені және оның 125 жылдығына арнап «Тарас туралы жыр» шығарғаны белгілі. Бүгінде Алматы қаласындағы Достық даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысында украиннің атақты «кобзары» Т.Шевченкоға арналған ескерткіш бар.
Қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары» қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суретімен және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz), «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.Бетті дайындаған: Алмат Исәділ. Байланыс үшін: almat-76@mail.ru