Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Жас қалам неге жасық болады?
Әдебиетке қызмет етіп жүрген қаламгерлер қауымын біз әдетте аға буын, орта буын, жас буын деп бөліп жатамыз. Шығармашылық адамдарын бұлайша жіктеу қаншалықты қисынды? Жалпы, жас ерекшеліктері әдебиеттің дамуына қалай ықпал етеді?
Әдебиет есігін жаңа ашқан жас талант тамаша туындыларымен жарқ етіп, кейбір жазармандар ұзақ жыл әдебиет төңірегінде жүріп, шығарма­шылық тұрғыдан алғанда, ел сүйіп оқитын дүниелер тудыра алмауы мүмкін. Айналып келгенде, талант та, еңбек те адамның Алла берген қасиетінен ары аса алмасы анық. Тағы бір айта кетерлік жайт, әр заманның өз жаршылары болады. Әдеби процесс қайсыбір кезеңдерде кемеріне толып, кейбір замандарда тоқырауға ұшырап жатады. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Айталық, қазақтың көркем әдебие­ті өткен ғасырдың 60-жылдары өте биік деңгейге көтерілді. Осы кезеңде мүйізі қарағайдай қаламгерлер өз оқырманына кесек-кесек туындылар тарту етті. ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті өлі­ара кезеңді бастан өткерді.Бұл уақытта адамдар әдебиеттен гөрі, әлеуметтік проблемаларды көбірек ойлап кетті. Десек те, бүгінгі жаңа ғасырды біздің ұлттық әдебиетіміз жаңа деңгейге көтерді. Алай­да қазіргі заманда әдеби шығармалар­дың көркемдік бояулары сұйылып, сөзі азайған. Әсіре көркем бейнелеу, үлкен образдар жоқ. Себебі ақпараттық қоғам­да қысқа да нұсқа жазу сұранысқа сай келетін сияқты. Бұрындары роман деген жанр екі-үш томнан тұратын. Поэманы ұзынсонар шумақтардан құралған туынды деп білгенбіз. Қа­зір он шумақпен-ақ поэ­ма,  100 бетке жетер-жетпес ро­ман жа­за­тындар бар. Жанрлардың сипа­ты да өзгеруде. Тәуел­сіздік алған жылы батыс пен шығыс әдебиет­терінің ше­кара­сы ашылды. Көп­теген ағым­дар­дың ықпа­лы болды. Қа­­зақс­тан­да­ғы орыс­тілді қала­м­гер­­­­лер түрлі экспери­мен­т­тер­­­ге барды. Әдебиетшілер: – Неге ке­­йіп­­кер жоқ? Бүгінгі кейіпкер кім? Бүгінгі қазақ­тың образы қандай? – деген сұрақтар қойып жатады. Жастарымыз жазып жатқан шығарма­ларда белгілі бір заман кейіпкері жоқтың қасы. Жаңа кезеңнің жаңаша ойлайтын қаламгерлері үлкен ізденіс үстінде жүр. Сондықтан да бүгінгі әдебиеттің бағасын беру әлі ертерек секілді. Жаңа туынды уақыт тезінен өту керек.
Кітап қазір жазылып, ертең баспа­дан шығып, келесі күні оған пікір айта сала­тын дүние емес. Ол оқырман санасына сіңуі керек. Кеңес кезінде көп туындылар күштеп, алдап болса да танылды. «Кеңес­тік адам­ның образын жасаймыз» деп талпынды. Біршамасы экраниза­циялан­ды. Мыңда­ған данамен тарап, авторларға қала­мақыны үйіп төкті. Солардың біразы бүгінде ұмытылып қалды.
«Бұрынғы жүйе жоқ, бұрын керемет еді» деп айтады жұрт. Әр кездің өз артық­шылығы мен кемшілігі болады. Алайда мемлекет ұлттық әдебиетке қамқорлық жасау барысында бәрін бір жүйеге келтірсе, Кеңес Одағынан айырмасы болмай, әдебиет билікке бағы­нышты болып қал­мақ. Сондықтан мемле­кеттік ресурстар­ға ғана сүйене бермей, әдебиетті таныту үшін осы заманның әдіс-тәсілдерін пайда­лануымыз керек. Баспасөзде «шыбын­ды да, араны да өлтіруге болады» деген сөз бар. Сөзбен мақтап, көкке көтеріп не­месе жер-же­біріне жет­кізіп, қа­ра­лап, іс­ке жа­рам­­сыз етіп, жазушыны оқырманнан алыстатып жіберуге болады. Бір шығарманы қанша мақтасын немесе даттасын, бірақ уақыт бәрін өз орнына қо­йып береді. Заманында Бердібек Соқпақ­баевтың «Менің атым Қожасын» «бас кейіпкер совет баласына тән емес қылық­тар жасайды» деп қаралады. Бірақ ол бірнеше тілдерге аударылып, ғажап киноға айналды. Кейде бір қаламгерлерді мақтап, көлдей-көлдей мақалалар жаза­ды. Атақ-марапаттар алады, бірақ оны ешкім оқымайды. «Ит үреді, керуен көшедінің» кері. Уақыт өте келе, оқырман керегін оқиды. Мақтағанда қызметіне, лауазы­мына, атағына қараймыз. Мақала авторы мақтағанда оқырманды емес, мақтап жатқан қа­ламгерді ойлайды. Мақталып жат­қан адам, шынында да, керемет екен деп оқырман сеніп қалады. Халықты алдай алмайсың... Орыстың Сологуб деген ақыны болған. Игорь Северя­нин секілді мықты ақындарды ертіп, 30-40 қала аралап, гастрольдер ұйымдастыр­ған. Губерния, ауылдар нан мен тұзбен қарсы алған. Жарнама жасап, ақша да тапқан. Түрлі жанрда қалам тербеген. Алайда қазір оны ешкім оқымай­ды. Тарихта Маяковский, Северяниндер қал­ды. Қазақ әдебиетінен де мұндай мысал­дар­ды көптеп келтіруге болады.
Кейбір жастарымыз: – Аға, қалам­герлер қазаққа қатысты дүниелер жазбады... – деп кінәлап жатады. Мүм­кін, заман сондай болған шығар. Бірақ  нағыз азаттыққа ұмтылған, қазақ­тықты аңсаған шығармалар сол кезде туды емес пе?! Әуезовтер Абай арқылы күллі қазақ ұлтының болмысын ашуға ұмтылды. Мұхтар Мағауин «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақ құрастырып, жыр-қисса, дас­тан­дарымызды тірілт­ті. Есенберлин басын бәйгеге тігіп, «Көшпенділер» атты үлкен туынды жазды. Ақан Нұрмановтар Кейкі сынды қазақ батырларын жоқта­ды. Жұбанов «Мен – қазақпын!» деп атой салса, Мұқағали «Райымбек, Райым­бек!» деп ұран тас­та­ды. Кеңес өкіме­тінің қызыл сая­са­тының құрсауын­да жүре тұра, қазақ қаламгері осындай ерліктерге бара білді. Ал біз бүгінгі Тәуелсіздік тұсында ұлттық рухқа серпін беретін тың дүниелерді оқи алып отырмыз ба? Әде­биет­ші мен сыншы қауым: «Қазіргі жас­тар отырып алып махаббат философия­сынан шыға алмай жүр. Жазғандарының бәрі – жылауық. Толып тұрған пессимизм. Қоғамдық сананы сілкінтетіндей үлкен шығармалар жазыла қойған жоқ» дегенді жиі айтады. Шынында да, солай ма? Әлде, жас қаламға жасықтық тән бе? Бұған сіз не дейсіз, қалам ұстаған Алаштың жас тұлпары?


Олимпиаданы өлеңге қосамыз

Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындары бүгінде әлем назарын өзіне аударып отыр. Осынау үлкен додаға Қазақ елінің атынан 116 спортшы қатысуда. Майталмандарымыз спорттық сындарда алғашқы күндерден-ақ алтын медальдарға қол жеткізуде.
Ел намысын қайрап, еңсемізді көтеріп, бойымызға рух беретін мұндай ірі жарыс­тарды жырға қосудан қазақ ақындары да шет қалмасы анық. Осы орайда руханият әлеміне өзіндік үлесін қосып келе жатқан massagan.com ұлттық веб-порталы мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі Алаштың арманын арқалап ағылшын жеріне аттанған спортшыларымыздың мерейін үстем ету, олимпиада жеңімпаз­дарын бұқара халыққа насихаттау мақ­сатында арнайы мүшәйра ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылар таратқан мәліметке сенсек, «Ердің жеңісі – елдің жеңісі» тақырыбындағы жазба ақындар мүшәйрасына қатысатын үміткерлердің жасына шектеу қойылмайды. 
Мүшәйраға әр ақын үш өлеңмен қатыса алады.
1.Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елінің атағын аспандатқан спортшыларға немесе Лондон Олимпиадасына қатысушы қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
2. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанған қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
3. Еркін тақырыптағы өлең.
«Мүшәйраға жіберілген өлеңдердің көлемі 15-20 шумақтан аспауы керек. Автордың толық аты-жөні, мекенжайы, телефоны жазылған мәлімет пен шығар­масы massagan.com@gmail.com электрон­ды мекенжайына 2012 жылдың 13 тамы­зына дейін жіберілуі тиіс» делінген хабар­­ламада.
Мүшәйра қорытындысы тамыздың  15-інде жарияланады. Қазылар алқасы­ның төрелігімен жеңімпаздарға жүлделі орындар белгіленіп, олар марапатталады. Және «Ең жас ақын» номинациясы бойын­ша атаулы сыйлық беріледі. Ендеше, қа­лам қуатымен жеңіске деген талпыны­сы­мызға дем бере түсейік!


Табиғаты – суретші, мамандығы – экономист
«Өнерліге өріс кең» демекші, бойында шығармашылықтың дәнегі бар адам қай салада жүрсе  де, өнерге бір табан жақын болатыны белгілі. Жас суретші Санжар Сырғабаев Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің түлегі.


Экономика саласының маманы ретінде бүгінде статистикалық зерттеулер жүргізетін мекеменің қыз­меткері болып жұмыс істейді. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жас дарын 1991 жылы қасиетті Хантәңі­рі баурайында дүниеге келген. Туған­нан табиғаты көркем өлкенің кереме­тін жанына сіңіріп өскен дарынды жігіт өнерден алыс салада жүрсе де, қылқаламын қолынан тастамайды. Суретшілік Санжарға марқұм әкесі  Сырғабаев Болатханнан дарыған болса керек. Туған ағасы Алмас Сырға­баев та бүгінде есімін ел білетін су­рет­шіге айналған. Біз бүгін Алаш оқыр­­манына суретші Санжардың туындыларын ұсынып отырмыз.

                                                                     Ару

                                                                     Қызыл гүл


Микроблогтағы жыр


Көршілес Қытай елінен мектеп бітіре сала атамекенге оралған жас таланттың бірі Тоқтарәлі Таңжарық болатын. Оның сағынышқа толы жігерлі жырлары қазақ жеріне өзінен бұрын жетіп, есімі елге ерте таныла бастады. Адам болмысына үңілуге шақыратын оның шумақтары кейде тылсымға толы ауыр ойлармен көмкерілсе, кейде сондай мөлдір де тұнық жырларға ұласып кететіні бар. Бүгінгі жас ақындардың ішінде Тоқтар ақынның да өз үні, өз қолтаңбасы қалыптасып келеді. Интернетке икемделген қазіргі заманда бұл жас ақын да шығармаларын ара-тұра өз микроблогына жазып, талғампаз оқырмандардың талқысына ұсынып тұрады.

Сенің қара меңіңде –
Дүниенің жылуы.
Тамар шәрбат сезімге
Тамшы-нұрдай үзіліп.

Қара тасқа басылған
Дұғасындай пірімнің!
Тумысы үр асылдан,
Періштесі бүгіннің.

Сол қара мең кеудеме
Түсіргендей бір жарық.
Өзімнен һәм өзгеден
Жүр ем ессіз қызғанып.

Қалдым меңсіз, қайтейін,
Бәрі өткінші мен үшін.
Қиялданам жай тегін,
Өзге қиыр өрісім.

...Сенің қара меңің бе? –
Қабірімнен іркіліп,
Дидарыңа көмілген
Топырақтай бір түйір.

Екендігін ұмытпа,
Егіз мендік жүрекпен.
Бұйырмайды ол ұлыққа,
Түсірмейді ол түнекке!


«Sms-айтыс» күтеміз
Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қарапайым хат арқы­лы сөз алмасатын. Жыр додасының «көкесі» көк жәшіктен де құмарымыз қанғанша көріп жүрміз. Радио, интер­нет те айтыстан шет қалып отырған жоқ.  Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Бүгінде электронды ақпарат­тық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып «sms-айтыс» жүргізу дәстүрге ене бастады. Осы үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газе­тіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыс­кер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің,  Серікзат Дүй­сен­ғазин мен Жандарбек Бұлға­қов­тың,  Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеу­дің ой жарыстыр­ған  өзара «sms-айтысы» мен ақын­дар Бақыт­жан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысхан хат­тарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақ­сы дүниелеріңіз болса, газетіміз­дің электро­нды поштасына жолдау­ларыңызға бола­ды.
«Алаштың жас тұлпары»


Алматыда UNI кітапхана ашылды

Алматыдағы Мәдениет жылы аясында қаладағы 28 панфилов­шы­лар саябағында инно­вациялық UNI жобасының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, халыққа қызмет көрсетуін бастады.
Жаңа жоба – АҚШ-тың  Қазақстандағы бас консулдығы, Шеврон, Халықаралық бі­лім бойынша американдық кеңес (АКСЕЛС) және С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасының  бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінің бір парасы. Ол қоғамдық орындарда, алаң­дар­да, демалыс саябақтарында орналас­тырылатын модульдік жылжымалы кітапхана немесе шағын оқырмандар залынан тұрады. Басты мақсат – оқуға деген қызығушылық­ты арттырып, көп­шіліктің өзара байланысын кітап арқылы ұштастыруда қоғамдық орындарды тиімді пайдалану. Бұл  – өнегелі азаматтармен кездесіп, пікір алмасу, шетелдерде білім алу жолының ақпараттық жобаларымен танысу, сон­дай-ақ танымдық түрлі шараларға қаты­судың қала тұрғындары мен қоғамдық орын­дар үшін жаңа мүмкін­діктің қайнар көзі.
UNI жобасы:  көркемсуретті кітап­тардың, әдеби альбомдардың, анықтама­лық  кітаптардың балаларға, жасөспірім­дер мен ересектерге арналған мерзімді басылымдардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жүйеленген жиынтығы болып табылады. Ол  Жетісу, Бостандық, Медеу, Түркісіб, Алмалы, Әуезов және Алатау ау­дан­дарында орналасып, алдағы 2 қыркүйек­ке  дейін халыққа қызмет көрсетпек. UNI кітапханасы – қаланың шет аймақта­рын­­дағы балаларға және жалпы тұрғын­дарға әдебиет саласынан түрлі ақпарат­тық мәліметтер алуға мүмкіндік ту­­ғы­за­­тын ашық аспан астындағы заманауи кітап­хана саналады. Болашақта бұл жобаны жетілдіру көзделіп отыр.


Қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.

Бетті дайындаған Алмат Исәділ, байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста