Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ
Балалар әдебиетін бүгінгі заманға сай дамытып отырмыз ба?
Бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі иесі. Ал оның қалыптасу жолында ұлттық тамырынан ажырамаған әдебиеттің сіңірер еңбегі өлшеусіз. Жалпы, халықтың өре-деңгейінің биік болуының бір ұшы осы балалар әдебиетімен тығыз байланысты екені даусыз.
Көркем әдебиет көпшілікке ортақ ұлы ұстаз болса, балалар әдебиеті – сол көркем әдебиеттің уызы. Өкінішке қарай, бүгінгі балалар әдебиеті қажетті деңгейде жан-жақты қолдау-көмек көре алмай отыр. Еліміздегі кітап дүкендерінің сөрелері көбіне ресейлік қызылды-жасылды кітаптармен толтырылған. Жергілікті баспаларымыз балаларға арналған жинақтар шығарғанымен, сапа жағынан әлі де болса өзгелерге ілесе алмай келе жатқаны анық. Сондықтан да Қазақстандағы қаржылық топтар мен жекелеген қалталы азаматтар осы мәселеге аса бір ден қойса деген тілегіміз де жоқ емес. Болмаса қит етсе мемлекетке алақан жайып, жоғарыдан бөлінетін санаулы қаржыға қарап, аз тиражға байланып отыра беру кімге тиімді? Оның үстіне, қазіргі уақытта балалар тақырыбына жазатын жастар аз. Бірді-екілі байқаулар болмаса, балалар әдебиеті мемлекеттің қамқорына толыққанды алынбай отыр. Бұл саланы дамыту үшін өзіміз не істеуіміз керек?
Гүлфарида Зейнулина, республикалық «Ұлан» балалар басылымының тілшісі:
– Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде «Дарабоз» бәйгесі ғана белгілі. Бұл байқаудың өмірге қалай келгендігі жайлы жазушы Шәкен Күмісбаев жазып та, айтып та жүр. Бірақ жалғыз байқаудың сыртында «дұрыс ұйымдастырмайды, шығармалары сын көтермейді» деген сөз жиі айтылады. Ал осы сөзді таратып жүргендер – жас жазушыларды оқымайтын, қолдарынан еш нәрсе келмейтіндер. Керісінше, біткен істің астарынан кір іздемей, осындай жобаларды ұйымдастыруға жұдырықтай біріксек деймін. Меніңше, мемлекет балалар әдебиетіне көңіл бөлсе, байқаулар ұйымдастырып, шығармаларды том-том кітап етіп шығарса... Барлық аймақтағы кітапханаларда жастардың еңбегін таныстырып, оқырманды қызықтырса... Телеарналар сапасыз сериалдарын жойып, кешегі, бүгінгі қазақ әдебиетін топтастырған бағдарламалар ұйымдастырса... Ең алдымен жазықсыз құрбан болған Ахмет, Мағжан, Міржақып, Бейімбеттің ашылмай келе жатқан қилы тағдырын, шығармаларын жарияласа деймін. Сонда ғана бүгінгі бейбіт таң үшін тер төккен бабалардың ерлігін оқыған қазақ баласы әдебиетін, ұлтын мақтан тұтары анық.
Меруерт Наурызбай, ақын:
– Бүгінде бізде балалар әдебиетіне лайықты көңіл бөлінбегендіктен, бұл салада шешілмеген мәселе көп. Елімізде балалар кiтапханасы, балаларға арналған сайттар жетiспейдi. Үлкен-кіші қаламгерлеріміздің арасында балалар тақырыбына жазатындар азайып кеткен. Болса да көрінбейді. Себебі кең насихат жоқ. Кейде балаларға арналған қазақша кітаптарды алып қарасаңыз, ішіндегі сөз тіркестері мен теңеулері тым ауыр. Менiң ойымша, қазіргі оқушылар, жасөспірімдер балалар басылымдарымен, интернетпен әуестеніп кеткен. Соның салдарынан олар көркем әдебиетке қол созып, көз сала бермейді. Баланы кітапқа баулу отбасынан бастау алуы керек.
Сейілбек Асанов, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің тілшісі:
– Жалпы, балалар тақырыбын жазуда өзіндік қиындықтардың болуы – заңды құбылыс. Өйткені бұл жанрда жазатын жазушыларға арнайы дайындық, зерттеу қажет. 70-80 жылдарда Кеңес өкіметінің арнайы тапсырмасымен жазылған балалар шығармалары көп болды. Және олардың барлығы жан-жақты зерттеліп, арнайы психолог мамандардың көмегімен дайындалды. Яғни балалар әдебиетінде Кеңес өкіметінің өзіндік идеологиясы көрініп тұрды. Ал қазір ше? Елімізге сырттан келетін балаларға арналған басылымдар өте көп. Батыс жазушылары балаларға не беру керектігін жақсы біледі. Олар жаңа батырларды, мемлекетті құтқара алатын жаңаша тұлғаларды қызықты етіп жазып, арнайы балаларға арналған компанияларына сатады. Тиісінше, ол туындының бағасы қымбаттау болады. Мен бұл туралы BBC-дің арнайы парақшасынан оқыған едім. Менің ойымша, балалар әдебиеті жалпыхалықтық, ұлттық, республикалық баспасөзде ауқымды насихатталмай келеді. Осы саланы дамыту үшін жоғарыда аталған басылымдарға арнайы айдарлар, тұрақты түрде бет арнап, авторларды тарту қажет деп ойлаймын. Және де авторлар арнайы психологпен байланыста болып, шығарманы балалар психологиясын зерттеу арқылы жазса деймін. Бұл мәселе балаларға арналған әдеби агенттік ашу арқылы шешілмейді. Тек авторларға оқырмандар дұрыс көзқарас танытса, олардың жазғандары насихатталып, кітаптарын мемлекеттік баспаханалар дер кезінде кезек күттіртпей басып отырса, бұл мәселе оңтайлы шешілер еді деп ойлаймын.
«Балауса» бәйгесінде бақ сынап көр
Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірігіп балаларға арнап жазылған шығармаларды сарапқа салатын «Балауса» атты бәйге жариялады.
Шығармашылық байқау бойынша сәбилер мен бүлдіршіндерге арналған әдеби (прозалық, поэзиялық, сахналық) шығармалар арнайы қазылар алқасының қатаң сүзгісінен өтеді. Бәйгеге 2-8 жас аралығындағы сәбилерге арналған шығармалар қабылданады. Жалпы көлемі үш беттен аспауы шарт. Шығармалар 1,5 интервалмен, 14-кегельмен стандартқа сай теріліп, үш дана етіп жолдануы керек. Автордың аты-жөні, мекенжайы, телефоны жабық конвертке салынып, сыртына бүркеншік аты жазылады. Бәйгеге деген шығармалар желтоқсан айының 31-іне дейін қабылданады. Қорытындысы 2013 жылы сәуір айының 2-сінде жарияланады. Бұрын жарияланған, уақытынан кешігіп келген шығармалар қабылданбайды. Әділ қазылардың шешімі қайта қарауға жатпайды. Бәйге қоры төмендегідей:
«Балаусаның» басты мақсаты – балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау. Ендеше, қалам ұстаған жас талант, қазақ баласы оқитын жақсы жығарма жазуыңа мүмкіндік бар. Бәйгенің жұмыстары мына мекенжай бойынша қабылданады:
Бас бәйге біреу – 700 мың теңге.
Бірінші орын біреу – 500 мың теңге.
Екінші орын екеу – 300 мың теңге.
Үшінші орын үшеу – 200 мың теңге.
050000, Алматы, главпочтамп, абоненттік жәшік, 176. Анықтама үшін: 2 61 12 52, 8 705 447 18 15
Кітап палатасына – 75 жыл
Биыл ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының құрылғанына 75 жыл толып отыр.
Осы орайда жуырда Алматыда «Еліміздің ұлттық мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен дамытудағы Қазақстан Кітап палатасының рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы еліміздегі бірден-бір ұлттық библиографиялық орталық саналады. Қазақстанда шығатын барлық баспа өнімін есепке алып, өңдеу, статистикасын жүргізіп, сақтау – Кітап палатасының басты міндеті. Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының Баспасөз мұрағатында 4 миллионнан астам баспа өнімі, оның ішінде 400 мыңнан астам кітап өнімі сақталған.
Қазіргі кезде Кітап палатасының негізгі қызметі баспасөз қорын жинақтау мен сақтау ғана емес, ұлттық библиографияның, баспасөз статистикасы, кітап шығару, кітап тарату, кітап оқылымы мен социологиясы саласындағы ғылыми-зерттеулерге бағытталған.
Конференция барысында ұлттық библиография және кітап ісінің қазіргі жағдайы, кітап шығару, кітап тарату, кітап оқуды дамытуды қолдаудың салалық «Ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеру туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық кітап шығару ісінің бәсекелестігін арттыру» бағдарламасының көрсетілімі, интернет кеңістікте «Wikiбілім» қоғамдық қорымен баспасөз мұрағатының электронды базасын құру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ Қазақстан және Қырғызстан Кітап палаталары арасында «Ынтымақтастық туралы» келісімге қол жеткізілді. Конференция жұмысына еліміздің зиялы қауым өкілдері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің жетекші мамандары, ТМД елдері Кітап палатасының басшылары, ғылым және білім саласының қайраткерлері, баспа және кітапхана ісі саласының мамандары қатысты.
Микроблогтағы жыр
yerlan_junus_84@mail.ru
ХХI ғасырдың басы қазақ әдебиетіне жаңаша ойлау мен жаңаша жазатын бірқатар жас таланттар шоғырын алып келді. Солардың ішінде терең білімі мен табиғи дарынын ұштастырып жүрген ақын Ерлан ЖҮНІСтің алатын орны ерекше. Аға буын қаламгерлер мен оқырман тарапынан жоғары баға алып жүрген Ерлан ақынның өлеңі тылсым иірімдер мен тосын қайырмаларға толы. Кітапқа қол тигізе бермейтін бүгінгі заманда жастардың шығармаларымен көбіне ғаламтор арқылы танысуға мүмкіндік мол. Бүгінгі жыр жуырда ғана Ерланның микроблогынан көрініс тапты.
Өзіңде – Өзің,
Өзімде де – Өзің, өз, өз, өз...
Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес.
Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің,
Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес.
Өзімшіл ұлдың бірі – мен едім, мен едім,
Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім!
Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің,
Салдарын емес, құрметтеуші едім себебін.
Еркіңді, ойды, тандауды, арды, төзімді –
Тәуелсіз еттім, боданың еттім сезімді....
Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп,
Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?!.
Құлаққағыс
Қазақстан Жазушылар одағының биылғы күзде өтетін кезекті ХІV құрылтайы қарсаңында жазушылардың телефон анықтамалығы қайтадан жаңаланып шығарылмақ.
Осыған байланысты Жазушылар одағына мүше қаламгерлер биылғы жылдың 25 шілдесіне дейін өздерінің тұрақты мекенжайлары мен телефон нөмірлерін, қажетінше ұялы телефон нөмірлерін де қоса Одаққа хатпен немесе факс арқылы жіберулері тиіс.
Қаламгерлер өздеріне қатысты мәліметтерді 8 (727) 272-62-93 нөмірлі телефонға хабарлап айтуларына да болады.
SMS Айтыс
«Келгенде шілде деген шіліңгір ай, Рамазан оңай болмас бұрынғыдай...»
«Sms-айтыс» айдарында бұған дейін айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің, Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың сөз қағыстырулары мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысқан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
Бұл жолы оқырман назарына белгілі айтыскер ақындар – журналист, Қазақ радиосындағы «Қайырлы таң, Қазақ елі!» таңғы бағдарламасының жетекшісі Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ мен «Асыл арна» телеарнасының қызметкері Асхат ІЗТІЛЕУДІҢ ой жарыстырған өзара sms-айтысын ұсынып отырмыз.
Асхат:
Уа, Бәке, осындай ғой бар талант,
Қай жаққа көшпексіңдер арқаланып?
Ақыры елордасы Астанаға,
Көше ме радио мен «Шалқар» анық?Бақыт:
Бас қалада асқақтап құның сенің,
Бір кезде Астанада тұрушы едің.
Арқардай аудың неге Алматыға,
Есілім деп есінеп, ұлушы едің.Асхат:
Тасбауыр емеспін ғой түк елемес,
Ол кезде төрт құбылам түгел емес.
Қара қазан секілді қалып қоймай,
Үй беремін десе егер – үдере көш.Бақыт:
Көшуді тоқтатқан жоқ жаңа заман,
Ал қазаққа қазына қара қазан.
Айтпақшы, Асхат інім, құтты болсын,
Он екі айдың сұлтаны Рамазан.Асхат:
Келгенде шілде деген шіліңгір ай,
Рамазан оңай болмас бұрынғыдай.
Ораза ұстау қаншалық қиын болса,
Сыйын да арттырады мұның Құдай.Бақыт:
Мен сені тақуадан кем тұтпадым,
Бұрандасын бекітіп бер тұтқаның.
Сөзіңді жұрттың бәрі тең түсінбес,
«Ораза ұстау қиын» деп қорқытпағын.Асхат:
Аузымдағы сөзіме мен абаймын,
Халқыма бақтан басқа не қалаймын?!
Оразадан қорқатын түгі де жоқ,
Ислам – әлемдегі ең оңай дін.Бақыт:
Ол дұрыс, исламды үлгі етесің,
Сөзімізден байқалмас шын кекесін.
Сөзің мен ісің сенің екі бөлек,
Радиоға бір келіп, бір кетесің.Асхат:
Радиоға кім келіп, кім кетпеген,
Сондықтан да қараймын құрметпенен.
Сөзің мен ісің бөлек дей көрмегін,
Талпынып жүрген жанмын сүннетке мен.Бақыт:
Сыр бөлісіп, дәл сендей жақсы ұлменен,
Ойымыз өз арнасын тапсын деп ем.
Сүннетті де ибамен, құрметті де
Сақтағайсың cабақтап дәстүрменен.
Ақындардың бағасы мен осы шағын айтысқа байланысты ұсыныс- пікірлеріңізді газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Қаперге
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары» қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz), «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.Бетті дайындаған Алмат Исәділ, байланыс үшін: almat-76@mail.ru