Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Интернет пен әдебиет: қайсысы бізге ғанибет?
Бүгінгі қазақ қоғамы білімі мен білігі ұштасқан интеллектуалдық ұлт болуға, жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеруге талпыныс жасай бастады дейміз. Десек те, дәл осы тұста біз өмірді енді тани бастаған жас ұрпақтың ұлттық санасын әдебиет арқылы тәрбиелеп, рухани тұрғыда қалыптастыру жағын ескере бермейтін сияқтымыз. Ал ертеңгі болашағымыз болатын ұрпағымыздың тамырына рухани нәр бермей, біз ешқандай да интеллект иесі бола алмайтынымыз анық. Кез келген саланы игеру үшін ең алдымен таным-білім керек. Ал әдебиет ұшан-теңіз білімнің қайнар көзі емес пе?! Сондықтан да қазіргі қазақ баласын өз ана тіліндегі таза әдебиетінен ажыратып алмауымыз қажет.


Кез келген әдебиет өз заманына қарай икемделеді. Қаламгер өмір сүрген ортасын, көрген-білгенін, түйгенін хатқа түсіру арқы­лы шығарма тудырады. Бұрынғылар мы­на­ны жазбады, қазіргілер ананы жаз­ба­ды деп жазғыруға болмайды. Айналып кел­генде, сөз өнері ешқандай тапсырмаларға, ереже, заң­дылықтарға бағынбайды. Туын­ды­гер өзінің Құдай берген талантына, өмір­лік тәжі­рибесіне сүйеніп шығарма жазады. Оның бағасын уақыт пен аса мәртебелі оқыр­ман саралап алады. Уақыт­тың тезі деген – үлкен нәрсе. Әр қаламгер өз зама­ны­на қызмет етеді. Толық, кесімді бағаны еш­кім бере алмайды. Әдебиет – ариф­ме­ти­ка, геометрия, фи­зика, химия сынды нақ­ты ғылым емес. Жазушыдан кемшілік табу оңай, ал жетістік табу өте қиын.
Әйтсе де қазіргідей заманда жазушы болу, кітап шығару оңай шаруаға айнал­ғандай. Аз-маз жазуға икемің болса, қал­таң қалың болса, кітабыңды да шығарып, қала­ған сыйлығыңды да алып, талтаңдап жүре бересің. Бұған қоса қазір танымал болу үшін қағаз басылымдарда шығар­маларың жария­ла­нып, том-том кітап жазудың да қажеті ша­ма­лы. Ин­тер­нетке кіріп ал да, жаз­ған-сыз­ға­ныңды ғалам­тордың әр қал­та­сына тық­­палап отыра бер... Бүгінде көп­теген жас мың­даған емес, миллиондаған адам­ның кө­зіне түсудің оңтайлы жолы осы деп ұғатын бо­луы керек.
Әлбетте, интернеттің игілігін шығар­ма­шы­лық бағытта пай­да­лан­ған дұрыс-ақ, бі­рақ бұл ретте тал­­ғам­ды тара­­зы­лап оты­ра­тын тағы еш­кім жоқ. Сон­дықтан да тәуір дү­ние­лер­дің осын­дай ар­занқол дүние­лер­­дің кө­лең­ке­сінде қалып қойып жататыны жасырын емес. Өкі­ніш­тісі, біз «ширпотреб» әде­биеттің ерік­сіз оқыр­ма­нына ай­­налып бара жат­қан­дықтан, шын жазушының ең­бегін ба­ға­лаудан қа­лып бара жатқан сы­ңай­лымыз. Бүгінгі қалам­гер – мем­ле­кет­тік тапсырыспен шығатын 2 мың дана кіта­бына 2000 тең­ге қаламақы да ала ал­майтын, баспаға басыбайлы кіріптар жан. Алдыңғы толқын ағалар осындай күйде абдырап тұрғанда, Алаш­тың жас тұлпары боларлық қай­раты бар жас қалам иесінің халі не­шік болмақ? Әлде сол сорақысы көп интернеттің шыр­мауын­дағы арзанқол ши­май­лар­дың шыр­мауы­нан шы­ға алмай, та­л­ғамсыз оқыр­­ман­ның сұраны­сын қана­ғат­тан­дыру үшін ғана қол­ға қалам ала­тын деңгейге түсіп кеттік пе? Заман озған сайын интернетке тел­мір­сек те, қолға ұстап оқитын кітаптың құны жоғал­масына сенейік. Сөзіміз түзу, еңсеміз биік, рухымыз мықты бол­сын десек, ұлт әдебиетін ұлықтай білейік.

Бір анық
Қалай десек те, заманауи технология жетістігі – интернеттің өзі ұлт әде­бие­ті мен өнерінің игілігіне зор пай­дасын тигізіп отырғаны анық. Қазіргі уақыт­та әдебиет пен өнердің әр саласы мен бағы­тын қамтыған түрлі сайттар жұ­мыс істеуде. Мұның сыртында шығар­ма­шылық топтар мен жекелеген автор­лар­дың да арнайы сайттары бар. Бұл, әрине, құптарлық, үйренерлік іс. Мыса­лы, әдебиет пен өнерді басты орынға қойып, осы салалар төңірегіндегі мате­риал­дарды молынан беретін төмендегі сайт­тарды айрықша атап өтуге бола­ды:
www.adebiet.kz
www.abai.kz
www.adyrna.kz
www.arzu.kz
www.writers.kz
www.jaqsy.kz
www.massagan.com
Осы сайттарда әсіресе әдебиетке құмар жастардың үлес салмағы басым. Сонымен қатар «Мәдениет» арнасын­да­ғы «Кітапхана», «Өркениет», «Өлең өрнегі» сынды бағдарламалар қазақ руха­ниятына қызмет етіп отырғандығын атап өту керек. Бірақ бұл – жалпы ауқым­да алғанда, тым аз көрсеткіш. Қазақтың интернеті мен телеарналары ру­хани дүниелерді дәріптеуге келгенде өте жұтаң.


Электронды кітап кәдімгі кітапты алмастыра ала ма
Заманауи электронды технологияның алға озған бүгінгі дәуірінде рухани құндылықтарға деген көзқарас та өзгерді. Бұрын кітаптан бас алмайтын қоғам қазіргі кезде компьютердің алдына байланғандай. Болашағына балконнан қарап, мақсатына жету үшін мониторға үңілген бүгінгі ұрпақ өзінің тамырлы төл әдебиетінен алыстап қалған жоқ па?
«Бүгінгі күні кең қолданысқа ене бастаған электронды кітап кәдімгі кітапты ығыстырып, орнын алмастыра ала ма? Қазақ әдебиеті интернет кеңістігінде қаншалықты көрініс тауып келеді, ұлттық әдебиеттің дамуына заманауи үрдістер қалай әсер етуде?» деген сыңайдағы көптеген сауалымызды қалам ұстаған бірқатар жастарға қойып көрген едік.


Асылзат АРЫСТАНБЕК, ақын:
– Интернет пен әдебиет белгілі бір бағыттарда үйлесім таба алуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір ақынның жекелеген поэзиясын, қысқа әң­гіме­лерді, сатиралық шығарманы оқу үшін. Егер үйлесім дегенді пайдалану тиімділігі деп ұқсақ – осылай. Ал енді электронды кітап кәдімгі кітаптың орнын баса алмайды. Мәтін бір болса да, пайдаланудағы ерекшеліктер екі басқа. Кітапты кез келген жерде кез келген уақытта оқу мүмкіндігі бар. Ал электронды нұсқаны ұзақ уақыт пайдалана алмайсыз. Мәселен, трилогияларды оқу мүмкін емес. Көшіріп алып оқыған күннің өзінде, кітаптың рухын сезінбейтін сияқтысың. Интернетте қазақ әдебиетінің жоғарыда айтып кеткен тез оқылатын жанрлары жақсы жарияланып жатыр. Әйтсе де әдебиет порталдары әлі аз. Кітаптың барлық оқырманға жетпейтінін ескерек, мұндай сайттардың көптеп ашылғаны дұрыс болар еді.


Ғазиза ҰЗАҚ, «Massaget.kz» танымдық, ойын-сауық порталының контент-менеджері:
– Қазіргі таңда интернет кез келген саламен үйлесім табуда. Әдебиетте үйлесім таба ала ма, жоқ па, дәл айту қиын. Себебі  әуелі интер­нет­тегі әдебиетті пайдалану жүйесін тауып, оны қалып­тас­тыру керек сияқты. Электронды кітаптардың болғаны, әлбетте, жақсы. Кітапхана мен кітап дүкендеріне бас сұқпайтын жандар қалаған кітаптарын интернеттен тауып оқи алады. Алайда электронды кітаптар кәдімгі кітаптың орнын баса алмайды. Электронды кітапты тышқан арқылы парақтағанша, саусағыңды сулап, кітапты ақтарып оқыған әлдеқайда қызықты әлі тиімді деп ойлаймын. Бүгінде жас қаламгерлер өз шығармаларын ғаламтордағы әлеуметтік парақшаларына жазу арқылы көпшілікке таныстырып жүр. Бір жағынан, бұл әдебиеттің дамуына оң әсерін тигізеді. Ал, бір жағынан, ол шығармаларды кең аудитория, алдыңғы аға буын, интернетті тұрақты пайдаланбайтын жандар қарап, таныса алмайды. Сондықтан да, менің ойымша, әдебиет сияқты біртұтас әлемнің интернетте пайдалану жүйесін ретке келтіріп алу керек.


Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
– Қазір электронды жүйе қоғам­ның барлық саласына мықтап енуде. «Электронды үкімет», «электронды ақша», «электронды неке қию» секілді терминдерге көз үйреніп қалды. Тіпті қазір судьялардың жүктемесін азайту мақсатында «электронды сот» дегенді де тәжірибеге енгізу әрекеті бар. Ер­тең­гі күні қазақтың өміріне «электрон­ды құдаласу» дәстүрі сіңсе де таңғал­маймыз. Ал қазақ әдебиеті интернет кеңістігіне кіргелі біршама жылдың жүзі болды. «Абай.kz», «Әдебиет әлемі», «Мәссаған» сияқты сайттар поэзиялық һәм прозалық шығармаларға кеңінен орын беріп келеді. Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин секілді қаламдас достарымның жеке сайттары да өз оқырманын тауып үлгерді. Шетелдегі қандастарымыз Есенғали Раушанов пен Аманхан Әлім сияқты ақын ағаларымыздың шығар­машылығымен де интернет арқылы танысуда. Бүгінгі таңда бастапқыда кездескен қазақ қарпінің дұрыс оқылуы да оң шешімін тапты. Онда қолданылатын рейтингілік жүйе, бағалау әдісі әдеби туындының көркемдік құндылығын тануға көмектеседі. Сондай-ақ бұл – қаржы тапшылығынан таралым құлаған қазіргі шақта оқырман жинаудың да таптырмас жолы.
Эльдар Рязановтың «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінде телеоператор «жиырма жылдан соң тек телевизияға ғана қалады, басқа ештеңе болмайды» деген болжам айтады. Бірақ қазіргі өмір ол пайымның жаңсақ екенін көрсетті. Киноиндустрия пайда болғанда, кейбір мамандар театр өнерінің басына ақыртас орнатқан. Фотоаппарат ойлап табылғанда, суретшілердің жолы кесілді деп топшылағандар табылған. Дегенмен әрқайсысы өз орнын жоғалтқан жоқ. Кітапқа қатысты да осыны айтуға болады. Сөреде тұрған романды алып оқудың өз рақаты бар. Рухын сезесің. Ойыңда пісіп, қағазға қалпын бұзбай құйылар маржан сөздер баспа бетін көруден де ерекше сиқырға бөленеді. Ендеше, кітап – мәңгілік құндылық!


Микроблогтағы жыр

Қазіргі жас ақындардың ішінде алғашқылардың бірі болып жеке ресми сайтын (www.akberen.com) ашқан ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, «Көк бөрінің рухы», «Көлеңкелер күбірі» атты жыр жинақтарының авторы Ақберен Елгезек өзінің электронды мекенжайындағы микроблогындағы жаңа өлеңдерімен жиі көрініп тұрады. Ақбереннің қаламынан туған кезекті жырды оқырман назарына ұсынамыз.

Дұға керек. Үмітімнің шырағы.
Біліп тұрып, білгім келіп тұрады.
Жылдарды емес, табиғаттың әр кезгі
Мезгілдерін сүргім келіп тұрады.

Қиял керек. Арманымның бұлағы.
Бақытыма сенгім келіп тұрады.
Жаратылыс құпиясын білуге,
Барлық затқа енгім келіп тұрады.

Өмір керек. Жаратқанның сынағы.
Құлап жатып, тұрғым келіп тұрады.
Мен тағдырдың адастырған соқпағын
Ақиқатқа бұрғым келіп тұрады.

Ілім керек. Сана-сезім жұмағы.
Аппақ нұрға толғым келіп тұрады.
Мен пейіштен әр қазақтың баласын
Көргім келіп тұрады.


Құлаққағыс
Қазақстан Жазушылар одағының биыл­ғы күзде өтетін кезекті ХІV құрылтайы қар­­са­ңында жазушылардың теле­фон анық­та­малығы қайтадан жаңаланып шығарылмақ.
Осыған байланысты Жазушылар ода­ғы­на мүше қаламгерлер биылғы жылдың 25 шілдесіне дейін өздерінің тұрақты мек­ен­жай­лары мен телефон нөмірлерін, қаже­тінше ұялы телефон нөмір­лерін де қоса Одақ­қа хатпен немесе факс арқылы жібе­рулері тиіс.
Қаламгерлер өздеріне қатысты мәлі­мет­терді 8 (727) 272-62-93 нөмірлі телефонға хабар­лап айтуларына да болады.


SMS Айтыс

Аға мен іні айтысы
Sms-айтысымыздың бүгінгі кейіпкерлері – қазақ айтыс өнерінде өз үнін танытып келе жатқан ақындар. Бірі аға, бірі іні болып төл өнерімізге, руханиятымызға қызмет етіп келе жатқан жандар. Бұл екеуі де талай жыр додаларында жарқырай көрінген. Сөздері жарасқан өнер иелерінің «Алаш айнасы» оқырмандарына да айтары бар сияқты. Осы орайда, біз бүгін атақты айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов пен ақындық пен журналистиканы қатар алып, бүгінде Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүрген Жұматай Әміреевтің аға мен іні ретінде сөз қағыстырып, ой таластырған өзара «sms-айтысын» оқырман назарына ұсынып отырмыз:
                             Жұматай                                  Айтақын

Жұматай:
Айтаға, қалай сіздің хал-жайыңыз,
Тақылдап тұр ма әлі таңдайыңыз?
Sms-пен көрейік айтыс жасап,
Сахнаға шықпасақ та арнайы біз.


Айтақын:
Иншалла, жақсы біздің жағдайымыз,
Таңдайда әлі жыр бар балдай уыз.
Айтыс менің тағдырым болғандықтан,
Қалайша қайта айналып салмайын із?!


Жұматай:
Көңілден сылып тастап уайым жүгін,
Бірін көрсет мұсылманға сай үлгінің.
Қасиетті рамазан келіп қалды,
Қалай, аға, оразаға дайындығың?


Айтақын:
Ораза – бес парызы мұсылманның,
Ниет түзу, дайындық тұсындамын.
Орынбасар болыпсың «Жетісуға»,
Асаба боп жүруші ең қысылған күн.

Жұматай:
Асаба – ол да кәсіп қолдан келсе,
Той басқару қазақта ол бар нәрсе,
Жемқор емен, толтырған жемсауымды,
Олжасын алмай қоймас жолдан көрсе.

Айтақын:
Жемқорлық бұл қоғамда қасіретті,
Сазан аман, талай шабақ басы кетті.
Қарынның қамын жеген қарабайлар,
Ойнақтап жүр ойламай ақыретті.


Жұматай:
Жемқордың бола бермес өз дегені,
Құлақпен естігенді көз көреді.
Иман жүзді, білімді жастар барда,
Бұл заман оңалатын кез келеді.


Айтақын:
Ел құлағы елу ғой – шулап жатыр,
Ол шуы бірақ маған ұнап жатыр.
Полиция, прокурор, сотыңыз да,
Аттестациядан өте алмай құлап жатыр.


Жұматай:
Олар құптай қоя ма ойыңды аса,
Жақсы ғой кінәларын мойындаса.
Біреу кетсе, орнына біреу келер,
Таныс-тамыр, «Мәке, Сәке» жойылмаса.


Айтақын:
Деп едім бастау көзі тұнық жатса,
Зарыңды жоғары жақ ұғып жатса.
Бұл айтыстың пайдасы сол болады,
Айтқаныңнан нәтиже шығып жатса.

Ақындардың бағасы мен осы шағын айтысқа байланысты пікір­ле­­рі­ңізді газеті­міздің электронды пош­­та­сына жолдау­ла­рыңызға болады. «Өлең­ге әркімнің-ақ бар таласы» де­мек­ші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақын­дар­дың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пі­кір алмасқан шағын айтыстарын ла­йықты деп тапсақ, жариялауға да­йын­быз.


Шабыт деген – жоқ нәрсе
Мұхтар МАҒАУИН, Қазақстанның Халық жазушысы:
Қайтсе жазушы болады? Жазушы болудың қандай шарттары бар?
Ежелден мәлім, бізден бұрынғылар айтқан, айтпаса да анық, бірінші шарт – дарын – Тәңірінің сыйы, тумыс. Дарын – әуелгі шарт қана емес, басты шарт, керек десеңіз, барлық шарттың оннан тоғыз салмағы осы туа біткен дарынның үлесінде... Ұлы физик роман жаза алмайды, оның дарыны – нақты ғылымда. Болашақ жазушының дарын күші де сол сияқты сөз өнерінде ғана.
...Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені, шабыт деген – жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Машық – қалыпты еңбектің мезгілдік жиынтық көрінісі делік. Бап та сол сияқты. Бірақ бапқа түсудің өзіндік бірталай машақаты бар. Уақыт жөнінен алдың ашық, құлықтық тұрғыда төңірегің тыныш болуы керек. Денің сау, басың тұнық болуы керек. Бөтен-бастақ ой атаулы аласталып, күнделікті тұр­мысқа қатысты қам-қарекет ма­за­ламасын. Бар тілек бір-ақ мақсатқа – жазуға аусын. Басқа тіршілік болмасын. Бап дегеніңіз – осы.
(«Мен» кітабынан)



Қадірлі оқыр­ман, халқы­мыз­дың та­лант­­ты өрендері, жас қа­лам иелері! «Алаш­­тың жас тұл­­па­ры»  қо­сым­шасы­ның алдағы сан­­да­рын­да жас ақын­­­­дардың жы­р­­ла­­­ры­­нан құ­рал­ған «Алаш антологиясын» шығару ойы­мыз­да бар.
Жасы 35-ке дейінгі ақын­дар ли­рикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін, өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса, ре­дак­циямыздың электронды хат қор­жы­нына жіберуі тиіс.
Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста