Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Үн-таразы
Қазақтың үні және оның қадірі мен құны
Тауар деп алаш баласының әлі де тамақ, киім, бұйым секілді тек материал­дық дүниелерді санайтынын ешқандай микроскоп немесе ұлғайтқыш әйнексіз-ақ, қарапайым көзбен көруге болады. Алайда есігімізді ұрмай-ақ еніп келген нарық заманы «неңді сата алсаң, сат та, байи бер» дегенді аңғартқалы қай заман. Аузыңдағы әнің бар ма, бойыңдағы сәнің бар ма – бәрі-бәрінің, әйтеуір көзін тапсаң, «бизнесіңіз» дөңгеле­ніп жүре береді. Ән арқылы табыс табу – шоу бизнестің басты «көзірі» болса, сонымен қатар шоу бизнестің бізде әлі онша табысқа жете алмай тұрған бір жағы бар. Ол – дауыс, үнмен табыс табу. Ендеше, біз бүгін қазақтың үні жайлы жан-жақты ой өрбітіп, мәселе қозғап көрсек.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Аузын «а» деп ашқанын ақшаға айналдыра алғандар...
Бүгінде сауданың «құлағы, көзі һәм тілін» тауып алды десек, еш қателеспейміз. Енді ше, қып-қызыл ақша түсіп тұрған жерде кім тауарды тегін мақтасын? Тек жарнама ғана емес, дыбыс пен үн бизнесіне көркем фильм, деректі фильм, жалпы алғанда, кино, анимация саласы да жатады. Олай болса, кино мен анимацияның бір ғана билеті қанша тұрып, бір айналымда-ақ көрермен қалтасынан қаншама миллиардтаған соманы сорып жатқанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Бизнес пе, әрине, бизнес! Соңғы жылдары киноны қойып, жарнамадан кейінгі орын­ға анимация шыққанын білетін шығарсыз? Мәсе­лен, «Шрэк», «Мадагаскар», «Мұз дәуірі», «Көлік­тер» секілді анимациялардың әлемді аузына қарату құпиясының бір шеті оның голливудтық жұлдыз­дардың үнімен сөйлеуінде жатыр. Әр жануардың «өз даусы» бар, яғни «Шрэктегі» есек атақты актер Эдди Мерфидің «асфальтте өскен негр» дауы­сымен сөй­лесе, Етік киген мысықтың образы мүйізі қарағайдай әртіс Антонио Бандерастың «мексика­лық» акценті­мен керемет келісе кеткен. Сол секілді Анжелина Джоли, Брэд Питт, Уилл Смит, қысқасы, тасы өрге домалап тұрған голливуд жұлдыздарының даусымен сөйлейтін «өз жануарлары» бар. Әрине, ол «жануарлар» әйгілі әртістерді асырау былай тұрсын, зәулім сарайлар сыйлап, небір көліктер мінгізіп жатыр. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме, ал біз қазақ даусының кешегі мен бүгінгі бағасының арасын парықтап көрсек.
«Қазақ дубляжының королі»...
Заманында әйгілі актер Мұхтар Бақтыгереев осындай атқа ие болып қана қоймай, сол тұстағы ең бай адамдардың қатарынан да табылған. Олай болмай қайтеді, егер оның дубляждан табатын бір күндік табысының өзі 74 сомды құраса. Ал әртістері жақсы бағаланатын сол тұста айлық жалақының ең жоғарысы 90 сом саналатын. Айына 30 күн толық болмаса да, 20 күн жұмыс істегеннің өзінде, шамамен Мұқаң бір ғана дубляждан 1500 сомдай жалақы тапқан. Осы тұста бір нәрсеге «қап» дегің келеді: сол кезде бүгінгідей жарнама мен түрлі роликтердің бол­мағанына немесе Мұқаңның осы заманда өмір сүрмегеніне. Неге? Себебі мына заман нағыз Мұқаң­ның оң жамбасына келер еді... Жалғыз Мұқаң ғана емес, Алтынбек Кенжеев, Зәмзәгүл Досанова т.б. нағыз қазақы үннің марғасқаларын мына заман жоқтайтындай... Жә, бұл басқа мәселе. Ал енді бүгінде телеарналарда дубляж жасайтын мамандарға қанша ақы төленеді дегенге келсек, сұрастыра, салыстыра келгенде тоқталғанымыз, бір дауыстың бір сағаттық құны орта есеппен 4500-5500 теңге тұрады екен. Алайда ескерерлігі – адам санына қарай бұл сома өзгереді, яғни егер бір фильмді төрт адам дыбыстаса әрқайсысына 4500 теңгеден төленеді. Ал егер төрт емес, екі-ақ адам бір фильмнің үдесінен шыға білсе, есесіне сағатына мың теңге артық, яғни 5500 теңге алады екен.
Енді екі кезеңнің нарқымен аталған сомалардың құнын бағамдар болсақ, наннан бастап барлық азық-түлік пен киім-кешек атаулы тиын-тебен тұратын және баға міз бақпайтын ол тұста 74 сомның құны мен бағасы күн сайын өршіп бара жатқан инфляция зама­нындағы 5000 теңгенің құнын, тіпті салыстыру да қиын. Бұл не деген сөз? Демек, бүгінде актер құны, оның ішінде қазақ актерінің, қазақ дауысының құны төмендеп кеткен дегенге саяды. Алайда екінші бір жағынан, «неге біз дауыс құнын дубляжбен ғана өлшеуіміз керек?» деген де сауал туады. Себебі бүгінгідей нарық заманында не көп, жарнама көп, не көп, түрлі роликтер көп. Ендеше, осындай «қайнаған қара базарда» қазақ актерінің дауысы қаншалықты сұранысқа ие? Соған үңіліп көрейікші.


Үн-зерттеу
Дауыс қанша тұрады?
Құрбым қоңырау шалды:
– Жарнама ролигін жасау керек еді... Мәтін оқып бергенің үшін еңбекақыңа қанша сұрайсың?
 Ойланып қалдым. Себебі мен ол үшін арнайы қаламақы алып көрмеппін. Сондықтан өз білгенімше:
– Көмек қажет болса, тегін-ақ оқып берем ғой, тіпті мәтінін өзім жазып беретін сәттер де жиі болады, – дедім күмілжіп.
– Қызықсыңдар, дауыс дегеннің бизнеске айналғанын білмейсіңдер ме? Өзге жұрт дауысын бұлдап, күн көріп жатыр, – дейді құрбым күйіп-пісіп.
Оның бұл сөзі маған кәдімгі­дей ой салды да, «шынында, осы танымал дауыс иелері сол нығметті қаншалықты пайда­ланып жатыр?» деген сауалға айналамнан жауап іздей бастадым.


Адамзаттың мойындауы бойынша, да­уыс­тың тіршілікте атқарар рөлі ерекше. Мә­селен, менің дауысым немесе сіздің да­уысыңыз келесі бір адамның дауы­сында­ғы екпін, үн, дикция се­кілді ерекшеліктердің орнын толтыра алмайты­ны анық. Әншілер, театр, кино актерларын, теле­жүргізушілерді айтпағанда, өзіме таныс радио саласындағы ерекше үн иелерінің өз заманында қалай бағаланғанын білу маған қызық. Халық мо­йындаған дауыстар, мәселен, Әнуарбек Бай­жан­бав, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебаевтар жеткізген хабарламалардан кейін, ел арасында «Сауық айтса, рас», «Аман­жан айтты бүгін», «Бай­жанбаев өтірік айтпайды» деген ұғым қа­лып­тасқан екен. Олар айтқан ақпарат еш күмән­сіз қабыл­данған.
Темірхан МОМБЕКҰЛЫ-ТҮРКІСТАН, жазушы, «Шалқар» ұлттық арнасының редакторы:
– Дауыссыз өмір жоқ, бірақ біз соның бағасын білмей отырмыз. Бір жылдары жоғарыда отырған біреу ерігіп: «Диктор керегі жоқ!», – деді. Міне, содан бері дик­тордың жұмысын, амал жоқ, жур­налист жасап келе жатыр. Мәселен, мәтінді жа­лынып жүріп журналистерге оқытып алар­мыз, үшеуін, төртеуін оқыр, ол бесін­шісін оқуға міндетті емес, себебі оған ақы төлен­бейді. Соңында дауысы жағымдысы бар, жағым­сызы бар – бәрі эфирде жүре­ді. Қалай болғанда да, кәсіби мамандар­дың оқуы бөлек қой. Дауысы жағымды ма, мәтінге ке­ліп тұр ма – ақысын төле де, оқыт! Дауыс тура­лы айтқанда, біз міндетті түрде Бай­жан­баевты сөз қыламыз. Оның Левитаннан ар­тық­шылығы – ол жаңалық­тар да жеткіз­ген, көркем шығарма да, сая­си хабарлар да оқы­ған, тіпті Әнуарбек ағаның дубляждағы үні де сақтаулы. Жан-жақтылығымен ол Әнуар­бек! Өз уақытында Әнуарбектен асқан дик­тор болма­ғаны рас, бірақ материалдық тұр­ғыда қа­лай бағаланды, ол бізге беймәлім. Ал қазір біз сол дикторлардың үнін хабарла­ры­мызға пайдалану арқылы айлық алып отыр­мыз. Бұл – шындық!

Бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қо­рын­да» 110 мыңнан астам дауыс сақтау­лы. Бізге қым­бат дауыстар қажет пе, іздесеңіз «Алтын қордан» табылады. Мәселен, еш жерде бейне түсірілімі сақталмаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өз оқуындағы өлеңдері де – сол қордың алтын қазынасы. Ақпан айы басталысы­мен, концерттерде, тележобаларда, арнайы бағ­дарламаларда Мұқаңның дауысы шарықтап жатады. Бұдан бөлек, бүгінде «Алматыдан сөйлеп тұр­мыз!» деген Омархан Қалмырзаның, Аманжан Ең­себаевтың дауыстарын да тұтынушы қаже­тінше қолдана алады. Наси­хаты жақсы ғой, тек сол дауыстар нарық за­манында қанша­лық­ты өз бағасын алып жатыр екен?
Қазақ авторларының құқығын қорғай­тын орталық бар. Қандай да бір ән теле-ра­дио, эфир­лерде, сахналарда орындалса, туын­дының ав­тор­ларына арнайы қаламақы төленеді және ақын-жазушылардың, ком­по­зиторлардың құ­қық­тары қорғалады. Сол ұйым қаншалықты құн­ды дауыстардың құқы­ғын қорғап жатыр?
Дархан ӘЗІМХАНҰЛЫ, Қазақстан орындаушыларының құқықтарын басқару қоғамының Бас директоры:
– Қазақстан орындаушыларының құ­қықтарын басқару қоғамы – орындаушы­лар, фонограмма өндірушілер және құқықтарын жекеше тәртіппен қорғау қиын болған са­бақ­тас құқық иелерінің, сонымен бірге қол­даныстағы заңнамамен рұқсат етілген са­бақ­тас құқық нысандарын құқық иелену­шінің рұқсатынсыз пайдалануға, тек оған тиесілі сыйақы төленген жағдайда, құқық­тарын ұжымдық негізде басқаратын Респуб­ли­калық қоғамдық бірлестік. Егер де өнді­ру­ші мекеме, мәселен, радиолар, жекелеген да­уыс жазу студиялары заңды тұлға ретінде дауысты қорғау үшін бізбен келісімшарт жа­саса, біз заңды түрде жұмыс жасауға да­йынбыз.

Жарнама роликтері мен анонстардан үнемі естілетін бізге таныс дауыстардың үнақысы жай­лы сұрастырып көріп едім, бір қызығы – ешқайсысының арнайы белгіленген бағасы жоқ болып шықты. Жеткен ақпараттан, ең қымбаты – актер Азамат Қанапияның дауысы екенін білдік. Бірақ нақты қанша сома екені құпия екен. Ал Қазақстан ұлттық арнасы арқылы да­уысы көпшілікке таныс Берік Көшербекұлының бір жарнама ролигін оқуы 15 000 теңге тұрса, осы мәселенің арнайы шешімін таппай жүрге­ні­не аздап ренішін білдірген танымал радиожүр­гізуші Майра Төлепбергеннің еңбекақысы 15 000 мен 1000 теңгенің аралығында болып шық­ты. Осыларды саралай келе, қазақтың дауысы әлі нарықта өзін бағалата алмапты деген қоры­тындыға келдім.
Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ


Үн-сұхбат
Дауысын қымбат «тауарға» айналдыра алмаған актердің өкпесі өзіне...

Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
– Cіздің қою, қоңыр дауысыңыз бар. Елден ерекше сол үніңіздің бағасын өзі­ңіз білесіз бе?
– Мен сол дауысымды бағалағаннан қазір жөргек жайманы да, сусабынды да, ішкиімді де мақтайтын жарнамалардан бас тартып жүрмін. Тіпті бүгінде өзімнен өзге бір актер­дің дауысын дубляждауға келіспеймін. Нелік­тен мен өз дауысымды өзге біреуге бере салу­ым керек? Егер ол актердің өз дауысы жара­майтын болса, онда неге оны киноға түсіреді? Сол себепті де қазір менің үнім сирек естіліп жүр. Телеарналардан да қанша рет аударма сериалдарды дыбыстауға шақырады, бар­маймын. Бармайтын себебім – сол, көрінген жерде дауысымның естіліп, қадірі кеткенін қаламаймын. Әрине, ол мек­тептен де өту керек, мен өткерген де адам­мын. Бірақ ол кезде дубляж мектебі, тіпті басқа деңгейде еді. Біз өзіміздің сахнада немесе кинода сомдай алмаған образдары­мыз­ды дубляжда сомдау бақытына ие бола­тынбыз. Ол кезде бір адам бір образды ғана дыбыстайтын, ал қазір бір киноны бір-ақ адам дубляждайтын дерт пайда болған. Осыдан кейін дауыста қайдан қадір қалсын?!. Бұл актерлердің кінәсі емес, мәселе­нің бәрі тапсырыс беруші арна­лар немесе т.б. прода­кшн­дар бар ма соларда, яғни олардың бір ғана мақсаты бар – ақшаны неғұрлым үнем­деу. Бес адамның дауысын бір адам оқыса, қал­ған төрт адамның ақшасы қалтада қал­май ма? Міне, гәп қайда жатыр?..
– Сөздің ашығы, дауысыңызға «став­ка» қоясыз ба? Құпия болмаса, қалама­қыңыз қанша?
–  Әрине, қоямын. Оның не жасырып, не ұялатыны бар мына нарық заманында. Өйт­кені мен көрінген дүниені берген ақшаға оқи берсем, даусымда, өзімде не қадір-қа­сиет қалмақ?!. Айталық, жақында Несіпбек Айтов атты алашқа әйгілі ақын ағамыз «Бердіқожа батыр» атты поэма жазды. Батырдың ұрпақ­тары сол 100 шумақтан асатын поэманы оқуымды өтінді. Мен сол кезде дауысым­ды арзандатқым келген жоқ, өз бағамды айттым, олар келісті. Ал ол менің театрдан алатын жалақымнан екі-үш есе жоғары. Оны мен бір сағаттай отырып жаздым. Бірақ алдын ала қанша рет оқып, оның дауыс ырғағы мен екпінді қояр тұсын дәл анықтап алдым. Былайша айтқанда, бүгінде дауыс та – тауар. Айталық, қытай киі­мін арзан бағаға алуға болады, сапасының төмендігін айт­пағанда, ол киімді сіз секілді мыңдаған адамдар киіп жүреді. Ал қымбат киім, біріншіден, эксклюзивті, екіншіден, сапасы да бағасына лайық.  Сол секілді мен қомақты қаламақы сұрасам, көпке дейін басқа еш­нәрсе оқымай жүремін, ал 100 дол­лар алған­дар олай ете алмайды, тіпті, реті кел­се, күні­не қанша дүниені дыбыстауға бар.
– Ал дауысқа баға қоятын кім? Бізде нақты норматив бар ма?
– Бүгінгі таңда нақты норматив жоқ, 500 долларға да келісетін актерлер бар, тіпті 100 долларға да оқитын адамды табуға болады. Бірақ әрқайсысының өз деңгейі бар. Мен осы ретте, көп әріптес­теріме кейіп, «Сендер неге төмендейсіңдер, біреу «сүйек» лақтырды екен деп соған қуана жүгіретін итсіңдер ме? Неге өз мамандық­та­рың, өз таланттарыңа құрмет­пен қарамай­сыңдар? Қашан өздеріңді баға­лауды үйрене­сіңдер?» деп ұрсуға мәж­бүр­мін, шыны керек. Жаным ашығаннан ай­та­мын да, соған құлақ асып жатқандар да бар.


Үн-түйін
Қазақ баласы егілтті

Таяуда «Қытай дауысы» додасына Үрімжіден бақ сынауға келген 34 жастағы қазақ жігіті Тасқын «Дудар-ай»-ды сазды аспаптың сүйемелдеуінсіз шырқап, жұртшылықты таңғалдырғаны жайлы бейнеролик әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдар арқылы әлем жұртшылығына тарап кетті.
Тіпті онша-мұншаны менсінбей, өз даусын мақтан етіп, қазылар алқасында отырған қытай әншісінің өзі кенет сыңғыр ете түскен саф дауысты естігенде жылап жіберді. Және жалғыз өзі ғана емес, жанындағылар да қосыла егілгенін көзіміз көрді. Мұнымен айтпағымыз не?
Қазақтың үні – ол күні кешеге дейін сайын далада алты қырдың астынан естілетін керемет зор күшті дауыс. Қазақтың үні – өзінің кең тынысымен, сонымен қатар құлаққа жағымды әуезділігімен естігенді өзіне елтіп, елік­тіріп, құлақтан кетпестей қалып қойған ғажайып сиқыр. Оған дәлел – Әміренің алғаш Парижды там­сан­дыруы, сосын Күләштің Мәскеу жұртын дүр сілкінткен бұлбұл үні. Сол үн әлі қазақ даласын кезіп жүр. Әр қазақтың кеудесінен өзіне орын іздеп аласұрған сол құдіретті күш  таяуда, тіпті шекара сыртынан жарып шығып, Шын перзенттерінің көзіне жас алдырды. Себебі ол – мұңға толы, сырға толы, шерге толы қазақтың үні.


Үн-түрткі
Уилл Смит қазақша «сөйлеген» соң, ұялсақ етті...

«Құбыжықтар университеті» – қазақ тілінде дубляж жасалған бесінші голливудтық фильм. Ал қазақша «сөйлеген» ең алғашқы туынды «Көліктер-2» екенін білсек, одан бері де екі жыл жаңарып үлгеріпті. Сондағысы небәрі төрт-ақ жаңа картина қосыппыз. «Қара киімділер-3», «Өрмекші адам» (жаңа нұсқа), «Батыл жүрек» және «Жалғыз рейнджер». Бірақ бұл да болса, 2009 жылдан бастап «Мәдениет туралы» заңға «прокат фильмдерінің тілі» атты жаңа бап енгізу  туралы Парламентте басталған дүмпудің арқасында, үш жыл дегенде әрең қол жеткізген «табысымыз», яғни «2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізге әкелінген барлық фильмдер қазақ тіліне аударылуы тиіс» деген талапты қоюға дәтіміз жетті десе болғандай.
Сырттан келетін фильмдерді қазақша «сөйлету» мой­нына жүктелген «Меломан» компаниясының Бас директоры Вадим Голенко таяуда Forbes Kazakhstan-ға сұхбат беріпті. Сондағы оның зар еңірегенін көрсеңіз, еріксіз қосыла егілгіңіз келіп кететіндей. «Мемлекеттің жоспарын жүзеге асыру, тіпті мүмкін емес. Елімізде жылына прокатқа 150 картина түсетін болса, біз бір жылда сонша дүниені қазақша дубляж жасап үлгермейміз. Бұл жерде мәселе бюджет қана емес, база мен ресурстардың жетіспеушілігі деген үлкен ауыртпалық та жатыр. Ендеше, мемлекет «қазақшадан» қайтпай тұрып алса, онда біздің кинотеатрлардың көбі еріксіз жабылуға мәжбүр», – дей келе, В.Голенко алғашқы қазақшаланған «Көліктер-2»-ні мысалға келтіреді. Сөйтсе, сол тұста бірде-бір қазақ актерінің дауысы әлемдік дауыс жазу студиясының сынағынан өтпек былай тұрсын, «мүлдем жарамайды» деп «лақтыры­лып» қалған. «Кем дегенде бес жыл дауысты шыңдамай, қайтып келуші бол­маңдар» депті нарықтың қатал заңына ғана бас иетін батыстық дауыс студия маман­дары. «Кісідегінің кілті аспанда» деп атам қазақ текке айтпағанын осы тұста тағы бір ұғына түскендей болдық. Өз кетігімізді өзіміз тол­тыра алмаған соң, осылай  өзгеге кіріптар болып, «киноңды аударайық» деп табанына жығылып, сонымен қоса, есіктегі күң се­кілді сөз естіп, «сарт еткен есіктің маңдайымызға келіп соғылғаны». Сонда да біз ренжімек түгіл, жығылған жерден түк болмағандай қайта тұрып, керісінше, «олай болса, бізді өздерің оқытыңдар» деп жалындық. Сонымен,  Disney студиясының мамандары Қазақстанға келіп, біз­дің әртістерге «дубляж технологиясын» бір ай оқытып кетті». Бұл В.Голенконың айтқаны.
Қош! Бірақ бұл мәселенің бергі жағы болса керек. Яғни дубляж сапалы шығу үшін бір фильмге кемі 40 актер қатысуы тиіс. Себебі эпизодтағы кейіпкердің өзіне ерекше дауыс керек. Олай болса, әр дауыс – ақша!  Көп адам біле бермейтін екінші бір үлкен мәселе – қазақ тілінің дыбыстау кезіндегі созыңқы әуені. Шынында, біздің асықпай, баяу әрі әр сөзді созып сөйлейтініміз өтірік емес. Салыстырмалы түрде алсақ, қазақ тілі орысшадан екі есе, ал ағылшыншадан үш есе созыңқы екен. Сондықтан «Қара киімділер-3»-ті қазақшалау барысында Уилл Смит сомдаған фильмнің басты кейіпкерін сөйлету тіпті қиынға соқса керек. Қазақ әртістері бірінен соң бірі жарамай қала берген, себебі – Уилл Смиттің шапшаң сөйлеу ырғағына ілесе алмаған. Тек Азамат Қанапия ғана намысқа тырысып, оның ритмін қаға білген. Жалпы, дауыстың техникамен үндесуі адам түсінбейтін бір сиқыр болса керек. Мәселен, өн бойында шеберлігі тұнып тұрған кей актердің үні микрофон алдына келгенде құмығып, құлаққа жағымсыз естілетін оқиғалар жиі ұшырасады екен. Кері­сінше, сахнада онша көрінбей, небір мықтылардың көлеңкесінде қалатын кей актердің үні өз бағын дубляждан табуы әбден мүмкін. Микрофон деген – өте сезімтал құрылғы, ол өзіне «ұнайтын» үнді өзі «іріктейді». Мәселен, «Жалғыз рейнджердің» басты кейіпкеріне Берік Айтжановты таңдаған басқа емес, Джонни Дептің өзі болса керек.
Елімізде қазақша «сөйлеген» фильмдердің жүрісі баяу дегеніміз болмаса, қазақ тілін әлемдік қауымдастыққа ендіруде басқа емес, осы дубляж мәселесі таптырмас тәсіл болғандай. Кино, шын мәнінде, тілді насихаттайтын, танытатын тегеурінді құрал бола алады. Қарапайым ғана мысал, «Көліктер-2»-ден кейін қабылдауы ең нашар деген адамның өзі кемі бес қазақша сөз үйренді. Сондай-ақ бұл жобалардың тек кинотеатрларда ғана тарап қоя салмай, дискіге жазылатынын ескерсек, онда тіл таңдау мәзірінде міндетті түрде қазақ тілі шығады. Ал бұл – АҚШ-та жатқан адамның өзі қаласа киноны қазақша көре алады деген сөз. 


Бетті дайындаған Мәриям Әбсаттар

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста