Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Ұрланған бал дәурен немесе жұлдызды балалық шақ бақытқа бастай ма?
Бала үшін ата-әже мен әке-шешенің әлдилеген алақанын сезініп, асыр салып ойнаудан артық бақыт жоқ екенін, өкінішке қарай, көп адамдар түсіне бермейтін секілді. Әйтпесе құлыншағын ойыннан қағып, бас-аяғы бес-алты-ақ жылда өте шығар бал дәурен шағының қызығын сахна мен кино алаңына айырбастар ма еді? Әрине, іштегі өнері тесіп бара жатқан баланың жөні бөлек, ойынға оның өзінің-ақ зауқы соға қоймауы мүмкін, әйтсе де көп жағдайда «жұлдыз» болуға құмартатын баланың өзі емес, ата-анасының орындалмаған арманы болса керек.
Тіпті бұл жайлы орыс халқында «әрбір бала – өз ата-анасының орындалмаған арманының құрбаны» деген де сөз барға ұқсайды. Яғни биші бола алмай қалған қыз кейін ана болғанда өз қызын би үйірмесіне сүйресе, ала допта кеткен ақысын әке өз баласы арқылы қайтаруды көздейді. Әлі оң-солын танып та үлгермеген «бозбала әке» мен «бойжеткен ананың» ойынша, бәлкім, баласы «асық ойнап азып, доп ойнап тозғанша», баланың кішкентайдан болашаққа ұмтылып, болашақтың іргетасын қалағаны дұрыс та шығар, бірақ... Мәселенің бәрі біздің сол «бірақты» жадымыздан шығарып ала беретіндігімізде секілді. Ол не «бірақ»? Бірағы сол: келешектің қамытын ерте киген балақай өзінің бүгінгі бал дәуренінің тәп-тәтті дәмін сезіне алмаған күйі көзден бұлбұл ұшырады. Яғни атақты бала атанар-ау, алайда қарапайым бала боп күле алмайды, алаңсыз асыр салып ойнауға оның уақыты жоқ. Тіпті сабағы да екінші кезекке ысырылып, түсірілім, сахна, сұхбат, гастроль деген атағы дүрдей, бірақ өзі тым қатал «өгей шешенің» уысына түседі. Ойыншықты былай қойғанда, бала достарынан алыстап, үнемі үлкендердің арасында жүреді, осының барлығы балалық шақты ұрлап, ерте есейтіп жібереді. Ең жаманы да осы – баланың өзін бала емес, егде сезінуі. Ендеше, сондай өмірге итермелеу арқылы ата-ана өз баласына қиянат жасаған болып табылмай ма?
Әлемге әйгілі балалар
«Бес саусақ бірдей емес», яғни балалық шағынан бастап өнерден өз орны мен бақытын тапқан өрендер аз емес. Мәселен, ғаламшар балаларын аузына қаратқан «Гарри Поттер» ертегісінің басты кейіпкерін сомдаған Дэниел Рэдклифф сол рөлінен кейін болашағынан үміт күттіретін актерге айналып шыға келді. Қазір ол есейді және киногерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Ал атағы Дэниелден аспаса, кем түспеген «Один дома» кинотуындысының басты кейіпкерін ойнаған Маколей Калкиннің кейінгі тағдырына балалық шақтағы жұлдызды өмірі кері әсерін тигізді десе болғандай. Себебі бір емес, бірнеше сериялы «Один домадан» кейін-ақ Маколей балақан өзін соншалық зор, жарқыраған жұлдыз сезініп, кеудесіне нан пісіп кеткен еді. Басына қонған бақты көтере алмай, бала жұлдыз ішкілікке беріліп, құлдырай-құлдырай ең төменге бір-ақ түсті. Солайша актерлік карьера түгіл, адам боп өмір сүруі неғайбыл күйге жетті десек артық болмас еді.
Атақтың буын көтере алмаған бала жұлдыздың тағы бірі – Эль Фэннинг. Дүниежүзі көрермендері бұл қыз баланы «Вавилон», «Бенджамин Баттонның жұмбақ өмірі» секілді тағы да бірнеше кино арқылы жақсы таниды. Ол өзінің 12 жасына дейін 30 шақты фильмге түсіп үлгерген. Таңғаларлық жылдамдық, алайда сонымен қатар соншалық тығыз жұмыс графигін аңғармау мүмкін емес. Эль соншалық атаққа қол жеткізді, оның қарақан басына қаншама адам құрдай жорғалап қызмет етеді, бірақ... Бірақ ол бақытсыз бір жағынан, себебі ол өзін өзгелерден тым жоғары санап, «мен ерекше туған жанмын» деп сезінеді. Бала боп қуанудың не екенін білмейтінін мына бір мысалдан-ақ аңғару қиын емес, яғни Эль 9 жасқа толғанда әжесі оның туған күніне балақай қаншама уақыт армандаған әйгілі Мэрилин Монро кезінде жаққан кремнің құтысын сыйға тартқан. Ойлап көріңізші, қалыпты бала сондай сыйға қуана ма? Яғни жұлдызды өмір баланың психологиясын төңкеріп тастайтын дүлей күшке ие, ал бұл барып тұрған қиянат емей немене?
«Көксеректен» кейін күле алмай қалған Құрмаш...
Жоғарыда келтірілген мысалдар шетелдік актерлер ғой дер болсақ, онда өз киноларымыздың бала кейіпкерлері тағдырына үңіліп көрейік. Біз газетіміздің осыдан біраз бұрынғы санында «Менің атым – Қожаның» кейіпкерлері жайлы жазған болатынбыз. Сонда сізді фильмдегі Жанар қызды сомдаған Гүлнар Құрабаеваның сол кинодан кейін мүлдем бұл саладан үзілді-кесілді бас тартқаны таңғалтпады ма? Оның сырын кейінгі өмірінде инженерлік саланы таңдаған Гүлнар апай «Бір жылға созылған фильмді түсіру процесі менің сабақ үлгеріміме қатты әсер етті. Сондықтан да мен одан кейін келіп түскен ұсыныстардың бәрінен бас тарттым, тіпті кинодағы Қожа, Жантаспен де хабарласуға тырыспадым» деп түсіндірген. Ал әйгілі Мұқаң, Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша түсірілген «Көксерек» фильмінде бала Құрмашты сомдаған Қамбар Уәли тіпті өкінішті халде қалса керек. Осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болып кеткен ол ағамыз баспасөзге берген бір сұхбатында былай депті: «Кино түсіріліп біткен соң «Мен осы Құрмашпын ба, Қамбармын ба?» деп ойлайтын болдым. Құрмаш менің күлкімді ұрлады. Тіпті емін-еркін күле алмай қалдым. Күштеп жымиятын болдым. Күні бүгінге дейін солай. Мен «Көксеректен» кейін бірнеше киноға түстім. Бірақ көрерменнің есінде күлкісі ерте ұрланған Құрмаш болып қалған тәріздімін. Қазіргі кәсібім кинодан мүлдем алыс. Бірақ ұлым өнердің жолын таңдаған тәрізді. Ол Еркін Рақышевтың «Жетімдер» киносында басты кейіпкерді сомдады. Ұлымның да күлкісін «Жетімдер» ұрлап алды ма деп қорқамын».
Қысқасы...
Баласын жұлдыз қылуға құмар ата-ана алдымен жақсылап ойланып алғаны жөн дер едік. Әлемдік ойшылдардың қатарынан орын алған Конфуцийдің «Әке – әке, ана – ана, бала – бала, яғни әркім өз орнында болған қоғам ғана бақытты» деп текке айтпаса керек. Ендеше, баламызды бақытынан ерте айырып, оның ең тәтті кезеңінің обалына қалмайықшы...
Мәриям ӘБСАТТАР
Әселдің ән-шеруі
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Ән-шеру» бағдарламасы
Авторы: Әсел Ергешқызы
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты:
Қазақ радиосы, сенбі күні сағат 22:00
Алаштың үздік әнін таңдаңыз
Шарты:
Әр айналымға сегіз жаңа ән қатысып, бақ сынайды. Қатысушылар жасына шектеу қойылмаған. Үздік әнді тыңдаушылар анықтайды.
Дауыс беріңіз!
www.kazradio.kz (сілтемесі http://www.kazradio.kz/kaz/more/ansheru/ )
Сондай-ақ әр сенбі сайын кешкі сағат 22:00-де басталатын тікелей эфир барысында 8 /7172/ 55 33 55 байланыс телефоны арқылы да хабарласуға мүмкіндігіңіз бар!
Жалпы, дауыс саны бойынша 60 пайыздан астам тыңдаушыға ұнаған ән көркемдік кеңестің шешімімен Қазақ радиосының «Алтын қорына» қабылданып, арнайы тіркеуге алынады. Ал ән 80 пайыздан артық тыңдарманның дауысына ие болса, Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің жартылай финалына қатысуға жолдама алады.
«Кең даланы» тыңдаңыз
16-айналымда бақ сынап жатқан әндерге қысқаша шолу жасауды жалғастырамыз.
V-Alem тобы. Құрылғандарына тұп-тура екі жыл толып отырған топ аз уақытта өз тыңдармандарын тауып, ән қоржындарын сапалы әндермен толықтырып үлгерді. Тікелей эфир барысында қоңырау шалып, пікір білдіретін тыңдаушыларының дені жастар. V-Alem тобы ән-шеруде Алмаспен бірлесе шырқаған «Кең дала» әнімен бақ сынап жатыр. Ән авторлары: Ринат Зайытов пен Алмас Кішкенбаев. Айта кетейік, қаңтар айынан бастап бұл топ Алмастың жетекшілігіне өтіп, қазір бірлесе жұмыс жасап жатыр.
Қайтсем сен қуанасың, жан анашым...
Анашым,
Бақ тілеп балаңа шын.
Тәңірден сұранасың,
Қайтсем сен қуанасың, жан анашым...
Бұл әннің авторы – Жақсыбек Қалелбек. Ол анасына деген перзенттік махаббатын осы әнмен жеткізуге тырысты. Орындаған – Қанат Үмбетов. Тыңдаушылар өте жақсы пікірде. Тек Қанаттың жанкүйерлері сайтта белсенділік танытса...
Қанат ән-шеруіміздің алдыңғы айналымдарының бірінде Тоқтар Серіковтің «Ғарыштағы ғашығым» әнімен жеңімпаз атанған болатын.
Ауылды сағынған «Серілер»
Ағайын-туыс, бауыр-ай,
Кішкентай ғана
ауыл-ай,
Туған жерде тулайды,
Тулайды асау
қаным-ай.
Атамның туған
жері еді,
Анамның туған елі еді.
Ауырып жаным
тұр неге,
Ауылға кеткім келеді...
Бұл – «Серілер» тобының орындауындағы Болат Есмұханның «Ауылым» әнінің мәтіні. Мәтін авторлары: белгілі ақындар Алмас Темірбай мен Талант Арғынғали. Репертуар таңдауға өте сақ қарайтын «Серілер» бұл әнді ән қоржындарына қосуда да жаңылыспағанын байқатты.
Ән-шерудің 16-айналымында қай ән дара шауып, үздік атанды? Толығырақ ақпарат пен жеңімпаз әннің орындаушысымен болған әңгімені айдардың келесі шығарылымынан оқитын боласыздар. Ең бастысы, Алаштың үздік әнін бірге таңдайық!
Алашыңа ән сыйла
Осы айдармен белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып келе жатқанымызға біршама уақыт болды. Алашқа әйгілі ақындардың сөзінен шабыт алып, жаңа ән тудырып жатқандар да баршылық. Ендеше, кезекті тағы бір жыр жолдарына берейік.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, ақын:
НАУРЫЗ КЕЛДІ...
Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап артымда қалды ізім.
Тым ыстық көктемім жаныма,
Тыныштық әкелсін Наурызым.
Наурызым әкелсін тыныштық,
Дарысын далама ырыс-құт.
Көңілді жайнатсын гүлдердей,
Сенімді жаратсын құрыш қып.
Жаратсын құрыш қып сенімді,
Жақсылық жайласын көңілді.
Жұлдыздар жарқырап көгімде,
Ұл-қыздар қуантсын елімді.
Тілегі осындай Наурыздың,
Жігерлі жігітке бер тізгін.
Сүйінер ізгілік лебіне,
Сүйкімді сыйымыз бар біздің.
Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап артымда қалды ізім.
Жайнай бер, гүлденіп, көктемім,
Жасай бер түрленіп, Наурызым!
Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, 8-701-910-60-32 телефонына хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ, газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындардың да құлағына алтын сырға!
Ертегі кеш өтті
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білім алумен қатар, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, ғылым мен өнерді қатар алып жүруге барлық жағдай жасалған.
Соның бір дәлелі ретінде жастардың эстетикалық дүниетанымын кеңейту мақсатында 30 сәуір күні Студенттік парламенттің ұйымдастыруымен алғаш рет студенттік бал (Венский бал) болып өтті. Айтулы шараға ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастығы С.Боқаев, қоғам қайраткерлері, университет басшылығы және оқу үздіктері мен өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді студенттері шақырылды.
Бұл кеш бұрынғылардан өзгеше болды. Олай дейтініміз, кештің ашылуы 100 студенттен құралған аққудайын таранған, сұңқардайын сыланған 50 жұптың әсем полонез музыкасында вальс билеуімен ерекшеленді. Студенттік бал – мәңгілік көктем, мәңгілік махаббат... Әсем әуеннің ырғағында дөңгелене вальс билеген жұптарға қарап қызықпаған, музыкаға елтімеген жан қалмады.
Осы 100 дебютанттың биінен кейін сөз алған ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов жиналғандарды алғашқы рет өткізіліп отырған ауқымды шарамен құттықтап, студенттердің жазғы сынақтарына сәттілік тіледі. Ректор сөзінен кейін «Сағындым Алматымды» әніне дебютанттармен бірге зал қонақтары да қосыла вальс биледі. Балға жиналған қонақтар тек мерекені тамашалап қоймай, қазақ әндеріне вальс билеп, көңілдерін көтерулеріне бар жағдай жасалынды. Бұл би кешін өткізу бағдарламасына арнайы кастинг өткізіліп, оған 300 студент қатысса, олардың арасынан іріктеліп 100 студент қана бүгінгі кешке жолдама алған.
Еліктірген вальс, салтанатты полонез, көңілді полька, шапшаң музыка, смокинг және фрак, бозбалалар мен арулар – веналық ертегінің кейіпкерлері осы кештің шындығына айналғандай әсер қалдырды. Қонақтар күткен тосын сыйдың бірі – кеш барысында «Ханзада мен Ханшайымның» анықталуы болды. Ертегі кейіпкері «Ханзада мен Ханшайым» болу атағы биден ерекше көріне білген жұп – Өнеркәсіптік инженер институтының студенттері Бегзат Ахметов пен Ақерке Ермекбайға табыс етілді.
Мерей МАТАЙ
5 миллион кімге бұйырады?
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жұлдызды сәт» мегажобасында мамырдың 11-інен бастап, сенбі күні тікелей эфирде дауыс беру басталады. Әр бағдарламадан екі өнерпаз ғана финалға шығады. Финалға жолдама алған дарындар арасында тағы бір мәрте іріктеу өтіп, халық қолдауына ие болған шынайы талант қана 5 миллион теңге ақшалай сыйақыға ие болады. Бұл туралы «Қазақстан» АҚ» республикалық теле-радио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы хабарлады.
Қазақстан жұртшылығы «Жұлдызды сәт» теледуманының іріктеу кезеңін бірнеше аптадан бері «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан тамашалап келеді. Бұл жоба басқа бағдарламадан өзіндік ерекшеліктерімен айшықталды. Аз уақыт ішінде көрермендердің жүрегіне жол тауып, халықтың ықыласына бөленді. Жобада бақ сынаған үміткерлер ел арасынан шыққандықтан, бағдарлама халыққа біртабан жақын.
Енді қазылар алқасының қолдауына ие болған үміткерлер тікелей эфирде өнер көрсетеді. Бұл жолы жобаға қатысушылардың өнерін саралап, оларға баға беруші – халық. Қызу тартыс көрермендердің көз алдында өтеді. Көрермен өзіне ұнаған өнерпазға SМS жолдау арқылы дауыс береді. Жобаның іріктеу кезеңінен бастап талантымен жұртты таңғалдырған өнерпазға жанкүйер болуға мүмкіндік алады. Ал үміткерлер болса, көрсететін өнерлерін одан сайын күрделендіріп, төрешілер мен көрермендерді таңғалдыра түседі.
Бас жүлде үшін тартыста бір кітапты түгелімен жатқа білетін Шаймерден Әскен, шегені алақанымен бір ұрып қағатын Есімбек Тоқжігітов, қылыш жұтқан Айдос Тоқтарбаев та барын салмақ. Көмейінен құбылта дыбыс шығаратын Бейбарыс Бақбергенұлы, суретші Базар Ырыстанұлы, сыйқыршы Аббос Абдуллаев және басқалар көрермен көзайымына айналып үлгерді. Ел ішінен шыққан осы таланттардың өнерін тамашалап, дауыс бергіңіз келсе, «Жұлдызды сәттің» әр бағдарламасын қалт жібермеңіздер!
«Қазақстан» ҰТА баспасөз қызметі