Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Жаңабай Өтегенов, жас әнші: Өз басым «Астананың әншісі», «Алматының әншісі» деп бөлуге қарсымын

Бүгінде, шыны керек, жылт ете түскен арзан жылтырақ көп те,   жап-жасыл жапыраққа мөлт етіп тұнған тамшы аз. Алғаш тыңдағанда мен оның үнінен қазақы қоңыр бояумен қатар, үздіктіріп барып үзіліп түсердей мөлдір тамшы сыңғырын естігендей болдым. Әсіресе «О, менің жүрегім, жүрегім, алып ұшқан» деген жолдары «Аяланы» одан сайын тыңдата түсіп, шіркін, осыны орындаған әнші кім болды екен деген сауал туындатқаны рас. Ән тыңдарман арасына тез тарады, ал орындаушысын жалпы жұрт тек ол «Саз әлеміне» шыққанда барып білді. Ең ғажабы сол: «Аяла» – жылдың ең үздік әні, ал Жаңабай Өтепбергенов сол үздік әннің орындаушысы атанды. Астанада тұратын жас әншіні біз Алматыға келген сапарында сұхбатқа тарттық.

– «Аяланы» жұрт қашаннан тыңдап, жүрекке сіңіріп алғаны жасырын емес, сондықтан көрермен үшін жаңалық ән емес, өзіңіз болғандайсыз. Осыған дейін көрінбей, қайда жүрдіңіз, әңгімені содан бастасақ...
– «Саз әлемі», шыны керек, былтыр емес, алғаш шыққан, алдыңғы жылы халық күтпеген керемет жаңалықтарымен әнші­лердің де, тыңдаушылардың да сүйсінісі мен таңданысын туғызған болатын. Оның ең кереметі студияда тірі дауыста ән салу еді. Ол ең бірінші көрерменге әншінің шынайы даусы мен фонограммадағы дау­сы­ның парқын бағамдап, кімнің кім екендігін тануға, екіншіден, сапалы-сапа­сыз­ды айыруға мүмкіндік ашса, әншілерге жауапкершілік жүктеп, мүмкіндік берді. Әділқазылар жаңа туындының сөзін, әнін, әншінің өзін сахнада ұстай білуі, киінуіне де бағасын беріп, солайша бұл жобаның сәл де болса қалғып бара жатқан эстрадаға қозғау салғаны рас. Сол алғаш­қы жылы кеш естіп, қатысушылар тізіміне ене алмай қалдым. Бірақ «Ештен кеш жақсы» деген, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінетін жөнім жоқ сияқты. Иә, рас,  әнімді білгенімен, жұрт түрімді тани бермейтін. Себебі бір ғана клипім шықты, онда да азғана уақытқа. Ал әнші үшін танылу да қажет. Сол жағынан маған «Саз әлеміне» қатысуым үлкен мүмкіндік болды.
– «Жылдың ең үздік әні» номинациясын иемденіп, жеңімпаз болам деген ой болды ма сізде? Жалпы, жеңіске ұмтылдыңыз ба? 
–  Көлгірсіп тұр демеңіз, менде, расын­да, осыдан бір жеңіп кетейінші, мен кере­мет мықтымын деген ой мүлдем болған жоқ. Әнімді танытсам, өзімді ел көрсе болды деген қарапайым ғана ниет болды. Әнімді тапсырып кеттім, ұйымдас­тырушы­лар өздері хабарласатын болып қалған. Содан бір күні қаннен-қаперсіз жүргенім­де, аяқастынан «күні ертең түсірілім жұмы­сына үлгеруіңіз керек» деп қоңырау шалып тұр. Қуанып та үлгермей қалдым, шынына келсек, «қап, асығыста елге ұнады ма» деп жүрсем, финалға өтіп кеткеніме өзім де таңғалдым. Не де болса әннің бағы шығар деп ойлаймын.
– Әр әншіні танытатын бір әні болады. Бастапқыда басқа бір бейнеклиппен шыққаныңызбен, жұрт сізді «Аяла» арқылы танығаны рас. Осы әніңізді қалай таптыңыз?
– «Жібек сезім» деген әнді естімеген адам жоқ шығар. Алғаш тыңдағаннан-ақ қатты ұнаған соң, авторын іздегенмін. Сөйтсем, ол әннің орындаушысы Клара Төленбаева апайымыздың жары Медет Салықов ағамыз екен, өзі – әнші. Соны білгеннен кейін бірден «тағы бір осындай әніңіз болса» деп қолқа салуға Медет ағаны іздеп бардым. Ынталы жасты кім жек көрсін, ағамыз жатсынбай, өзінің әлі жарық көрмеген бір әнін ұсынды. Алғаш, негізі, оның сөзі «Жүрегім, мені аяла» болатын. Бірақ біз сөзі жүректен бірден орын алатындай, сапалы туынды болуы үшін ақын Қалқаман Сарин ағамызға  жүгіндік. Ол кісіге ән бірден ұнады да, сөзін бір деммен жазды да берді.
– Көрермен болып отырған мына бізге көп нәрсе байқалады ғой, бір нәрсеге таңғалдым: сіз осы әніңізбен «Саз әлеміне» алғаш шыққанда әділқазылар арасынан «Арманым, мені аяла», ну-ка, постараемся спеть вместе, разве такая медленная песня можеть стать хитом года?» дегендер де табылған. Сол ән кенет жеңімпаз болғанда, шыны керек, басқасы-басқа, өзім таңғалдым. Сіз ше, таңғалдыңыз ба? Жалпы, ортаға шығарып, сынға алғанда, сізді жерге ұрғандай болып сағыңыз сынған жоқ па?
– Жоқ. Әркім өз бағасын беруге құқылы ғой. Ол жерде әділқазы болып отырғандар өнерге кездейсоқ келген адамдар емес. Мініміз болса, сынасын, бетімізге айтсын, қайта одан қорытынды шығаратын бола­мыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген рас. Тек бір сөз көңіліме онша қонған жоқ. Ол өз басыма қатысты емес, қазақ әніне қатысты. «Кешегі әнді айтпа» деп қалды. «Кешегі ән» деп қазақы әнді айтып тұрса, онда мен онымен келіспеймін. Егер мен қазақтың әнін айтып, қазаққа керек бол­ма­сам, басқа кімге керекпін? Дамуы­мыз керек шығар, бірақ қазіргі заманға сай бо­луым керек екен деп мен етек-жеңі ашық, есі кеткен әндерді айтуға тиіс емеспін ғой. Жаңарудың жөні осы екен деп, «кешегі» әнімді тастай алмаймын. Қазақы болмы­сымызға қарсы келу, өзімізді өлтірумен тең деп түсінемін өз басым.
– Қазақы тәрбиені қайдан алдыңыз?
– Әңгіменің  ашығы, мен өзім дәстүрлі әншімін. Айман Мұсақожаева апайы­­мыз басқаратын Астана қаласын­дағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі ән мамандығын алғанмын. Ғари­фолла Құр­ман­ғалиев мектебін оқыдым. Сондай мек­тепті бітіре тұра, ессіз әндер айтып кеткенім жараспайды ғой. Айтуға да тиісті емеспін. Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Бекболат Тілеуханов сынды дәстүрлі әннің майын ішкен апа-ағалары­мызды тыңдап өскен адам қазақылықтан еш жырақ кете алмайды. Мен осы бір нәрсеге таңғаламын кейде.
– Неге таңғаласыз?
–  Дәстүрлі әншілерге эстрадада ән салу қиын емес пе деп сұрап жатады көп жұрт. Несі қиын? Қайта эстрада әншісі дәстүрлі әнді айта ала ма деп сұрау керек қой, керісінше. Өйткені дәстүрлі әнші – ән салудың жүйелі мектебін бітірген кәсіби маман. Сіз, мысалы, қазаққа тән емес, болмысына жат ән орындаған бір дәстүрлі әншіні көрдіңіз бе? Барлығы да төрт аяғын тең басқан кереметтей сөзі мен әні үйлес­кен әндер орындайды. Үлгі алатын болсақ, осындай кісілерден үлгі алу керек. Ал «Саз әлемі» сияқты жобалардың жаңадан шық­қан жас әншілерге ән салу, жүріс-тұрыс, сахналық костюмнен сабақ беретіні дау­сыз. Өйткені қазір сахнада жүргеннің бәрі кәсіби әнші, жүйелі мектепті тамамда­ған­дар емес қой. Әсіресе соларға ауадай қажет.
– Қара домбырамен қанаттан­ған жастың қазақы болмысынан кете алмасы даусыз. Бірақ басым жұртшылық сізді эстрада арқылы таныды ғой. Ендеше, таяу бола­шақ­та жұрт алдына терме, дәстүр­лі ән орындап шығу ойда бар ма?
– Ойда бары былай тұрсын, ол – менің кәдімгі жүрегімде. Болашақта Құдай қа­лап, концерт беріп жатсам, міндетті түрде терме, толғау, дәстүрлі ән орындалатын болады. Репертуарымда адайдың ішіндегі Ақтанның, Қашағанның жырлары, жеті қайқының әндері, яғни Маңғыстау түбегін­дегі кезінде Ғарифолла – Ғарекең біздерге жеткізген сал Мұхиттың әндері бар. Шер­нияз, Наурызбек жыраудың термелерін де орындаймын. Барлығын кіштентайымнан тыңдап өскенмін. Бірақ мен батыс мектебін бітірдім екен деп басқа өңірдің ән-жырын орындамайды екен деп ойламаңыз. Қазақпын ғой, Арқаның да, Жетісудың да әндері маған ешқашан жат болған емес.
– Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, шыққан тегіңізге аздап шегініс жасамасақ болмайтын секілді осы тұста?
– Мен Ақтөбе облысы Шалқар ауда­нын­дағы Жылан деген жерде, Бекет стансысында дүниеге келгенмін. Ақтөбеде Қазанғап атындағы музыкалық мектепте білім алдым. 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледж­де жалғастырдым. Сосын әлгінде айтқа­ным­дай, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін тамамдадым. Осы тұста мен Света Мырза­баева есімді ұстазыма алғысымның шексіз екендігін айтқым келеді. Өзі ғана ауысып қоймай, бізді де елордаға өзімен ертіп, болашағымызға есік ашып берді. Түрлі байқауларға қатысып, шыңдала түстік.
– Қазір қандай авторлармен шығармашылық байланыстасыз?
–  Репертуарымның тең жартысы деуге болатын шығар, өзі айтыскер әрі ақын, кейінгі кездері жақсы әндерімен танылып та жүрген сазгер Шымберген Сүлейменов деген ағамыздікі. Ақындардан Қалқаман Сарин, Талант Арынғали сынды ағалары­мызбен шығармашылық байланысты баста­дым. Осы жолы Алматыға келуімнің себебі де сол: шығармашылық жолымды одан сайын дамытып, біршама ақын, сазгер ағаларымызбен танысып, өнер жолына түсу үшін арнайы келдім.
– Сіз қазір Астана қаласында тұрасыз ғой, солай ма? Онда немен айналысасыз?
– Астана қаласындағы Көңілді тапқыр­лар театры мен Тұрсынбек Қабатовтың «Базар жоқ» жобасында жұмыс істеймін. Бір жақсылығы, ол – мемлекеттік театр, яғни «мен мемлекеттік қызметкермін» деп айта аласың. Ең қуаныштысы – сол. Тағы бір жақсы жері, онда жігіттер бірін-бірі қам­шылап, солайша тез танылып, көрер­мен жинап үлгерген театр. Бірақ мен өз басым «Астананың әншісі», «Алматының әншісі» деп бөлуге қарсымын. Көп жер­лерде осындай жағдайды көріп, бөлініп, бөліп жатқан адамдарға қарным ашады. Бейне Қазақстанда туып, Американың атынан боксқа шығып жатқан сияқты. Шындап келгенде, қай-қайсымыз болсақ та, Алма­тыда тұрсақ та, осы қалаларда туып-өскен жоқпыз, біріміз – Ақтөбе, біріміз – Арқа, біріміз Шымкенттенбіз. Алматы – дүбірлі өнердің додасы, нағыз қайнаған шығар­ма­шылық ортасы, оны астаналық өнерпаз­дар да мойындайды, тіпті елордалық статус Астанада болса да. Бірақ бізге керегі бір-ақ нәрсе, ол – қазақтың әншісі, жалпы, қазақтың баласы деген атқа лайық болу. Жұмылғанда –  жұдырық, ашылғанда – ала­қан,  біртұтас қазақ болайық!


Мейрамбекті «талап» жатыр
Жыл сайын еліміздегі ірі аудиодүкендер жүйесінде сатылымға ең көп ие таспалардың рейтингі анықталады. Өткен жылдың қорытындысы  бойынша, Қазақстанда ең көп сұранысқа ие Мейрамбек Беспаевтың дискілері екені анықталды. Жалпы, кейінгі 3-4 жылда қазақ әншілерінің өнеріне деген қызығушылық күрт артқан. Бұлардың ішінде жылына 2 мыңнан астам данасы сатылатын алдыңғы үштікте:

Өзге ұлт өкілдерінің ішінде Виктор Цойға деген сұраныс әлі де күшті. Бірақ, дегенмен ол да танымалдық жөнінен қазақ әншілерімен тайталаса алмайды.
«Время» газетінің дерегінше, қазақ музыка әлемінің көгінде жекелеген Ресей эстрадасы жұлдыздары көрін­бейді. Олардың тек топты-тобырымен ғана жүріп бағы жанады екен.
Сатылым бойынша ресейлік ең танымал орындаушылар – «Елка» (1509 диск), «Кино» тобы (1459 диск) и Григорий Лепс (1289 диск). Мадоннаның бір жылда тек 689 дискі­сі сатылыпты.


Алашыңа ән сыйла!
Айдарымызды бастағалы ән қоржынымызға біршама әндер жиналып үлгерді. Газетіміздің өткен санында ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Ауылым» өлеңін берген болатынбіз. Бүгінде оған әуен шығардым деп редакцияға қоңырау шалып жатқандар бар. Енді бүгін ақын  Исламғали Үркімбайұлының туындысын назарларыңызға ұсынамыз.

Исламғали Үркімбайұлы

ҚАЗАҚПЫН МЕН...

Не көрсем де мынау жарық ғаламнан,
Зердеменен қабылдауға жаралғам.
Мейірімді меншіктесем анамнан,
Қанағатты мұра қылғам бабамнан.

Қайсарлықты қабыланнан қабылдап,
Тауда өстім, шыңда дара дамылдап.
Қырқаларға жаңа түскен ақша қар,
Сияқты дәл жүрегім де, жаным да ақ.

Қандас болдым қасиетті қыранмен,
Қасиетін болмысыммен ұғам мен.
Жер бетінде қыбырлаған тірлікке,
Көк жүзінен көзім тігіп тұрам мен.

Өлең жолдарын оқып, жүрегін ән тербеген оқырман болса, 8-727-3-88-80-60 нөмірі бойынша редакциямызға хабарласуын өтінеміз. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақындарға да құлаққағыс!


«Үндестік сабағы» үздік деп танылды
Ақтөбелік жас режиссер Эмир Байғазиннің «Үндестік сабағы» кинотуындысы Халықаралық кино қорының арнайы сыйлығына ие болды.

Эмир Ақтөбе облысының Алға қала­сында туып-өскен. Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ өнер академиясының кино және ТД факультетінде оқыған ол аз уақыт Ақтө­бе­дегі Т.Ахтанов атында­ғы Облыстық драма театрында актер бо­лып жұмыс жасады.
— Театрда жұмыс істеп жүрген ке­зімде кино түсірсем деп армандайтын­мын. Арманым мені Алматыға алып келді. «Үндестік сабағы» туындысы 2011 жылы «Қазақстан киножобалар нарығында» үздік аталып, «Қазақ­фильм» акционерлік қоғамының өндірісіне енгізілді. Аталған жоба Сараевода өткен ХVІІІ халықаралық кинофестивальда бас жүлдеге ие болды. Фильмде басты рөлді Алматы­дағы балалар үйінің тәрбиеленушісі 14 жастағы Тимур Айдарбеков ойнайды. Фильмнің кастинг жүргізуші директоры Алматыдағы барлық бала­лар үйін шарлап шықты, мыңдаған баланың арасынан осы рөлге Айдар­ды лайық деп таптық, — дейді режисеер.
Жас баланың бойындағы талантын байқаған Тимур Бекмамбетов 2005 жылы Эмирді «Күндізгі шолғыншы» филь­міне Темірланның рөлін сомдауға шақырады.  Ал 2008 жылы режиссер Эмирдің қысқаметражды «Салмақ тас­тау­шы» фильмі Миланда өткен спорттық бағыттағы фильмдер арасында да үздік­тер қатарында болды.
Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек. Халықаралық кино қорының жүлдесіне 43 елден ұсынылған 122 жұмыстың ішінен іріктеліп алынған. Германияның жетекші Post Republic компаниясы фильм­нің монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін Эмир Байғазин мен қоюшы режиссер Әзиз Жамбақиевты Берлинге шақырып отыр.     
М.САТАЕВА, Ақтөбе облысы


«Туған елдің түтіні» атты фильм тұсауын кесті
Қазақ кииносы тағы бір жаңа туындымен толықты. Ұлттық арнада «Туған елдің түтіні» атты көп сериялы фильмнің тұсауы кесілді.
Тәуелсіздік алған 90-жылдардағы еліміздегі қиын жағдайды көрсетуден басталатын сериал 12 бөлімнен тұрады. Фильмде қарапайым ғана көпбалалы қазақ отбасының қоңырқай тірлігі суреттеледі. Қиындыққа төтеп берген отбасы еңсе тіктеп, тіршілігін түзеуге қала жақты бетке алады.Тәуелсіздік шежіресін бедерлеген тарихи драманың кейіпкерлерінің бірі елшілік қызметкері, дәрігер, жеке кәсіпкер болса, тағы біреуі – туған ауылын көтеруге бел буған азамат. Олардың тағдыр жолдары әртүрлі болғанымен, көздеген мұраттары біреу ғана. Ол – егемен елдің кемел келешегін бірге қалау.

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста