Алаштың КИНОиндустриясы

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ойтүрткі
Сериал дәуірі: санамызға да, салтымызға да сына қағып тұр
Шетелдің шұба­тылған шерудей бітіп болмайтын көпіршікті сериалдары өміріміздің бір бөлшегіндей болып кеткенін несіне жасырайық. «Жаман үйді қонағы билей­дінің» кері. Түрік пен кәріс сериалдарының дәуірі бас­талғанда аңсарымыз «Асау жүрек» болды, одан кейін «Қыналы қар» деп қырылып қала жаздадық, тағы бірде «Шехризат» деп көкірегіміз шерге толды. Сонымен, қазекем сериал атты созылмалы ауруға қалай шалдықты?
Бәрі де сонау 90-жылдары «Байлар да жылайды» телесериалынан басталды де­сек артық емес. Сол кезде байлармен қо­сылып бәріміз жылап кеттік. Үнемі қайта­ланатын көрініс: өз өмірінен түңілген, өз­геден жеңілген, жалғызсыраған адам­дардың өкініші. Бәрібір біздің көрермен сериал көрсеткен арнаға жіпсіз байланып тұр. Ал сериал көрсетуден бүгінде «Астана» телеарнасы алдына қара салмай тұр. Күніне – 10 сағат! Өңшең түрік пен кәрістің фильмдері. Ұят болмас үшін арасына отан­дық «Тағдыр» атты сериалды қосып қой­ған. Көрерменді көк жәшікке көгендеп қой­ған не сиқыр десек, бұл – бір жағынан, түрік пен кәріс режиссерлерінің, актерлері мен сценаристерінің мықты­лығынан. Бұ­рын үнді киносын көріп етегі жасқа толатын жұрт енді осы екі елдің киносымен таңын атырып, күнін батырады. Оларды қазір өз ағайынымыздай көретін болдық. Дәмді ас жесек, «қолыңыз дерт көрмесін» дейміз. Балаларымыздың бәрі Жумонг болып қылыштасушы еді, енді бүгінде Хожун болып тәуіпшілік жасайтынды шығарды. «Сұлтан Сүлейменді» көргелі бері кіш­кен­тай балаларымызға дейін «хазретлери» деп таңдайын тақылдататын әдет тапты. Бозбалаларымыздың шашын Ку чун Пе тә­різді жалбыратып өсіріп ала­тыны аздай, енді боянатынын қайтерсің! Кәрістердің сал­тын жасап, тойда торт әкелінгенде шам­ды өшіреміз, ұзатылатын қыздың артынан раушан гүлдерінің сабағын ша­шамыз. Түріктің салтымен ұзатылатын қы­зы­мыздың иығына қызыл орамал жаба­мыз. Осылайша, сериал біткен сана­мызға да, салтымызға да сыналай кіріп, өз әмірін жүргізе бастады.
Балабақшада тәрбиеші болып істейтін танысым: «бала біткеннің өзіне тән қы­лықтары жоғалып барады. Сериалдағы ми­микаларды жаттап алған. Солар сияқты күледі, солар сияқты жүреді, тіпті солар сияқты жылайды. Тіпті сөздеріне дейін жаттап алған. Тап бір үлкен адамдай сөй­легенде таңғаласың. Балада өзіне тән пе­ріште бір қылық болуы керек қой. Ал бү­гінгі балалар ерте есейіп бара жатқан сияқты...» деп өз қорқынышын айтып еді. Ра­сында, бүгінгі тәрбие тізгіні теледидарға көшті. Бүкіл отбасының тыныс-тіршілігін теледидер ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстайтын болды.
Ертегі айтады дейтін ата-әже де, әке-шеше де таң ат­қаннан күн батқанға дейін теледидарға тел­міріп, соның басқару тетігіне таласады да отырады. Сонда бала тәрбиесі қайда қа­лады? Еріксіз ол да үлкендерге қосылып, теледидарға тел­міруге мәжбүр. Ал сериал­дардың басым бөлігінде – алдау, арбау, екіжүзділікке то­лы жиіркенішті тірліктер. «Көкжалдар ме­кенінде» адамдар бір-бірін шыбын құрлы көрмей қырып жояды. Құдды бір сұрауы жоқ сияқты. «Дениздің» де тәр­биеге қосар тамшыдай үлесі жоқ. Оң жақта отырып аяғы ауырлап, некесіз бала таба­тын Бану­дың айлакерлігі мен қулы­ғына қазақ қыз­дарының да еті өліп, бойы үйреніп бара жатыр. Одан қалса, көрсете­тіндері – ұр­лықты қалай істеу керек, оқиға орнында қалайша саусақ іздерін қалдыр­мауға бо­лады, адамды қалай қинап өлтіру керек, міне, бар болған-біткені – осы.
Ертегі тыңдаудың орнына түнгі сағат 12-1-ге дейін сериал көріп, әзер ұйық­тайтын баладан қандай мейірім күтесіз? Балаларымыздың болашағына бұл да зор қатер төндіріп тұр. Біреудің қаңсығына таң­ғалып жүріп ұлттық салт-санамыздан біржола айырылып қалмасақ болғаны.

Тақырыпқа тұздық
Отандық өнім жоқ емес, бар. Бірақ режиссерлеріміз өз аудиториясын табатын фильмдер түсірудің жолын таба алмай жүр. Әртістеріміз де өтірік күледі, өтірік жылайды. Осындай жасандылықтан арылмайынша, көрерменін сендіре алмасы анық. Мысалы, бізде де «Болашақ», «Құрдастар», «Тағдыр», «Әке серті» сияқты біраз телехикаялар түсірілді, тіпті телеарналардан берілді де. Бірақ солардың бәрі де көрерменнің көңілінен шықты десек, өтірік айтқандығымыз болар. Кезінде отандық ең алғашқы сериал «Тоғысқан тағдырлар» сыннан көз ашпап еді, енді ойлап отырсақ, қайта сол кәсіби түрде түсірілген екен. Бүгінгі сериалдар тіпті «Саранчаның» да қолына су құюға жарамай қалды.

Гүлжан КӨШЕРОВА


Кино-насихат
Мәшһүр Жүсіп мұрасына ден қойылмақ

Кереку өңірінде көрнекті тұлға, ақын, этнограф, фольклоршы, философ, төрткүл дүниеге даңқы шыққан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өнегелі өмірі мен рухани мұрасын насихаттау мақсатында кино түсіру ісі қолға алынды.
Көзі тірісінде «әулие» атанған Мәш­һүр-Жүсіп атамыздың шығармашылығы соңғы он жылдың көлемінде зерттеле баста­ғанын ескерсек, аталмыш кино­туын­ды баба шығармашылығын наси­хаттауға серпін берері анық. Бұл игі іске халық­аралық «Түркі әлемі» теле­студиясының ұжымы ұйытқы болып отыр. Студияның бас директоры, белгілі жазушы Доқтырхан Тұрлыбек бастаған түсіруші топ жуырда Мәшһүр Жүсіптің кіндік қаны тамған жері – Павлодар өңіріне келіп кетті. Бабамыздың 155 жылдығы қарсаңында түсірілетін шығарма көркем фильм жанрында болмақ.
– Мәшһүр-Жүсіп – қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне танымал тұлға. Әулиелігін, қасиет­тілігін, діни қайрат­керлігін былай қойғанда, оның қалам­герлігі, пуб­лицистикасы мен философиясы – өз алдына бір төбе. Бұл – талай зерттеуге өзек болатын дүние. Мәшһүр-Жүсіп жайлы фильм түсіруді қолға алған бойда біз ең әуелі оның бірнеше мәрте табаны тиген өзбек жеріне барып, Бұқара, Самар­қанд, Ташкент қала­ларын араладық. Бұл өңірлерде ол діни білімін жетілдіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін меңгеріп қана қоймай, батыс пен шығыс ақын­да­рының, ойшыл­дарының еңбек­терімен танысқаны белгілі. Сондықтан да ол өңірлерде бірқатар тұлғалармен кездесіп, әулиенің табаны тиген жер­лерді түсірдік. Енді, міне, ғұламаның туып-өскен елі – Ертіс-Баян өңіріне келіп отырмыз. Облыс орталы­ғынан бастап Баян елін түгел аралап, Мәш­һүр-Жүсіп кесенесіне барып тәу еттік, Жаңажол ауылындағы мұра­жайын араладық, халықпен жүздесіп, мол мағлұмат жинадық, – дейді Доқ­тырхан Тұрлыбек.
Түсіруші топ алдағы уақытта Ресейдің Қазан, Омбы қалаларына ат басын тіремек. Өйткені ағайынды Құсайы­новтардың Қазандағы баспаханасында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің үш кітабы жарық көрген. Ал Омбыда шыққан «Дала уәлаяты» газетіне материалдары жария­ланып тұрған. Бір сөзбен айтқанда, студия өкілдері баба ізімен жүріп өтпек. Сәтін салса, кинотуынды Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 155 жылдығы қарсаңында көрерменге жол тартатын болады.
Ақмарал ЕСІМХАН, Кереку


Телехикая
Ұлттық арна отандық өнімдерді ұсынады

Алдағы қыркүйек айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрерменнің ерекше сұранысына ие болған отандық телехикаялардың жаңа бір легінің тұсауы кесіледі.
Көрерменге ұсынылар жаңа хикаяның бірі – «Ұлжан». Бұл – қарапайым қазақ от­басының өмірі арқау етілген, шынайы оқиға мен қазақи драма орайластыра баян­далған туынды. Бас кейіпкер – Тәуел­сіздік жылдары мойнына үлкен жүк арт­қан, кейіннен үлкен жетістіктерге жетіп, нағыз дәулетті кәсіпкерге айналған қазақтың келіншегі. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар алып жүріп, балаларын тәрбиелеген, сонымен бірге туған-туыстың арасындағы сый-құрметін де жоғал­тпаған әйел бейнесі көрерменге өзіндік ой салады. Сонымен қатар жаңа маусымда «Қазақ­стан» ұлттық арна­сында «Олимп шыңы», «Сұңқар», «Ұстаз», «Учаскелік полицей», «Әпке», «Сыр­ғалым», «Судағы із» атты қазақ жаңа телехикаялардың да тұсауы кесіледі.
Күнделікті өмірдегі өжеттігімен, батыр­лығымен көзге түсіп жүрген, еліміздің түкпір-түк­піріндегі жан­дар жайлы де­ректі фильм­дер топ­тамасы «Жа­ның­да жүр жақ­сы адам» да жал­ға­сатын болады. Мұ­ны­мен қоса, Ұлт­тық арна эфи­рі «Қазақ да­ла­сының құпиялары», «Ұлы дала тарихы», «Ұлт мақтанышы» деректі фильм­дерімен де то­лықпақ.

«Ел арнаның» «Ұзақ жолы»

Қазан айында «Ел арна» көрермендерінің назарына «Ұзақ жол» атты жаңа телехикая ұсынады.
Түсірілімі аяқталуға жақындаған 16 сериялы «Ұзақ жол» мелодрамасының негізіне бүгінгі күн оқиғасы алынған. Картинада өмір соқпақ­тарында сан түрлі қиыншылықтарға кезіккен Амантай мен Жанар есімді ғашықтардың тағдыры баяндалады. Ауылда өскен екі жас арман қуып Алматыға келеді. Алайда тіршілігі қайнап жатқан қаланың өміріне бейімделе алмай жүрген кезде бір-бірінен көз жазып қалады. Келесі бір сюжетте кәсіпкер Мәдина мен Мұсаның қылмыс пен қайғы астасқан шытыр­ман оқиғаларға, қайшы­лықтарға толы өмірі көрсетіледі. Фильм­нің продюсерлері – белгілі режиссер Абай Қар­пықов пен Әлмири Қарпықов. Телехикая режиссері Азат Сейітметовтің пікірінше, мұндағы басты жанр – мелодрама, бірақ ішінде детективтік сюжеттер де бар. Негізінен, фильмнің негізгі желісіне екі жастың махаббаты алынған.


Кино-символика
Аққу «Аққызды» желеп-жебейді
Жаңабек Жетірудың «Аққыз» картинасы мұсылман фильмдері ІХ халықаралық кинофестивалінің негізгі бағдарламасына іріктеліп алынды. Аталмыш фестиваль қыркүйектің 5-11-і аралығында Қазанда өтеді. «Аққыз» бұл кинобайқаудағы бас жүлдеден үмітті туындылардың бірі болып отыр.

Жалпы, «Аққыз» – қазақ халқының пайда болуы туралы мифологиялық көзқарасқа құрылған тың дүние. Ел аузында «жер бетіндегі тіршіліктің бастауында аққу тұрған, сол ақ құсты ақ қаз деп те атаған, ал ақ қаздан қазақ деген халықтың атауы дүниеге келген» деген әфсәнә бар. «Аққыз» фильмінің сим­воликалық мәні де осы аңызбен астасып жатыр. Сюжетке жүгінсек, бір замандарда аққудың жұмыртқасынан пайда бол­ған тіршілік азып-тозып, эколо­гиялық апатқа ұшырап бара жатқан аймақтағы Аружан есімді тоғыз жасар қыз, аққу туралы көне аңызды білмесе де, сол аққу ананың іс-әрекетін қайталап, тіршілік атаулыны аман сақтап қалады. «Аққыз» кешегі аққу мен бүгінгі Аружан­ның арасында генетикалық байланыс барын аңғартады және тірші­ліктің бас­тауында аққу құстың тұрғанына көрермен көзін жеткізуге тырысады.
Жаңабек Жетірудың айтуынша, осы фильмді түсіру барысында таңғаларлықтай жағдай болған. Шығармашылық топ әуелде аққуды жер-көктен іздеп таба алмай қояды. Содан бір күні ойламаған жерден тура теңіздің ортасында аққу пайда болады. Мұны күтпеген түсіруші топ аяқастынан объектив таппай, есі шығады. Тиісті жабдықтарын тек бір аптадан кейін ғана түгендей алады. Сөйтіп, «аққу ұшып кеткен болар, өткендегідей мүмкіндік енді бола ма, жоқ па» деген дүдәмал күйде теңізге келсе, аққу әлі жүзіп жүр екен. Тіпті жағаға өзі жақындап, тиісті эпизодқа түсіп болған соң, түсіруші топтың тура көз алдында қанатын жайып, ұшады да кетті. Осы оқиға ұмытылмастай болып есінде қалған режиссер: «Негізі, ақ­қу ешқашан жалғыз ұшпайды, жалғыз жүрмейді. Оған хайуанаттар бағына бар­ғанда көзім жетті. Жалғыз жүрген аққуды түсіреміз деп, үш күн жүрдік. Бүкіл пленкамызды тауыс­тық. Себебі олар қайда жүрсе де ажырамайды екен. Ал мына жерде – жалғыз аққу. Алла тағаланың көктен жіберген аққу құсы!» – деп қайран қалады.
Жаңабек Жетіруды соңғы уақытта киногерлер арасында кеңінен орныққан «кино – әлемдік өнер, сондықтан оның бойында ұлттық бояудың болуы міндетті емес» деген түсінік қынжылтады. «Өз ұлтының жанының табын өз тілінде тап басып көрсету – жалқылардың ғана қолынан келетін шеберлік. Әлемдік кино­лардың көшірмесін жасаумен алысқа ұзай алмайсың» – міне, режиссердің өзіндік ұстанымы – осы. Бір анығы, бұлай ой­лайтын тек Жаңабек қана емес. «Аққыз» фильмі Америкадағы Кеннан институтында көрсетілген екен. Фильмді тамашалаған қауым арасында көрсетілімнен кейін «Кино ұлттық болуы керек пе?» деген сұрақ туындайды. Сонда білікті сарап­шылардың өзі «Кино ұлттық өнер болуы керек. Сол фильмді тудыр­ған халықтың жан дүниесі, болмысы, мента­литеті анық көрсетілсе және сол ха­лық­тың идентифи­кация­лық кодына айналса, нағыз құнды дүние – сол. Бұған біз жаңа ғана көрген «Аққыз» фильмі дәлел» деген тұжырымға келіпті. Өзіндік қолтаңбасы айқын танымал киногер «бұл фильмді мен фес­­тиваль үшін емес, қазақ көрер­мендеріне арнап жаса­дым. Елдің көңілінен шығатын, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын дүние жасауға талаптандым» дейді. Қалай болғанда да, Эстонияның Таллин, Үн­дістанның Дели, Түркияның Анталия қалаларында өткен халықаралық кино­фестивальдерге қатысқан «Аққыз» фильмі қалың жұртшылықтан жоғары бағасын алды деуге болады. Алдағы фестивальде де топ жарып жатса, бұл – әрине, бүкіл қазақ мәдениеті үшін зор мәртебе.
Құралай ҚОҢЫР


Кино-жаңалық
«Асау» күзде «жүгенделеді»
«Алматыфильм» киностудиясы қазақ киносының қоржынын «Асау» атты фильммен толықтырмақ. Көпшілік қауымның назарына күзде ұсынылғалы жатқан фильмнің продюсері – Злиха Шимирова, режиссері – Оңдасын Тастанов. Сценариін Алмас Әбдік пен Бекболат Шекеров жазған.
Фильм осыдан 15 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек және Ордабасы аудандарының арасындағы үлкен су қоймасынан көктем мезгілінде жүзіп өткен жылқы туралы шынайы әңгіме желісінде түсірілген. Оңдасын Тастановтың пікірінше, аталмыш фильм жылқы болмысы арқылы қазақ халқының еркіндікті сүйетін өршіл мінезін, таза жан дүниесін көрсету мақсатында түсірілген.


«Судағы із» – сыныптас достар драмасы
Әнші, актриса Айгүл Иманбаева Талғат Теменовтің «Судағы із» телехикаясына түсіп жатыр.


«Судағы із» телехикаясы 24 сериядан тұрады. Қазақстанның Тәуелсіздік алған кезден бастап бүгінге дейінгі тарихы көрініс табатын бұл картина Мұқан, Ролан, Қасымжан есімді үш достың басынан кешкен оқиғалары негізінде өрбиді.
24 сериядан тұратын драмада сыныптас достардың өмірі, тек адал еңбектің ғана жақсы нәтиже беріп, болашаққа жол ашатыны баяндалады.


Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста