Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Деректі фильм қазір ешқандай табыс әкелмейтін жанр болып тұр


Жаңабек Жетіруов, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Біздегі деректі фильмдер өнді­рі­сінің бүгінгі хал-ахуалы жайлы не ай­тар едіңіз? Қазір қандай дүниелер тү­сіріліп жатыр?
– Біз жас мемлекет болғаннан кейін бұл салада да Кеңес өкіметі кезінде жа­рық­қа шықпаған дүниелеріміз енді ғана жа­рыққа шығып жатыр. Көрнекті тұл­ға­ларымыз, тарих ақтаңдақтары, тыйым са­лын­ған дүниелері, міне, осы 20 жыл­да ғана деректі фильм саласында айтыла бастады. Мысалы, сол кеңес кезінде қазақ киносының негізін қалап, соның нығаюына еңбек сіңірген Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтың өздері жайлы бірде-бір фильм түсірілмеген. Сол азаматтардың шы­­ғармашылық мүмкіндігі, сол аза­мат­тар­дың азаматтық қырлары айтылмай, кө­зі тірі кездерінде жазылмай қалды. Сон­дай-ақ біз қазір ертеректе өмір сүрген ата-ба­баларымыз жайлы кино түсіргіміз ке­ле­ді, бірақ олар ол кезде қалай ғұмыр кешті, қа­лай киінді, қалай сөйледі, қалай жүріп-тұрды деген дүниелерді көрсетуде дәр­мен­сізбіз, өйткені біз оларды көрген жоқ­пыз. Сондай-ақ кешегі Сәбит, Ғабит, Мұх­тар ағаларымыздың өздерінің бей­не­лері тек қана бірен-саран кадрларда, оның өзінде тек пленум, съез­дерде сөйлеп отырған кейіптерінде ға­на қалған. Жеке тұлға ретінде оның қан­дай ойы болды, нені айта алмай кетті, нені айт­ты деген сауалдарға біз жауап бере ал­маймыз. Міне, сондықтан да біз өмірде бар тұлғаларды жан-жақты зерттеп қалуға ты­рысып жүрміз. Кешегі Қадыр Мырза Әлі аға­мыз, Тұманбай Молдағалиев, Камал Сма­йылов, Зейнолла Қабдолов ағала­ры­мыз жайлы деректі фильмдер түсіріп үл­гердік. Қазір Алаш арыстары жайлы құ­жаттар кеңінен зерттеліп жатыр, бұнымен қоса, Олжас Сүлейменов, Секен Тұрысбек, Камал Ормантаев, Есмұхан Обаев жайлы да фильмдер түсірілді. Мемлекет тара­пы­нан да осындай азаматтардың мерей­той­лары қарсаңында тапсырыстар түседі. Бұдан өзге де қоғам үшін өзекті делінетін әлеуметтік проблемалар, экологиялық ах­уал, бүгінгі күннің қайшылықтары де­гендей мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі – қазақ киносының, үкіметтің назарынан тыс жеке адамдардың қызығушылығымен іске асатын, белгілі бір дәрежеде іске асып та жатқан дүниелер. Мұндай тақырыптар мені де қатты қызықтырады.
– Деректі фильмдердің жарнамасы жайлы не айтар едіңіз?
– Деректі фильмдердің жарнамасы мүл­дем жоқ. «Қазақфильмнің» түсірген дүниелерін отандық телеарналар сатып алып көрсетулеріне болар еді. Бірақ олар сатып алғысы келмейді. Оларға одан да түріктің, кәрістің сериалдарын сатып алып, солардың жар­н­а­масын бер­ген тиімді. Отандық фильм­дер­ді мемлекет тарапынан нұсқау бол­ған­да ғана көрсетеді. Баяғы заманда фильм түсіріліп біте салысымен телеарналар қағып алып көрсетіп жататын. Қазір ол үрдіс жойылған. Біз фильмдерімізді тек онкүндіктер кезінде ғана көрсетуге мүмкіндік аламыз. 
– Деректі фильм жанрына неге жас режиссерлер бара бермейді?
– Деректі фильм жанры – өте қиын жанр. Се­бебі кешегі Ма­хамбет, Абай, Шо­қандар жоқ, тіпті берідегі Мұхтар, Сә­биттер де жоқ, олар жайлы деректі фильмді қалай түсіресің, қалай сөйлесесің олар­мен? Ал режиссер соның барлық қы­рын ашуы керек, сол заманның ат­мо­сфе­расын жасауы керек, көрушіге өмір салтын ұсынуың керек. Оны жасауға кім құлықты? Қазіргі жастар бәрін тез-тез түсіріп, тез-тез жасай салып, атақ алғысы келеді. Деректі фильмде бәрін өзің ойлап табуға тура келеді, ал көркем фильм әлдеқайда жеңіл. Бәрін оператор түсіріп береді, актерлер ойнап береді. Алдында – дайын сценарий. Көркем фильмді кез келген Сәбит, Ғабиттер түсіре береді, ал деректі дүниені кез келген адам түсіре алмайды.
– Көркем фильм мен деректі фильм­нің қаржыландырылуында айыр­машылық бар ма?
– Әрине, бар. Айыр­ма­шы­лық тіпті жер мен көк­тей. Көркем фильмге қаржы көп бөлінеді. Ал деректі фильмге көркем фильмге бө­лінгеннің 1-ақ пайызы бөлі­неді. Мысалы, де­ректі фильмге 5 млн тең­ге алсаң, көркем фильмге 500 млн, 700-800 млн, 1 млн доллар алуыңыз мүмкін. Мысалы, мен бір жыл өмір сүру үшін ке­мінде төрт фильм жасауым керек. Қазір, мысалы, Өнер академиясын жылына бәленбай студент бітіріп жатыр. Олар деректі жанрға кел­мей­ді, келсе де бір фильм түсірер-тү­сір­местен қашып кетеді. Себебі ақшасы аз. Са­пасыз бірдемені салдыр-салақ жасай салады. Оның үстіне, қазіргі жастардың бәрінің қаны басына шауып тұрады. Сәл сын айтсаң болды, «Сен кімсің?» деп шыға келеді.
– Жалпы, қоғам тарапынан деректі фильмге сұраныс бар ма?
– Сұраныс болсын-болмасын, деректі фильм бізге қажет. Балаларды оны көруге күштеп болса да міндеттеуіміз керек. Оны еркіне қоя берсең, ертеден кешке дейін Гарри Поттерді көре беруі мүмкін. Сондықтан оған мектепте болсын, үйде болсын бір сағат Махамбет туралы, Абай туралы, өзге де тұлғалар туралы фильм­дерді көрсетуіміз керек. Одан бала жаман болмайды. Бір тұлғаның өмірі бүкіл бір халықтың мә­дениетінен, өмірінен хабар береді. 40 минуттық фильм толқымалы кезеңде тұрған жасөспірімнің өмірін жақсылыққа қарай бұруға себепші болуы мүмкін. Қа­зір ата-анада осы ұстаным мүл­дем жоқ. Олар ештеме көрсетпейді, үйретпейді. Тек аузына тамақ тыға беру оларға азық болмайды. Қазір қылмыстың өршуі де осындай тәрбиенің, рухани азықтың жоқ­ты­ғынан орын алып жатыр.
– Біздегі деректі фильм­дер тек мем­ле­кет­тік тапсырыстарды ғана қам­тып жүрген сияқты...
– Иә, мемлекеттік тап­сырыспен ғана түсіріліп жүр. Ол заңдылық та. Мен енді қалтамнан қаражат шыға­рып жеке тұлғалар туралы фильм түсірмеймін ғой. Ол кімге керек? Кімге барып «сатып ал» дей­мін филь­мімді? Мемлекеттік тап­сы­рыс­тар да алуан тақы­рыптарды қамтып жатыр. Сондықтан ол тапсы­рыс­тардан жақсы болмасақ, жа­ман бол­май­мыз. Та­рихтың әр кезеңіне, сал­мақты тұлғаларға ар­на­лып көптеген кино тү­сірілгені – үлкен жетістік.
– Деректі фильмнен табыс табуға бола ма?
– Қандай табысты айтасыз? Мен мы­салы, бір деректі фильмімнің автор­лы­ғына 2000 доллар аламын. Түсіріп біткеннен кейін 1000 доллар ақша аласың. Жеке сату деген жоқ. Оны кімге сатасың? Қазір бі­реу­ге барып, «мынаны көрші, жақсы кино» де­сең де, ешкім көрмейді.  Сондықтан де­ректі фильм қазір еш табыс әкелмейтін фильм болып тұр. Рас, деректі фильмнен қыр­уар қаржы табуға болады. Бірақ бізде бұл салада продюсерлік, менеджерлік жұмыстар дамымаған.


Отандық киноның саны артуда
2012 жылы қазақ ки­но өнері 37 жа­ңа туын­­ды­мен толықты.  Бұл мә­ліметті осыдан біраз бұ­рын Ас­танада Ел­басының «Қа­зақ­стан­ның әлеу­­меттік жаң­ғыр­ты­луы: Жалпыға ор­тақ еңбек қоғамына қарай 20 қа­­­дам» мақаласында берілген тап­­­сырманы орындау мақ­­сатында өт­кізілген ҚР Мәдениет жә­­не ақпарат ми­нистрлігінің ал­қа мә­жілісі ба­ры­сын­да ве­домство басшысы Д.Мың­бай жет­­кізді.
«Соңғы жылдары қазақ кино өнері тың туын­ды­лармен толықты. Тек өткен жылы 25 қазақ киносы прокатқа шықса, биылғы жылы 37 фильм көрерменге жол тартты. «Қазақфильм» тұсауын кескен «Жаужүрек мың бала», «Шал», «Ради будущего», «Жиде», «Нежданная любовь» және өзге де  фильмдер халық ықыласына бө­ле­ніп, са­рапшылар тарапынан қайталанбас туын­дылар ре­тінде бағаланып жатыр», – деді ҚР мә­дениет және ақ­парат ми­нистрі Д.Мыңбай жур­­­на­листерге.
«Өт­­­­кен 65-інші Канн кино­фес­ти­ва­лін­де «Жау­­­жүрек мың бала» және «Студент» фильм­­дерін халықаралық беделді дис­три­бью­терлер әлемдік прокатқа шығару үшін са­тып алды. Жа­сыратын несі бар, бұл да – соңғы кезде қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Біз «Қа­зақ­фильм­нің» жұмысын бағалаймыз», – деп қосты ол өз тарапынан.


Байғазиннің жобасы үздік деп танылды
Қазақстандық жас кинорежиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесім дәрістері» («Уроки гармонии») атты жобасы Босния және Герцеговина астанасында өткен халықаралық фестивальда пост-продакшн кезеңіндегі жобаларға арналған аталым бойынша бірінші орынды жеңіп алды.


Режиссер не­міс­тің Post Re­pub­lic компа­ния­сы­ның ақшалай сый­­­лы­ғына және Бер­­лин­дегі сту­дия­лардың бі­рін­де фильм мон­таждау мүмкіндігіне ие болды. «Қазақфильм» АҚ баспасөз қыз­метінің ха­барлауынша, фильмнің түсірілімі шіл­де айының басында ғана аяқталған бо­латын. Ол бірден Са­рае­вода өткен ки­но­фес­­тивальға ұсы­ныл­ды. Work­-in­-­Prog­ress, яғни пост-про­дакшн кезеңіндегі жоба­ларды іріктейтін арнайы бағдарлама жа­рыққа шыққалы тұрған сәтті туындыларды анықтайды. Басты талап – жобаның халықаралық про­кат­тық әлеуеті мен оған ірі фес­ти­вальдар тарапынан қызы­ғу­шы­лықтың болуы. Ірік­теудің қоры­тын­дысы бо­йын­ша «Үй­лесім дәрістері» жеті жобаның ара­­сынан бірінші орынға лайық деп та­нылды.


«Парыз» көрермен көңілінен шықты

Жақында ғана көрсетілімі аяқталған Қазақстан полицейлері туралы телесериалды отандық киноөндірістің үлкен жетістігі деуге болады.
«Қазақстан» ұлттық арнасында 28 ма­мыр­дан басталған сериалды ре­жис­сер Жасұлан Пошанов түсірді. Атал­мыш туынды қылмыс әлемімен күрес, қар­сы тараптардың қақ­ты­ғы­сы сынды шы­тырман оқиғаларға толы. Туын­ды­ны телеарнаның тапсырысымен «Са­тай­фильм» компаниясы шы­ға­рып­ты. «Біздің ішкі істер қызметкерлері, тек біздің ғана емес, әлемдік поли­цей­лер туралы фильмдер көп. «Па­рыздың» айыр­машылығы – Қазақстанда бо­лып жат­қан оқиға, қазақтың полицейлерін, олар­дың қазақы қасиеттерін көрсетуге ты­рыс­тық», – дейді қоюшы режиссер Жасұлан По­шанов.


«Eуразия» есік ашады
Бүгінде елімізде жылына бір рет қана емес, әр маусымда әрқилы кинофестиваль шымылдығы түрілетін болған. «Шәкен жұлдыздарын» шығарып салған соң бір демалып, енді киногерлер кезекті байқаудың байрағын желбіретуде. Жаз аптабы басылған қыркүйектің 17-сі мен 22-сі аралығында Алматы қаласында VІІІ халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді.

                   Айтжан МЫРЗАНОВ (фото)
Бағзы қазаққа «Ай жақын ба, Аме­ри­­ка жа­қын ба?» десе, «Ай жақын, се­бебі оны күн­де көреміз» дейтұғын бол­са, бүгінде Аме­рика ғана емес, төрткүл дүниені төрт­бұрышты жәшіктен көріп отыра бе­ретін болған. Осы ретте, әрине, кино деген құ­діреттің зор ықпалы барын мойын­дау­ға тиіспіз. Алаш жұрты үйінен шықпай-ақ сол киноның арқасында кә­ріс пен тү­рік­термен туысып, біте қай­на­сып кетті. Ал енді осындай жылына бір рет өтетін ки­но­фестивальдар не бе­ре­ді дегенге кел­сек, бұл ең алдымен ки­но­индустрияны ал­ға дамытуға ба­ғыт­тал­ған іс-шара бол­са керек. Жыл емес, ай да емес, тіпті сәт са­нап дамып жатқан кө­­рермен талғамын қа­нағаттандыратын тың идея­лар әлемнің әр нүктесінде өтіп тұ­ратын осындай фес­ти­вальдарда туа­ды.
Орталық Азия, ТМД, Еуроодақ пен Азия елдерінің кинолары мен кино­гер­ле­рінің басын құрайтын «Еуразия» бай­қа­уының өткізіліп келе жатқанына да он шақ­ты жыл болып қалыпты. Биылғы ки­нофестиваль бағдарламасы 2011-2012 жыл­дары түсірілген толықметражды фильм­дер, Орталық Азия панорамасы, «Батыс – Шығыс» кинокөпірі, Грекия мен Түр­кияның кинематографиясы, «Берлин кинофестивалінің жаңғырығы» және ең бастысы «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бөлімдерінен тұрады. Күні бүгінге дейін кинофестиваль қор­жы­нына әлемнің 33 елінен 149 то­лықметражды фильм келіп түскен. Да­мир Манабай, Нариман Төребаев сын­ды режиссерлер мен сценарист Ғазиз На­сыров пен кинотанушы Гүлнар Әбі­кее­валар құрамында болатын фестиваль қа­зыларының төрағасы – әйгілі неміс ре­­жис­сері, продюсер Вольфганг Пе­тер­сон. Ол көрерменге «Троя», «Посейдон» жә­н­е «Оскар» жүлдесінің бір емес, алты бір­­дей номинациясы бойынша үздік деп та­­нылған «Қайық» картинасы арқылы таныс.
Ермек АМАНШАЕВ, «Қазақфильм» АҚ президенті, «Еуразия» кинофестивалі ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
– Жылдан-жылға қазақ ки­но­ин­дус­триясы қарқын алып келеді. Биыл біз өз елімізде Венеция ки­но­фести­валі кү­н­­дерін, Бер­­лин кино­фес­тивалі күндерін өт­кіз­дік. Осын­дай оқиғалар «Еу­­разия» ки­но­­­фес­тивалі бе­­делінің артып келе жат­қанын біл­діреді. АҚШ, Ресей киносту­дияларының бас­­­шылары ке­ле жатыр. «Ал­тын гло­бустан» өкіл шақырып отырмыз. Бұ­лар­дың бар­лы­ғы тектен-тек емес, ер­тең­гі күні өз туын­ды­ла­ры­мызды сол фестивальдарға ұсыну үшін жасалып жатқан алғышарт екенін түсінгендеріңіз жөн. Мәселен, біз биыл «Жаужүрек мың баланы» дәл осы «Алтын глобусқа» ұсынып отыр­мыз, әрі қарай «Оскарға» жол ашы­лар, бірақ оны уақыт көрсетеді. Біз­дің мақсат – қолдан келген бар мүм­­кіндікті жасау. Ең бастысы – қайт­кен күнде де өз киноөндірісімізге пай­­дасын тигізетін жұмыстарды жасауымыз ке­­рек.

Биылғы ретроспективада «Батыс-Шығыс» кинематографиялық көпірін ұйымдастыру дәстүрі бойынша Грекия мен Түркия фильмдері көрсетілмек. Неліктен дәл осы екі ел кине­ма­то­графиясы қызықтырып отыр дегенге кел­сек, бұған елдегі экономикалық дағ­дарысқа қарамастан, Грекияда арт-хаус киносы қарқынды даму үстінде болса керек. Халық саны 11,3 миллионды құ­райтын Грекияда былтыр 25 то­лық­метражды ойындық фильм түсірілсе керек. Ел нарығындағы грек фильмдері үлесі – 11пайыз, дәл осы көрсеткіш жағынан Қазақстан мен грек елі ұқсас деуге болады. Ал түрік кинема­то­гра­фиясы жайлы айтудың өзі де артық, өйт­кені қазақ үшін ол етене жақын. 74,7 мил­лион халқы бар Түркияда жылына ша­мамен 70 ойындық кино түсіріледі екен. Сол себепті де ұлттық рыноктағы түрік киносының үлесі 50,7 пайызды құрайды. Бұл Еуропадағы ең үлкен көрсеткіш деуге әбден болады.
Ал енді отандық кино жайына тоқ­талсақ, әлі іріктелу үстінде болғанымен, бай­қауға соңғы жыл көлемінде «Қа­зақ­фильм» және жекеменшік студияларда тү­сірілген 16 фильм қатысады деп күтілуде. «Еуразия» кинофестивалінің қоңырауын қағу мақсатында ұйым­дастырылған баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаев бүгінгі қазақ киносында даму қарқыны бай­қа­латындығын, оның нақты дәлелі ретінде «Жаужүрек мың бала» сынды тек қазақ қана емес, басқа да елдер сүйсініп көре алатын туын­дылардың дүниеге келуін айтуға болады деді. Айтуға тұрарлық тағы бір жайт –  фес­тиваль шымылдығын қазақ кино­сының мэтрі Әмір Қара­құловтың «Вир­туалды махаббат» карти­насы ашпақ.
Мәриям ӘБСАТТАР


Голливуд қазақ киносын тамашалап жатыр
Лос-Анджелесте «Қазақстан: картиналар калейдоскобы» атты кинофестиваль өтіп жатыр. Биыл жас режиссерлердің жұмысы айрықша насихатталуда.


Кинофорумды өткізуге Голливудтың ең сәнді орын­дарының бірі – Американың режиссерлік гильдиясы таң­далды. Фестиваль кеңесі мен америкалық са­рапшылар шараға 13 картинаны іріктеп алды. Олардың ара­сында Ермек Шынарбаевтың «Періштеге хат», Фар­хат Шәріповтің «Қызғылт қоян туралы ертегі», Қанағат Мұс­тафиннің «Серпіліс», Сламбек Тәуекелдің «Жер­ұйық», Ермек Тұрсыновтың «Келін» көркем фильмдері және Арманд Ассанте мен Еркен Ялгашевтің «Дала ар­қылы тілдесу», Берік Барысбековтің «Өмірді таң­даған ел», Нелло Карреаленің «Дабыл қаққан қасқыр», Рүс­тем Әбдірашевтің «Тәңіріні іздеу жолында» сияқты де­ректі фильмдер бар. Кинофестивальдың басқарушы ди­ректоры Гауһар Нұртастың айтуынша, биыл фильм­дерді іріктеуде жанрлық шектеулер қойылған жоқ. Басты шарт жаңашылдық болды. Соңғы бес жыл ішінде түсірілген картиналардың таңдалғаны да сондықтан. Фестиваль тамыздың 9-ы күні аяқталады. Халықаралық баспасөз академиясы, ҚР АҚШ-тағы елшілігі мен «Қазақфильм» киностудиясының бір­лескен жобасына Қазақ география қоғамы мен аме­ри­калық Helix Films компаниясы демеушілік көрсеткен. Ша­ра аясында қазақтың зергерлік әшекей бұйымдары мен Меңтай Өтепбергеновтің әр кезеңде жинаған киноплакаттарынан көрме де ұсынылып отыр. Кино мерекесін «Інжу-маржан» вокалдық-инструменталдық тобы, инструменталист Ержан Исин және басқа да өнерпаздарымыз әуенмен көркемдейді. «Қазақстан: картиналар калейдоскобы» фестивалі осымен екінші жыл өтіп отыр. Былтыр ол маусым айында ұйым­дас­тырылып, голливудтық көрермен назарына қазақ ки­но­сының Шәкен Аймановтан Гүлшат Омароваға дейінгі тарихи панорамасын құрайтын отандық тоғыз көр­кем фильм ұсынылған болатын.
Болатбек МҰХТАРОВ

Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста