Алаштың КИНОиндустриясы

Актрисалар ана тілін ардақтай алып жүр ме?
Қазақ киносының ұлттық бет-бейнесін режиссердің азаматтық көзқарасы мен, актер­лік бітім-болмыс танытады десек, ондағы әйел образдары сол ұлттық бояуды қоюлата түседі. Қазақ киносында да өзіндік қазақы келбетімен көрермен көңілінің төрінен орын алып жүрген әртістер жетерлік. Кинодағы қыздарға деген көрермен махаббатының ерекше үдеген тұсы Меруерт Өтекешованың «Қыз Жібегінен» басталады, бұл эстафетаны Жанна Қуанышованың Салтанаты («Гауһартастағы») асқақтатса, Гүлнар Досматованың –Айкерімі («Бандыны қуған Хамиттегі») ажарландыра түсті. Ибалығына – ұяңдығы, сымбатына сұлулығы сай қазақ арулары осылайша қазақ киносындағы әйел образдарын қарапайым халыққа әдемі жеткізіп жүр. Буын алмасуды уақыт заңдылығы десек, ол заңдылық бұларға да қатысты. Кешегі Өтекешова, Қуанышова, Досматованың биігін бүгін Аянат Есмагамбетова, Аша Матай, Әсел Сағатова секілді сіңлілері жалғастырып жүр.

Меруерт –«Қыз Жібек»
ҚазССР еңбек сіңірген әртісі (1982), КСРО кинематографистер одағының мү­шесі (1972), танымал қазақ актриса­лары­ның бірі Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» филь­міндегі Жібектің рөліне  10­-сыныпта оқып жүрген кезінде түсті. «Қыз Жібек» – тек мәң­гілік махабатты емес, сон­дай-ақ пат­риоттық сезімді ұлықтап, қазақ­тың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қам­тыған фильм. Содан болар, басқа картиналармен салыс­тырғанда өміршең болды. Тіпті ха­лық­тың сүйіспен­шілігінен әлі де танған жоқ. Оның үстіне, «Қыз Жібек» лиро-эпос­тық жы­ры ой­дан шығарылмаған, шынайы өмір­де болғандығымен де қызықты. Де­мек, халықтың аңыз-әпса­надан бұрын, тарихи оқиғаны бағалайтыны байқалады. Со­ны­мен бірге, бұл картинаға Сұлтан Қо­жықов режиссерлік етіп, Ғабит Мүсі­репов сце­нарийін жазып, Нұрғиса Тілен­диев пен Қадыр Мырза Әлі ағалары­мыз­дың атса­лысуы киноны классикаға ай­­нал­­дырды.
Салтанат – Жанна
Қазақ кино өнерінің алтын тірегіне ай­нал­ған «Гауһартас» фильмі 1975 жылы жа­рыққа шықты. «Гауһартас» киносы та­ны­мал­дылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Жазушы драматург Дулат Исабековтің сценарийі бойынша тү­сірілген фильм бірден көрермендердің жүрегін жаулап алды.
Басты кейіпкер Салтанат келіннің бей­несін сомдаған Жанна Қуанышова нағыз қазақ келінінің бейнесін көрсете білді. Жа­ны сұлулық пен нәзіктік атаулысына құш­тар көнбіс мінезділігінің арқасында ол талай көрерменнің жүрегіне жол тартты. Режиссер Шәріп Бейсембаев Салтанат келіннің бей­несін сомдайтын актриса іздеу мақ­сатында үлкен кинобайқау ұйымдас­тырады. Ірік­теуге бағын сынау мақсатымен 10-сы­нып оқу­шысы Жанна Қуа­ны­шова ке­леді. Сол шақта жас актриса Болат Ман­сұровтың «Ма­хаб­бат туралы өс­иет» фильміне түсіп үл­герген. Ки­но­­бай­қаудан өт­кен ол бір­ден басты рөлге бекі­тіледі. Өтінішті табан астына қал­­дыр­маған Жан­на Қуа­ны­­шо­ва қазақ келіні­нің бей­несін тамаша сомдап береді.
Айкерім – Гүлнара
1979 жылы түсірілген сю­жеті шым-шы­тырық та күрделі, оқи­ғалары ХХ ға­сырдың 20-жыл­­да­ры өтетін  фильм сце­нарийіне С.Сейфуллиннің «Бан­­­дыны қу­ған Хамит» шығармасы негіз болған. Г.Дос­ма­то­ва киноға 12 жа­сынан бастап түсті. Оның алғашқы рөлі Абдулла Қарсақ­баев­тың «Бан­дыны қуған Хамит» филь­міндегі жас Айкерімнің рөлі бо­латын (1979). Сәтті және кө­рермен көңілінен шыққан осы фильм­­нен кейін Дос­матова­ға көп ұсыныс түсті. 1982 жылы дик­­­­­­торлыққа шақы­ры­лып, акт­риса теле­видениеде көп жұ­мыс істеді. 1985 жылдан бастап  «Қа­зақфильм» киностудиясында қызмет етеді. 30 жылдық еңбек жолында 20-дан астам сериал­дар мен фильмдерге түс­ті. «Че­ловический фактор» фильміндегі рөлі үшін 1985 жылы бүкілодақтық «Үздік әйел рө­лі» деген номинацияны жеңіп алады.  Г.Дос­­­­ма­това 2000 жылы «Жыл актрисасы» деп та­нылды.
«Кинода тіл болмайды, өнер ортақ» десек те, жеке адам үшін туған тіл, ортақ Отан, ұлт деген ұлы ұғымдар құнды. Осы үдемен қарайтын болсақ, кейбір беткеұстар әртіс қыздардың айтулы дейтін кемшілігі де осы мемлекеттік тіл мәселесін меңгере алмай жүргенімен өкіндіреді. Фильмдегі жібектей Салтанат – Жанна, жүзінен нұры төгілген Айкерім – Гүлнара, бүгінгі киноның жұлдыздары Аянат пен Әсел ана тілін әспеттеу мәселесінде ұлтына үлгі бола ал­май жүр. Ұлттың төлқұжаты іспеттес өнер­­де, сол ұлттың тілі де жасам­паз­дығымен, жаңа­шылдығымен, қасиет­ті­лігімен ұлық тұрса дейсің. Ендеше, бұл мәселеде кинодағы қазақ аруларына айты­лар сын да орынды, қойылар талап та негізді. Осы аталған актри­саларды халық­­­пен жақын­дастырған да қазақ кино­сының классикалық туынды­ларына айнал­ған жо­ғарыдағы фильмдер бо­латын. Яғни ұлтына қызмет етуді басты мақсат тұтқан режис­серлердің актриса­ларға артқан ауыр жүгі де осы менталитетке тән мінезді көр­сету еді. Қазақ қызына тән табиғилық, ибалылық пен ұяңдық Салтанат арқылы қа­зақ келінінің үлгілік формасын ұсынса, Ай­керім арқылы қазақ қыздарын батыл­дыққа бағыттаған. Бұл актрисалар ұлтына шынайы өмірдегі ана тіліне шорқақ өнер адамдары есебінде емес, жоғарыда аталған фильм­дердегі қарапайым қазақ қызының бейне­лері арқылы аяулы. Ендеше, «ұлт үшін қа­жет осындай құнды­лықтарды қазақтың ару қыздары сезінсе екен, үлкен өнерге аяқ басқысы келетін көптеген қазақ қыздарына барлық мәдени мәселеде үлгі болса екен» деген тілек бар.


   «Алаш айнасы» мен «kinostan.kz» порталының бірлескен жобасы                   

Біздің прокатқа өзбекстандық фильм шығады

                                                    Afisha.uz
Өзбекстанда түсірілген «Бақыт сағымы» («Миражи счастья»/«Бахт сароблари») фильмі тамыз айының 9-ында қазақстандық прокатқа шығады.  Жоба авторлары фильм­ді қазақстандық нарыққа шығарып қана қоймай, ресейлік ірі кабельді арнаға сатып та үлгеріпті.
«Бақыт сағымы» фильмі 100 мың долларлық бюджетке ие. Қазақстан деңгейінде аз көрінетін бұл сома өз­бекстандық мамандар үшін айтар­лықтай қаражат болса керек. Фильм­де «екінші әйел» мәселесі көтеріледі.

Дәулет Әбдіғапаров Иван Поддубный рөлінде

                                                    Әбдіғапаровтың жеке мұрағатынан
 Танымал қазақстандық актер Дәулет Әбдіғапаров ресейлік режиссер Глеб Орловтың «Поддубный» деген жұмыс атауы бар фильміне түсті. Дәулет туындыда Қара Ахмет паша атты түрік балуанын ойнайды.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Қырым­да жүрген, ал прокатқа 2013 жылдың көктемінде шығады деп жоспарланып отыр. Никита Михалковтың «ТриТэ» ком­паниясы қолға алған жобада басты рөлге, яғни Поддубный бейнесін экранға шығаруға актер Михаил Пореченков ие болды. «Бұған дейін Пореченковпен бірге істес болып көрмеп едім. Түсірілім алаңында онымен жұ­мыс  істеген қызықты бол­ды. Поддубныйдың рөлін шығару үшін ол бір жыл бойы салмақ жинап, арнайы ма­ман­­дар­дың қарауында дайын­далған екен. Михаил­дан бір бас биік актер қажет болған соң, мені бірден бекітті», – дейді Әбдіға­па­ров. Актер түсірілім жұмыс­тарының сегіз күн бойы жүрг­енін айтты.

«Джентльмены удачи» фильмі жалғасуда

                                                     «Кун-до» тобының жеке қауымдастығы
Игорь Цай басқаратын сахналық төбелестің «Кун-до» қазақстандық мектебі танымал кеңестік «Джентель­мены удачи» комедиясының экшн-сахналарын қоюмен айналысып жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабар­лайды.  
«Кун-до делегациясы Санкт-Петербургтен оралды. Ол жақта фильм­нің бірнеше экшн-сахналарын қойдық. Жақын арада қайта оралып, жұмысты жалғастыратын боламыз», – деп хабар­лады топ актерлері.  
«Джентельмены удачи» фильмінің ремейкін режиссер Тимур Бекмам­бетов­тің компаниясы түсіріп жатыр. Қазір жоба­ға Сергей Безруков, Гоша Куценко және Антон Богданов секілді актерлердің қатысатыны белгілі болды.


Таймас образы жаныма жақын
«Жаужүрек мың бала» фильмінде Таймас рөлін сомдаған жас актер Аян Өтепбергеннің де өмір мен кинодағы досы Асылхан Төлепов сияқты халықтың ықыласына бөленгені белгілі. Біз Аянды әңгімеге тартып, фильмдегі қиындықтары мен қызықтарын сұраған едік.

Аян Өтепберген, актер:

– Аян, қай жақтың түлегісіз?
– Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Жанұямда бес жан: ата-анам, әпкем, мен және қарындасым. Ата-анамның өнерге еш қатысы жоқ. Анамның анда-санда қалам тербетіп, өлең жазатыны бар. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, әкем ара-тұра домбыра шертіп, ән салып қояды. Өтепберген әулетінде өнер жолын таңдаған жалғыз адам ғана бар. Ол–мен. Тегіміз бірдей болмаса, белгілі актер Меңтай Өтепбергенмен, белгілі режиссер Серік Өтепбергенмен арамызда еш туыстық қарым-қатынас жоқ.
– Өнер жолына түсуіңізге ата-анаңыз қалай қарады?
– Ата-анам жол сілтеп, маған бағыт-бағдар берді. Олардың айтуынша, адам өмірінде өзі үш рет таңдау жасайды. Бірінші – мамандық, екінші –жар, үшінші достар таңдаған кезде. Сондықтан да олар тарапынан қарсылық болған емес. Себебі менің өнерге деген ерекше ықыласымды көріп, біліп жүрді.
– Қалай ойлайсыз, егер өнер жолын таңдамасаңыз, қазір кім болар едіңіз?
– Өзім техникаға жақынмын. Актер болмасам, бәлкім, электроэнергетика, автомобиль саласын таңдап кетер ме едім.

– Кейіпкеріңіз Таймастың бейнесінен өзіңізге не алдыңыз?
– Таймастың жақсы қасиетінің бірі – ол тез шешім қабылдайды. Ал жағымсыз тұсы – өте қызуқанды адам. Мен де негізі өмірде қызуқандымын. Көркем шығарма болғандықтан, Таймас бойынан көреалмаушылық, бақталастық қасиеттерді көруге болады. Бірақ та Таймас өзіме қатты ұнайды.
– Бәлкім, ол сіздің кинодағы алғашқы рөліңіз болғандықтан болар...
– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Таймас өзіме ерекше ыстық. Таймас образы да жаныма жақын. Бұл – менің фильмдегі дебюттік рөлім.
– Ал Таймас бойындағы қызғаныш, бәсекелестік қасиеттер жайлы ойыңыз қалай?
– Пенде болғаннан кейін, әрине, мұндай қасиеттер әркімде болады. Тек ол игі мақсатта болу керек сияқты. Адамзаттың бәсекеге түсіп, бір-біріне зиян келтірмегені жөн.

– Түсірілім кезінде қандай да бір қиындықтарға тап болдыңыз ба?
– Ештеңе оңайлықпен келмейді. Түсірілім жұмыстарының қызығы да, шыжығы да мол болды. Қатты қиналғаным – басымды ауыртып алып, саусағымды шығарып алған кез ғана. Сол тұста ғана физикалық жағынан қиын болды.
– Ал қандай қызықты оқиғалар болды?
– Небір қызықтар өтті ғой. Сартай өлген тұста барлық жігіттер жиналып: «Жігіттер, не істейміз? Төменге түсіп, жоңғарларды торуылдап, Сартайды іздейміз», – дейтін сәт бар. Сол кезді түсірген болатынбыз. Дубль жүріп, менің монологім кетіп жатыр. Бір кезде есіме бір қызықты жайт түсіп кетіп, мен күліп жібердім. Ақан аға: «Жігіттер, жиналыңдар. Ал кеттік!» – деп бастап кетеді. Мен болсам, айтып келе жатып, еріксіз қайта күліп жіберемін. Менің күлгенімді көрген өзгелер де күле береді. Ішегіміз түйілгенше әбден күліп, әйтеуір, сол дубльді түсірдік. Күні кеше ғана Асылхан екеуміз кастингтерді іздеп жүріп қатысып, «Қазақфильм» табалдырығын талай тоздырған едік. Бағымыз жанып, екеуміз де тарихи кинодан көрініп отырмыз. Бастан өткен күндерді, түсірілім барысын ерекше сағынышпен еске аламын. Бүгін, міне, жүздеген адамның еңбегінің арқасында «Жаужүрек мың бала» киносы көгілдір экраннан көрсетіліп, оның DVD нұсқасы жарыққа шықты. Тіпті, «өңім бе, әлде түсім бе» деп, сенер-сенбесіңді білмейсің.

– Өзіңіз фильмді қанша мәрте тамашаладыңыз?
– Өтірік айтпасам, 15 рет көрдім.
– Өз рөліңізге көңіліңіз толды ма?
– Кейде маған фильмдегі Таймас мен емес болып көрінеді. Өзімді экраннан көре алмаймын. «Мен емес» деген сияқты ойлар да жоқ емес.

– Әлеуметтік желілердегі парақшаларды өзіңіз жүргізесіз бе?
– Иә, Facebook, Twitter, Вконтакте желілеріндегі парақшаларымды өзім жүргіземін. Тек, мен «Мой мир» желісінде жоқпын. Ол жақта менің атымнан парақшалар болса, ол – менің атымнан ашылған жалған парақшалар.
– Келген хаттарға жауап қатасыз ба?
– Кейде адамды кемсітіп, шамына тиетін хаттар келеді. «Сіз актерсіз бе?», «Киноға түскенсің бе?» деген сияқты сұрақтарды қоятын жандар өз сауалдарының жауабын біле тұра, сұрап жатады. Ал негізі, көбіне өз ой-пікірлерін, игі тілектерін білдіретін хаттар келеді. Оларға ризашылығымды айтып, жауап беремін.
Ғазиза ҰЗАҚ


Cарбаз өмірінің қызығы жайлы сериал түсірілді

Әскер десек, әдетте әлімжеттік еске түседі. Бірақ әскери өмір келеңсіздіктерден ғана тұрмайды. Ол – әрбір Отан қорғаушының өміріндегі ерлік пен достыққа толы жауапты сынақ, ал жауынгерлік – құрметті мамандық. Қыркүйекте республикалық телеарналардың бірінен көрсетілетін «Десант» сериалы көрермендерге қоғамға қажетті мамандықтың артықшылықтарын насихаттайды.
16 сериядан тұратын картина – «MG Рroduction» кинокомпаниясының өнімі. Жоба идеясының авторы Данияр Күмісбаев болса, фильм режиссері – белгілі сценарист, актер Ержан Рүстембеков. «Телесериал – ауыр да құрметті мамандықты таңдаған өжет адамдар туралы. Кейіпкерлердің әрқайсысы өз мінезі-болмыстарымен ерекшеленеді. Бірақ оларды тұтастыратын нәрсе бар, ол – әскери мамандыққа деген сүйіспеншілік. Фильмдегі адамдар күрделі де шешімі қиын жағдайларға тап болады, бірақ қай кезде де адами қағидаларын сақтауға тырысады», – дейді жоба авторлары. Көпсериялы фильмнің басты рөлдерінде Олжас Жақыпбеков, Ұлан Болатбеков, Мерей Маханов, Жалын Тілеуберген сияқты жас актерлер ойнайды. Бұл фильм сахналық декорациямен түсірілген телехикая емес, ол толықметражды көркем фильм әдісімен жасалды, яғни барлық оқиғасы шынайыланған түсірілім­дерден тұрады: әскери жаттығу, атыс, жарылыс, төбелес, тағысын тағы. Түсіру алаңы – Қапшағай қаласындағы ҚР Қарулы күштері Аэроұтқыр әскерлердің 35-гвардиялық десанттық шабуыл­даушы бригадасының базасы. Басты рөлдерге таңдалғандар әскери өмірден бейхабар актерлер болғандықтан, олар мұнда алдымен алғашқы дайындықтан өтті. Телесериалдағы Талғат рөлін сомдаған актер, «V-Alem» тобының әншісі Жалын Тілеуберген фильмге қалай келгені жайлы былай әңгімелейді:
– Досыммен бірге кастингке қатысқанмын. Ол бейнесынаққа қатысса, мен фотосынаққа қатыстым. Екі-үш күннен кейін маған «MG Рroduction»-нан адамдар хабарласып, бейнесынаққа қатысуымды сұрады. Сөйтіп, рөлге қабылдандым. Түсіру алаңын­да нағыз әскерде жүргендей болдық. Алдымен дайындықтан өттік, бізді үйдің бесінші қабатындай болатын биіктіктен лақтырып жіберді. Бұл біз үшін жауапты да қызықты сабақ болды. Кейін әскери полигонда оқ аттық, 25 метрлік биіктіктен секірдік.
Мұнда шегінуге жол жоқ еді. Түсіру тобы ұйқыдан сағат 05.00-де тұрып, керек жағдайдың бәрін даярлап қояды. Қару-жарақ пен бүкіл камера дайын тұрған кезде біз берілген тапсырманы қалай да орындауымыз ғана керек болды. Әуелгіде бір­тіндеп мылтық атуға шақырған кезде дыбысынан қорық­қаным рас. Атылған сайын селк етіп отыр­дым. Бірақ қаруды өз қолыма алғаннан кейін батылдық пайда болды, үйренісіп кеттім. Ержан Рүстембеков – өз ісінің маманы. Әрқайсымызбен санасып, түсіністікпен жұмыс істедік.
Болатбек МҰХТАРОВ

Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста