Алаштың ақсарбасы ада болмағай
Ақсарбас! Естеріңізде болса, біз дәл осылай «Біржан сал» фильмі дүниеге келгенде сүйінші сұраған болатынбыз. Араға уақыт салып тағы да «ақсарбастауға» лайық оқиға орын алып отыр. Бірақ бұл жолы тура мағынасында! Қазақтың саф алтындай тап-таза тұрмыс-салты мен тұнығы лайланбаған таным-түсінігін бүгінгі ұрпаққа көрсете білген туындыны авторлар «Ақсарбас» атауды жөн көріпті. Авторлар деп отырғанымыз – шекараның арғы жағындағы аспан асты елінде ғұмыр кешіп жатса да, қазақ мәдениетін сақтау жолында қызмет етіп жүрген қазақтың бір қызы, режиссер, Шыңжаң ауданы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құрманбекқызы, бас режиссері – Орталық телевизия бастығының орынбасары Гау Фың, бас продюсері Шың Зы Жүн.
Фильм не жайлы?
Неліктен «Ақсарбас»?
Қазақ сахарасы мәдениетінде «ақсарбас» деген – өте қастерлі ұғым. Мейлі қуанышқа, мейлі жұбанышқа болсын, қазақ өзін ерекше толқытқан жайға ақсарбас атаған. Фильм жартасқа сурет салып тұрған балаға ақсарбас атаудан басталады. Алайда тақырып мүлдем ақсарбас қозы жайлы емес, онда мөлдір махаббат та, қазақтың салт-дәстүрі, таным-түсінігі, жөн-жоралғысы – бәрі қамтылған. Қысқаша аңдатар болсақ, ауылдың абыройлы бір әулетінің үкілеп өсірген Үкібала есімді үріп ауызға салғандай қызын әкесі құда түсіп келген өзімен терезесі тең бір әулетке ұзатпақ болады. Салт бойынша сән-салтанатын келістіріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасау қамына кірісіп кеткен. Бірақ қыз өзінің болашақ жарын еш ұнатпайды, еріксіз басы байланып кете баруға іштей наразы. Көрші үйдің өзі қатарлы жігіті қызға ғашық, алайда қол қысқа әрі қыз тағдыры шешіліп қойған. Сөйтіп жүргенде, ауылға бір күні Ақтай есімді сері ат басын бұрады. Көрген сәттен қыздың көңілі оған ауып, серінің де жүрегіне шоқ түседі. Сері ғой, іштен тынып кете қойсын ба, соңғы сәтте кештетіп жастар марал қууға тоғайға шыққанда қапысын тауып қыздың құлағына «мына тоғайда тағы бір маралдың обалына қаламыз-ау, өкінішті-ақ» деп, қыз тағдырын маралмен тұспалдап жеткізеді. Міне, нағыз сезімді жеткізудің қазақы үлгісі! Солайша өз тұмарын беріп, бұрылып кете бармақ болғанда білегінен ұстай алған қыз «жоқ, сері, мен сендікпін, сондықтан мені ала кет» дейді. Бір түнде серінің етегінен ұстай барған Үкібала өзінің алдынан бақпен қатар, қасіреттің шығарын сол сәт сезбеп еді. Қыздың қылығынан елге таба болған үйі біржола қоныс аударады. Бәлкім, осы оқиғаны ел естен шығарар ма еді, араға бес жыл салып кенет қыр асып қашқан қызды тағдыр еліне қайта айдап келмегенде...
Еркеш Құрманбекқызы, фильмнің сценаришісі, режиссері:
– Бір ауыз сөзбен айтар болсам, киноның басты тақырыбы – қазақы дүниетаным, қазақы сүйіспеншілік, қазақы махаббат, қазақы тіршілік, қазақы мәдениет. Жаңа өзіңіз көрдіңіз, фильм соңында Үкібала екі баласына қайта оралады. Қай заманда да қазақ өмірінің басты құндылығы қара бастың қамы, қара бастың бақыты емес, ұрпаққа деген сүйіспеншілік, оның алдындағы жауапкершілік болғанын және солай болып қалуы керектігін көрсеткім келді. Ешқандай ойдан шығарылған да емес, қазақтың таза таным-түсінігі, өмір сүру философиясы, міне, осындай болған. Оған тарихтан, небір аңыз, дастан, жырларымыздан мысал келтіруге болады, болмаса ұлы тұлғалардың көбінің басынан осындай бір тағдыр өткен.
«Біржан салмен» үндескендей
Қаймағы бұзылмаған қазақылық жайлаған қадым заманға бір сәт қайта оралтқан бұл туынды қарасаң көзің тоймайтын Алтайда түсірілген. Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкерлерінің нағыз қазақы үні құлақтың құрышын қандырады. Сенерсіз, сенбессіз, бірақ фильмге еш дубляж жасалмаған. Түсіру майданындағы – әр актердің өз даусы, осыған қарап-ақ, оның сапасын пайымдай беріңіз. Түгел Шыңжаң қазақтарының әртістері ойнаған. Тек Ақтай серінің рөліне Қазақстаннан белгілі актер әрі әнші Нұрлан Әлімжанов арнайы шақырылыпты. Үні қазақы, әуені де қазақы, әуенін қытай қызы жазса да, қазақы бояуы жақсы сақталған бұл фильмде Ақтай сері – Нұрлан Әлімжанов Үкілі Ыбырайдың «Балдырғанын» өз даусымен орындайды. Сондай-ақ фильмде Үкібала өзінің ішкі зарын қобызда халық күйі «Ерденді» ойнау арқылы жеткізеді. Елге сері келіп, басты кейіпкер екеуінің арасында сезім оянуы, сондай-ақ екеуінің тоғай арасында сөз байласуы аздап «Біржан салға» ұқсап кеткен. Бәлкім, сол кездегі қазақ қыз-жігітінің кездесуі осындай сипатта өткендіктен, солай болған шығар...
Фильм соңында экранға жазылғандай «адамзаттың қуанышы мен жұбанышын арқалап, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұласатын» ақсарбасымызды аялайық.