Таяуда кітапхана сөресіндегі қаздай тізілген кітаптарға көз салып тұрғанда таныс есім көзіме оттай басылды. Амантай Шәріп. Кітаптың аты «Сөз өнері және ұлттық рух» деп аталады.
Амантайды жақсы білемін. Біз – бір ауылдың адамдарымыз. Сырдарияның бойындағы Қазалы ауданына қарасты «Қожабақы» аталатын ауыл бар. Біздің бала кезімізде бұл ауыл Энгельс атындағы совхоз аталатын. Қазіргісі де, бұрынғы атауы да көңілден шығып тұрған жоқ. Не себепті Энгельс аталғаны белгілі. Кеңестік саясаттың әсері делік. Ал Қожабақы немесе Бақы қожа деген адам жөнінде естіп-білмеген екенбіз. Ауылдың ажарын да, мән-мағынасын да ашатын жөнді атау керек-ақ. Әйтпесе біздің ауылдың өзге елді мекендерден еш кемістігі жоқ. Арғы жағына барыспай-ақ қоялық, бергі жағын ғана тарқатар болсақ, елге танымал талай азаматтарды түлетіп ұшырған ауыл бұл. Қайраткерге де, ақын-жазушы, әншіге де кенде емеспіз. Басқасына тоқталмай-ақ, Дербісәлі Дәленов көкеміздің шаңырағының өзінен әйгілі қос ғалымның шыққанын айтсақ та көп жайтқа қанығуға болар.
Бәрі Амантайдан басталып жатыр. Әрине балалық шақта қатар сайрандай алмадық. Біз оныншыда оқыған кезде, ол үшінші сыныптың оқушысы болса, қайдағы қатар жүргендік?. Алайда ініміздің әке-шешесін жақсы танитынбыз. Олай деуіміздің де жөні бар. Жарылқасын ағамыз совхозымыздың дөкей директоры болса, ал Шәмшагүл апа мектепте сабақ беретін болса...
Мен Амантайды көргенде көз алдыма Жарылқасын аға келеді. Баланың әкеге ұқсауы заңдылық, әрине. Дегенмен де осылай да ұқсай береді екен-ау. Бет пішімі, тіпті ұйыса біткен қалың қара қасына дейін, өзіңе көз тастағанда ар жағынан ақылға кенендігі, өрлігі, парасаттылығы мен байсалдылығы менмұндалайтын кәдімгі Жәкеңнің қарасы. Бұған қуанамыз. Ел ағасы – Жақсы Жәкеңнің деңгейінен табылып, керек десеңіз, асып кетіп жатса, нұр үстіне нұр да.
Жарылқасын аға – атқа ерте мінген азамат. Біздің совхозға директор болып келгенде небәрі жиырма алты жаста-ақ болатын. Шаруашылықты анау-мынау емес жеті жыл басқарды. Көпке сыйлы, абыройлы болды. Кейін қызмет сатылары бойынша өрлей берді. Ауданға, Қызылорда қаласына жетекшілік етті. Облыс орталығын басқарғанда «Біздің совхозда директор болған Жәкең ғой» деп бойымызды мақтаныш кернейтін. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Керек адамды жұрт та жазбай таниды ғой. Облыстық мәслихаттың депутаттығына әлденеше рет сайланды.
Қазалыда өткен жиын-тойларға бара қалғанда көпшілік ортасынан Жарылқасын ағамды да көріп қаламын. Менің байқағаным, ауданда өтіп жатқан шаралардан бұл кісіні қалдырмайды екен. Бұл да Жәкеңнің азаматтығын, адамгершілігін сыйлағандықтың белгісі.
Шәмшагүл апамыз шет тілінен сабақ берді. Оқушылар оны қатты сыйлайтын. Қарапайым, кішпейіл еді. Қазір де сол қалпы. Бірде сәлем беруге барғанда «Амантаймен таныстыру керек еді. Бір-бірлеріңді біліп жүргендерің жақсы ғой» деп жатыр аналық мейіріммен.
Енді сөз басында тілге тиек еткен кітапқа оралайық. Кітаптың атын айттық. Бұдан төрт-бес жыл бұрын шыққан екен. Қанша жыл өтсе де құны төмендемейтін дүние. Тәуелсіздіктің шөліне әлі қанбай жатқан уақытта ұлттық рух мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық. Кітапты оқығанда көз жеткізгеніміз – автордың білімдарлығы, жан-жақтылығы.
Ұлт, ұлттық идея деген тақырыптарға кім болса сол түрен сала бермейді. Біліміңіз, білігіңіз бір басқа, мұндай мәселелерді қозғағанда адамның бойында ұлтшылдық, отаншылдық сезім басым болуы тиіс. Әйтпесе айтылған сөз шынайы шықпайды. Автордың ой-толғаныстарынан, тұжырымдарынан аңғарғанымыз – А.Шәріптің өн бойынан туған ұлтына деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың иісі аңқып тұратындығы. Түйіндеп айтқанда, осы еңбектің алғы сөзінде жазылған «Кітапта сөз өнерінде, оның ішінде қазақ поэзиясында ұлттық болмыс-бітім, салт-сана атрибуттарының көркемдік кесте арқылы өзектесе өріліп, таңба табуының жай-жапсары әдеби тарихи үдеріс аясында сан қырынан сараланып, тың тұжырымдар тиянақталған» деген пікірмен әбден келісуге болады.
Амантай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірді. Соның айғағы – аталған оқу орнында оқытушылық қызметке қалдырылды, кафедра меңгерушісі болды.
Ол да Жарылқасын ағамыз секілді жастай жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Екі ірі оқу орнында – Еуразия ұлттық университеті мен Қызылорда мемлекеттік университетінде проректор болды. Алғашқыда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қызылорда облыстық филиалының директоры, содан соң телерадиокорпорация төрағасының орынбасарлығы қызметін атқарды. «Астана ақшамы» газетіне де басшылық етті. Кейінірек «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болды. Қазір – Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы.
Амантай бүгінде ғылымға біржола ден қойды. Бала кезден әдебиетке құмарлығы бар еді. Оның өлеңдері оқушы кезден-ақ аудандық, республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне шығып жүрді. Бала қиял алдамайды екен. Ақырында әдебиет атты айдында кемесін еркін жүздірді. 1979 жылдан өлеңдері, әдеби-сын мақалалары баспасөз бетінде жарық көре бастады. Біздің білетініміз бүгінгі күнге дейін бес монографиясы, жүзге жуық ғылыми жарияланымдары оқырман қауыммен қауышты. «Қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі: генезисі, эволюциясы және трансформациясы» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Бір сүйсінерлігі – азаматтың шығармашылық істегі, ғылымдағы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып келе жатқандығы. Жастау кезінде «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, кейінірек халықаралық Айтматов академиясының академигі болып сайланды. Өткен жыл да оның өмірінде өрнекті із қалдырды. Республикамыздың Білім және ғылым министрлігі жыл соңында үздік ғылыми зерттеулерге арналған бәйгені қорытындылаған болатын. Нәтижесінде белгілі әдебиетші ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы және Амантай Шәріп бірігіп жазған «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» атты ұжымдық монография гуманитарлық зерттеу саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды. Мұның өзі аса жоғары баға, зор құрмет.
Амантайдың салмақты ойға құрылған мазмұнды мақалаларын баспасөз беттерінен оқып жүреміз. Теледидар хабарларына да қатысып, көкейкесті тақырыптарға сұхбаттар беріп жатады. Алқалы жиындарда да жиналғандарды ұйыта сөз сөйлеп тұрғанын да көріп қаламыз. Сонда не жайында айтылады дейсіз ғой? Ұлт хақында, Алаш ардақтылары туралы әңгіме өрбітеді. Өзгелерін тізбелемей-ақ қояйық, халқымыздың дара перзенттерінің бірі – Сұлтанбек Қожанұлының өміріне, ел үшін тындырған ұлағатты істеріне қатысты ерен еңбегі бір төбе.
Қазіргі таңда филология ғылымының докторы, профессор, алашшыл ғалым Амантай Шәріпті кемелді шағында деп әбден айта аламыз. Ол алда талай ғылымдағы сүбелі еңбектерімен, жалпы халқымызға пайдалы игілікті істерімен қуанта беретініне бек сенімдіміз.
...Туған жердің түтіні де ыстық деп жатамыз. Ал адамдары тіптен жақын ғой. Сол бір топырақта түлеп ұшқан жандардың арасында абырой-атағы асқақтап, ел азаматы деген асқар биіктен көрініп жүрген бірегей тұлғалардың болуы жүдә ғажап. Міне, сондай атқарып жүрген ісіне көңіліміз толып, өзімізді де, өзгені де марқайтып жүрген бауырларымыздың бірі – біздің Амантай.
Алашшыл азамат
Последние статьи автора