Қазақ ән өнерінде өзіндік ойып алар орны бар біртуар тұлға, күміскөмей әнші, ұлы Абай мектебінің бертінгі шәкірттерінің бірі Жәнібек Кәрменов көзі тірі болса биыл 60-тың асқарына шығар еді. Әнші аға осыдан 17 жыл бұрын арамыздан кеткен болатын. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол кейінгі ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Өзіндік иірімдерімен ерекшеленетін оның асқақ әндері еліміздің әр өңірінде әуелеп жатыр. Биыл көктемде Алматы төрінде Қазақ ұлттық консерваториясының мұрындық болуымен Жәнібек Кәрменовті еске алу кеші өткен болатын. Сол шара өткен апта соңында Семей шаһары – Алаш қаласында жалғасын тауып, сағындырған Жәнібекті еске алу кеші болып өтті.
«Ойламаңдар, жігіттер...» әлі де ойлантады
Семейдің Мәдениет сарайында өткен еске алу кешіне халық көп жиналды. Жиылған әнсүйер қауым үш сағаттан астам уақыт бойы тапжылмастан Жәнібек әніне құлақ құрышын қандырып, ол жайлы айтылған естеліктерді тыңдады. Еске алу кешіне қала әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, жазушы Медеу Сәрсеке, Хафиз Матаев, әншінің бала жасынан бірге өскен досы Дәулет Сейсенұлы, інісі Болатқазы Еркежанов сынды бірқатар азаматтар мен зиялы қауым өкілдері және әнсүйер қауым қатысты. Сондай-ақ кешке әнші ағаның 20 жыл отасқан жары Тұрар Тұрсынханова да арнайы келіпті.
Жәнібек Кәрменов ерекше әншілік қабілетімен дара. Осыдан шығар, халқымыз оны даланың бозторғайы, арқалы әнші атандырып жіберді. Күміскөмей әншінің әуезді үні өзіне ғана тән ырғағымен келісті. Жәнібектің әншілік қасиетін оның туған ортасы көзі тірісінде бағалады әрі мойындады. Қазір де пір тұтады. Отызында Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, қырық жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Қасиетті Шыңғыстау перзентін еске алуға жиналған жұрт әнші жайлы жаңаша толғанып, оны сағынып қалған ортасымен қайта бір қауыштырғандай болды. Ел алдында әнші аға жайлы тереңнен толғаған жазушы Медеу Сәрсекенің «Ол отызында 90 жастағы ақсақалдың сөзін айтқан» дегені жиылған қауымға үлкен ой салды. Жәнібектің досы Аманкелді Жікеновтің орындауындағы Жәкеңнің «Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды» термесі тыңдаушылардың бірін ойландырса, енді бірінің тіпті көзіне жас та алдырды...
Жүсіпбек пен Жәнібек
Жәнібек – дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің таңдаулы өкілдерінің бірегейі. Шәкірттерін тәрбиелей жүріп, ұлттық ән өнері мен музыкалық фольклорды қатар ұстап, білікті өнер зерттеушісі бола білді. Ол – «Ақылбайдың әні», «Махаббат » әні, «Ғашықтың тілі» атты кітаптардың авторы. Тағы бір қыры – сазгерлігі. «Жеңеше», «Жаса, елім» сияқты әндері бар. Еске алу кешінде облысымыздың әр ауданынан жиналған әнші қауым Жәнібек салған әндерді әуелетті. Бекболат Тілеуханов бастаған шәкірттері қазірде оның әншілік дәстүрін жалғап жүр. Алайда Қарағанды қаласында Жәкеңнің ұлы ұстаздарының бірі Жүсіпбек Елебеков атындағы ән байқауының осы кешпен тұспа-тұс келуіне байланысты Жәнібектің тағы бір шоғыр шәкірттерін әнсүйер қауым бұл кеште тыңдай алмады.
Әттеген-ай!
Алматыдағы «Таугүл» ықшамауданындағы Жәнібек Кәрменовтің атына берілген көшенің ұзындығы бар болғаны 300-ақ метр!?.
Бір үзік сыр
...Өнерге жаңа леп әкелетін жастарды Жүсекең ұдайы аңсап жүретін. Ал Жәнібек Кәрменовті тапқан кездегі шаттанғанын айтпаңыз. Ұмытпасам, бұл 1966 жылдың шілде айы еді. Есіктен сүйінші сұрай келді. Сөйтсем, Ахмет Жұбанов Жүсекеңді арнайы іздеп барып, өзінің Семей облысының Абай ауданынан бір жас баланы көргенін, дауысының ғажап екенін айтыпты. Соны естіген Жүсекең бір ыңғайын тауып, Шыңғыстауға жол тартты. Осы жолы өзімен бірге Жәнібекті ала келді. Одан арғысы жұртқа белгілі. Әттең, ерте кетті ғой, Жәнібек те ғажап әнші болып қалыптасып еді.
(Хабиба Елебекова, «Егемен Қазақстан», 24.02.06)
Тұрар Тұрсынханова, әншінің жұбайы:
– Немере, шөбере шәкірттері шығып жатыр. Жәнібек тәрбиелеген шәкірттердің барлығы – мен үшін немере, шөбере шәкірттер. Айта берсек, көп. Бүкіл Қазақстанның жер жерінде Жәнібектің шәкірттері бар. Сонымен де Жәнібек ғұмырлы ғой деп ойлаймын. Мен осы кешті ұйымдастырған қала әкімшілігіне, Мәдениет сарайы қызметкерлеріне, жалпы, өнер ұжымдарына өте ризамын.