Алаш поэзиясы абызынан айырылды

Алаш поэзиясы абызынан айырылды

Бүгін Алаш поэзиясы өзінің данагөй абыздарының соңғы тұяғындай қазына қарт, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс – Қадыр Мырза-Әлиді ақтық сапарға шығарып салды. Жауһардай жырлары күллі қазақ жұртының баға жетпес рухани байлығына айналған Қадыр аға қаңтардың басында ғана 76 жасқа толған еді...
Тырнақалды туындысы “Пионер” жур­налында жарияланған 1954 жылдан бастап, дүниеден өтер-өткенше қаламы жазудан, қағазы өлеңнен құрғамаған арқалы ақын күні бүгінге дейін оқырманға 40-тан астам жыр жинақтарын, әдеби-сын жанрындағы еңбектер мен прозалық кітаптар, көптеген ән мәтіндерін, сонымен бірге он бір томдық көркем аударма ұсынған екен. Бас-аяғын жинақтай келгенде жалпы көлемі 30 томды құрайтын осыншама мол, онда да ел-жұрттың шы­найы сүйіспеншілігіне бөленген інжу-мар­жан мұраны дүниеге әкелу үшін де суреткерлік зор қасиет қажеттігі анық.
Осы тұрғыдан алғанда,
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! –
деген қарапайым ғана шумағы ұлт ұланы үшін ұранға айналғаны өз алдына,
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра! – немесе:
Азандағы мал үні – атамыздың
гимні... –
сондай-ақ:
Жанартаудың сөнгендері – даңқты,
Атылмаған жанартаулар – қауіпті... –
және де:
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі өзгені де жылатып.
Жылайтыны туа сап –
жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде –
жақсылар бар қимайтын, –

деген тәрізді жүрекке жылы, көңілге қонымды өзіндік ой орамдары жыр­сү­йер қауымның әркез жадында. Өлең­дерін былай қойғанда, Қадыр ақын­ның «Мансапқордың кеңсесі биік, ең­бек­қор­дың еңсесі биік», «Жомарттар қарыз береді, сараңдар қарыз алады», «Адамдарды өмірдің өзі өлтіріп, құжатына «өлім» деп қол қояды» деген тәріздес афоризмге айналған ұтымды ойлары қаншама!..
Бір анығы, найзаның күшін қаламның ұшымен аңғартып, бір сөзге бір ғасырдың жүгін арта білетін қазақ сөзінің ұлылығы Қадыр ақын жырынан кеңінен көрініс тапты. Кеңсе жұмысынан 40 жасында кетіп, таза шығармашылықпен айналысқан ол, үйде отырған әрбір 10 жылында 20 жыл­дың жұмысын істеді, әдебиеттің қай жанрында болсын, өндірте жазды. Басқа еңбектерін былай қойғанда, ақынның балаларға арналған шығармаларының өзі – екі том. Рас, ақынды әр-әр жерге қыз­метке шақырушылар қай кезде де аз бол­маған. Бірақ өзі айтпақшы, оның ар жа­ғында бәрібір әдебиет тұрды. Ел егемендігіне дейін де, одан кейін де тоғыз жыл Жоғарғы Кеңеске депутат болған Қадыр ағаны биік мансап та қызықтыра алған жоқ. Ақынның өзі мұның мәнісін «Маған өзі қайсысы тиімді?» дегенде әдебиет­ке көбірек пайдам тиетінін түсіндім. Егер одан артылып, қолымда бірдеңем болып жатса, әрине, халқыма көмектесемін. Тіпті менің жазған дүниелерімнің өзі де – елге көмек. Шынымен де, халықтың мұңын әдебиет арқылы көрсетсең, ол әлдеқайда жақсы емес пе? Ал билікте жүріп бәрібір ештеңе істей алмас едім» деп түсіндіргені бар. Яғни ақын ұстанымына сүйенсек, әдебиеттің өзі – майдан, жазушылықтың өзі – қайраткерлік. Бұл ретте, Қадыр аға – қазақ әдебиетінің көрнекті қолбасшысы деңгейінен көріне білген санаулы қаламгерлердің бірі. «Осы уақытқа дейін менің кітап шығармаған жылым болған емес» деп өзі айтқандай, ақын бұл ретте, әдебиетке шын мәнісінде ардың ісі деп қарады.
Туындылары таптаурындылықтан, жа­санды­лықтан ада Қадыр Мырза-Әли эссе жанрында да қалам тартып, оқырманға «Иірім», «Жазмыш» атты тың дүниелер ұсынды. Аталмыш еңбектердің жазылу тарихы да қызық. Ол туралы бірде өзі: «Менің ежелден бергі әдетім – кітап оқып отырған кезде өзіме ұнаған жерін қарындашпен сызып отырамын. Онда да «осы маған ертең керек болады» деген оймен. Содан бір кітаптан әлденені іздеп отырып: «Не сыздым екен?» – деп аяғына дейін қарап шықтым. Сөйтсем, бәрі – керек­ті нәрселер. Келесі кітап та, одан кейінгісі де солай. Сосын: «Әй, мынаның барлығын біреулер білуі керек қой. Бұларды енді қашан пайдаланамын?» – деп ойладым. Сөйтіп, бәрін қағазға көшіріп едім, 500 беттей дүние шықты. Соларды тақырып-тақырыпқа бөліп отырып, үш айда 12 тараудан тұратын «Жазмышты» жазып шықтым. Әйтпесе менде проза жазамын деген ой болған емес, «поэзиямен осы кеткенім – кеткен ғой» деп ойлап жүргем. Ал «Иірім» түгелдей өзіме, өз ортама, болмаса, қазақ әдебиетіне байланысты. Және бәрі рас. Мен оны ешбір кітаптан алған жоқпын, бәрі – өзімнің көрген-білгенім», – дегені бар. Бұл орайда, ақын үшін әдеби ортаның, былайғы ел-жұрттың не ойлайтыны, қабылдау-қабылдамауы емес, ақиқаттың маңызды болғаны анық. Себебі ақынның ойынша, «қаншалықты ащы болса да шындық айтылуы тиіс және ол өте маңызды. Жалпы, айтылмаса, онда оның несі шындық?».
Ал бүгінгі шындық – ақиқатты ту етіп, ақын­дықтың, адамдық пен азаматтықтың тұғы­рынан таймай өткен сол марғасқа енді жоқ. Алаш жұртына әлі талай сүбелі дүниелер беруге Қадыр ағаның қалам­герлік қуаты жететін еді. Бірақ жазмышқа не шара?!
Арғымақ өледі,
Артында шаң қалып,
Ақындар өледі,
Бәріне таңғалып!.. –

деп бір кезде өзі жырлағандай, бәріне таңғалумен, тамсанумен бақиға аттанып кете барды. Дәтке қуат етеріміз, қазақ де­ген жырсүйер халық барда Қадыр ақынның да аты өшпейді, өлеңі өл­мейді. Ақын мұрасы – мәңгілік мұра.

Үкілі үзінділер
(Қадыр Мырза-Әлидің «Алаш айнасына» шыққан сұхбаттарынан)

***
... Өз басым жомарттықты үлкен қасиет деп есептемеймін. Қолыңнан келгенше көмектессең, әне, сол – керемет қасиет. Тектен-текке ақша шашып жүрген адамды көрсең айтшы, мен содан барып ақша сұрап алайын. Оның бәрі жасанды, өтірік істейді. Менің «Жомарттар қарыз береді, сараңдар қарыз алады» деген бір афоризмім бар. Жомарттар неге қарыз береді? Өйткені олар жинайды, ал аналар шыдамайды, алып қояды. Екеуінің арасы жер мен көктей...
***
... Осы өтпелі дәуірдің өзінде де біз қоғам азаматының образын жасауға тиістіміз. Егер жақсы жазушы болсақ, заманның қалай қарай ағып бара жатқанын түсінсек, ол жасалар да еді. Бірақ мен ондайды әзірге көре қойған жоқпын. Бәлкім, оған уақыт керек шығар. Рас, жамандық, зұлымдық, жемқорлық жағынан небір кейіпкерлерді өмірдің өзі сомдап жатыр. Алайда олар біздің әдебиетімізден әлі көрініс таба қойған жоқ.
***
... Қазақта үлкендердің жастарға қаратып айтатын: «Біз базардан қайтқан адамбыз, сендер базарға бара жатқан адамсыңдар», – деген керемет бір сөзі бар. Бұл – ескі образ. Көп нәрсе біздің ішімізде кетуі де мүмкін. Бірақ біз қолымыздан келгенше біраз нәрсені айтып қалдық. Бір байқағаным, қазір әдебиетке келуші жастардың саны азайып барады. Ал осы салада тер төгіп жүрген бірлі-жарым жастар көзсіз батырлар сияқты. Сондықтан әдебиетімізді өсіреміз десек, дарынды жастарға қолдау көрсетуге, жағдай туғызуға мейлінше тырысқанымыз жөн.

   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Іргетас

Шежіреміз қию-қию,
Шырғалаң.
Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.
Жер үстінде бір шаһарым ер жетіп,
Жер астында шөгіп жатыр бір қалам!

Ерім менің!
Жерім менің шерменде.
Жырта қалсаң,
Жыр шығады көрден де!
Қырық эпос –
Қырық батыр жайында...
Қазақ жазбай,
Біреу жазып берген бе?!

Таусылмайтын парасат бар термемде,
Термешіге дайын тұрар төр менде.
Тылсым дала басқаныкі болған да,
Тегін тастап, көшіп кете берген бе?!

Опасыздар шындығымды жырмалап,
Ойдағыны бойдағыға жүр балап.
Жеткенімді қалай жазсаң, олай жаз,
Өткенімді жазба бірақ бұрмалап!

Айналайын, арғысынан кім безген!
Ақиқатқа қарау керек бұл көзбен.
Теріс тарих қажет емес Тұныққа
Теріс түскен сұлбадай бір күмбезден!

Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден!
Тарих қымбат қандай болса, сол күйде
Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен!
Сарғайдық қой артын күтіп әліптің,
Сырын неге жасырамыз алыптың?!
Жаман болса, жаман болсын
Жарқыным,
Өз тарихын өзіне бер халықтың!

Әр дәуірдің болады өз шайыры
Ақ-қараны алатын тез айырып.
Заманымды қайырмасаң қайырма,
«Жаманымды» берсең еді қайырып!
Елімізге керек емес ертегі!

Ертегіні өз балам да шертеді.
Тарих керек!
Іргетасы ол халықтың,
Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!

Қадыр Мырза-Әли

• Өмірдерек
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза- Әли 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жж. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.
Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жария­ланды. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. 200-ге жуық ән мәтіндерін жазып, көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Ұлт поэзиясын жаңа белеске көтерген ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға да ерекше үлес қосты.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қадыр ақынға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны мәтінінің авторларының бірі, «Парасат» орденінің иегері. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.
Ақынның өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин т.б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петефи сынды әлем классиктерінің жырларын қазақ тіліне аударған.

Сәкен ИМАНАСОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Қадірі бөлек Қадырымыз еді...
– Бұл жалған дүние кімдерге опа беріп еді?! Алаш жұрты тағы да аза тұтып, күңіреніп, аса бір қимас ұлынан, арқалы ақын, абыройлы азама­тынан айырылып қалып отыр. Осыдан біраз бұ­рын Қадекең қатты ауырып жатыр дегенді естіп едім. Өзі де бәріміз секілді оқта-текте аз-кем сыр­қат­танып барып, емделіп, аяғына тұрып кететін. Ру­хы мықты жан еді ғой, көп ұзамай дертінен жа­зылып кетер деп сендік. Бірақ амал не, темір тыр­нағын ішіне бүгіп келген кәрі ажал Қадекеңді де ара­мыздан алып кетті. Ол алдына жан салмаған жүйріктеріміздің бірі емес, бірегейі еді. «Халықтың Қадыры, Қазақтың Қадыры» атанып, күні-түні көз майын тауысып көп еңбек етіп, берерін беріп-ақ кетсе де, ардақты қалам­геріміздің қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Қадекең бәріміз үшін, әсіресе, өнер адамдары мен өлең қайраткерлері үшін орны толмас ірі тұлға еді. Ол – нағыз дейтіндей биік дең­гейде бағалауға тұрарлық қаламдасымыз, замандасымыз болатын. Амал қанша, біз енді Қадекеңді ұдайы қимастықпен, сағынышпен еске алып жүретін боламыз. Қош бол, Қазақтың Қадыры...

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Санада сілкініс тудырған ақын
– Ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әлидің есімі әр қазақтың жүрегінде жазулы. Өйт­кені Қадекең өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ деген ұлттың болмысы мен табиғатын ашуға арнап, елдің рухани өсуіне қызмет етті. Кезіндегі Кеңес заманының өзінде-ақ алғашқы жыр жинақтарынан ол өзін шын мәнінде ұлттың ақыны екенін дәлел­де­ген. Өз ұлтының қадір-қасиетін ардақтап, ұлылығын паш ете білген ақын балалар әдебиетінде де қайталанбас қолтаңбасын қал­дырды. Ол талғамы жоғары шығармалары арқылы бірнеше буын ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиеледі. Көркем аударма саласындағы еңбектерінің өзі бір төбе еді. Әдебиетте қалам тербей жүріп, бірқатар жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. Қадыр ағамыз кезінде Жоғар­ғы Кеңестің депутаты болды әрі сол Кеңес­тің бір комитетіне жетекшілік еткен. Қашанда ақиқат­тың алдаспанындай жарқырап шыға келетін Қадекең­нің бойында ақындығымен қоса, елдің сөзін сөйлейтіндей қайраткерлігі де қатар жүретін. Қадыр Мырза Әли қазақ өлеңіне құбылыс болып келіп, өзінің парасаттылығымен, ой-танымы­ның терең­­ді­гі­мен, асқан білімдарлығымен мил­лионда­ған оқыр­мандардың есінде қалды. Уық­та­ры түгел шаншылып тұр­ған биік шаңы­рағымыз бен бүтін керегеміз, іргелі еліміз барда, Қадекеңдей тұғырлы тұлғамыз ешуақытта ұмытылмайды.

Аманхан ӘЛІМ, ақын, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:
Өлеңге адал болатын...
– Күллі қазаққа қадірі артқан үлкен талант иесі, ақын Қадыр Мырза-Әлидің қазасы қалың ел­дің көңілін жадау етіп, ұлттық поэзиямыздың қа­быр­ғасын сөгіп кетті. Қадыр ағамыз өлең өрне­гі­­мен алып даламыз бен халқымыздың тыныс-тір­шілі­гінің үлкен панорамасын жасай білді. Әдетте ақын­­дардың жырлары се­зім­мен әспеттелген бо­­лып келсе, Қадағаңның поэзиясында сезім пер­не­­лері ақылмен көмкерілген. Ал ақыл мен сезімді ұш­­тас­тыру тек үлкен талант­тардың ғана қолынан келеді. Қадыр ақынның қандай өлеңін алып қа­расақ та, оның астарында бір шындық бар. Өлең­ге адал болды. Қызыл идеолоүгияның дәурені жүріп тұр­ған бұрынғы кездерде ұлт тағдырын айту өте ауыр болатын. Әйтсе де Қадағаң сондай қиын тұстарда:
«Біздің тарих о да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», – де­ген бір ­ауыз өлеңімен қазақ ұлты мен оның тарихына жасалынып отырған им­пе­риялық отаршылдық сая­саттың қиянат­шылдығын ашып көрсете білген азамат ақын. «Қазақ — осы!» деп ұлтымызға тән жақ­сылы-жаманды қасиеттерімізді сара­лап, бол­мыс-бітіміміздің ішіне үңілді. Қада­ғаң – елін шексіз сүй­ген талантты ақын, білімді тұлға еді. Өкінішке қарай, қазақ өзінің арқа сүйейтін рухани жан­ашы­ры­нан, сөзін сөйлейтін жанынан айырылды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста