Алаш мұрасына адал ғалым
(әдебиетші ғалым Өмірхан Әбдиманұлы хақында)
Адам өмірінің қызық та қимас кезеңі жастық шақ десек, оның мерейлі де мерекелі, сәулелі сәттерінің қатарына студенттік өмірді жатқызуға әбден болар еді. Бұл тұс аңғал да алаңсыз шақ, албырт та балдәурен кезең әрі арман-аңсарларына, романтикалық-оптимистік серпін, сезімге де толы болып табылады. Мен Өмірхан Әбдиманұлын сырлы да жырлы студенттік кезден білемін. Бір курста оқымағанмен, қатар жүрдік.
Қатарының алды
«Ежелгі Тараздан, көне Құланнан келдім. Тарихтан белгілі, бұл өңір – ілкі кезеңнен-ақ көгорай көріністі, құнарлы мекен. Өмір-тұрмысқа жайлы, шаруашылыққа да қолайлы-ақ. Дала дидарына қарасаң, жазық та қырлы, таулы-қыратты тұстары да бар. Бастысы – кең өлке, байтақ өріс. Ну-суы мол, мерейлі мекен. Жүйрікті баптаған жер», – деді алғашқы таныстық тұсында.
Өзі екпінді, сөзі серпінді екен. Өктем үн, өршіл сезім бар. Ақсүйектік аңғарылды. Сезімталдық, сырбаздық та байқалды. Университетте, жатақхана мен кітапханада кездесіп жүрдік. Ашық-жарқын жүреді. Көңілін кеңге салып, азаматтық, мәрттік мінез танытатын тұстарының да барын байқаған едік.
«Әй, бала! Мені ұмытқан жоқсың ба?!» дегенді кездескенде, көрген жерде айтатын болды. Университетте, М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік жиындарында, студенттік конференцияларда да жақын-жуық жүргеніміз есте қалып қойыпты.
Жаратылысынан қатты сөйлейтіні байқалады. Серпінді сөзі, өктем үні «кедергісіз-ақ» жетеді. ҚазҰУ-ге кеш келгенін, дайындық курсынан өткенін әркез-ақ айтып жүрді. Оқытушы-профессорлар құрамымен де еркін, емен-жарқын жүргенін көз көрді. Той басқарғаны, асаба болғаны байқалып тұратын-ды. Еркіндікке ұмтылған, көкті аңсаған, бабы мен сыны сай келген қыран құстай басын тіктеп, екі иығын қатар қозғап, сұйықтау сарғыш шашын әлсін-әлсін қалыпқа келтірумен, «жуан мойнындағы» жұдырықтай галстугін жұлқа тартып, әлдене іздегендей жан-жағына көз тастап, көңілі алабұртып, әлгінде «көз жазып қалғанын» лезде-ақ тапқандай шап беріп, жұлқи тартып, тап басатын тұстары да байқалып қалушы еді.
Оқу үлгерімі, ғылыми ізденіс көрсеткіштері жоғары болғандықтан, қатарларының алдына түсіп, Мәскеуде оқуын жалғастырып, журналистика факультетін бітірді. Облыстық газетте, телеарнада еңбек етті. Қазақ оқымыстыларының өмірі мен қызметі, шығармашылық мұралары хақында қызықты, танымдық-тағылымдық қырлары жоғары хабарларды қалың көпшілік назарына ұсынды. Ара-тұра аталмыш хабарлар – ТВ бейнеқорлары коллекциясынан көрсетілетіні де бар. Кезең, уақыттың бедері де білінеді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында ұстаздық қызметіміз ҚазҰУ-де қатар жалғасты. Қазақ әдебиеті кафедрасында бірге жүрдік. Қатар, тұстастары – Ә.Бейсебаев, Қ.Сыздық, А.Жақсылықов, Ж.Мәмбетов, Ф.Бейсенбаев, Ж.Жақсымбетов, М.Оразбай, А.Қалыш, Л.Асқар, З.Шілдебайұлы, Ш.Құрманбайұлы, Д.Көшім, М.Малбақов, Е.Тілешев, Ж.Смағұлов, Н.Сағындық, Ш.Шортанбай т.б. байланыс-сабақтастығы, аралас-құраластығы, әзіл-қалжыңдары қызғылықты болатын-ды.
Факультет деканының (проф. Ж.Дәдебаев) күндізгі және сырттай бөлімдері бойынша орынбасарлық қызметті де қатар атқарған едік. Сол тұстарда елдік мұрат-мүдде, ұлт руханиятының арғы-бергі арналары, қазақ сөз өнері тарихының бел-белестері,танымал тұлғалардың тағдыр-талайы, уақыт пен кеңістік сырлары, тіпті арыдағы арналарды айтпағанның өзінде, алдындағы аға буынның өмірі мен қызметі жайлы толғаулы ой, толғамды пікірлер айтып, әңгімесіне қызықтырып отыратын еді. Әсіресе ұстаз-оқытушыларының жауапкершілігі мен жанашырлығын сағынышпен, сүйіспеншілікпен еске алып, тебірене әңгімелеп, ұстаздық қызмет мерейлі міндет әрі ұлт пен ұрпақ қамына қатысты жауапты іс екенін жан-жүрегімен түсінетінін сездіре келе, «ұстаздыққа, ғылымға адалдықты кейінгілердің бойынан таба алмай жүрміз ғой» дейтін.
Тағылымды ғалым
Өмекеңнің, сөз жоқ, ұстаздар арасында академик З. Қабдоловқа, профессорлар Т.Кәкішұлы мен А. Қыраубаеваға деген құрметі мен бағалауы аса жоғары. Ол негізсіз де емес еді. Өйткені олардан дәріс тыңдап, сабақ оқып ғана қоймай, ұстаздық тағылым алған. Ұстазы ретінде қамқорлықтарын көрген. Олар туралы жазған ойлы мақаларында азаматтық келбетін, адамдық қасиеттерін, ұстаздық тағылым-тәлімдерін, ғалымдық болмысын жан-жақты ашу үлкен ризашылық сезіммен өріледі. Бұл ұстазға, алдыңғы толқынға деген көлгірсуі жоқ, жүректен шыққан шынайы тағзым деп білеміз. Өмекеңнің әдемі сөйлеуге, көркем сөйлеуге жаны құмарлығы, сөзге шешендігі Зекеңдей ұстаздардан жұққандығы ұстаз шешендігі туралы ойларынан көрініп-ақ тұрған жоқ па?!
Осы ұстаздарына қатысты келесі бір байқалған жағымды да ұнамды құбылыс – профессор Т. Кәкішевпен ұстаздық-шәкірттік қарым-қатынаста, аға-інілік жақын-жуықтығындағы еркіндік. Ағалап жүріп сөзін өткізетін, кейде жалтармай турасын айтып, мойындатып қалатын жайлары барлығы. Мұның өзі көбінде астарсыз әзіл, пердесіз көңіл толқынындай жүзеге асатындықтан Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішевтің «Ауыз өзінікі. Гәп – айта білуде ғой!» деп шәкіртіне кешіріммен қарап, қиын да қилы түйіндерді оп-оңай шешіп, тігісін жатқыза қоятындығы. Әншейінде, қатаң да қатал Тұрсекеңнің шәкіртіне елп ете қалуынан бағалайтындығының белгісі білініп-ақ тұрады.
Бұдан басқа Өмекең қашан да болса Б.Кенжебаев, Ы.Маманов, М. Жолдасбеков, Р. Әмір, С.Ордалиев, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, Р.Нұрғали, С. Мырзабеков, Х.Кәрім, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев т.б. ұстаздары мен әріптестерінің ақыл-парасат, оқу-білім, тәлім-тәрбие төңірегіндегі кемел көзқарасы туралы келелі әңгімелерін жиі айтып отырады. Ол әңгімелердің өзінен кейінгі інілеріне де тағылымдық мәнінің зор екендігі бесенеден белгілі. Аға ұрпаққа, танымал тұлғаларға құрмет пен сүйіспеншілік жоғары болса, оның өзі, сөз жоқ, келесі кезекте өзін де нұрға бөлеп, мейірім шуағын төгіп, сәулелі сәттерін молынан түсіреді емес пе? Алдыңғы буынның басты мұраты, жауапкершілігі, үлгі-өнегесі де осында болса керек-ті. Мұны Өмағаң жақсы ұғынған.
Жоғарғыдағы айтылғанның бәрі – Өмірханның тәрбие бесігінің негіздері. Бастысы – жастық кезде білім-ғылымға оң бағыт берілді. Ол адамды құрметтеуді, өмірге құштарлықты арттырды. Кітаппен табыстырып, ғылыммен достастырып рухани нәр берді. Сол арқылы ақыл-парасатқа кең өріс ашылды. Адамдық іс ардақталып, адамгершілік қасиеттердің құны еселеп өсті. Игілікті іс атқарылып, ізгілікті қадамдар жасалды. Болашақ бағдары айқындалып, келелі келешекке сенім артты. Адам мұраты, жауапкершілік пен жасампаздық құны осы емес пе?!
Ұстаздық еңбек пен ғылымды ұштастырған
Ұстаздық қызмет-абыройлы, мерейлі міндет десек, бұл бағытқа екінің бірі бұрыла бермесі анық. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым жолы қашанда қиын, бұралаң-қалтарысы да көп-ақ. Осы реттен келгенде, Ө. Әбдиманұлының әдебиетші-ғалымдығы, ғылыми-педагогикалық қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің – журналистика, сосын филология факультеттеріндегі ұстаздық жолдарынан көрініс береді. Біраз уақыт тележурналистика, қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқып, сосын ХХ ғасыр басындағы ұлттық сөз өнеріне біржола бет бұрды. Ұстаздық қызметпен қатар, ғылым жолына да қадам жасады.
Асылы, білім-ғылым жолы бұралаң, қатпар-қалтарысы көп екенін ескерсек, Тәуелсіздік кезеңінің елең-алаңында Алаш мұратын асқақтатқан бір шоғыр қайраткер-қаламгерлердің шығармашылық мұраларының ақталуы (1988) қазақ қоғамындағы аса мәнді оқиғаға айналды. Олардың арасынан Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың әдеби еңбегі мен көсемсөздері, сөз жоқ, Ө. Әбдиманұлын ерекше қызықтырды. Көңілін баурап, арман-аңсарына айналды. Ахметтанумен шын «ауырды».
Ол алдында Ш. Айтматов туындыларындағы қазақ тақырыбына көңіл бұрып, бұл бағытта да бірқыдыру ізденіс жасаған-ды. Аспирант, ізденушілердің тақырыбын бекітетін тұстарда проф. Т. Кәкішұлы: «Алаш тақырыбы бізге жат емес. Ахаңның ақ жолына түсуіміз керек. Менің ұсынысым: «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деген тақырыпқа тоқтап, бұл жігітті (Ө.Әбдиманұлын) Алаш әлемін ашуға, оның көлеңкелі-күнгей тұстарын танып-білуге бағыттауымыз керек», – дегенді анық та қанық айтады. Осы тұста кандидаттық диссертация тақырыбы «А. Байтұрсынұлының әдеби-публицистикалық қызметі» болып бекітілген еді.
Тәуелсіздік мұраттарын жүзеге асыру бағытында азаттық идеясы, ұлттық рух еркін көрініс берді. Ө. Әбдиманұлы осы тұста қаламын өткір ұштап, білім-ғылым көкжиегіне көз салды. Ахаңның ақ жолын таңдады. Нәтижесі белгілі, «А. Байтұрсынұлының әдеби-публицистикалық қызметі», «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні және жаңашылдық сипаты» атты тақырыптарда кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Бұдан басқа – көптеген тұшымды әдеби-ғылыми бағыттардағы ізденіс, зерттеу еңбектерін, оқулық, оқу-әдістемелік һәм танымдық құралдарды жарыққа шығарды.
Орайлы тұста аталған еңбектер арасынан ғалым ретіндегі Өмірхан Әбдиманұлының басты еңбегін – «Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссесін айрықша атауға тұрады. Кітапта ұлт руханиятының арғы-бергі кезеңі, әсіресе ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен оның даңқты тұлғаларының өмір-тағдырлары, Тәуелсіздік мұраттары жолындағы жауапкершілігі мен жанкешті әрекет-қимылдары кең орын алады. Атап айтқанда, Алаштың азатшыл әдебиеті, қазақ сөз өнеріндегі ізденіс арналары, ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси һәм әдеби-рухани бағыттардағы ұстанымдары елдік мүдде, өркениеттік қадамдары кеңінен қарастырылады. Еңбек қазақ зиялыларының өмір-тағдырын, байланыс-сабақтастығын терең танытуда сүбелі үлес болып қосылды.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымының докторы, профессор
P.S.
Қарап отырсақ, ғалым ағамыз ХХ ғасыр әдебиетіне қатысты біраз шаруаны тындырған екен. Қанағатшыл көңіл, салмақты сабыр үстемдік еткені байқалады. Ақыл-парасаты, ерік-жігері жеткенінше еңбек етіп келеді. Өйткені ұстанымы – Алаш, мұраты – Азаттық идеясы.
Ө.Әбдиманұлы кейінгі кезеңде бір кездері ұстаздары Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев иелік еткен қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды. Қазір өзі ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастаған журналистика факультеті деканы қызметін абыроймен атқарып келеді. Басшы болу нұсқау беру емес, керісінше елге қызмет ету, өмір-тәжірибесін қалың көпке арнау екенін ол кісі терең түсінеді. Қысқа ғұмыр, өлшеулі уақытта мейірім азаймай, сезім селдіремесе екен. Сөз соңында Өмекеңе өмір-өзенде, ұстаздық қызметте жолың ашық, өрісің кең болсын демекпіз.