«Алаш көсемсөзі» 10 томға арқау болды
«Алаш» десе елең ете қалатын жұрт үшін тағы бір жағымды жаңалық – Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш көсемсөзі» 10 томдығының тұсауы кесілді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында иісі қазақ жұртшылығына тартылған шашу ретінде жарық көрген жобаның ұлттық баспасөз тарихы тұрғысынан маңызы зор, қоғам үшін рухани тәлімі де терең. Сондықтан болса керек, Алаш қайраткерлерінің көсемсөзімен жұртшылықты қайта қауыштырған алқалы жиын барысында елге белгілі алаштанушы-тарихшысы бар, жазушы зиялылар, қайраткер, саясатшылар онтомдық құндылыққа құтты болсын айтып, тұсауын кесіп, батасын берісті.
Бұл онтомдықты алаш тұсының мәтбұғаттық шежіресі ретінде ғана емес, Алаш арыстарының жүрегінен жалындап жарып шыққан үндерінің жаңғырық жиынтығы десе де болатындай. Сондықтан да өшкенді жаңғыртып, «Алаш көсемсөзі» онтомдығын шығаруға күш салған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашұлына зор ықылас білдірген артықтық етпес.
«Осыдан 90 жылдай бұрын жазған мақаласында Ахаң «Қазақ жем болудан декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» деген екен. Аталған мәдениеттің сәулелі көріністерінің бірі – баспасөз. Баспасөзді күшті ету арқылы жұрттың өзін күшті етуге тырысқан да – тағы солар. Қараңғыда қамалып жатқан жұртқа түңлік түріп «Қазақ» деп газет ашты. Сөйткен «Қазақты» көзі қарақтылардың оқымай қалғаны кем. «Қазақ» та өз оқырманын күзгі таңның салқын желіндей ширықтырып, өлім ұйқысынан оятты, етек-жеңін жиғызды. «Қазақ» газетінің осындай өрнегін көріп, Ахаңдар мектебінен тәлім алып, іс майданына көз һәм құлақ болуға содан кейін де бірқыдыру баспасөз тобы келді», – деп бастайды сөзін Намазалы Омашұлы. Бұл ретте профессор «Қазақ» газетінің ізін басып, Тәуелсіздікке ту тікпекке, ұлттық мұрат жырын жырламаққа бел буған баспасөз туралы әлі де жалқы түсініктер, жалаң пікірлер айтылып жүргеніне назар аудартады. Расында, осы мәселеде түбегейлі түсінік беру, талдау мен монографиялар жоқтың қасы дерлік. Сондықтан да профессор Н. Омашұлы жарық көрген «Алаш көсемсөзін» дәл қазіргі таңда жаңғыртудың бірнеше себебін алға тартады. «Біріншіден, Алаш қайраткерлері ел Тәуелсіздігі мен азаттығы туралы кемінде осыдан 70-80 жыл бұрын ілгерірек ойлады. Бүгінгі күні тәуелсіздікке тұғыр болатын ойларды, идеяларды Алаш мұраларынан молынан табамыз. Олар жазған көсемсөздердің, айтқан ойлардың зор ықыласпен қабылданып, қажеттілікке айналуының сыры да осында. Екіншіден, аяулы тұлғалардың көсемсөзі халық санасынан әдейілеп өшірілді. Қысқа уақыт аралығында араб жазуынан – латынға, одан кириллицаға көшіру саясаты халықтың бүткіл рухани әлеміне зардабын тигізді. Алаш қайраткерлері ақталған күннің өзінде бүгінгі ұрпақ олардың не жазғандарынан бейхабар. Себебі шағатай, араб жазуларын кез келген бүгінгі толқын еркін оқи алмайды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі, әдеби шығармалары, тарихы біраз зерттелді. Ал көсемсөздері тұңғыш рет көптомдық ретінде енді ғана шығып отыр. Белгілі бір тарихи оқиғаларды зерттеп, оларға баға берерде сол кезеңде жарық көрген баспасөзге, онда жарияланған көсемсөзге жүгінбеу мүмкін емес. Өйткені сол кезеңнің шындығын, уақыттың үнін айна-қатесіз беретін – баспасөз. Осындай игілікті істі нысанаға алып Журналистика мәселелерін зерттеу институты бұған дейін ғылыми айналымға толық түспеген, еліміздің және шетелдің мұрағаттарында жатқан алаштық баспасөз өнімдерін көптомдық етіп, көпшілікке ұсынуды қолға алды», – дейді профессор.
«Алаш көсемсөзі» 10 томдығының ерекшелігі – бұнда бұрын-соңғы ғылыми айналымға түспеген ХХ ғасырдағы ұлт баспасөзінің жауһарларынан сыр шертеді. Ондағы журналистикалық шеберлік те оқырманға сол қалпында жеткізіледі. «Алаш көсемсөзінің» 1-2-томы «Шолпан» жұрналына, 3-4-том «Жас Түркістан», 5-томы – «Сана», 6-7-томы – «Таң», 8-томы «Абай» жұрналдарына бұйырса, 9-10-томы «Сарыарқа» газетіндегі Алаш қайраткерлерінің мұраларын қамтыған. Расында, шаң басқан архивтерден том томдық еңбектерді аршып алып, қазақ журналистикасын зерттеуге құлшыныспен кіріскен Еуразия университетіндегі Н.Омашұлы бастаған ынталы топтың осы бастамасын зор табыс деп атауға болады. Оның бір себебі жоғарыда көрсетілсе, екіншіден, қайсыбір баспасөздің түпнұсқасы, негізінен, шетелдерде ғана сақталған. Соның бірді-екісіне тоқталсақ. «Жас Түркістан» журналы Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен 1929-1939 жылдары Берлинде Түркістан халқына ортақ шағатай тілінде жарық көрді. Біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идеясын көтерген, түркі жұртының азаттығы үшін күрескен басылым. Оның түпнұсқасы елімізде жоқ, АҚШ-тың Колумбия университетінде. «Бұрын Мұстафаның жеке-дара еңбектері қарастырылса, бұл көптомдықта бүкіл басылымдағы жарияланымдары тұтасқа жуық беріліп отыр. «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен айналысар едім», – депті М.Шоқай. Ол тәуелсіздіктің қымбаттығын осылай сезінген», – дейді Н.Омашұлы. «Жас Түркістанның» тек Еуропа мен Түркияның белгілі жерлерінде ғана емес, соған қоса Иран, Ауғанстан, Қытай, Жапония, Сирия, Арабстанда да оқырмандары болғаны да анықталыпты. Ал «Шолпан» журналы – Ташкентте 1922 жылғы қазаннан бастап 1923 жылдың маусымына дейін айына бір рет шығып тұрған саяси, білім мен әдебиетті қамтыған қырғыз-қазақ басылымы. «Шолпанның» түпнұсқасы да Өзбекстанда сақтаулы. «Қазір өзбек мұрағатынан екі томдық басылым түгіл, екі беттік қағаз алу қиын. Ал шекарадан шығару тіпті мүмкін емес. Осындай кедергілерге қарамастан, «Шолпанды» түгелге дерлік Алаш оқырманының қолына тигізіп отырмыз», – дейді Н.Омашұлы.
Сонымен, «Алаш көсемсөзі» жұртшылыққа жол тартты. Ал бұл бағыттағы қыруар жұмысты, негізінен, үш адам атқарғанға ұқсайды. Олар: жоба авторы әрі жетекшісі және жалпы редакциясын басқарған – Намазалы Омашұлы, жоба мүшелері: доцент Ғалия Ақсейіт, докторант Ұшқын Сейдірахман. «Ұшқын журналистика факультетінің магистратурасын үздік бітірген, көне шағатай, қытай, түрік тілдерін жетік біледі. Төте жазуды еркін оқиды. Қазір университеттің грантымен докторантураның екінші курсында оқып жүр», – деп жиылған жұртқа жас ғалымды таныстырған Намазалы Омашұлы жағдайды пайдаланып, университет ректорына құлаққағыс жасаған болатын. «Ерлан Батташұлы, сізге мынаны жеткізгім келеді: соңғы уақытта университеттік грант қысқарып, докторанттар шығып қалады деген әңгіме шығып жатыр. Мүмкін болса, ел алдында мынадай ұшқын атып тұрған жас жалынды ғалымды қалдыруды сұрар едім» деп, мәселені төтесінен қойды профессор. Ректор да «шешілмейтін мәселе жоқ» деп кесіп айтты.
«Алаш көсемсөзінің» тұсауын кесу барысына жиналған зиялы жұрт кешегі қайраткерлердің нағыз қайратшылдығын еске алып қана қойған жоқ, қазіргі қарын аштырар тірлікке сын айтып, қадау-қадау пікірлер де ортаға түсті.
Қойшығара Салғараұлы, тарихшы, түркітанушы-ғалым:
– Қазір біз Алматыға да, Астанаға да Мирзоянға көше береміз. Халық аштан қырылған кезде билікке келіп, сол тұста кеңестің азғантай жылылығы танылғанына мәз болып, оны қазақ жұрты «Мырзажан» деп ардақтауға да барды. Ал сол «Мырзажаныңыз» кешегі 1937 жылы орталық комитетке әлі ешкімнің де халық жауы екендігі анықталмай тұрғанда-ақ 7347 адамды халық жауы деп ұстауға, оның 2437-ісін атуға рұқсат сұрап, жеделхат жолдайды екен. Кейін орталық әлгі санды дөңгелектеп 7500 адамды халық жауы ретінде ұстап, 3000-ын атуға рұқсатын бере салады. Бұл жеделхат сақталған. Бүгінгі онтомдығы шығып жатқан Алаш зиялыларының атылуына да Мырзажанымыз себеп болды. Сол Мирзоян атындағы көше – мына біз отырған университеттің ар жағында ғана. Бұл қалай? Ата-баба рухына адалдығымыз осы ма?
Жүрсін Ерман, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Еркін Ібітановтың өлеңі бар еді: «Арғы атам – әлде моңғол, әлде түрік, бұл өзі – әлде шындық, әлде өтірік. Ақиқатын білетін адамдарды, жіберген тарих өзі көрге тығып». Сол секілді Алаш қайраткерлерінің шарапатынан сусындай алмайтын заманда өмір сүргенімізбен, Тәуелсіздіктің өзі бізге мұны сыйлап отыр. Дегенмен Алаш арыстарының еңбектері қолымызға енді ғана тиіп жатқанына қарамастан, қадіріне жетіп жатқанымыз да шамалы. Сондықтан да Н. Омашұлы бастаған топ қыруар жүк көтеріп, көп еңбек тындырған екен. Ғажайып қазына, том-том Алаш сыры. Бірақ тиражы аз. «Алаш қайраткерлері көсемсөзінің онтомдығы он мың ғана тиражбен шығыпты» деген не ол? Бұны түзетсек керек.
Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы:
– Үш ұсынысым бар. Біріншіден, біз бүгінгі күні ұлттық журналистиканың бастауына барып, соның дәмін татып жүрміз. Сол тұстағы басылыммен, көсемсөзбен жұрт қауышып жатыр. Ендігі күні сол жылдары қазақ мәселесін жіті көтерген көрші жұрттардағы басқа да басылымдар зерделенсе. Мәселен, Исмаил Гаспаралы шығарған татардың «Тәржіман» газетінің жартысына жуығы қазақ мәселесіне, онда да жер мәселесіне қатысты болды. Түркияда шыққан «Түрк юрды» секілді газеттер де, М.Шоқай шығуына тікелей атсалысқан «Иени Түркістан» жұрналы, Тәшкентте шыққан «Ұлық Түркістан», Уфада «Уақыт» секілді газет-жұрналдар қазақ мәселесіне бірқанша көңіл бөлді, баспасөзден алынған орны да көлемді еді. Бұлардың барлығының түпнұсқаларын табуға болады. Екіншіден, бұрынғы аудармаларда редакциялық қателер баршылық. Ал кейінгі жылдары ғалымдар, ізденушілер түпнұсқамен жұмыс істемей, керісінше, сол кеткен қателіктерді одан әрі қайталап барады. Бұл дұрыс емес. Ендеше, түпнұсқамен танысуға жағдай жасап, жолын келтірсек. Үшіншіден, тіл білетін жас мамандарға көңіл бөлу. Оның ішінде де еуропа тілдерін емес, қазақтың ескі әдеби тілдерін, түркі-шағатай, араб-парсы тілдерін білетін мамандарды да осы бағытқа көбірек тартсақ. Біздің арғы-бергі тарихымыздың басым бөлігі – осы тілдің қойнауында. Зерттеуді талап ететін тұс та – осы. Бұндай тақырыпқа баратын ғылымдарды қолдап, үлкен мектеп қалыптастырсақ екен.
Дихан Қамзабекұлы, Еуразия университетінің проректоры, алаштанушы:
– Бүгінгі онтомдық – Алаш қайраткерлері дәуірінің айнасы. Дәл осы дәуірде ұлтымызға қатысты көп дүниелер туды. Бұның жақсысы қайсы екенін кейінірек анықтармыз, алайда бізге бүгінгі керегі – Алаш көсемсөзінің мәтіні. Өйткені бұл бағытта атқаруға тиісті шаруа – шаш етектен. Басқасын айтпағанда, ұлтқа қадірлі үлкен әдеби, рухани тұлғаларымыздың еңбектері жеке кітап болып шыққан емес. Іздегенде сөремізден суырып ала қоятын тұлғалардың кітаптары жоқ әлі. Оны кім шығарады? Сондықтан кейінгі ізденгіш жастарды осы арнаға бұрсақ ұтармыз. Әсіресе ескі қазақ әдеби тілін (көне шағатай) білетін адамдарға сұраныс мол.