Алаш азаматы
Белгілі журналист, көрнекті қайраткер, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың атында Алматы облысының Қойлық ауылында үлкен мәдениет үйі бар. Бірақ оның нендей себепті Қазыбаевтың атына берілгенінен хабардар адамдар аз. Рас, Кәкімжан Қазыбайұлы бұл өңірде өмірге келгені жайында болмаса, оның Сарқант үшін жасаған жақсылықтары мен сол аймаққа еңбегі сіңген азаматтар туралы біле бермейміз.
Орынша апайдың әңгімесінен:
Орынша Қарабалина – Кәкімжан Қазыбаевтың жары, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Бірде ол кісінің өмірлік серігі жайында айтқан естеліктерінің бірінде Қазыбаев атындағы мәдениет үйі жайында сөз қозғалды. Көзіне жас алып, терең толқыныспен осыдан 14 жыл бұрын жолдасымен Сарқанға барған сапарын еске алған апамыз сол кездерді дәл бүгінгідей ерекше есіне сақтапты:
– 1989 жылдың мамырында Кәкең 60 жасқа толды, ал маусымда «елім шақырып жатыр, Сарқант шақырып жатыр» деп жолға дайындалдық. Бірақ ол ауыл адамдарына «60 жылдығым жөнінде ешкімге айтпаңдар, дайындалмаңдар, халықтан ақша жинамаңдар, одан да Бақалының түлектері – бүгінгі профессорларды апарып, елімен таныстырайық» деген ой айтыпты. Сөйтіп, бірнеше профессор бар, біз бар, Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметова бар, ауылға бардық. Айтқандай-ақ Кәкеңнің 60 жылдығы емес, Бақалыда 400 адамға арналған жаңа клуб салынған екен, сонда кездесу өтті. Кездесуге Болат Макетов деген кісі келді. Ол кезде Болатты танымайтын едім, кеш соңында Кәкең таныстырды, қазір мұндай азаматпен таныс, дәмдес болғанымды ерекше мақтанышпен айтамын. Себебі Болат Нәбиұлының еліне жасаған жақсылығы шексіз, халықтың да оған деген сүйіспеншілігі жоғары болды.
Иә, әңгімеміз Кәкімжан Қазыбайұлы емес, Орынша апамыз айтқан Болат Макетов жайында өрбімек. Себебі ел ішінде біз білмейтін қаншама құрметті азамат, қадірлі ел ағалары бар. Біз айтып өткен Қойлықтағы мәдениет үйіне Кәкімжан ағамыздың атын бергізген де осы кісі екен. Сол кездесуде ұрпақ пен ұрпақты кездестіріп, халыққа ауыспалы заманның заңдылықтарын ұғындырып, ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға атсалысқан азаматтың есімін мәдениет үйіне беруді жөн санаған Болат Нәбиұлы – кезінде колхоз басқарып, совхоздың партия ұйымына хатшы болған адам. Орынша апамыз оның өз ауылында таудан аққан бұлақтарды тоғыстырып көл жасап, қызметкерлеріне демалыс орнына дейін жасап бергенін айтты. Тіпті Кәкімжан Қазыбайұлының Болат Нәбиұлымен сырлас-сыйлас болған сол күндерден жүрек сырын ақтара жазған хаты да сақталыпты:
Құрметті Болат!
Туған жерді аралап, жаңадан танысып қайтқандаймыз. Бауырым, өз басың маған ерекше әсер қалдырдың. Халқыңның көп қасиетін бойыңа жиғандайсың. Арындылығың, ақылдылығың, алғырттығың, дарындылығың бұл бір ғана менің пікірім емес, биязы мінез көрсетіп, биттей пайдасы болмайтындардан гөрі халық әрқашан өр мінезділерді жақсы көрген, құрметтеген, соңынан ерген. Әрқашан ай мүйізді ақ серке бола беруіңе тілектеспін. Мынау жолдармен аяқтаймын хатымды:
Жанында өрлігі бар, шуағы бар,
Бойында Құдай берген ну ағын бар.
Түйіліп жауар бұлттай түнергенде,
Кеудеден күркіреп кеп жыр ағылар.
Туысты сайға тартқан бұл сапарым,
Рухани нәрге толы жыр сапарым.
Дүниенің төрт бұрышын түгел көрген,
Бірақ бұл ұмытылмас гүл сапарым, – деп сөзін аяқтайды.
Б.Макетов жайында бірер мәлімет:
Болат Нәбиұлы Макетов 1940 жылы қыркүйектің 30-ында қазіргі Талдықорған облысы Сарқан қаласында дүниеге келіп, 2003 жылы өмірден өтті. 1947 жылы Ново-Покровка орта мектебінің 1-сыныбына барып, 1958 жылы тамамдаған. Онжылдықты бітіргеннен кейін «Энергия» колхозында әртүрлі жұмыстар істеп, жүргізуші, механизатор, шопан, есепші, бөлімше бастығы, бас зоотехник, шаруашылық бастығы, Ново-Покровка атқару комитетінің басқармасы қызметтерін атқарған. 1978 жылы «Красный Октябрь» совхозына партия ұйымының хатшысы болып сайланған. Ал 1979 жылы Ленин атындағы шаруашылыққа басқарма бастығы болып тағайындалып, өмірінің ақырына дейін осы колхозда қызмет етті. Сонымен қатар Алматының малдәрігерлік институтын сырттай оқып, зооинженер мамандығын алған, 22 жыл коммунистік партияның қатарында болып, төрт рет аудандық, төрт рет облыстық мәслихатының депутаты ретінде сайланған. Туристік жолдамамен көптеген мемлекетке барып, өмірінің сан қырлы өткелдері жайлы жазбаларында: «Біз неше түрлі қиянаттарды, әділетсіздікті мойынмен көтердік, жүйке тамырды тоздыратын опасыздықпен жасалған тексеруді бастан кешірдік» деп жазып қалдырған. 40 жыл отасқан жары, бес баланың анасы Алтынбала Сарқытбайқызы – қазір құрметті демалыста. Балаларының барлығы жоғарғы білім алып, әр салада қызмет істеп жатыр.
Д.Қонаевтың Сарқанға келген сапарынан естелік. Алдыңғы қатарда атақты палуан Ә.Айханов пен Сарқанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген азамат Б.Макетов және ауданның 2-ші хатшысы Б.Әмірханов
Әділдікті ән ғып жазған азамат:
Текті жерден, аруақты елден шыққан Болат Нәбиұлы жайында естелік сұраған азаматтарымыздың барлығына дерлігі оның ең алдымен әділ адам болғандығын айтты. Болат аға тек адал басшы ғана емес, тұла бойы талантқа толы тұлға болған. Оның жазған өлеңдері мен әндерін жергілікті тұрғындар жатқа айтып, радиолардан берілген. Бірақ әкесі қан майданға аттанып, кішкентайынан жоқшылық пен тапшылықты көп көріпті. Қиғаштық пен қыңырлықты бір адамдай басынан өткерген техниканы тепкілеп мініп, небір тұлпарды тақымдаған ол поэзия тереңіне ақындықты бойлатып жүріп еліне, жеріне, жетім-жесірге, дос, туыс, жолдасқа арнап жазған өлең жолдарын қалдырып кетті, ақынжанды азаматтың бойындағы әсіресе патриоттық сезімнің сыңғырлары әр өлеңінен, әр сөзінен сезілетіндей. Соның бірі «Туған ел»:
Туған ел, қасиетіңнен айналамын,
Туған ел, сені жырлай ән саламын.
Туған ел, ыстық сенің алақаның,
Қамқорыңда ер жетті балапаның.
Туған ел, не көрмедің өміріңде?
Жатыр ғой жібімес мұз жүрегіңде.
Айырылып талай жайсаң боздақтардан,
Әлі де күдік бар ғой көңіліңде...
****
40 жыл атып жатыр Семейімді,
Қалай мен сөйлетпеймін көмейімді.
Ойласаң Сарыөзек пен Байқоңырды,
Кеудемді көтертпейді мерейімді...
40 жылдай атқылап
Абай, Мұхтар даласын,
Кім кінәлі осыған
Жер бетінен құртпақ па?
Қазақтың қара баласын.
Айына екі жарасың,
Жер асты жарған дүмпумен
Алдың ғой елдің мазасын.
Табиғат күші бар болса
Тарттыра көр жазасын!...
Боранбай Жарылқағанов, Сарқан ауданының құрметті азаматы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Даму және жоспарлау басқармасының төрағасы:
– Бөкеңнің азаматтылығы, парасаттылығы, нағыз халқының адал ұлы болғаны баршаға аян, қазақтың нағыз біртуар ұлы. Ағамыз ақындығы бар, тілге шешен, адамгершілігі, азаматтылығы жағынан ешкімге дес бермейтін еді. Бөкеңнің көкірек сарайында көптен жиналып қордаланған ой-армандары арындап, жыр жолдарына құйылғанын байқаймыз. Ағамыздың маған сыйлаған таспаларын талай азаматтарға тыңдатып жүрген жағдайларымыз бар. Бөкеңнің бір өлең жолдары, айтса айтқандай, адамзат тарихынан сыр тартқан небір тағылым аларлық жайттар, кесек-кесек қанатты тың ойлар, батыл тұжырымдар жан дүниеңді баурап алып, асыл армандарға жетелейді. Тек өзің емес, еліңнің, бүкіл адамзаттың болашағы үшін Бөкеңмен бірге толғанасың. Өзіңе де бір міндет жүктелгендей болады. Өмірден өз орныңды іздейсің. Қанша оқысаң да, сусының қанбайды. Бөкеңнің аруағына арнап мына бір ойымда жүрген жыр жолдарын бағыштаймын:
Біз халыққа қорған болмасақ,
Туған елдің гүлі,
Тағдырының нұры,
Мақтан етер ұлы болмасақ,
Онда біздер неге келдік өмірге?
Намысың алысқа жетелер,
Күн туды ел жүгін көтерер.
Біздердің халыққа парызымыз
Атқарған істермен өтелер.
Ендеше, біз ұятқа қалмауға тиістіміз,
Ақсақал тарихтың алдында.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, қашанда жақсылыққа жаны құмар өлеңнің өрнегімен ой тоқыған, жаны жайсаң ауыл ағасы бүгінгі күні туған жерді гүл ету адамдардың елге, жерге деген сезімін ояту, ата дәстүріміз бен салт-сананы қасиеттеп, ардақтап отыруда көптеген игілікті шаралардың басын қайырған. Бастық болған жылдары Қойлық ауылында мектеп, сауда орталығы, мәдениет ошағы, қарағайлы саябақ пен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ескерткіш орнатқан.
Әкімнің бір сыры:
Қайрат Сағындықов, Қойлық ауылдық округінің әкімі:
– Болат ағамыз туралы айтатын болсақ, әрине, үлкен-үлкен мәселелердің басы қозғалады. Ол кісі тек осы ауыл төңірегінде ғана емес, жалпы, ел көлеміндегі таныс тұлға... Болат ағамыздың маған тікелей жасаған жақсылығы да аз емес. Мен сырттай бөлімге ауысқан кезде оқудың жылдық төлемін төлеуге 28 мың сом (рубль) қажет болған еді. Сол кездегі алатын айлығымыз 2 мың сом ғана. Болат аға менің жағдайымды түсініп, колхоз тарапынан сол қаржыны төлеп, жоғары білім алып шығуыма қол ұшын беріп еді. «Ертең осы ауылдың бір азаматы болар» деген үмітін бүгіндері ақтап жүрген сияқтымын. Әкем, Сағындықов Тасболат, Көлбай ауылында агроном болып істеп, партияның сілтеуімен Ойжайлау Лепсіге бармақшы болып жүргенде осы Болат аға: «Бізге келіңіз, өзіңіз тамаша білетін қызылша бөлімшесін берейін», – деп шақырып, осы ауылға орналастық. Колхоз атынан үй салып берді. Әкемнің жұмысы да абыройлы болды. Өле-өлгенше «Болат ағаңнан көп нәрсені үйренуге тырыс, ол кісіден алатын өнеге көп» деп әкем маған айтып отыратын. Ауылдық кеңестің сапына да мені кезінде осы Болат аға ұсынған еді. Алтын тәте екеуі бес баланы өсіріп, жеткізді. Мейрам екеуміз бірге туған бауырлардай жарасымды татулықта келе жатырмыз. Қандай жетістіктерге жетсек те, Болат аға және өз әкем Тасболат сияқты тұлғалар біздің арқасүйер асқар тауымыз, олардың алдында қашанда бас иеміз, істерін өнеге тұтамыз.
Елдігіміздің сақталып, еліміздің еңселі болуының бір себебі де ел ішінде әділдікті сақтап, халқына нағыз қамқор бола білген Болаттай ағаларымыздың арқасы. Сондықтан олардың есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс.