«Алаш айнасының» сыйлығы – РОЗАДА, «Алтын дауыс» – ТАҢАТТА
Әмiре, Әсет, Ғарифолла, Күләш секiлдi шырқағанда дауыстары алты қырдың ар жағына жететiн қазақтың күмiс көмей, жезтаңдай әншiлерiнiң бүгiнгi жалғасы кiмдер? Осыны анықтау үшiн әрi әншi даусының қазақтың этно-идеалды тембрiне сай келуiне барынша ықпал жасап, тыңдаушы мен орындаушы арасына алтын көпiр орнатуды мақсат тұтқан «Қазақ радиосы» өткен жылы «Алтын дауыс» атты эстрада жанрындағы қазақ әндерiнiң радиофестивалiн жариялаған болатын. Бiр жылға созылған бұл жобаға Жұбаныш Жексенұлы, Нұржан Қалжан, Тахмина Әшiмбекова, Асқар Жүнiсбеков, Роза Әлқожа, Еркiн Нұржанов, Ақылбек Жеменей, Сәкен Майғазиев, Шәба Әденқұлқызы секiлдi қазақ эстрадасының танымал әншiлерi арасынан 28 орындаушы қатысты. Сонымен, сайыстың соңғы нүктесi қойылатын күн де келiп жеттi. 18 наурыз күнi Республика сарайында Алаштың «Алтын дауысы» атағын алуға әрi сол дауысымен Қазақ радиосының алтын қорында қалу үшiн 28 әншi жанды дауыста ән салудан сайысқа түстi.
Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Қазақ радиосының бас директоры Жүрсiн Ерман, белгiлi сатирик, Қазақ радиосының бас редакторы Көпен Әмiр-Бек, дәстүрлi әншi, Қазақ радиосының музыкалық бағдарламалар редакциясының бас редакторы Айнұр Абайқызы, ҚР Халық әртiсi Ескендiр Хасанғалиев, ҚР Халық әртiсi Нұрғали Нүсiпжанов, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Кеңес Дүйсекеев, мәдениет қайраткерi Медеу Арынбаев қазылық жасаған сайыс қорытындысы мынадай болды:
1. «Ең үздiк тенор» – Асқар Жүнiсбеков;
2. «Ең үздiк баритон» – Есенгелдi Ырза;
3. «Ең үздiк альт» және «Ең үздiк аранжировка» – Қайрат Түнтеков;
4. «Ең үздiк сахналық қойылым» – Индира Расылхан;
5. «Ең әдемi костюм» – Тамара Асар;
6. «Көрермен көзайымы» – Бейбiт Қорған;
7. «Ең үздiк ән» – Айгүл Бажанованың «Асыл анам» әнi. Орындаушысы – Сәкен Майғазиев;
8. «Ең сүйкiмдi әншi» – Баян Нұрмышева.
Сондай-ақ байқауға ақпараттық демеушiлiк жасаған басылымдар өздерi таңдаған әншiлерге арнайы сыйлықтар табыстады. Қазақстан Жазушылар одағы «Қаламгер Медиа» орталығының арнайы сыйлығы Ақбота Керiмбековаға табыс етiлсе, халықаралық «Түркiстан» газетiнiң таңдауы Тамара Асар болды. Ал «Алаш айнасы» газетiнiң арнайы сыйлығын әншi Роза Әлқожа иелендi. Бiр жыл бойғы sms арқылы жинаған дауыс саны бойынша «Алтын дауыс» Таңат Мамырханұлына берiлдi.