«Алаш айнасы» – ең үздік басылым
Қазақтың ақпарат айдынына ақ кемесін шығарғанына бір жарым жылдай ғана болған газетіміз желкенін керіп, ел үмітін арқалап келеді. Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының арасында жүргізілген арнайы сауалнамалар нәтижесінде Республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық «Алаш айнасы» газеті «Мемлекеттік тілдегі ең үздік басылым» аталымының иегері деп танылды. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің осы арнайы грамотасын кеше журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаған жауапты хатшы Қайрат Әбсаттаров табыс етті.
«Сіздерге шығармашылық ой ұшқырлығын, қызықты тақырыптар және батыл авторлық шешімдер тілеймін. Журналистік шеберлікті объективті сезімдермен, патриотизм және биік азаматтық ұстанымдармен қатар алып жүрулеріңізге тілектеспін», – делінген байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің арнайы марапатында.
Ал біз өз тарапымыздан редакция ұжымы бұдан былай да Алаш жұртының өзіне қарап, көшін түзейтін ақпарат айдынындағы айнасы болуы үшін қал-қадерінше қызмет ете береді демекпіз.
«Алаш айнасының» тағы бір үлкен қуанышы – газетіміздің бас редакторы, республикаға белгілі журналист, «Айқын» және «Алаш айнасы» газеттерінің негізін қалаушы, танымал телемаман Серікбек Мейрамбекұлы Жанболат Мәдениет министрлігінің мәдениет қайраткері атағын алды.