Бала күнімде теледидар бағдарламасын қарап отырып «Еркектерді аялайық» деген киноның атауына көзім түскен. «Мама, мен фильмнен қате тауып алдым, «әйелдерді» дегеннің орнына «еркектерді» деп қойыпты» дегенім есімде сонда. Расында, ол кез менің ұғымымда «еркек деген – әке, әке деген күшті, оларды аялау деген ұят» еді. Араға сан жылдар салып, біз «еркектерді аялайық» дегенді, шын мәнінде, ұранға айналдыратын заманмен қауышып отырмыз....
Ер деген категорияға шалбар кигеннің бәрін жатқыза берсек, оңбай қателесеміз. Сол азамат деген мәртебелі атқа сай ерлеріміз қаншалықты, мәселе сонда. Әсіресе бала тәрбиесінде. «Әке көрген оқ жонар» деуші еді... Қорқытқанымыз емес, бірақ қазір қоғамда «оқ жонбайтын» балалар легі өсіп келеді. Себебі әке «көрмеген». Неге? Осыны талдап көрелік.
«Көкек» атауы анаға емес, әкеге телінуге тиіс
Соның ең біріншісі тура мағынасында, яғни шын мәнінде өмірінде әкесін көрмеген балалар жетіп-артылады. Әдетте «көкек» атауын баласын тастап кеткен аналарға телиді, алайда осы бір жағымсыз тіркестің тууына ықпал еткен көкек құстың, расында, ұрғашысы емес, еркегі екен. Қалай дерсіз? Аналық көкектің жұмыртқалағанын көрсе бітті, аталығы әлгіні жеп қояды. Соны білетін ана көкекте жұмыртқалар шақта «қайтсем балапанымды жауыз әкеге жем қылмай, аман алып қала аламын?» деген сары уайым басталатынға ұқсайды. «Басқа құстың бауырында өссе де, балапаным аман жүрсін» деген тұжырымға келіп, содан жұмыртқасын жат ұяға тастап кетеді екен. Бұған орнитолог ғалымдар зерттеу барысында көз жеткізген. Сондықтан біз көкек атын аналарға емес, баласын балағынан саулатып кете беретін қатыгез әкелерге қарата қолдансақ, дұрысы сол екен. Міне, сондай «көкек әкелер» зауалы қазақты да жайлағалы біршама жылдың жүзі болып қалды. «Қыздай жесір» деген теңеу баяғыда небары бір күн ғана жар құшағын көріп, ертесіне жарын соғысқа аттандырған, кейіннен қара қағаз алса да, ерінің көз жұмғанына сенбей, өле-өлгенше күтумен өткен келіншектерге қарата айтылушы еді. Енді бүгін айдың күні аманда күйеу көрмей, оң жақта отырып босанған келіншектерді солай, «қыздай жесір» атамасқа лаж жоқ. Албырт шақта алданып қалу бір басқа, ал енді ақыл тоқтатқан қыздардың арасында «өзі үшін бала табу» деген құбылысты қалай түсінуге болады? Баяғыда қызы оң жақта отырып жүкті болып қалса, шілдехана жасамақ түгіл, ел бетіне қарай алмай қалатын қазақ қазір қалай өзгерген? Бұл не сонда? Рухсыздық па? «Немерем әкесіз ғой, тіпті кімнің тегінен жаралды өзі?» деген ой қалай ғана ата-әжесін ойландырмағаны?! Әрине, сәбиде жазық жоқ, бірақ осындай «оң жақта отырып босану» дегенге бейжай қарай берсек, ұрпақ азбай ма? Қан бұзылмай ма? Қан тазалығын «жеті атаға толмай қыз алыспайды» деген қатал заң арқылы қазақтан артық кім қорып келді? Енді бүгінге дейін бүкіл әлемге осы жағынан озық үлгі танытып келген қазақ қолды бір-ақ сілтесе, басқа елге не жорық? Қазақта «ет бұзылса – тұз себерсің, тұз бұзылса – не себесің?» деген сөз бар еді, осы тұста сол еріксіз тіл ұшына оралады екен...
Баланы баулу ежелгі жұртта қалып қойды-ау, сірә...
Әкені, шын мәнінде, көрмеу бір басқа, ал әкесі бола тұра, оның тәрбиесін көрмейтін балалар да бар ғой. Барлығы деп көпке топырақ шашпай-ақ қоялық, дегенмен қазақ отбасыларының 80 пайызында балалардың тек ана тәрбиесімен өсіп келе жатқаны – ащы да болса ақиқат. Себебі қазақы менталитетте бала тәрбиелеу – туғаннан бастап әйелге артылған іс. Қазақ еркегі о баста санасына солай сіңіріп өскен, ол отбасындағы өзінің ең басты міндетін тек әйелі мен баласын аш қалдырмай, асырау ғана деп түсінеді. Сенбесеңіз, гинеколог дәрігердің есігінің алдына бір барып көріңіз, қазақ келіншектерінің жаутаңдап отырғаны. Сәбиін жарық дүниеге әкелгеннен кейін де үйде оған қарайтын – анасы, күтушісі болса – ол да әйел, балабақшада – әйел тәрбиеші, мектепте – әйел мұғалім, тіпті ЖОО-да да оқытушылардың басым бөлігі – нәзікжандылар, қызмет орнында да – қыз-келіншектер. Көзін ашып көргені әйел болса, ер-азамат үлгісін бала қайдан алмақ? Әке мен бала арасында диалог жоқ. «Балам» деп ұлымен ашыла сырласатын ер-азамат ілуде біреу ғана. Бәлкім, бір кездері оқ жонса да баласын қасына ертіп жүретін әкелер болған шығар. Атқа отыруды да, үй тігуді де, мал жайғауды да бала әкеден үйренді. Алайда ол үрдіс қазақ көшпелі ғұмырмен қош айтысқанда, сол ескі жұртта қалып қойды-ау, сірә. Отырықшылық ұлтымызды мал-жаннан ғана емес, айырғанын айтса да біртіндеп қазақы тұрмыс, салт-сана, әдет пен мінезден айырғанын бүгінде ешкім есепке ала бермейді.
Ер еңсесін көтеретін бағдарлама қажет
Әсіресе ұлдың әке қамқорлығын, әке тәрбиесін қатты қажетсінетінін ескерсек, үйінде әке көрмеген, балабақшада, мектепте ер тәрбиеші мен еркек мұғалім көрмеген, ЖОО-да тағы әйел оқытушымен, қызметте қыз-келіншектермен қатар жүрген жігіт ер жігіт бейнесін кімнен, қайдан алмақ? «Қызтекелер қайдан шықты?» деп аң-таң боламыз? Әрине, оның тікелей себебі бірыңғай әйел тәрбиесін көргеннен деп айтуға аузымыз бармайды. Бірақ ер-азамат бейнесін бала қайдан алады, амал жоқ, теледидардан, кинодан, әйтеуір, өзінің аяғы жеткен жерлерден іздейтіні анық. Тіпті қызтекеленіп кетпесе де, әйел секілді ойлап, әйел секілді тым әсершіл, әйел секілді тым жұмсақ, уайымшыл болса, ол дағы жігітке жарасымсыз. Қоғамда қазір «альфонс» еркектер де етек алып барады. Яғни әйелді алдына салып, соның есебінен күн көріп жататындар. Өзі әдейілеп сондай әйелдерді іздеп, тауып, үйленіп, сосын жылы суға қолын малып жата береді. Тым кербез, бойын бұлғаңдатып, айна алдынан шықпайтын жігітсымақтарды көріп жүрген шығарсыз? Шаштарын кәріс жігіттеріне еліктеп қидырып, соларша майысып жүргені. Қыздардың да идеалы сондай жігіттер болып барады. Жауырыны қақпақтай, мінезі ауыр, тепсе темір үзетін, бір сөзді, намысты деген сипатқа ие ер-азаматтар қазір, шыны керек, жәдігерлікке айналып бара жатқандай ма?.. Қыздардың да бұрымды, ізетті, инабатты, ақырын жүріп, ер адамның алдынан кесе-көлденең өтпейтін қасиеттері де сол «жәдігерлердің» қатарын өсіріп бара жатқаны рас.
Айтпақшы...
Ер-азаматтардың статусын көтеру – біздің, яғни қыз-келіншектердің де қолындағы дүние. Еріміз үйге кіргеннен «қайда жүрсің?» деп жағадан алмас бұрын, баламыздың алдында оның әке деген қадірі барын сезінсек.Сонда ғана балаларымыз да «әкең келе жатыр» деген сөздің қадірін ұғатын болады.
Тобықтай түйін
«Қап, мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым-ау» деп шәкіртінің кемшілігін өзінен көретін сондай мейірімді Рахманов ағайлар қайда бүгін? Жалпы, ер мұғалімнің мектеп атаулының көзінен бұлбұл ұшқаны қай заман?!. Ендеше, ұстаздық деген қастерлі мамандыққа жігіттер жағы да кіріссе. Бұл – бір. Тағы бір айта кетерлігі, отау құрғаннан бастап әр азамат өзінің әкелік жауапкершілігін сезінсе, балаға жалғыз анасы ғана емес, өзінің де жауапты екенін білсе... Үшіншіден, ерлік, өрлік, намыс деген қасиеттерді баланың бойына кинолар арқылы сіңіру нәтижелірек болмақ. Сондықтан басты кейіпкері ер мінезді, қаһарман тұлғалы көркем фильмдер түсірсек. Осыны ел болып, мемлекеттік деңгейде қарастырып, жүйелі бағдарлама жасайтын кез келгендей. Әйтеуір, әке, аға, бауыр, ер жігіт атаулының еңкейген басын тіктеп, еңсесін көтерейік те!