Жақында желіде Қасым-Жомарт Кемелұлының “Әке туралы ой-толғау” атты кітабының желісі бойынша көркем фильм түсірілетіні жайлы ақпарат тарады. Таралған фотода көркем туындының аты “Кемел”. (Әке тағдыры) деп аталатыны және 2020-2021 жылғы сценарий деп көрсетілген. Туындыны түсіруге кіріскен Nar Media Group өкілдерімен фильмнің не туралы болатыны және оған кім тапсырыс бергені туралы Stan.kz тілшісі сұраған еді.
Белгілі болғандай, бұл картина “Әке тағдыры” деп аталады және президент Қасым-Жомарт Тоқаев әулетінің тағдырын көрсетеді. Туындыры режиссері Төлеген Бейсет, бас продюссері, сценарий, идея авторы Нартай Өтеген. Фильмді түсіруге ниет білдіргендердің айтуынша, негізгі мақсат – Тоқаев тағдыры арқылы бүкіл қазақтың тағдырын көрсету.
Тоқаев тағдыры – бүкіл қазақтың тағдыры
“Қасым-Жомарт Кемелұлының “Әке туралы толғау” атты кітабы жарық көрген еді. Осы кітапты оқып сол замандағы кісілердің тағдыры ауыр болғанын көрдік. Бұл – қазақтың тағдыры. Ол кез 28-жылдардағы коллективтендіру кезі, қазақ жан-жаққа үдере көшкен ашаршылық уақыты.
Біреулер Қытайға, Өзбекстанға көшті.Сол кезде Тоқаев әулеті Бішкекке көшкен екен. Тағдырын білесіздер. Екі бала Қасым мен Кемелді әке-шешесі жоқ деп қаңғыбас балалар деп балалар үйіне өткізіп жіберген. Оқысаңыз, өте аянышты тағдыр. Бір уыс талқанға зар болған кез. Осы уақыттағы қазақтың тағдырын көрсетеміз деп осы идеяны алғанбыз”, – деп түсіндірді фильмнің бас проюсері Нартай Өтеген.
Мемлекеттен бір тиын бөлінбеді..
Айтуынша, бұл фильмді түсіруге ешкімнен тапсырыс түспеген.
“Бұл менің және компанияның бастамасы. Қазақтың мойнына түскен нәубетті көрсету – негізгі мақсат. Шындығында бәріміз осы тақырыпты көтеруіміз керек. Кітаптың желісі арқылы біз қазақтың ауыр тағдырын көрсеткіміз келді. Неге Тоқаев әулетін көрсетуді шештік? Себебі бұл бір әулеттің тағдыры емес, бүкіл қазақтікі. Бұл әулеттің тағдыры аянышты болған.
Осылайша, біз демеуші іздедік. Қазақтың жігіттері, азаматтары табылды. Жақында фильмді түсіруду бастаймыз”, – дейді ол.
Туынды продюсері фильм ююджетін, демеуші болған азаматтардың аттарын атай алмайтынын айтты. Тек қаржылық қолдау жасағандар жеке кәсіпкерлер екенін айтып өтті.
“Мемлекеттен бір тиын бөлінбейді. Жеке кәсіпкерлер, өзімнің қаражатыммен түсіргелі отыр. Біз мемлекеттен ақша сұрап, кейбіреулер сияқты қол жайып отырған жоқпыз. Біз ізденіп, жан жаққа хабарласып, идеямызды ұсынып жатырмыз”, – дейді ол.
Нартай Өтеген өзінің идеясын басқаша түсінетіндер бар екенін де жасырмайды.
“Әлеуметтік желіде Тоқаевқа жағымпазданып жатыр деп жазып жатыр. Кітапты оқыса, өздері де фильм түсіріп кетер еді. Өзіміздің ізденіп, демеуші тапқанымыз іске асырып жатқанын ешкім айтпайды. Тек теріс жағын көреді”, – дейді ол.
Дайындық тоғыз айға созылды
Жақында көркем туындының түсірілімі басталады. Продакшн өкілдерінің сөзінше, ақпан айының ортасында басталады деп жоспарланып, бір-екі айда бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, фильмнің дайындығы тоғыз ай бұрын басталып әлі де жалғасып жатқанын айта кету керек.
“Көркем фильмнің түсірілімінен гөрі дайындығы қиын болады. Әр детальді дайындау қажеті”, – дейді ол.
“Презентация кезінде бұл ақпараттар онсыз да белгілі болады. Әзірге құпия бола тұрсын. Қазіргі уақытта біздің бар ойымыз түсірілімді сәтті өткізу”, – деді бас продюсер.
Танымал актерлер ойнайды
Нартай Өтегеннің сөзіне қарағанда, түсірілім Қазақстан мен Беларусьте өтеді.
“Белорусьте 10-15 күн түсірілім жүреді, ол жақта кәдімгідей бұрынғы ауылдарды тұрғызып жатырмыз”, – дейді ол.
Актерлік құрам қазіргі уақытта толықтай нақтылануда. Олардың арасында танымал тұлғалар да бар дейді фильм продюсері.
“Кейбір актерлер денсаулығына байланысты түсірілімге қатыса алмай қалып жатыр. Ал ауырып жүргендерді, әрине, процесске қатыстыра алмаймыз. Осындай қиындықтар бар. Барынша сақтықпен жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді Нартай Өтеген.
stan.kz