«Әке борышы» отбасы құндылықтарын насихаттайды
Алдағы күзде отандық жаңа отбасылық телехикая экранға шығады. «Әке борышы» аталатын сериал – «3 ТА PICTURES» компаниясының «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа телевизиялық маусымына әзірлеп жатқан жобасы. Шетелдің таптаурын сериалдарынан жалыққан қалың көрерменнің назары енді әке мен балалар сүйіспеншілігі тақырыбын насихаттайтын өз телетуындымызға жаппай ауады деген сенім бар.
Бізде отандық телехикаялар жоқ емес, бар. Бірақ көпшілікті түріктің не корейдің сериалдары сияқты жаппай баурап алатыны некен-саяқ. «Әке борышы» аталатын телехикая сондай дүниелер сияқты көп көрерменнің жүрегіне жол табуды көздеп отыр. Жобаны қолға алған «3 ТА PICTURES» компаниясының теледраманы түсіруге түріктің атақты киношеберлерін шақырғаны сондықтан. 16 бөлімнен тұратын телехикаяны «Фатмагүл» сияқты сериалдарды жасаған мамандар түсіреді. Бірақ телехикая мазмұны, сюжеті – қазақтікі, фильм қазақ тілінде. Мұнда қазақстандық театр және кино әртістері ойнайды. Олардың қатарында Құман Тастанбеков, Гүлшат Тутова, Айдос Бектеміров, Гүлшарат Жұбаева сияқты әртістер бар. Кастингтен, негізінен, М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ драма театрларының актерлері өткен. Фильм жаңа жұлдыздарды да ашатын болады. «3 ТА PICTURES» компаниясының өкілдері жобаның бюджеті туралы мәліметті жария еткен жоқ, олардың айтуынша, бұл жағынан «Әке борышы» осы кезге дейінгі отандық телехикаялармен шамалас. Бір апта бұрын түсірілімі басталған сериалдың ең басты артықшылығы – оны танымал шеберлердің қолға алуы ғана емес, сонымен бірге, тамаша идеясы да. «Адам баласы дұрыс та, бұрыс та әрекет жасайды. Үнемі дұрыс жолда боламын деп, қателіктердің шырмауында қалып та жатады. Осы телехикаяда жақсы да, жаман да әрекеттерге барып, сүйе де, сүйікті де бола білген және қиыншылықтарға мойынсынбай, өздерінің махаббаты мен сенімдері үшін күрескен жандар бейнесі сомдалған. Біз адамзаттық, демек, махаббат пен отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қадам жасағалы отырмыз», – дейді жобаны қолға алушылар.
Алмагүл ТІЛЕУХАНОВА, «3 ТА PICTURES» компаниясының бас продюсері:
– Қазақ болсын, басқа түркі халқы болсын, адам өміріндегі ең негізгі мақсат – отбасы бақытына жету. Бұл телехикаяда отбасындағы махаббат, балалардың бір-бірімен бауырластық қатынасы, ата-ананың, әкенің балаларға сүйіспеншілігі дәріптеледі. Әке өз балаларынан 20 жылға айырылады. Неліктен бұлай болатынын көрермен көре жатады. Меніңше, әр көрермен сериал кейіпкерлерінен өздерін байқай алады.
Гүлшат ТУТОВА, Қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:
– Мен бұл фильмде Жазира есімді әйелді сомдаймын. Бұл әйел өмірден шындықты, әділдікті іздейді. Ол байлыққа, дәулетке қызықпайды. Әйелдің қырық жаны бар дейтін болсақ, сол қасиеттердің бәрі бұл әйелдің бойынан табылады. Бұл сериалда түрік режиссерімен жұмыс істейтіндіктен, мұны өнер алмасу, тәжірибе алмасу деп түсінемін. Бір байқағаным, қазақтар киноны асықпай түсіретін болса, түріктерде ондай жайбарақаттық жоқ екен, бұлар бір дубльмен түсіреді. Негізі, сол бір дубль актердің бар қабілетін, шеберлігін көрсетеді. Ал біз көбіне үшінші, төртінші, бесінші, тіпті, 12 дубльмен түсіп жатамыз ғой. Бұл сериалда қарбалас, жанталас көп. Дегенмен жобадан сәттілік, жақсылық күтемін.
Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымы:
– Ұлттық арна өзінің кезекті жобасына қадам басты. Біз үшін бұл – үлкен мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Биыл «Қазақстан» теле-радио корпорациясы өз көрермендеріне бірнеше телехикаяны ұсынып отыр. Оның алғашқысы – Қазақстан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегін паш ететін отыз бөлімді «Парыз» атты сериал. Алдағы күндері қазақстандық әскерилердің өміріне арналған, Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихынан сыр шертетін және басқа да телехикаялар көрсетіледі. Ал мына «Әке борышы» аталатын жоба халқымыз үшін қастерлі саналатын отбасы тәрбиесі мәселесіне, оның ішінде, әке мен балалардың қарым-қатынасына арналып отыр. Сериал сценарийі ұсынылған кезде, біз оны бірауыздан қолдадық.
«3 ТА PICTURES» компаниясы телехикая түсірілімінің басталғанын The Cosmopolitan Bar мейрамханасында салтанатты жағдайда атап өтті. Кеште «Әсем» тобы мен Әсел Қарсыбаева өнер көрсетті. «Сымбат» сән академиясы мен белгілі стилист, дизайнер Саят Досыбаевтың дефиле-думаны назарға ұсынылды.