Дәл сол күні аспанда ай қораланды. Оны бәлкім ешкім көрмеген де шығар. Бірақ менің ішкі жанарыма айдың бетінде «Айжорға*» биін билеген сұлба айпарадай анық көрінді. Ол ішкі бір әлемнен өзіне ғана естіліп тұрған тылсым әуенге елтіп, баяу қозғалып, ұзақ биледі...Бұл бақилық сапарға аттанғаннан соң, 70 күннен кейін денесі Жер ананың құшағына табысталған Майкл Джексонның азаттық алған рухының биі еді.
Бірде өзім ерекше құрметтейтін ағам Әмірхан Балқыбектің маған: «Сен осы білесің бе, Темучин ақын болған ғой?..» - дегені бар. Мен оның пікірін бірден құптағаным есімде. Себебі, Темучин болу үшін Шыңғысхан бірінші кезекте ақын болуы керек-ті. Бір қарағанда әкесінен ерте айырылып, туыс-туғанынан зәбір-запа шегіп, қудалаудан көз ашпаған қауқарсыз Темучин: «Түбінде мен дүниежүзін жаулап алатын сендердің Қағандарың боламын!» - дегенде далада маңып жүрген моңғолдар оны есі ауысқан бала деп ойлаған да шығар. Мүмкін Темучин жүректің түбіндегі ұлы арманын ешкімге жария қылмаған да болар. Қалай десекте Темучиннің табиғатынан романтик адам болғаны даусыз. Өсе келе ол қиялдың құдыреттілігін барша адамзатқа мойындатты. Шыңғысханның ақындық-романтикалық жан-дүниесін түйсінген Әмір ағам түгілі, жұмырбасты бір пенде де Темучиннің жазған өлеңдерін әрине оқыған жоқ. Есесіне, Шыңғысхан адамзат баласына «Ұлы моңғол империясы» атты ұлы дастанды қалдырып кетті.
Жиырмасыншы ғасырдың белортасында жаһанды дауыс пен бидің құдыретімен жаулап алу үшін Майкл Джексон атты құбылыс дүниеге келді. Майкл Джозеф Джексон да Кот-д'Ивуардағы Санви атты патшалық әуелеттің тұқымы. Осыны ескерген Кот-д'Ивуарлықтар 1992 жылы Майклға сол елдің ханзадасы атағын ресми түрде берген болатын. Бұл жерде біздің тектілікті меңзеп отырғанымызды оқырманымыз қапысыз түсінді дей аламыз.
Тоғыз баланың жетіншісі болып жарық дүниенің есігін ашқан Майкл өз шаңырағында бөтен баладай жүріп ержетті. Сегіз баласынан ерекше болып туған Майклдың дара дарынын бірінші болып өз әкесі қызғанғаны - баршаға белгілі жағымсыз жәйт. Бұл жағдай кейінірек бозбала Майклға жалғыздық жолын таңдауға әсер еткені де белгілі. Оның жігітке айналған шағында бірінші альбомынан түскен қаражатқа салынған үйін Кіші Диснейлендке айналдырғанын, 20 жастағы ересектің ойыншыққа толы сарайдай үйінде кішкентай бүлдіршіндермен асыр салып ойнағанын да біз жақсы білеміз. Майклдың бақытсыз балалық шақты қайта өткізу әрекетінен кейін қаншама дау-дамайға қалғанынан да хабардармыз. Өйткені мұндай «жаңалықтарды» біз қалт жібермейтін адамзат қоғамымыз ғой. Алайда, біз бүгін Майкл Джексон өмірінің белгілі жақтарын ақтарып, оқырманды мезі етпейміз. Біз бүгін ішінде мәңгілік бала болып қалған һәм ерте қартайған тарихи тұлғаның белгісіз жақтарын ашып көрсетуді мақсат тұтып отырмыз.
Біздің кейіпкер тағдыр талайы сыйға тартқан ауыртпашылықтарынан еш күйреген жоқ. Ол әр қадам сайын биіктей берді, әр қадам сайын арманына жақындай түсті.
Бірінші қадам арқылы ол туған отбасынан безді, екінші қадам арқылы ол достарынан айырылды, үшінші қадам арқылы ол махаббат пен бақытқа деген үмітімен қош айтысты. Қанша қадам арқылы ол Олимпке шыққаны бізге беймағлұм. Дегенмен, жалқы болуды таңдау арқылы Майкл Джексон жалғыздыққа үйренді және өзінен басқа ешкімді сүймеюді адамзатқа үйретіп кетті. Майкл Джексон тарихта жалғыз және қайталанбас әнші екенін бүгін сіз бен біз іштей мойындап отырмыз.
Поп-музыканың патшасы атанған Майклдың өмірі сәулелі шақтардан гөрі өкініш пен мұңға, бақытсыз балалық шақтан басталған жан күйзелтер жалғыздықтың ащы сәттеріне толы болды. Бұл барлық ұлы адамдардың басында болатын тағдыр. Одан құтылу әсте мүмкін емес. Түбінде жалғыздық адамды философиялық ойларға жетелейтіні анық. Түбінде жалғыздық - адамның тылсымды сезе алатын алтыншы сезім көзін ашатыны бар. Түбінде жалғыздық адамды ақынға айналдыратыны да заңдылық. Жалғыздық сосын ақынның фәнидегі жалғыз серігі болып қала береді. Ақынның табиғатын ашатын бұл тұжырымның Майкл Джексонға қандай қатысы бар дейсіз ғой?
Былайғы жұрт оның керемет әнші, ғажайып биші екендігін ғана біледі. Ал, жаны нәзік Майклдың ақындығынан оның миллиардтаған тындарманының көбісі бейхабар. «Арманды биге шақыру» атты Джексонның кітабында оның жалғыздық туралы және жалған дүниені қабылдауға арналған 20 шақты өлеңдері топтастырылған екен.
Осы бір жұмбақтап жазылған кітабында Майкл Ғарышты Тәңірдің биінен жаратылып, содан бері ол үздіксіз үйлесімді қозғалыста өмір сүріп келеді деп сипаттайды. Қай әншіден сіз мұндай ой естіп едіңіз? Немесе бір өлеңінде: «...ғайып болған тайпалардың билері мен заманалар күйлеріне толы менің жүрегім» - дейді.
Мыңжылдықтар бойы әуеде қалықтап жүрген әуендерді жалғыздықтан жапа шеккен жүрегіне тоғыстырып, өзегінен ән кейпіндегі жалын атқан, мыңжылдықтар бойы әлемнің әр қиырынан оның ғана кеудесіне түскен бақсылар биінің көлеңкесін жаңа түрде өмірге алып келген де - осы марқұм Майкл Джексон.
«Менсіз ұшқан қанаттар» атты ой-толғамында Майкл Джексон былай дейді: «Тамыз айы еді. Мен көкте қалықтап ұшып жүрген қыранды көрдім. Ол ауада айналып-айналып жоғалып кетті. Мен өзімді тастанды жетім сияқты сезіндім. Неге мені бәрі тастап кете береді деп қатты қайғырдым. Сол кезде менің жаным: сен қыраннан да жоғары ұша аласың, ең бастысы өзіңді ой еркіндігіне тәрбиеле деді. Мен қиялыммен көксеңгірге қарай шарықтадым. Бірақ менің жалғыздығымның дерті аспанда одан әрі үдей түсті. Сен менсіз қанат қақтың! - деді жүрегім. Махаббатсыз - еркіндік тұл деді ол. Сол кезде мен бесікте жатқан балақайға бесік жырын айтып бердім. Кенет менің жүрегім ауаға көтеріліп мені шат-шадыман етті. Сен менсіз қанат қақтың! - деді тәнім. Сол кезде мен тарихқа жүгініп, құстай ұша алатын әулиелер жайлы кітаптарға ден қойдым. Үндістан, Қытай мен Иранда жасаған әмбиелердің тағдыры мені шабыттандырды. Содан кейін мен қыран болып көкке ұмтылған әулие балаға айналдым».
Мына бір қысқа әңгімеден біз Майкл Джексонның таланты мен оның шыққан биігінің артында адамзат қоғамымен елене бермейтін жұмбақ адамның тұрғандығын сезіне аламыз. Осы жерде ұлы Абайдың «...мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөздері ерксіз ойға оралатыны тағы бар.
«Өмір биі» деген ақ өлеңінде Майкл Джексон мынандай ойлар айтады: «Жұлдыздың жарығы біткен кезде өлетін шығар? - деп ойлауым мұң екен, менің ішімдегі бір дауыс: Жұлдыз ешқашан өлмейді. Ол күлкі болып шашылып, ғарыштық музыканың ішіне еніп кетеді, ал, оның кішкентай ұшқындары сол сәтте өмірдің биіне ұласып жатады - деді. Бұл мен жанарым сөніп бара жатқанда естіп үлгірген ғажайып жауап. Міне, мен де сыңғыр күлкі боп шашылып, музыканың ішіне еніп бара жатырмын...». Бұл жолдарды әнші осыдан 17 жыл бұрын жазыпты.
Ұлы адамдар өзінің ғұмыры немен және неден аяқталатынын білген дейді кәрі тарих. Майкл Джексон 14 жыл бұрын өзінің рок-н-ролл патшасы Элвис Пресли сияқты дүние салатынын болжаған деседі. Элвис Пресли де ауруды сездірмейтін дәрі-дәрмектерді шамадан тыс қабылдағанның арқасында қайтыс болғаны оқырмандарымыздың есінде болар.
Майкл Джексон атақты Элвис Преслидің қызына үйленген болатын. Лайза-Мария Преслидің естелігіне сүйенсек, Майкл Джексон соңғы кезде Элвистің қалай өлгендігі жөнінде сұрастыра бергенге ұқсайды. Жарының әңгімесін мұқият тыңдап алған әнші: «Мен тура Элвис сияқты өлетін шығармын» - деген екен.
Тірі ата-анасы тұрып әке мен шешені аңсау, қасында жүрген аға-қарындастарына көңілі толмай бауыр іздеу сезімдері ұлы әншіні тірі жетімге айналдырды. Адам жаны жылылық пен мейірімнен ада болған кезде үлкен мақсаттарға тістене, тырмыса жететінін өмір тағы да Майклдың тағдыры арқылы дәлелдеп берді. Майклға дейінгі өнер тарихында қалған саңлақтар ішінде қызғаншақтар да, менменшіл таланттар да, пасықтар мен жасықтар да болған. Алайда, өнер тарихында өз жетістігіне немқұрайды қарайтын, атақ пен даңқты өзіне құл қып тастаған Майкл Джексон ғана қалды. Осындай биікке көтерілген Майклдың жаны бірақ өле - өлгенше байыз таппай кетті.
Өмірінің бірде бір секундына дейін ол қарапайым адам болған жоқ. Оны миллионаған адам бір сәтте сүйіп, миллиондаған адам бір сәтте жек көре алатын. Ол бақытсыз һәм ешкімге ұқсамайтын ғұмыр кешті.
Үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегінде Майкл Джексонның денесі Лос-Анджелес қаласының Glendale Forest Lawn зиратына жерленді.
Бірнеше ұрпақты өз тұлғасымен тәрбиелеген, өзінің жіптіктей сұлбасына табындырған Майкл шынымен де Тәңірдің ұлы шығармаларының бірі болып қала бермек. Әйгілі Майклдың өлімі әлемге дыбыстың жылдамдығынан тез таралып кетті. Әр адам өзінің қимас адамының өлімін естігендей есеңгіреп қалды. Себебі, ол біздің санамыз бен жүрегімізді жаулап алған болатын.
Бүгін Айдың бетін сахна қылып ап, Майкл сәулелер симфониясына «Айжорға» биін билеп жүр. Бір өкініштісі - оны пенделер көре алмайды. Ол о дүниеге мәңгілік гастрольге кетіп қалды.
* «Айжорға» - Майкл Джексонның атақты «луноход» атты биі.