Аймақтық арнаның өз артықшылығы бар
Бейсен ҚҰРАНБЕК, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры:
– Сіз газеттерде тәжірибе жинап, «Хабар» телеарнасында төселген журналиссіз. Журналистиканың қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде орталық телеарналармен салыстырғанда жергілікті телеарнаның ұтары мен ұтылар жақтарын салмақтап көрдіңіз бе?
– Әрине, аймақтық арналарды қай жағынан алып қарасаң да, орталық телеарналармен салыстыра алмайсың. Орталық арналардың материалдық-техникалық базасы күшті. Заманауи үлгіде жабдықталған үлкен студиялар, мықты бейнекамералар т.б. Кадр мәселесінде де, орталықта телеэкранның небір майталман мамандары жұмыс істейді.
Бірақ аймақтық телеарналардың өзінің артықшылығы бар. Мәселен, біз көрермендеріміздің кім екенін анық білеміз. Себебі Алматы облысында халықтың 70 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан ауыл халқы не көргісі келеді деген мәселені зерттеп, хабарларымызды көрермендеріміздің қалауына қарай лайықтап жасадық. Нәтижесінде телеарнада ұлттық құндылықтар мен мұраларымызды насихаттау, өзекті мәселелерге қатысты өткір пікірталас, бала тәрбиесі, танымдық тұрғыдағы нарық тақырыбы т.б. толып жатқан жаңа жобалар дүниеге келді. Оған қоса, эфирдің 70-75 пайызы – қазақ тіліндегі шығарылымдар.
Жалпы, қай тақырыпты қаузасақ та, облыс басшысы Серік Әбікенұлы бағыт-бағдар беріп, ой салып отырады. Осыдан біраз бұрын «Сергектік» дейтін фильмді көріп, «Елбасының спортпен айналысуы – жастарға үлгі. Сонымен қатар кабинеттен шықпайтын қарынды шенеуніктерге де ой салсын, осы фильмді өз телеарнамызға лайықтап, үзінділерін үнемі беріп отырсақ», – деген ұсынысын айтты. Сол фильмнен ролик дайындадық. Қазір телеарнада спортты насихаттайтын үздік роликке айналды.
– Республика бойынша сандық жүйеге қосылуға бағытталған жұмыстар басталып кетті. Осы ретте жергілікті арналардың жайы қалай болмақ?
– Қазір күніне 10 сағат эфирге шықсақ, жаңа жүйеге көшкеннен кейін 17 сағатқа дейін ұзартуымызға тура келеді. Бұл қосымша уақыт – қосымша кадр, қосымша техникалық құрал-жабдық деген сөз. Санмен бірге сапаны да қатар алып жүру қажет. Оның бәріне дайындығымыз бар, көшке ілесіп кете аламыз. Себебі «Интелсат» арқылы спутниктік жүйемен бұрыннан шығып жүрміз.
Бізді бір қинайтыны – үлкен студияның жоқтығы. Телеарна бұрынғы радиокомитеттің ғимаратында отыр. Дегенмен тағы 2-3 жыл уақытымыз болғанда, жоспарлағанымыздай, үлкен студиялары бар кеңейтілген ғимаратқа көшіп үлгерер едік.
Мейрам Базарұлы бөлім меңгерушілерімен жұмысты талқылауда
– Кадр мәселесін қалай шешпексіздер?
– Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде арнада кадр мәселесі – күйіп тұрған мәселелердің бірі. Талдықорған Алматы секілді үлкен мегаполиске жақын орналасқандықтан, тәжірибелі журналистердің мұнда тұрақтап қалуы сирек. Сондықтан кәсіби тұрғыда төселген әрбір кадрды қадірлеу, жастардың қабілетін аша білу, шығармашылығының шыңдалуына мүмкіндік беру, материалдық жағдайын жасау секілді жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Облыстық әкімдіктің қаржылай қолдауының арқасында телеарна журналистерінің жағдайы біршама түзелді. Жалпы, қазіргі кезде қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарын қоржыны тоқ деп айта қою қиын. Соның ішінде әсіресе аймақтық ақпарат құралдарының да жағдайын жасау көп ретте көлеңкеде қалып жатады. Бұл жағынан келгенде «Жетісудың» бағы бар деуге болады.
Соңғы үш жылда телеарна журналистерінің жалақысы үш есе, жолсапар ақысы бес есеге көбейді. Расында, арна қазір облыстағы ең жоғары жалақы төлейтін маңдайалды мекемелердің бірі болып отыр. Кеңес кезеңімен бірге келмеске кеткен сауықтыру жәрдемақысын алатын бірден-бір ақпарат құралы – тағы осы «Жетісу».
Қалалық жерде баспана басты мәселеге айналып тұрған шақта он шақты қызметкеріміз қоныстойын тойлап үлгерген. Бұл да – аз қуаныш емес.
Телеарна журналистерінің шыңдалуына да мүмкіндіктер мол. Бүгінге дейін жетісулықтар Сауық Жақанова, Бүркіт Бекмағамбетов, Қымбат Досжан, Әйгерім Шәймерден, Ержан Сүлейменов сынды майталман мамандардан бірнеше мәрте дәріс тыңдап, дикторлық шеберлік, тіл тазалығы, тележурналистиканың өзіне тән ерекшеліктерін етене меңгеруге мүмкіндік алды. «Хабар» телеарнасының маңдайалды мамандары да оператор, жарық түсіруші кадрлармен білгендерін бөлісті. Телеарнада бас директордың бірінші орынбасары қызметіндегі Мейрам Базарұлы – журналистиканың талай сатысынан өткен, «Қазақстан» телеарнасының қабырғалы редакторларының бірі болған, жастарға үйретері мол, тәжірибелі маман.
Қолайлы мүмкіндіктер жасаудың арқасында кадр мәселесі шешімін тауып келеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Қоғамның рухани шөлі басылған жоқ
Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ, қазақ редакциясының бас редакторы:
– «Иманашар» бағдарламасының эфирге шыққанына жеті жылдан астам уақыт болды. Телеарнада бір жобаның осыншама ұзақ уақыт жүруі өте сирек кездеседі. Бірақ, Аллаға шүкір, көпшіліктің қызыға көретін хабарларының біріне айналды. Өткен жылы біраз уақыт эфирге шықпай қалған кезде көптеген көрермен хабарласып, қайта жалғастыруды сұрады.
«Неге «Иманашар» өз рейтінгісін ұстап тұр?» деген сауалға жауап беретін болсақ, ең бірінші, хабардың берілу стиліне байланысты болса керек. Көп жерлерде ислам дінін уағыздағанда тозақпен қорқытып, шайтанмен шошытып насихаттайды. Ал біз исламның ішкі дүниесін ашуға тырысамыз. Бүгінге дейін қамшының өріміндей бірге өріліп кеткен салт-дәстүріміз бен шариғат заңдарының арасында қандай қайшылық болуы мүмкін? Сондықтан дініміз бен ділімізді байланыстырып отырамыз.
Жарыққа шыққанына бір жылға жуықтаған «Шаңырақ» бағдарламасы ұлттық рух, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтарды бағыт етіп ұстанып келеді. Көптеген кездесулерге, семинарларға, конкурстарға, басқа да шараларға жиі қатысқанда байқайтынымыз, бүгінгі қоғам рухани мәселеге шөлдеп отыр. Сондықтан Жетісу өңіріндегі зиялы қауымның басын қосып, әртүрлі мәселелерге ой бөлісу үшін «Шаңырақты» эфирге шығардық. Мақсат – қоғамдық пікір қалыптастыру.
Жалпы, бізде тақырыптық жағынан барлық сала қамтылған деп айтуға болады. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Балауса» бағдарламасынан бастап, нарық, өндіріс, білім, денсаулық, өнер т.б. салаларға арналған бағдарламалар бар. Солардың ішінен «Аманат» бағдарламасын атап өтуге болады. Жетісу өміріне еңбегі сіңген, өмірі өнегелі тұлғаларымызбен сұхбат жүргізіледі. Көкірегі шежіре қариялардың айтқандарын аманаттап көрермендерімізге жеткізіп отырамыз.
Күн сайын «Замана» бағдарламасы тікелей эфирде өтеді. Дәл осы сәтте қоғамда не өзекті, не айтылу керек деген мақсатта бүгінгі заманның тамырын басып, заманның қалпын, базардың нарқын болжай алатын, өз ойын айта алатын азаматтарды шақырамыз.
Алдағы уақытта тарихи жобаларды жүзеге асырсақ деген ойымыз бар.