Аймақтың аламаны – Кереку
Қазақ елі көз тіккен «Хабар» телеарнасының «Аймақтар аламаны» додасы өз мәресіне жетті. Облыстар арасындағы бәсекені қыздырып, рухын асқақтатқан сайыста Кереку өңірі жеңіске жетті.
Аламанда оза шапқандар қатарында жезтаңдай әнші Амангелді Қожанов, кербез бишілер ұжымы – «Томирис» тобы, бура тірсек балуан Дархан Әдепбайұлы, «отқа салса – жанбайтын, суға салса – батпайтын», бойын бұла күш буған жігіттер – Қуаныш Жанұзақов, Нұрлыбек Досмағанбетов және Жеңісбек Қадырұлы, сондай-ақ қобызшы қыздарымыз Іңкәр Олжа мен Гүлсая Мағазова болды.
Амангелді ҚОЖАНОВ, дәстүрлі әнші:
– Мәдениет басқармасы тарапынан атқарылған іс – ұшан-теңіз. Алғысымыз шексіз. Олар болмаса, байқауға қатысуымыз екіталай еді. Бір «әттеген-айы», облысымыз өзге өңірлерді жеңіп, келесі айналымға өткенде жарнамалар сынды қосымша ақпарат беріліп тұрғаны жақсы болар еді. Көңіліміз өсіп, марқайып қалар едік. Бұл олқылықтар болашақта орын алмайтынына кәміл сенемін. Десе де, біз жеңісті қолдан бермедік! Ең бастысы – осы! «Аймақтар аламанынан» кейін облыстың ауылдарын аралаған болатынмын. Осы жобадағы жеңісіміз арқылы қаһарлы қыстан қысылған ел халқына рухани демеу болып, күш-жігерін көтергеніне ерекше қуандым. Бұл – тек біздің жеңіс емес, елге ортақ жеңіс!
Жеңісбек ҚАДЫРҰЛЫ, «Дарынды додашы» аталымының иегері:
– «Дарындылар додасы» бөлімінде «Павлодар – дарындылар мекені» деген атағын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Қазылар алқасы мен көрермендер ерекше таңғалысты. Ел арасында ермекке айналған ерекше өнер түрлерін серік еткен біз, көгілдір экран арқылы халыққа танылдық. Қара күш иесі атанып, қошеметке бөлендік. Осы жоба бұл «ермегіме» дем бергендей болды. Келешекте бұл өнерді серік еткен жастардың басын қосып, дарындылар мектебі немесе үйірмесін ашуды жөн санап отырмын. Қазірден бастап жобаның келесі маусымына мықтап дайындалуды көздеудемін. Шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар. Олар – республикалық және облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауларының жеңімпаздары.